2025 жылғы 10 қаңтарда АҚШ үкіметі Ресейдің энергетикалық секторына қарсы жаңа қатаң санкцияларын жариялады. Бұл шектеулер Ресейдің жетекші мұнай өндірушілері – «Газпром нефть» және «Сургутнефтегаз» компанияларын қамтиды.
Санкциялар тізіміне ондаған халықаралық трейдерлер, оның ішінде Гонконгтағы екі компания, 34 ресейлік мұнай-сервис кәсіпорны және 13 жеке тұлға енгізілді. Сонымен қатар, 183 көлеңкелі флот кемесі мен теңіз тасымалдарын сақтандырумен айналысатын екі ресейлік компания да шектеу шараларының нысанасына айналды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті «Новатэк» компаниясының «Арктик СПГ-2» жобасын қолдауға қатысы бар 80-ге жуық заңды және жеке тұлғаға қосымша санкциялар енгізді. Бұл тізімге қытайлық Zhoushan Wison (жобаға қажетті жабдықтарды өндіруге байланысты) және гонконгтық Hong Kong Yaqing Shipping (логистикалық қызметтер үшін) компаниялары енгізілді.
АҚШ бұл шаралар Ресей мұнайын өндіру және жеткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде тәуекелдерді арттыруға бағытталған деп мәлімдеді. Алайда, Ресей мұнайының негізгі сатып алушылары – Қытай, Үндістан, Түркия және Бразилия сияқты елдерге бұл санкциялардың ықпалы қаншалықты болатыны әзірге белгісіз.
2023 жылы Ресей Қытайға 107 миллион тонна мұнай экспорттап, елдің ең ірі жеткізушісіне айналды. Сонымен қатар, Қытай Ресейдің мұнайы мен газына төлемді юаньмен жүргізіп отыр. Үндістан да төлемдерді рупий немесе басқа валюталармен жасап, Батыс санкцияларын айналып өту тәсілдерін пайдалануда.
t.me/atamekenbusiness_silkway телеграм арнасынан