5 мамыр күні өткен онлайн жиында Ұлттық қордың активтері қалай өзгерді, алтын-валюта резервінің жағдайы және сәуірдегі интервенция көлемі туралы баяндалды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді.
«Бұған дейін COVID-19-дың айтарлықтай таралуы, мұнай бағасының құлдырауы, қаржы активтері бағасының ғаламдық құлдырауы әлемдік нарықтарда дүрбелең туғызғанын айттым. Дегенмен наурыздың аяғы мен сәуірдің басында жағдайды біртіндеп тұрақтандырып, ауқымды қаржылық және ақшалай ынталандыру аясында жаһандық тәуекелге тәбеттің біршама қалпына келуі байқалды. Сондай-ақ сәуірде дамыған елдердің орталық банктері мен қаржы органдары экономиканы ынталандыру үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдауды жалғастырды. Ал сарапшылардың пікірінше, короновирустың әсері 2008-2009 жылдардағы дағдарыстың салдарынан асып түсуі мүмкін», – дейді Ұлттық банк өкілі.
Пандемия тақырыбының бүгінге дейін әлемдік қаржы сайттары үшін басты мәселе болып қала беретінін Ұлттық банк сезіп отыр. Ақпан-наурыз айларында мемлекеттерде карантин режімі енгізілді. Салдарынан жаһандық ауқымда экономиканың көптеген саласындағы барлық іскерлік белсенділік шектелді. «Сәуірдің басында ОПЕК + елдері арасында мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы келісімге қол жеткізілді, бұл бағаны уақытша қалпына келтірді. Мұнай баррелі 19-дан 34 долларға дейін сатылды. Қор нарығы наурыздың құнсыздануынан ішінара қалпына келіп, орташа есеппен 11-12% өсті. Позитивті пікірлердің арқасында дамушы елдердің валюталары бағасын көрсетті», деп атап көрсетті Әлия Молдабекова.
Ұлттық банк өкілі ОПЕК + елдері сәуірдің басында келісімге қол жеткізгеннен кейін, теңгенің оң динамикасы байқалғанын еске түсіріп өтті. Сәуірде ұлттық валютамыз 5,2% -ға 447,67-ден 424,57-ге нығайды. Теңгенің қымбататтауы шетел валютасына деген сұранысты төмендетті. Сәуірдің екінші жартысындағы мұнай нарығының тұрақсыздығына қарамастан, мұнай сақтау орындарының жетіспеушілігіне және нарықтың арзан мұнаймен толып кетуіне байланысты валюта бағамы тұрақты болып, орташа есеппен 430 деңгейінде тұрды. Көптеген кәсіпорын шектеулі режимде жұмыс істеді, бұл шетел валютасына деген сұраныстың төмендеуіне, яғни биржадағы сауда-саттықтың көлеміне әсер етті. Ағымдағы жылдың наурыз айымен салыстырғанда, теңгенің долларлық жұпындағы валюталық сауда-саттық көлемі 3,46 млрд-тан 1,72 млрд долларға дейін азайды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Ұлттық банктің резервтері сәуірде 720 миллион долларға артып, 30,5 миллиард долларға жетті. Қорлардың ұлғаюы негізінен алтын бағасының унцийдің 1 605-тен 1 717 долларға дейін өсуіне байланысты болды, осыған байланысты алтынның қорлары 1,1 млрд доллардан 20,8 млрд долларға дейін өсті. Ұлттық банк 250 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі тазартылған алтынды Ұлттық қорға сатты. Ұлттық банктің резервтеріндегі және Ұлттық қордың активтеріндегі алтын портфолиосы, әсіресе осы жылдың наурыз айының екінші жартысынан бастап, сыртқы нарықтардағы жоғары құбылмалылық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда, қажет болған жағдайда, алтынды қатты валютаға айырбастауға болады. Резервтердің валюталық бөлігі бастапқыда 400 млн-ға 9,7 млрд долларға дейін азайды.
Сәуір айында Ұлттық банк валюта нарығына араласқан жоқ. Резервтердің валюталық бөлігінің азаюы негізінен екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі шетел валютасындағы қалдықтарының төмендеуіне байланысты болды. Бұл наурызда жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін долларландыру деңгейінің жоғарылауынан кейін банктер клиенттерінің қаражаттары мен депозиттерін шетел валютасынан теңгеге айырбастаудың ішінара кері конверсиясын байқағанымызға байланысты.
Ұлттық қордың өсімі, жыл басынан бастап мәз емес. Осыдан келіп, сарапшылар «Интервенция Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлеміне қалай әсер етті?» деген сұрақтарға жауап іздей бастады. Ұлттық банк өкілі сұраққа төмендегідей жауап берді.
«Наурыз айында байқаған нарықтардағы құлдырау қор биржасында компаниялардың активтерінің төмендеуіне әкелді. Алайда сәуір айында қор нарығының жартылай қалпына келуіне, сондай-ақ алтын портфелі мен облигациялық портфельдің оң кірісіне байланысты Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 1,5 млрд долларды құрады. Сонымен бірге республикалық бюджеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сәуірде Ұлттық қордан 706 млрд теңге сомасында трансферттер бөлінді. Валюта нарығындағы трансферттерді айқындау үшін 817,5 млн АҚШ доллары сомасындағы шетел валютасындағы активтер сатылды, бұл 355 млрд теңге.
Трансферттің едәуір көлемін бөлгеніне қарамастан, Ұлттық қордың валюта активтері алдын ала мәліметтер бойынша сәуірде 1,11 млрд долларға артып, 58,6 млрдты құрады. Бұл өсу жоғарыда аталған инвестициялық кірістермен және Ұлттық қордағы валюталық түсіммен байланысты болды», – дейді Ә. Молдабекова.
Әлемдегі қаржы органдары мен орталық банктердің ынталандыру шаралары нарықты қолдады. Енді негізгі мәселелердің бірі – экономикалық белсенділікті қалпына келтіру үшін қабылданатын шаралардың тиімділігі туралы мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет пен Ұлттық банк экономикамыздың өсуін қалпына келтіру жоспарын дайындап жатыр.
«Біз бұрынғыдай әлемдік қаржы нарықтарындағы үрдістерді қадағалап, талдаймыз. Инфляциялық таргеттеу бойынша негізгі мандат аясында, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттері аясында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүргізуге құқылы, сондай-ақ жағдайды тұрақтандыруға бағытталған басқа шараларды қолдануға дайын» деп сөзін түйіндеді Ұлттық банк өкілі.
Дереккөз: "Егемен Қазақтан"