Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытына тоқталды

Уақыты: 2024-09-17 Көрлімі: 56 Сипаттама

– «Аса маңызды шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау» прагматикалық форму...

IMG_4521.jpeg


– «Аса маңызды шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау» прагматикалық формуласына сай табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу ісін дамытуды ұсынамыз. Біздің минералды-шикізат қорымызда әлі барланбаған бес мыңнан астам кен орны бар. Бұл кеніштердің құны триллиондаған долларға бағаланады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктестері маңызды шикізат саудасы бойынша консорциум құрып жатыр. Біз бұл бастаманың таяу арада нақты іске асуын асыға күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыстарын жүргізу туралы жоспарын құптаймыз. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Еліміздің бай ресурс қоры өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды кеңейте түсуге мол мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы тағы бір перспективті бағыт ретінде энергетика саласына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан барланған мұнай қорының көлемі жағынан Еуразия құрлығында екінші орында және әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуші ірі елдердің санатына кіреді. Қазақстан мұнайының 70 пайызы Еуропа Одағына жөнелтілетінін ескерсек, еліміз экспорт мүмкіндіктерін ұлғайтуға, осылайша жаһандағы энергия ресурстары тапшылығының азаюына ықпал етуге дайын.

– Германияның мұнай-газ жабдықтары және қосалқы бөлшектері өндірісін елімізде локализациялау – негізгі басымдық. Бір сөзбен айтқанда, неміс өндірісінің Қазақстанға келгенін қалаймыз. Бұл отандық өнеркәсіп саласына озық технологиялардың енгізілуіне септігін тигізер еді. Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері секторындағы әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Көптеген әлемдік ірі «ойыншылар» бұған көз тігіп отыр. Мысалы, немістің  Svevind group компаниясы Қазақстанға 50 миллиард доллар инвестиция салып жатыр. Бұл жобаның мақсаты – «жасыл» сутегін өндіріп, оны Еуропа нарығына сату, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



t.me/aqorda_resmi телеграм арнасынан 


Пікір жазу
  • Мемлекет басшысы Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті
    Орталық Азия мемлекеттерінің Көшбасшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі

    Ұқсас тақырыптар