«Нұр Отан» партиясының жаңа пікірталас алаңы өз жұмысын бастады

Уақыты: 2018-12-15 Көрлімі: 1259 Сипаттама

«Нұр Отан» партиясының мемлекеттік тілдегі #NurOtanPikir жаңа пікірталас алаңы өз жұмысын ба...

RUS36907-1000x700 (1).jpg

«Нұр Отан» партиясының мемлекеттік тілдегі #NurOtanPikir жаңа пікірталас алаңы өз жұмысын бастады. Тұсаукесер отырыс «Тәуелсіздігіміздің рухани негіздері» тақырыбына арналып, онда елдіктің тіректері, ұлттық мәдениет пен руханияттың және мемлекеттік тілдің дамуы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы және Гарвард университетінің түлегі, қоғам қайраткері Шыңғыс Мұқан қатысты. Отырысты ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жолында бірқатар тың бастамаларды қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Соның нәтижесінде көптеген игі істер жүзеге асырылып жатыр. Партия тарапынан өзекті мәселелерді талқылап, олардың оң шешілуіне ықпалын тигізетін алаңдар қолға алына бастады. Қазірдің өзінде партияның #NurOtanTrends және #NurOtanTalks деген пікірталас алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Ол жерлерде негізінен экономикалық, саяси тақырыптар, стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдары, жаңа бастамалардың тиімділігі сияқты өзекті мәселелер талқыланады.

Ал жұмысы жаңадан басталып жатқан #NurOtanPikir клубында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту, сол арқылы ұлттың санасын ояту, мемлекеттік тіл мен мәдениетімізді одан әрі дамыту, тәуелсіздігімізді нығайту сияқты ұлттық мәселелер талқыланатын болады. Сол себепті де бұл алаңның жұмысы тек қазақ тілінде жүргізіледі. Сондай-ақ қазақтілді ортада жиі көтеріліп жүрген мәселелерге қоғамның назарын аудару да жаңа пікірталас алаңының негізгі міндеттері болып саналады.

Отырыста алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бұл бастаманың мақсаты қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті рухани мәселелерді заманауи форматта талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру екенін айтты. Сондай-ақ ол қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, бұл күннің ұлтымыз үшін маңыздылығын атап өтті.

– Біз бүгінгі заман форматында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, Тәуелсіздігімізді нығайту мен ұлттық кодымызды сақтап қалу сияқты маңызды мәселелерді талқылау үшін осындай жобаны қолға алдық. Бұл бағытта «Нұр Отан» партиясы көп жұмыстар атқарып жатыр. Біз бұл мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты нәтиже беріп жатқан бірнеше жобаларды жүзеге асырудамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жастардың бойында құндылықтар жүйесі мен тарихи сананы қалыптастыру қажет екеніне тоқталып, барлық қазақстандықтарды еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін тойлауға өз үлестерін қосуға шақырды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев тәуелсіздікті сақтап, қоғамда дұрыс құндылықтарды қалыптастыру ісіне де көңіл бөлді.

Жалпы алғанда бірінші кездесу Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында баяндалған стратегиялық мақсаттарды іске асыру мүмкіндігіне арналды. Пікірталасқа қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов өзекті мәселелерді қозғайтын осындай алаңның маңыздылығын атап өтті. Депутат қатысушыларды жастарға Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің маңыздылығын тереңірек түсіндіруге шақырды.

Тарихшы, саясаттанушы, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы бүгінгі заман жастарының қоғамдықтан гөрі жеке бастарының мүдделеріне қатты көңіл бөлетінін айтты. Ол тарихи сананы қалыптастыру, ішкі туризмді дамыту мен Қазақстанның киелі жерлерін қастерлеуді үйрету  арқылы қалыптасқан ахуалды өзгерту қажет деп есептейді.

Саясаттанушы, қоғам қайраткері Айдос Сарым тарихқа өткен күндердің жылнамасы мен нақты атақты тұлғалардың өмір баяны арқылы ғана қарамай, оны сананы қалыптастырудағы мықты механизмге айналдыруды ұсынды.

Қоғам қайраткері, Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан болса жастардың арасында жұрттың бәріне түсінікті қарапайым тілде маңызды идеологиялық мәселелер төңірегінде ақпараттық жұмыс жүргізу керек екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, кез-келген мемлекеттік және идеологияға жауапты қызметкер мақсатты аудитория үшін бүгінгі заман үлгісінде маңызды мәселелерді дұрыс жеткізе білуі тиіс.

Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының елімізді рухани жаңғыртудағы темірқазық нысана болып табып табылатынын айтты. «Рухани жаңғыру» шеңберінде жүзеге асырылған жобалар өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсетті. Ал, жаңа мақала рухани жаңғыру үдерісінің қисынды жалғасы болып табылады.

Айта кетейік, #NurOtanPikir алаңының отырысы партияның жоғарыда аталған өзге де пікірталас клубтарының жиыны сияқты Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирден көрсетілді.

«Нұр Отан» партиясының
Баспасөз-қызметі

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Мемлекет басшысының атына ҚР Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті
    Тәуелсіздік және әлемдегі Қазақ ізі