Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін талқылады, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Сенаттың кезекті отырысын 5 қарашада өткізу жоспарланған. Соның аясында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Сондай-ақ, «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да отырыстың күн тәртібіне шығарылды», - делінген Сенат баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды.
Бюро отырысы кезінде Мәжілістен келіп түскен заң жобасы тиісті комитетке бөлініп берілді. Соған сәйкес Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Отырыс барысында Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта Сенат Салық кодексіне енгізілетін түзетулер бойынша заң жобасын қарайтынына назар аударды. Сенат төрағасы бұл өте маңызды құжат екенін, депутаттардың заң жобасына қатысты кейбір ұсыныстары Үкіметтің қорытындысын қажет ететінін, сондықтан бірлесіп, тыңғылықты жұмыс істеу керектігін атап өтті.
Автор Руслан Ғаббасов