«... «Абай жолы» эпопеясы арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Бұл да аз, әлемнің басқа елдерінде де оған тең келетін шығарма табу қиын. Бұл,менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі...»»
Француз жазушысы Луи Арагон.
Қазақ халқы ертеден ақ өнерге, білімге, салт-дәстүрге бай халық болып қалыптасқан болатын. Әр қилы заманда басынан өткерген қиын-қыстау замандарға қарамастан, өз құндылықтарын сақтап қалған қайсар халық екені баршаға мәлім. Сол басты құндылықтарымыздың бірі - әдебиетіміз екені белгілі. Қазақ әдебиетінің дамуы мен оның келесі ұрпақтарға сақталуы жолында қазағымыздың көптеген ағартушы ғалымдары мен жазушы, ақындары тер төге еңбек етіп, тарихта есімдері алтын әріптермен жазылды.
Тарихымыз бен әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді ұштастыра білген шоқтығы биік шығармалардың бірі - «Абай жолы» романы. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің осы эпопеясы арқылы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық әкелді. Кітаптың алғашқы басылымы 1942 жылы, екінші томы 1947 жылы, ал үшінші және төртінші томдары 1952, 1956 жылдары жарық көрді. Бұрын соңды қазақ әдебиеті тарихында орын алмаған туынды әлемді таң қалдырып, дүние жүзіндегі сарапшылардың тарапынан аса жоғары бағаланды. Қазақтың аса бай әрі көркем тілімен өрнектеліп жазылған бұл шығарма қазақтың бар болмысын барынша ашып көрсетіп, халқымыздың барша әлемге танылуына түрткі болды. Аталған романның басты кейіпкері қазақтың маңдайына біткен жұлдызы, қазақ жазба әдебиетенің, әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы, ұлы ақын – Абай Құнанбаев. Әуезовтың ұлттық тілмен көркем суреттей білген білімді сүйген, әділдікті сүйген Абай бейнесінен үлгі тұтар тұлға ретінде одан асқан адам жоқ екендігін ұғынуға болады. Өз заманында әкенің емес, халықтың ұлы бола білген ол қазіргі жастарымызға атаның емес, ел қамын жеген, халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөле білген, ұлтжанды азамат болу керектігін ұқтырғандай. «Абай жолы» романында қазақтың ұлы тұлғасы Абайдың өнегелі өмірі баяндалуымен қатар, қазақ халқының тәрбиелілігі, салт-дәстүрге беріктігі, дана халық екендігі суреттеледі.
Камерун жазушысы: «Мен бұрын қазақтар туралы естімегенмін,енді оларды өте жақсы білемін. Себебі, Мұхтар Әуезовтың кітабын оқыдым, қазақтың ұлы ақыны Абаймен таныстым. Шығарманы оқи отырып, Абаймен бірге өмір сүріп,қазақ даласының ауасымен тыныстағандай күй кештім» деп өз таңданысын білдірген болатын. Әлем оқырмандарының өте үлкен қызығушылығын тудырған роман қазірде 116 тілге аударылып шықты.
Қазіргі таңда елімізде болашақ жастарымызды осындай ұлы тұлғалардың үлгі тұтар өмір жолымен таныстыруда, қазақи салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпымызды түсіндіруде, қазақ әдебиетін одан әрі дамыту жолында түрлі жобалар дайындалып, іс-шаралар өткізілуде. Осы жолда Қазақстан ЖОО Басты рейтингісі бойынша көшбасшы, мемлекетіміздің тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің биология және биотехнология факультетінің биофизика және биомедицина кафедрасының оқытушылары да өз үлестерін қосты. Кафедра оқытушыларының ұйымдастуымен студенттер арасында «100 кітап» жобасы аясында «Абай жолы» романы атты әдеби кеш өткізілді. Аталған іс-шара студенттерге қазақ әдебиетінде ғана емес, сонымен қатар әлем әдебиетінде аса құрметті орынға ие, қазақтың ұлы тұлғасы Абайдың өнегелі өмірін таныстырып, «Абай жолы» романының, жалпы қазақ әдебиетінің маңыздылығы мен теңдесіз бағасын жете түсіндіруге бағытталды. «100 кітап» жобасына сай өткізілген шарада студенттер басты кейіпкеріміз Абайдың өмірімен тереңірек танысып, «Абай жолы» романына талдау жасады. Кешке қатысушылар өз ой пікірлерін білдіре отырып, қызықты ақпараттармен алмасты. Әлем таңданысын тудырған туындының негізгі мазмұнына назар қойылып, қорытындысында тілін, дінін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ел мәдениетін сақтай білген халық қана іргесі берік, алып елге айналатындығы түсіндірілді. Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар арасында тақырыпқа сай сұқбат жүріп, көргені мен тәжірибесі мол ұстаздар қай жерде болмасын ұлы тұлға Абай сынды адамгершілікті, әділеттілікті қолдау әрқашан да жетістікке жеткізетінін айтып, өмірлік ақыл кеңестерімен бөлісті.
Жетпіс жылдан асса да өз маңыздылығын жоғалтпаған «Абай жолы» сынды әдеби байлықтарымыздың бұдан кейін де өз бағасын жоғалтпай, қазіргі уақытқа дейін сақталғаны секілді келесі ұрпақта да жалғасын табуы үшін және еліміздің болашағы болып табылатын жастарымызды ұлтжандылыққа баулуда осындай тәрбиелік мәні зор жобалардың жиі ұйымдастырылып тұруы нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
биология және биотехнология факультеті
биофизика және биомедицина
кафедрасы
PhD- Ыдырыс Ә.