Ирандағы шиеленіс, АҚШ пен Қытайдың Таяу Шығыстағы стратегиялық бәсекесі күшейіп жаһандық тұрақсыздықтың артуы жақын болашақта Қазақстан үшін бұлыңғыр сыртқы әсерден гөрі тікелей әсер ететін факторға айналуы мүмкін.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Біз белгілі саясаттанушы, Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловпен Таяу Шығыстағы соғыс тақырыбында сұхбаттасқан едік.
Иран, Изариль мен АҚШ үштігінің арасындағы соғыс ұзаққа созылуы мүмкін бе? Бұл соғыс тұтас Таяу Шығысты, Парсы шығанағы елдерін қамти ма? Соғыс географиясы қаншалық ұлғаюы мүмкін? Бұл соғыстың саяси һәм экономикалық салдары қандай болмақ? Бұл мәселеде Қазақстан мүддесі қандай? Осы сауалдар төңірегінде Жанат Момынқұлов мырзаның редакциямызға берген жауаптарын ұсынамыз...
ИРАНДАҒЫ ҚАЗІРГІ РЕЖИМ САҚТАЛА МА?
Жанат Момынқұлов, сарапшы:
– Біздің еліміз ірі державалардың мүдделері, энергетикалық ағындар мен транзиттік дәліздердің түйіскен нүктесінде орналасқандықтан Ирандағы ішкі саяси трансформация немесе режимнің ауысу мүмкіндігі Қазақстан үшін тек аймақтық ғана емес, құрылымдық, стратегиялық маңызға ие болмақ.
Менің бағалауымша, қазіргі Иран режимі ұзақ мерзімде сақталуы қиын. Бұған бірнеше фактор әсер етеді.
Біріншіден, АҚШ үшін Иранның ықпалын әлсірету – Таяу Шығыстағы стратегиялық теңгерімді қайта құрудың маңызды элементі. Бұл мәселе Қытаймен жаһандық бәсекеде де рөл атқарады. Қытай аймақта күшейсе, жаһанда бірінші күшке айналады. Сондықтан АҚШ мұның алдын алуға барын салады, аймақты ешкімге, әсіресе Қытайға беріп қоймайды.
Екіншіден, Израиль үшін Иранның зор әскери-инфрақұрылымдық мүмкіндіктері ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қабылданады.
Үшіншіден, Иранда ішкі легитимділіктің әлсіреуі, экономикалық дағдарыс, санкциялық қысым және әлеуметтік наразылық идеологиялық максимализмге құрылған жүйені әлсіретті. Тарих көрсеткендей, сыртқы қысым мен ішкі шаршау бір мезетте күшейгенде, жүйелік өзгерістер тез жүруі мүмкін.
Алайда бұл өзгеріс автоматты түрде батысшыл үкіметтің құрылатынын білдірмейді. Болашақ ықтимал саяси модель қатты идеологиялық емес, прагматикалық сипаттағы режим болуы мүмкін. Қауіпсіздік құрылымдарының потенциалы сақталғанымен, риторика жұмсарып, аймақаралық экономика мен сыртқы саудаға басымдық берілуі ықтимал. Иран тұрғысынан санкцияларды азайтуға бағытталған келіссөздер, халықаралық нарыққа қайта кіру, әлемге интеграция, инвестициялық климатты жақсарту кең сценарийдің логикалық жалғасы. Яғни, Тегеран алда Батысқа бет бұрмаса да, рационалды, көпвекторлы саясат жүргізетін ел болуы мүмкін.
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
Қазақстан үшін мұның энергетикалық және геосаяси салдары айқын. Иран мен Венесуэла Қытайға балама мұнай жеткізушілер ретінде Пекиннің Ресейге тәуелділігін азайтып отыр. Егер Иран әлсіресе немесе экспорттық мүмкіндігі шектелсе, Қытайдың Ресей бағытына тәуелділігі артады. Бұл маршруттардың бір бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Демек, біздің транзиттік және энергетикалық маңызымыз өседі. Бірақ сонымен қатар санкциялық тәуекелдер, сыртқы қысым және геосаяси маневр кеңістігінің тарылу қаупі де күшейеді.
ҚАЗАҚСТАН МҮДДЕСІ: МҰНАЙ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛЕДІ
Қысқа мерзімде әскери эскалация мұнай бағасын көтеруі мүмкін. Бұл Қазақстан бюджетіне уақытша оң әсер етеді. Бірақ мұндай өсімдер, әдетте, жоғары құбылмалылықпен қатар жүріп, кейін нарықтық коррекцияға ұшырайды. Сондықтан стратегиялық мүддеміз – тұрақты нарықтар мен әртараптандырылған экспорттық бағыттарды қалыптастыру.
Ирандағы трансформация Қазақстан үшін бірқатар мүмкіндіктер де ашады.
Біріншіден, Парсы шығанағына шығатын оңтүстік дәліздерді дамыту арқылы Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Африка нарықтарына тікелей шығу мүмкіндігі кеңейеді.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға жаңа кеңістік ашылады.
Үшіншіден, мұнай мен газ экспортын әртараптандыру арқылы геосаяси тәуелділікті азайтуға болады.
Төртіншіден, Ресей мен Қытай арасындағы бәсекелік тепе-теңдікті сақтай отырып, дипломатиялық маневрлік мүмкіндікті кеңейтуге жағдай туады.
Стратегиялық тұрғыдан, Каспий аймағына ұласқан Иран аймағы жаңа жүйелік бәсекелестік кезеңіне өтіп жатыр. Бұл – классикалық аймақтық қақтығыс емес, энергетика, логистика, санкциялық режимдер және технологиялық бәсекемен ұштасқан көпқабатты трансформация. Мұндай жағдайда Қазақстан үшін негізгі басымдықтар келесілер болуы тиіс: стратегиялық автономияны сақтау, ірі көршілерімен бейтарап әрі теңгерімді саясат ұстану, ешбір ірі державаның қысымына, блогына кіріп біржақты тәуелді болмау, экспорттық маршруттарды әртараптандыру және ішкі экономиканың тұрақтылығын күшейту.
Менің ойымша, Ирандағы режимнің кетуі немесе трансформациясы Қазақстан үшін әрі тәуекел, әрі мүмкіндік. Бірақ табысты пайдалану үшін реактив емес, проактив сыртқы саясат қажет. Яғни, біз оқиғаларға жауап беріп қана қоймай, өзіміздің логистикалық, энергетикалық және дипломатиялық позицияларымызды алдын ала күшейтуіміз керек. Ұзақ мерзімді ұстаным – тұрақтылыққа негізделген прагматикалық көпвекторлық. Қазақстан дәл осы формула арқылы ғана сыртқы тұрақсыздықты стратегиялық артықшылыққа айналдыра алады.
Mezgil.kz сайтынан алынды .




