Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Уақыты: 2024-09-05 Көрлімі: 58 Сипаттама

Астана, 4 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен ж...

IMG_4329.jpeg

Астана, 4 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ бірқатар жаңа заң жобасын, соның ішінде Салық кодексін жұмысқа қабылдады.

Жиынды ашқан Ерлан Қошанов Президент Жолдауында айтылған көптеген мәселе заңнамалық тұрғыдан қолдауды талап ететінін атап өтті.

– Мәселен, қолданыстағы Банктер туралы заң 1995 жылы қабылданған. Бүгінгі күннің талаптарына толық сай келмейді. Сондықтан біз Банктер туралы жаңа заң қабылдауымыз керек. Сонымен қатар алдымызда еліміздің салық жүйесін қайта електен өткізу міндеті тұр. Ең бастысы кодексті сарапшылармен, мамандармен, кәсіпкерлермен бірге тағы да жан-жақты пысықтай аламыз. Салық кодексі экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығына түсінікті болуы керек. Бұдан басқа біз Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы аясында жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді Мәжіліс спикері.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы өз сөзінде бірқатар тапсырма тікелей депутаттарға арналғанын баса айтты.

– Президент Жолдауда депутаттық корпустың белсенді жұмысын ерекше атап өтті. Бұл Президенттің көптеген мәселелерде депутаттық корпусқа арқа сүйеп, сенім артатынын көрсетеді. Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін бізге әр депутаттың, әрбір фракцияның қажырлы еңбегі қажет. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді Е.Қошанов.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады. Заң жобаларының негізгі мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы әдістерін жетілдіру. Біріншіден, азаматтық-құқықтық тұтынушылық дауларды шешу тәртібі көп сатыдан екі сатыға дейін жеңілдетілді.

 – Тұтынушыға екінші кезеңде, егер бизнес субъектісі сотқа дейінгі дауды шешу тәртіппен пайдалануға бас тартса, тұтұнушыға өз құқұқтарын қорғау үшін сотқа тікелей талап қою немесе дауды соттан тыс реттеу субъектілеріне (медиатор/төрелік) немесе (тексеру өткізу және жосықсыз бизнес субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін) мемлекеттік органға жүгіну баламалы тәсілдерін таңдау құқығы беріледі, – деді министр.

Бұл ретте құқықтары бұзылған және мәселесі сотқа дейінгі сатыда шешілмеген тұтынушылардың пайдасына кәсіпкерлердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі енгізіледі. Тұтынушының талаптарын өз еркімен орындамаса, сот сатушыдан айыппұл өндіріп алады. Айыппұл талап арыз сомасының 10 пайызынан 50 пайызына дейін (талап сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл соғұрлым көп болады).

Сондай-ақ Арман Шаққалиев тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл институты құрылатынын айтты. Ол консультациялық көмек көрсетуге, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға, сондай-ақ басқа да функцияларды орындауға құқылы. Омбудсмен тұтынушылар қауымдастығының дауысына айналады және мемлекетке саладағы жүйелі проблемаларды ашуға көмектеседі.

Бұдан бөлек онлайн-саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша түзетулер ұсынылып отыр. Осыған байланысты электронды сауда алаңдары сатушылар үшін ішкі қабылдау рәсімдерін қамтамасыз етуі керек. Егер сатушының үстінен тұтынушы шағым түсірсе, электронды сауда алаңы оның құқықтарын қалпына келтіру шараларын қабылдауы қажет. Бұл норма уәкілетті органға сауда қызметін реттеу заңнамасын бұзғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасының басқа да нормалары тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар құқықтық олқылықты жояды. Жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов қосымша баяндамасында атап өткендей, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және шектейтін жағдайларды шарттарға енгізуге жол бермеу жоспарлануда. Олай болмаған жағдайда шарттар жарамсыз деп танылады, ал мәміленің жарамсыздығы сот арқылы белгіленеді.

Баяндамаларды тыңдаған депутаттар уәкілетті орган өкілдеріне заң жобасына қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау қорытындысы бойынша мәжілісмендер заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ бүгін Мәжіліс комитеттері Салық кодексінің жаңа жобасын, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын, сондай-ақ Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері ЕАЭО елдері мен Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісім мен оған жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді, Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау жобасын, зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы заң жобаларын да жұмысқа қабылдайды.

 Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 10 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.



Мәжілістің Баспасөз қызметі – 24-63-04. Фото Т.Таныбаев


Пікір жазу
  • Қытай инвесторы Қазақстандағы астық жобаларын қаржыландырады
    Қазақстанда келушілер саны бойынша қай өңір көш бастап тұр

    Ұқсас тақырыптар