"Теңізден шетелдіктерді жаппай кетіріп жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды"

Уақыты: 2019-07-02 Көрлімі: 654 Сипаттама

Теңіз кенішіндегі оқиғадан кейін әлеуметтік желілерді жаулаған фотосуреттер мен ауди...

2019_07_02_tenh.jpg

Теңіз кенішіндегі оқиғадан кейін әлеуметтік желілерді жаулаған фотосуреттер мен аудио, бейнежазбаларда есеп жоқ. Атыраудағы «Теңізшевройл» компаниясының ресми өкілі оның бірқатарын «фэйк» деп бағалады.

- Теңізден шетелдіктерді жаппай кетіріп жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қытайдың 780 азаматын шығарыпты дейді. Теңізде қытай компаниялары мүлдем жоқ. Ал ССЕР компаниясы ТШО-ның 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ірі мердігерлерінің бірі болып табылады.  Ол «Келешек кеңею жобасы» Үшінші буын зауытын салу мен электромеханикалық құрал-жабдығын монтаждаумен айналысады және олар жаңа зауыттың құрылысы біткенше жұмыс істейді, - деді «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің Бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ.

Жанжал шыққан ССЕР компаниясында 8 мыңдай адам жұмыс істейді екен, оның 600-ден астамы – шетелдік азаматтар болып табылады.

Тағы бір жоққа шығарылған жаңалық – жараланғандарға қатысты. Бейнебаяндарда басы жарылып, қызыл ала қанға батып жатқан жұмысшылар көрінгенмен, отыздан астам жарақат алғандардың ішінде ауыр жағдайда жатқандары жоқ көрінеді, кейбіреулері ауруханаға барудан да бас тартқан.

Сондай-ақ, Атырау облысы полиция департаменті де Теңіз вахталық қалашығында жезөкшелікпен айналысуға арналған притондардың барын жоққа шығарып, «арандатуға бой алдырып, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқандар заң бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын» мәлімдеп отыр.

Қазіргі күні Теңіздегі жергілікті және шетелдік жұмысшылардың қақтығысына әлеуметтік теңсіздік себеп болды дегенмен, дәл осы бойынша ССЕР мекемесінен кәсіподаққа шағымданғандар жоқ болып шықты.

- Мұнай-газ кәсіподақтарында шетелдік жұмыс күшіне атқарылатын жұмыс көлемі бірдей болса жалақының бірнеше есе көп төленетіні жөніндегі мәселені біз осыған дейін де көтеріп келеміз. Ол әлі де шешілмей келе жатқан проблеманың бірі. Бұдан бөлек, жұмысшыларды алалап әртүрлі тамақтандырады екен, шетелдіктердің жатақханадағы төсек-орнын жиі ауыстырып, «өзіміздің» адамдарға жүрдім-бардым қарайды екен деген сияқты әңгімелер де айтылып жүргенмен, олар бойынша нақты шағымданып келгендер болған жоқ. Солай болған күннің өзінде, жұмысшылардың жаппай тәртіпсіздік жасап, басқаларды ұрып-соққанын жақтамаймын. Мәселені құқықтық жолмен шешуге ұмтылу керек еді, - дейді «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы Салтанат РАХИМОВА.

Дереккөз: "Жас Алаш"

Пікір жазу
  • Путин: Либерализм әбден ескірген
    Қазақстан мен АҚШ экономикалық әріптестікті күшейтуге бағытталуда

    Ұқсас тақырыптар