Түскі ас форматында өткен кездесу барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады.
Мемлекет басшысы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жылдан астам уақытта бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік және берік мәдени-гуманитарлық байланыстар жолға қойылғанын атап өтті.
– Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған болатын. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңызына айрықша тоқталды. Оның айтуынша, энергетика, көлік-логистика, металлургия, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларды дамыту мәселесінде екі елдің мүдделері сай келеді.
t.me/aqorda_resmi телеграм арнасынан