Олимпиада өткізудің мақсаты не?

Уақыты: 2021-06-16 Көрлімі: 1207 Сипаттама

Дзюдодан Олимпиада жүлдегері және Жапония Олимпиада комитетінің атқарушы мүшесі Каор...


Дзюдодан Олимпиада жүлдегері және Жапония Олимпиада комитетінің атқарушы мүшесі Каори Ямагучи таңғаларлық мәлімдеме жасады. Әсіресе Олимпиада комитетінің ресми өкілінің мұндай пікірі – күтпеген оқиға. Оның айтуынша, Жапония пандемия кезінде биылғы ойындарды өткізуге қырын қарап отыр. «Олимпиада не үшін және кім үшін болады? Ойындар әлдеқашан мәнін жоғалтты. Әрі өткізу үшін ғана өткізіліп жатыр. Қазірдің өзінде бас тарту мүмкіндігін жіберіп алдық деп санаймын», деді ол.

Мұндай пікірді білдірген жалғыз ол емес. Жапонияның медицина жөніндегі танымал сарапшысы Олимпия ойындары коронавирустың жаңа ошақтарын қоздыруы мүмкін екенін, қазіргі жағдайда оны өткізу қисынға келмейтінін ескертті. Жапон халқының 80 пайыздан астамы Олимпиаданың кейінге қалдырылғанын немесе тоқтатылғанын қалайды. Ойындардың ресми демеушісі «Асахи Шимбун» газеті үкіметті жоспардан бас тартуға шақырды. Егер ойындар өтетін болса, спорт додалары негізінен үлкен қаражатқа салынған бос стадиондарда өтуі әбден мүмкін.

Ямагучидің сұрағы орынды. Олимпиада кім үшін керек? Спортшылардың халықаралық чемпионаттардың барлық түрінде бақ сынасуға мүмкіндігі мол. Жапондар әлемнің басқа бөлігіндегі телекөрермендердің көңілін көтергені үшін ақы төлемеуі тиіс. Мүмкін, Олимпиада спорт бәсекесін өткізу беделін өсіреді деп үміттенген жапон саясаткерлеріне немесе басқалардың мүддесінен өз мүддесін жоғары қоятын Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) «семіз мысықтарына» арналған шығар.

«Олимпия ойындары шынымен не үшін керек?» деген сұрақ Барон Пьер де Кубертен 1896 жылы Афинада Олимпиаданы «жандандырғаннан» бері күн тәртібінен түспей тұр. Барон сол кездегі басқа француз консерваторлары секілді ұлттың рухына алаңдады. Әсіресе 1871 жылы Пруссияға қарсы соғыста жеңілгеннен кейін. Ол бәсекеге қабілетті спорт француз еркектерінің кемшілігіне жауап іспетті деп ойлады.

Кубертен сондай-ақ осы қадам арқылы француздардың ержүрек қасиетін қалпына келтіруден бөлек, халықаралық спорт шарасы әлем халықтарын жақындастырып, бейбітшілікке ықпал етеді деп сенді. Дүниежүзілік жәрмеңкелер мен «Скаут джембористері» секілді, Олимпиада да патриоттық сезіммен қатар, халықаралық достыққа шақырады. Таза және әділ бәсекелестіктен кейін көптеген ұлттың үздіктері жарқын болашаққа бірге аттанады.

Ультра-ұлтшыл Action française-ға қосылған өте оңшыл идеолог Чарльз Мауррас алдымен Кубертеннің идеализмін мазақтады. Ол халықаралық достық ұстанымын менсінген жоқ. Бірақ кейін ол пікірін өзгертті. Жеңіл атлетикада жарысу түрлі ұлтты бірін-бірі жек көруге итермелейді. Оның пікірінше, бұл таптырмас мүмкіндік.

Сайып келгенде, Кубертеннің идеализмі де, Мауррастың цинизмі де басым түспеді. Әлемде бейбітшілік орнаған жоқ, бірақ соғыс өрті спорт стадиондарындағы ұлттық бәсекеден кейін тұтанбады. Кубертеннің жымысқы дәмесі оның дірілдеген даусы 1936 жылы Берлин Олимпиадасындағы достық пен әділ ойынның қасиеттерін дәріптеген кезде анық аңғарылды. Өйткені ол Гитлер мен Герингтің қасындағы сәнді орында күліп отырған-ды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері ойындардың оң әсерін жоққа шығаруға болмайды. 1964 жылғы Токио Олимпиадасы жапондықтар үшін өте маңызды болды. Бұл экономикалық жаңғыруды ғана емес, сонымен бірге саяси құрметті де білдірді. Жапония содан бері Азиядағы миллиондаған қанды өлімге жауапты милитаристік жыртқыш емес, бүкіл әлемге ашық дамыған демократиялық ел ретінде танылды.

Осыған ұқсас 1988 жылғы Сеул Олимпиадасын да мысалға келтіре аламыз. Талай жыл Жапонияның империялық қатал басқаруынан, қанқұйлы корей соғысынан және ондаған жылға созылған әскери диктатурадан кейін Оңтүстік Корея бәсекелі сайлау өтетін, ашық еркін баспасөзі, мақтаныш пен оптимизмге толы жас тұрғындары бар ашық қоғам ретінде қалыптасты. Корейлер халықаралық дәрежеге лайықты еді. Сеул ойындары нағыз мерекеге айналды.

Осындай сирек жағдайлардан басқа, Олимпиаданы ақтау қиын. Жүру, жалауша желбірету, форма киген жамборилер – ХІХ ғасырдағы анахронизм. Бұл халқы өз басшыларын сайлауға құқығы жоқ, тек оларды мадақтауға міндетті елдерде әлі күнге дейін сақталған. Солтүстік Корея – бұл істің бұрынғы шебері. Бірақ жасанды қарға толы субтропикалық курортта өткен Владимир Путиннің 2014 жылғы қысқы Олимпия ойындары оның авторитарлық билігіне тағзым ретінде көрінді. Қытай ұлтшылдығының беделі саналатын 2008 жылғы Бейжің ойындары Кубертенге қарағанда, Маурастың жүрегіне жақын.

2004 жылы Грекия секілді кедей елде Олимпиададан кейін көп қарыз бен арамшөп өскен қаңыраған стадиондар қалды. Ал бай елдер шынымен де 1996 жылы Атлантада немесе 2012 жылы Лондонда жұмсалған шығынға мұқтаж емес. Тек бәрібір салынуы керек инфрақұрылымға қаражат бөлгенді ғана сылтауратуға болады.

Токиоға 2021 жылы Олимпиада қажет емесі анық. Олимпиада жорығы жүріп жатыр, тіпті кейбір елдер банкротқа ұшырап жатса да, басқалар мол ақша табады. ХОК Афина Олимпиадасынан 985 миллион еуро (1,2 миллиард доллар) пайда түсірді. Олимпиада шенеуніктерінің Сеулде серуендеп жүргенін көргенім есімде. Олар қаншалықты кедей елден келсе, платина сағаттары соншалықты үлкен болатын.

Олимпия ойындары ХОК үшін де, демеушілер үшін де, жекеменшік құрылыс салушылар үшін де, кейде жемқор саясаткерлер үшін де үлкен бизнес. Міне, Олимпиада соларға арналған. Биыл Олимпиада комитетінің мыңдаған шенеуніктері Токиодағы қымбат қонақүйлердің фойелеріне жиналады. Олар келесі елге кеткеннен кейін, бекерге салынған үлкен стадиондар мұндай үлкен бәсекелерді өткізудің тиімсіз екенінің дәлелі ретінде қалады.

 

Ян БУРУМА,

көптеген кітаптың, соның ішінде Murder in Amsterdam: The Death of Theo Van Gogh and the Limits of Tolerance, Year Zero: A History of 1945, A Tokyo Romance: A Memoir, and, most recently, The Churchill Complex: The Curse of Being Special, From Winston and FDR to Trump and Brexit кітаптарының авторы

 

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігіне 2 жыл: Халықаралық аренада қандай жұмыстар атқарылды
    «Қасым хан». Тарихи фильм қалай түсіріліп жатыр?

    Ұқсас тақырыптар