Олжас Бектенов пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен екі мемлекет басшылары деңгейінде қойылған міндеттер аясында сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады. Сауда-саттық, инвестиция, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту шаралары талқыланды.
Тараптар Қазақстан мен ҚХР арасындағы кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықтың даму қарқынына оң баға берді. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында екіжақты сауда көлемі $33 млрд-ты құрады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ірі сауда әріптесіміз Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары "алтын 30 жылдықтың" кезекті кезеңіне Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қосымша серпін берді. Жоғары деңгейде қойылған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара тауар айналымын арттыруға ниеттіміз. Қазақстан Үкіметі өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Қытаймен толық форматты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Қазақстан сауда айналымы ауқымын арттыруға және құрылымын, оның ішінде қосылған құны бар өнім есебінен оңтайландыруға дайын екенін атап өтті. Мәселе құны $1,6 млрд-ты құрайтын 180 өнім түрі туралы болып отыр. Негізінен, металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салаларының бұйымдарын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік бар.
https://t.me/KZgovernment телеграм арнасынан