Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпардан додаға қосылатын АҚШ құрамасы кеше елордаға ұшып келді. Ковбойларды астаналықтар салтанатпен қарсы алып, ән-жырдан шашу шашып, ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызды.
Этноспорт аламанына үшінші мәрте келген ковбойлар бұған дейін қырғыздың көкбөрі ойынынан додаға қосылып ысылды. Америкалық көкпаршылар наурыз айында Астанаға арнайы келіп, көкпардан ұлттық құрама мүшелерімен жолдастық кездесу өткізіп, төл ойынымыздың қыр-сырын үйренген еді. Көшпелілер додасына АҚШ құрамасын бастап келген команда капитаны Скотт Симмерман көкпар ойынына бозбала шағынан қызыққанын, ат үстіндегі ептілік пен білек күші сыналатын сайыстың әдіс-тәсілін команда мүшелері де тәуір меңгергенін айтты.
«Көкпар спортына деген қызығушылық бізді Қазақстанға бастап әкелді. Ковбойлардың қалай ойқастайтынын паш етеміз, бастысы, біз мінетін арғымақтар әлсіз болмаса екен дейміз. Дүбірлі додада үздіктер қатарынан көрінуге барымызды саламыз. Жанкүйерлеріміздің сенімін ақтап, көрермендерге тартысты ойын сыйлағымыз келеді», деді С.Симмерман.