Қытайдың метро жүйелерінің қарызы 4,7 трлн юаньға ($640 млрд) жетті. Бұл туралы Қытайдың қалалық теміржол көлігі қауымдастығы хабарлады.
Қауымдастық вице-президенті Чжоу Сяоциннің айтуынша, қаржылық тапшылық жыл санап артып келеді. Бұған экономикалық жағдайдың қиындауы және жаңа желілердің жолаушылар аз жүретін шалғай аудандарды қамтуы әсер етуде.
Метро компанияларының кірісінің үштен бірі ғана билет сатудан түседі, ал 90%-дан астамы мемлекеттік субсидияларға тәуелді. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған желілердің тек 50%-ы ғана жолаушылар ағыны бойынша мемлекеттік талаптарға сай келеді.
Саланың тағы бір проблемасы – қызмет көрсету шығындарының өсуі, құрылысқа кететін қаражаттың қымбаттауы және жабдықтарды жаңарту қажеттігі.
Қытайда әлемдегі ең ірі қалалық теміржол желісі жұмыс істейді. Бүгінде елдегі 54 қалада 325 метро желісі бар. Олардың жалпы ұзындығы – 11 мың шақырым, ал станциялар саны – 6,3 мыңнан асады.
t.me/atamekenbusiness_silkway телеграм арнасынан