Бүгін, 20 маусымда 2019 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Биыл 169 ҰБТ өткізу пунктерінде 117 242 талапкер ҰБТ тапсырады, оның ішінде 96 380 талапкер осы жылы мектеп бітірген түлек.
ҰБТ-ның басталуына орай бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келіп, тест тапсырып жатқан түлектерге сәттілік тілеп, ата-аналарға кеңес берді. Сондай-ақ ол биылғы ҰБТ мазмұнының 30 пайызға жаңартылғанын айтып өтті.
«Ең басты мәселе тест сұрақтарын жай ғана жаңартуда емес. Тестте «Қай жылы туды?, нешеу бар?» деген сияқты жаттанды дүниелерді сұрамауымыз керек. Ең бастысы - функционалды сауаттылық, баланың логикалық ойлауы, алған білімін пайдалана білуі. Сондықтан біз тест сұрақтарын осындай тұрғыда біртіндеп өзгертудеміз», - деді министр.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов бүгін 13 мың түлек ҰБТ тапсырып жатқанын айтты.
«Республика бойынша бүгін жалпы 13 мың бала ҰБТ тапсырып жатыр. Бұл - бірінші лек. Жалпы 9 күн тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында осы университке 600 бала келіп отыр. Дәл осы жерде. Біз сәттілік тіледік. Балаларымыз қобалжымай, жақсы тапсырады деген үміттеміз. Меніңше, соңғы жылдары балалар барынша байсалды болып барады. Олар салмақты, байыпты, барлық ойларын бір мақсатқа бағыттай алады. ҰБТ тапсырып жатқан барлық түлектерге сәттілік тілеймін»,- деді ол.
Сөз соңында министр ҰБТ тапсырып жатқан талапкерлердің ата-аналарына кеңес берді.
«Жалпы барлық ата-ана қобалжиды. Қазақта «баласы атқа мінсе, анасы үйде тақымын қысады» деген жақсы сөз бар. Сондықтан аналары, ата-аналары тақымдарын қысып, өз балаларына қобалжу күйде отырады. Бірақ, біздің ата-аналарға айтарымыз, емтихан дұрыс өтетін болады. Сабырлық сақтап, балаларына сеніп, оларға ұрыспай жақсылап жағдай жасау керек. Өйткені, ата-аналардың өздері қобалжып тұрса, ол балаларына да беріледі. Асықпай, сабырлық сақтап шығарып салып, қарсы алған жөн», - деді А. Аймағамбетов.
Министрліктің мәліметінше, ҰБТ-2019 нәтижелерін:
- @edu.gov.kz_bot Telegram-боты көмегімен;
- edu.mail.kz сайтынан;
- Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтынан – www.testcenter.kz білуге болады. Ол үшін әрбір тестіленушіге берілетін ТЖК (тестіленушінің жеке кодын) енгізу қажет.
Сондай-ақ министрлік ҰБТ кезінде заң бұзыушылық байқалса - +7 (7172) 69-50-87 телефонына хабарласуды немесе - @edu.gov.kz_bot Telegram-ботына хат жазуды ескерткен. Туындаған түрлі сұрақтарды жедел қарай үшін 8-800-080-7177 Call-орталығы жұмыс істейтінін хабарлады.
Jebeu.kz