
“Ашық нормативтік-құқықтық актілер” порталында Қазақстан мен Қытай арасында “жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу туралы келісім” туралы үкіметтің қаулы жобасы жарияланды.
Ақпаратқа қарағанда, жаңа бастама Қазақстан мен Қытайдың жүргізушілеріне белгілі бір шарт сақталған жағдайда екі елде жеңіл көліктерді айдауға мүмкіндік береді.
Екі ел азаматтары жергілікті автомектептерді бітірмей-ақ және емтихан тапсырмай-ақ өз елдерінде алған жүргізуші куәліктерін пайдаланып, көрші елде көлік айдай алады. Ескерте кететін жайт, бұл ереже әзірге B1 категориясындағы жүргізушілерге қатысты.
Қазақстан мен Қытай арасында 2023 жылы қарашадан бастап визасыз режим енгізілген. Содан бері Қазақстанда Қытай туристерінің саны артып келеді.




