Елордадағы «Астана» халықаралық қаржы орталығында жыл сайынғы «Astana Finance Days-2024» конференциясы өтіп, шара аясында «Белдеу және жол» бастамасы бойынша сессия ұйымдастырылды. Онда осы жоба аясында Қазақстанның дамуы, сынтегеурінге төтеп беруі мен келешегіне салынған инвестициялар жайы талқыланды, деп хабарлайды sknews.kz.
Шетелдік қонақтар қатарында Шанхай қор биржасының атқарушы вице-президенті Лю Хао, TF International Securities «Белдеу және жол» бастамасын дамыту департаментінің тең басшысы Лоуренс Цанг, Азия-Австралия аймағының басқарушы директоры, China International Capital Corporation Limited инвестициялық банкингтің басшысы Барри Чан болды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы – «Белдеу және жол» бастамасының қаржылық инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Ежелгі Жібек жолын жаңғыртуға бағытталған бастама Орталық Азияның дамуында үлкен рөл атқарады. Бүгін біз осы конференция аясындағы «Белдеу және жол» бастамасы: Эволюция және одан арғы жол» атты сессияда осы бастама аясында Қытай мен Қазақстанда, жалпы Орталық Азия елдерінде көптеген бірлескен жұмыстар жүргізілгеніне көз жеткізіп отырмыз, – деді Барри Чан.
Қытай он жыл бұрын батысқа жол салуды көздеп, іске қосқан аталған бастама бойынша Қазақстан тек қатысушы болып қана қоймай, Қытай мен Еуропа арасындағы заманауи көлік дәлізін жаңғырту ісінде басты ойыншыға айналды. Қытай тарапы инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру ісінде Қазақстанға иек артуға мүдделі болды.
t.me/atamekenbusiness_silkway телеграм арнасынан алынды