Орталық Азия мемлекеттерінің Көшбасшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі

Уақыты: 2024-09-17 Көрлімі: 67 Сипаттама

2024 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Герман...

IMG_4522.png

2024 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Олаф Шольцті, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевті Орталық Азия мемлекеттері Көшбасшылары мен Германия Федеративтік Республикасының Канцлерінің екінші кездесуі үшін Астанада қарсы алды.

Ашық және конструктивті сипатта өткен кездесуге қатысушы |Көшбасшылар Германия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы былтырғы кездесуден бері өрбіген ынтымақтастықтың  жай-күйі жөнінде пікір алмасты.

Көшбасшылар екіжақты ынтымақтастық әртүрлі бағытта, соның ішінде Германия мен Орталық Азияның Еуропа Одағы (ЕО) және көпжақты форматтар аясында дамып келе жатқанын атап өтті.

Көшбасшылар ортақ құндылықтарға, өзара құрметке және мүдделерге арқа сүйеген Германия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және жоғары деңгейдегі диалогты жалғастыруға бейілді екенін растады.

Олар былтыр Берлинде өткен Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федеративтік Республикасы Канцлерінің бірінші кездесуінің нәтижесінде негізі қаланған Аймақтық стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Көшбасшылар Орталық Азия елдерінің аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысына назар аударды. Бұл ретте олар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері арқылы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және өңірдегі қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Көшбасшылар халықаралық құқықты толық сақтай отырып, бейбітшілікті, қауіпсіздікті, демократияны, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және орнықты даму үшін бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін растады. Көшбасшылар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын мүлтіксіз сақтауға, атап айтқанда барлық елдердің тәуелсіздігін, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, күш қолданбау немесе күш қолдану қаупін төндірмеу, сондай-ақ халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттарын сақтауға бейілді екенін тағы да растады.

Көшбасшылар қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу, дағдарысты еңсерудің дипломатиялық және конструктивті диалогқа негізделген амалдарын іздеу маңызды екенін атап өтті.

Көшбасшылар кез келген қақтығысқа қатысты мәселеде халықаралық құқықты, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарын, елдердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін, сондай-ақ адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтей отырып, әділ және ұзақмерзімді бейбітшілік орнату ұстанымына қолдау білдірді.

Көшбасшылар санкция режиміне қатысты мәселеде тығыз байланыс орнатудың, соның ішінде Еуропа Одағымен диалогты жандандырудың және санкциялардан жалтарудың алдын алу үшін одан әрі күш-жігер жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.

Көшбасшылар климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, дүние жүзіндегі денсаулық сақтау немесе азық-түлік қауіпсіздігі сияқты жаһандық сын-қатерлерге, сондай-ақ терроризм, есірткі мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз қаржылық ағымдар,  терроризмді қаржыландыру, қару-жарақтың таралуы, киберқауіпсіздік және ақпараттық соғыс сияқты қоғам мен экономиканы  қиындыққа душар ететін күрделі қауіп-қатерлерге назар аударды. Олар осы салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.

Көшбасшылар Орталық Азия елдері мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынастың күшеюін құптады. Сондай-ақ  ЕО-ның Орталық Азияға қатысты стратегиясының маңыздылығын атап өтті. Олар 2023 жылғы қазанда қабылданған Еуропа Одағы Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдету жөніндегі бірлескен Жол картасынақолдау білдірді.

Көшбасшылар атыс қаруының таралуына, терроризм қаупіне, адам саудасына қарсы күреске, кибер қауіпсіздікті және климат пен қоршаған ортаны қорғауға күш-жігер жұмылдыру .үшін шекараны бақылау бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Олар Германияның Орталық Азиядағы осы салаларға қатысты мәселелерде ЕҚЫҰ-ға бейілді екенін білдіріп, тұрақты қолдау көрсетуін жоғары бағалады. Көшбасшылар Германияның ЕҚЫҰ-ның Ауғанстандағы жағдайды реттеудегі қосқан үлесін ескере отырып, Германияның рөліне назар аударды.

Көшбасшылар Германияның аймақты тұрақтандыруға, соның ішінде экстремизмнің алдын алуға және трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. Канцлер 2020 жылдан бастап Қазақстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен, сондай-ақ 2023 жылдан бастап Қырғызстанмен бірге жүзеге асыралатын Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу бағдарламасы туралы мәлімдеді.

Көшбасшылар жастар арасындағы радикализмнің және экстремизмнің алдын алу үшін белсенді ақпарат және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін одан әрі зерделеуге қызығушылық білдірді.

Көшбасшылар құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұмысқа тарту, оқыту және біліктілігін арттыру бағытында, соның ішінде Германияның Лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі бірлескен орталығының озық тәжірибесін меңгеру үшін өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Көшбасшылар Ауғанстандағы жағдайға қатысты мәселеде ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудің қажет екенін құптады және осы салада БҰҰ, ЕО сияқты халықаралық құрылымдардың, сондай-ақ Германия мен Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін жоғары бағалады. Көшбасшылар Ауғанстанның барша азаматтың, әсіресе, әйелдердің, қыздардың және этникалық топтардың құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтейтін қауіпсіз, бейбіт, тұрақты және өркендеген ел ретінде дамуына тілеулес екенін тағы да растады. Олар Ауғанстанның барша азаматының негізгі құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау үшін, сондай-ақ Ауғанстан экономикасын қалпына келтіріп, ұзақмерзімді бейбітшілік орнату үшін құрамына барлық этникалық, діни және саяси топтардың өкілдері кіретін инклюзивті және өкілетті үкімет қалыптастырудың маңызды екенін атап өтті.

Көшбасшылар БҰҰ бастамасымен Ауғанстан бойынша өтетін «Доха форматы» мен басқа да көпжақты форматтардың маңыздылығына назар аударып, халықаралық деңгейдегі бұл мәселені одан әрі үйлестіру ісіне атсалысуға дайын екендігін растады.

Көшбасшылар БҰҰ аясындағы ынтымақтастыққа бейіл екенін мәлімдеп, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сай дүниежүзіндегі ядролық қарусыздандыру мен таратпау келісімін сақтаудың және оны одан әрі күшейудің маңыздылығын атап өтті.

Көшбасшылар Германия мен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы екіжақты сауда көлемінің тұрақты өсуімен қатар экономикалық өсімнің қарқын алғанын ескере отырып, ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын  қарастыруға, бұл ретте тиісті шаралар қабылдауға, атап айтқанда табиғи ресурстар, экология, қоршаған ортаны қорғау, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, экологиялық таза және қауіпсіз технологияларды алмасу және тарату, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау салаларында ынтымақтастықты дамытуға келісті.

Көшбасшылар көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, кәсіби-техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

Көшбасшылар Транскаспий дәлізін Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты және тиімді мультимодальды көлік байланысы ретінде ілгерілетуге және көлік, инфрақұрылым және консалтинг жобаларына қатысқысы келетін Германияның темір жол және логистика саласындағы компанияларын қолдауға келісті.

Көшбасшылар аймақтағы темір жол қатынасын жақсартудың маңызын атап өтіп, Транскаспий дәлізін дамытуды, осылайша ЕО-ның «Global Gateway»стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосуға уағдаласты.

Көшбасшылар Орталық Азия мен Германия арасында орнықты әрі берік жеткізу тізбегін қалыптастырудың, әсіресе, энергетикалық ресурстар мен сауданы қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.  

Көшбасшылар энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін арттыру мен энергия жүйелерін түрлендіру ісінде бір-бірінің тәжірибесін пайдалануға келісті. Олар климаттың өзгеруіне қарсы күресте тығыз және сенімді ынтымақтастық, сондай-ақ келешекті көздейтін энергетикалық алмасудың  және энергия қауіпсіздігін арттыру маңызды екеніне назар аударды.

Көшбасшылар Орталық Азия аймағының жаңартылатын энергия көздері мен жасыл сутегін өндірудегі жоғары әлеуетін атап өтті. Осыған орай Астанадағы Германияның Сутегі дипломатиялық кеңсесі өзінің өңірлік портфолиосын қалыптастырды. Сонымен қатар Көшбасшылар Орталық Азиядағы энергетикалық алмасуға қолдау көрсететін Германияның  аймақтық бағдарламаларын құптап, оның маңыздылығына баса мән берді.

Көшбасшылар климаттағы өзгеріс салдары Орталық Азиядағы табиғи ортаға, қоғамға, экономикаға айтарлықтай әсер ететінін ескере отырып, трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту қажеттілігін атап өтті. Олар мұздықтарды қорғау, тау экологиясы, су ресурстарын сақтау және тұрақты даму тәжірибелерін ілгерілету жөніндегі бірлескен бастамалардың маңыздылығына назар аударды. Көшбасшылар аталған салаларда, соның ішінде Германия мен Орталық Азия арасындағы Су, энергия, климаттың өзгеруі жөніндегі «Team Europe»бастамасы жобасы аясында  бұрыннан келе жатқан ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге келісті.

Көшбасшылар «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясындағы ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтіп, Германияның Орталық Азиядағы әріптестермен бірге жүргізілетін  жаңартылатын және тұрақты энергия көздері, климаттың өзгеруіне бейімделу, климаттық және экологиялық қауіп-қатерлер, сондай-ақ су ресурстарын басқару саласындағы зерттеулер бағытындағы ғылыми жобаларға тұрақты қолдау көрсетуін жоғары бағалады.

Көшбасшылар Германиямен, сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп іске қосылатын Орталық Азиядағы табиғатты қорғау бойынша серіктестіктің одан әрі дамуына қолдау білдірді, Аталған серіктестік аясында су шарушылығына инвестиция тарту және табиғатқа оң әсер ететін бизнес стратегиялар мен инвестицияларды ілгерілету көзделген. Сонымен қатар олар су көздерін сақтау жөніндегі аймақтық күш-жігерге жоғары баға берді.

Көшбасшылар Арал теңізінің тартылуы мен мұздықтардың жылдам еруі салдарынан туындаған экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және энергетикалық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Канцлер Германияның су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қоры (IFAS) аясында климаттың өзгеруіне қарсы күресу, оның салдарын азайту және оған донорлық жобаларға қатысуға дайын екенін еске салды.

Көшбасшылар халықтар арасындағы, соның ішінде ғылым және жоғары білім салаларындағы байланыстардың, тіл және мәдени алмасудың, жастар, спорт және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағыттарындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Көшбасшылар сараптамалық орталықтар мен азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынасты жандандыру қажет екеніне назар аударды. Олар 2024 жылдың қараша айында Берлинде өтетін Аймақтық азаматтық қоғам конференциясын қолдайтынын растады.

Көшбасшылар неміс тарапының 2025 жылғы көктемде Германияда сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізу туралы ұсынысын қолдады.

Германия Федеративтік Республикасының Канцлері мен Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері Қазақстан Президентіне кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Көшбасшылар байланыстарды одан әрі нығайтуға уағдаласты.


Aqoeda.kz сайтынан

Пікір жазу
  • Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытына тоқталды
    Қазақстаннан Қытайға тағы бір жол ашылады

    Ұқсас тақырыптар