Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі бірнеше есе қысқартылды

Уақыты: 2025-02-10 Көрлімі: 46 Сипаттама

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі бірнеше есе қысқартылды: конкурс ж...

IMG_5875.jpeg

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі бірнеше есе қысқартылды: конкурс жариялаудан бастап жұмыстың басталуына дейін – 10 күн 


   Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа жеңілдетілген ережелер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы алғашқы шарттар жасалды. Оларды қабылдау жобаларды, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды жедел іске қосуға және олардың қымбаттауындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар негізінен жергілікті компаниялар болады, бұл аймақтардың бизнесі мен экономикасына қолдау болып саналады. 


   Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 шілдеде рәсімдерді оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға қол қойды. Заң шеңберінде мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін барынша қысқартуды қамтитын жаңа Ережелер қабылданды.


  Мәселен, конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау — 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау — 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осылайша, конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады.


   Рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып өткізілетін конкурс (сатып алудың автоматтандырылған тәсілін, жеңімпазды веб-портал айқындайды)арқылы сатып алу жеңімпаздары жиналған балдар негізінде 5 жұмыс күні ішінде (бұрын мерзімі 29 жұмыс күнін құраған) айқындалады. Олар жұмыс тәжірибесі, тұрақты салық аударымдарының болуы, кешіктірулердің болмауы және басқалары үшін беріледі.


   Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды.


Сондай-ақ жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.


   Ақмола облысының Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы бойынша байқау жаңа ережелер бойынша елімізде алғашқылардың бірі болып өткізілді. Ол биылғы 8 қаңтарда жарияланды, ал оның қорытындысы 6 жұмыс күні ішінде шығарылды және 16 қаңтарда құрылыс салушы жұмысқа кірісті.


«Жобаның құны 2 млрд теңгеден асады. Мердігер рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, жаңа мемлекеттік сатып алулар бойынша таңдалды, бұл конкурс мерзімін айтарлықтай қысқартты. Бұл бізге құрылысты 16 қаңтарда бастап кетуге мүмкіндік берді. Жоба жыл соңына дейін аяқталады және нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ біз жүйеде қосымша балл алатын жергілікті құрылыс салушыларға назар аударамыз, бұл олардың қатысуын ынталандырады»,

 — деді Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.


   Спорт мектебінің ғимараты өтпе жол арқылы бір-бірімен байланысқан екі блоктан тұрады. Мұнда тренажер залы, хоккей корты және басқа да жаттығу алаңдары жұмыс істейтін болады. Құрылыс материалдарының 90%-ын жергілікті өндірістен алу жоспарлануда. Ауылдық спорт мектебінің жалпы қабылдау мүмкіндігі – ауысымда 78 адам.


 @KZgovernment


Пікір жазу
  • Президент «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйледі
    Трамп Қытайдан келетін арзан сәлемдемелерге баж салығын уақытша тоқтатты

    Ұқсас тақырыптар