Қазақстан, Әзербайжан және Қытай БҰҰ Климаттың өзгеруі бойынша Бакудегі 29-конференциясы аясында Баку портында жаңа интермодальды жүк терминалын салу бойынша бірлескен кәсіпорын құрды. Келісімге «Қазақстан темір жолы» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, «Баку халықаралық теңіз сауда порты» ЖАҚ бас директоры Талех Зиядов және Сиань еркін сауда портының құрылысы және операциялық компаниясының бас директоры Юань Сяоцзюнь қол қойды.
Жоба аясында Алят ауылындағы Баку портында 40 гектар аумақта интермодальды жүк терминалының инфрақұрылымын құру және дамыту жоспарланған. Бұл бастама Әзербайжан тарапының Алят портының жер телімі, пайдалану айлақтары мен терминал қондырғылары берілуінің арқасында мүмкін болды. Жоба Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қытай – Еуропа - Қытай бағытында контейнерлік пойыздардың көлемін ұлғайтуға, жеткізу уақытын қысқартуға, тасымалдау шығындарын және қайта тиеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Баку халықаралық теңіз сауда порты аумағында жаңа интермодальды жүк терминалының құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
t.me/atamekenbusiness_silkway телеграм арнасынан