Қытайдағы Қазақстан Елшісі: Қазақстан Қытаймен бірге жаһандық басқарудың неғұрлым әділ және әділетті жүйесін құруға үлес қосады
Ұлттық халық құрылтайы (ҚХҚ) мен Саяси консультативтік кеңес (СКК) сессиялары қарсаңында Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев Бейжіңде “Синьхуа” агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді. Ол ҚХҚ мен СКК сессияларына бірнеше рет қатысқанын және олардың Қытайдың әрі қарай даму стратегиясын анықтайтын ең маңызды саяси оқиғалардың бірі екенін атап өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясындағы екіжақты ынтымақтастыққа тоқталған Елші Қазақстанның Қытаймен бірге халықаралық істерде үйлесімді іс-қимыл жүргізіп, жаһандық басқарудың әділ әрі теңгерімді жүйесін қалыптастыруға үлес қосатынын жеткізді.
Шахрат Нұрышев екіжақты қарым-қатынастар, Қытай экономикасының дамуы және Қытайдың жоғары деңгейлі ашықтық саясаты туралы өз пікірін білдірді.
2025 жылы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары жаңа серпін алады
Нұрышевтің айтуынша, соңғы бір жыл ішінде Қазақстан мен Қытай сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық байланыстар, білім беру салаларында үлкен жетістіктерге жетті.
“Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының мәліметінше, 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 43,8 миллиард АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастық маңызды минералдық ресурстар, жаңартылатын энергия, технологиялық инновациялар, аэроғарыш және басқа да салаларда жаңа өсу нүктелерін қалыптастырады”, – деді Елші.
2024 жылғы шілдеде Астана қаласында Қытай мәдениет орталығы және Бейжіңде Қазақстан мәдениет орталығы ашылды. Елшінің пікірінше, бұл “екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы ерекше оқиға”, өйткені мәдени алмасу екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
“Сөзсіз, 2025 жылы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары жаңа серпінді өзгерістерге толы болады”, – деді Нұрышев.
Қытай экономикасының дамуы әлемге жаңа мүмкіндіктер ашады
Елші Нұрышев жаһандық экономикалық жағдайдың күрделі болуына және геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, Қытайдың 2024 жылы ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 5%-ға өсуін қамтамасыз еткенін және бұл көрсеткіш Қытайдың әлемдік дамуға қосқан маңызды үлесін дәлелдейтінін атап өтті.
“Қытай экономикасының дамуы бүкіл әлемдік экономиканың дамуына тікелей әсер етеді. Қытай жаһандық сауда, инвестициялар және өндірістік тізбектермен тығыз байланысты. Сондықтан Қытай экономикасының әрі қарай дамуы бүкіл әлем үшін көптеген жаңа мүмкіндіктер әкеледі”, – деді Елші.
Нұрышевтің пікірінше, Қытай жаһандық экономикаға одан әрі интеграцияланып, экономикалық модернизацияны жалғастырады. “Қытайдың қаржы реформаларын ілгерілетуі, еркін сауда аймақтарын дамытуы, сондай-ақ өңірлік және жаһандық бастамаларға белсенді қатысуы халықаралық экономика үшін зор маңызға ие. Бұл шетелдік инвестицияларды тартуға, технологиялық алмасуды кеңейтуге, сауда байланыстарын нығайтуға және халықаралық ынтымақтастыққа оң әсер етеді”, – деп қорытындылады ол.
ШЫҰ – Еуразия аймағындағы қауіпсіздіктің маңызды элементі
Нұрышев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) құрылған күнінен бастап заманауи халықаралық қатынастар жүйесіндегі беделді ұйымға айналғанын және Еуразия аймағының қауіпсіздігі үшін маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті.
“Қазақстан мен Қытай – ШЫҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер. Бұл ұйым аясындағы екі елдің ынтымақтастығы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар экономикалық байланыстарды кеңейту үшін де маңызды платформа болып табылады”, – деді Елші.
“Менің сенімім мол, Қазақстан мен Қытай дәстүрлі достықты нығайтып, саяси өзара сенімді тереңдете отырып, халықаралық аренада өзара үйлесімді іс-қимыл жасап, болашақта әділ және теңгерімді жаһандық басқару жүйесін құруға үлкен үлес қоса береді”, – деп түйіндеді Нұрышев.
Қазақстан республикасының қытайдағы елшілігінің сайтынан