«Қасым хан». Тарихи фильм қалай түсіріліп жатыр?

Уақыты: 2021-06-30 Көрлімі: 592 Сипаттама

Бүкіл қазақ қауымы Қасым хан туралы фильмді асыға күтіп отыр. Бірақ қазақ хандығы тарих...


Бүкіл қазақ қауымы Қасым хан туралы фильмді асыға күтіп отыр. Бірақ қазақ хандығы тарихында ерекше орын алатын Қасым ханымыз экранға шықпай жатып, елеңдеп отырған елдің көңілін күпті етіп, әлден-ақ әртүрлі ой салып қойды. Өзі қалыптастырып кеткен, қара қылды қақ жарған ақиқат пен әділдіктің айнымас серігіне айналып, дала Конституциясы атанған «Қасым ханның қасқа жолы» ғасырлар алмасуы арасында сан түрлі бұралаңды бастан кешіп жүріп о бастағы мәнінен айырылып, ақыры сиықсыз мағына табады деген ой ол кезде ешкімнің санасына кіріп-шықпағаны анық, әрине.

Құдіретті «қасқа жолдың» бүгінгі қоғамдағы қулар мен алаяқтардың сүреңсіз ісін сипаттайтын жұлым-жұлымы шыққан сұрқай синониміне айналғанының айна-қатесіз мысалы сол, кино төңірегінде жүрген ұлықтар сол баяғы өздері қарпып үйренген «қасқа жолмен» 30 млн-нан артық ақшаны фильм түсірілмей жатып талан-таражға салып жіберді. Әйгілі алтын заңымыздың авторы Қасым ханнан қалған ұлағатты ұран ұрпағының қиянатына осылай ұшырады.

«Түсіріледі» деген дерегі шық­қан күннен бастап, соңы дау-дамай мен дақпыртқа жалғасып кеткен «Қасым хан» туындысына бөлінген қаржыға нұқсан келген соң жасақталған алғашқы шығармашылық топ таратылып, «тізбектелген тараулардан тұрады» деп жоспарланған бірнеше серияның жал-құйрығы күзеліп-түзеле келе, бір сериялы толықметрлі көркем фильммен түйінделетін бо­лып шешілді. Әйгілі түрік режиссерімен ара­дағы келіс­пеушіліктен кейін фильм­ге жаңа режиссер бекітілді. Бәрін басынан қайта бастауға тура келген жаңа міндет бұрын тарихи туындылар түсірумен та­ныл­ған Ақан Сатаевқа жүктелді. «Ұлы дала таңы» деген атаумен қайта қолға алған жобаның қалай түсі­ріліп жатқанын көрсету үшін «Казақфильм» киностудиясы тілшілердің үлкен тобын түсірілім алаңына шақырды.

«Қыз Жібек» түсірілгелі бері ки­но­­­­герлердің сүйікті меке­ніне айналған Қап­шағайдан 20 ша­қырымдай қашық­тықта, көз сүрінер бұтасы жоқ құла түзге қос етіп тігілген шатырлар фильм­нің сол маңайда түсіріліп жат­қанынан хабар бергендей алыстан менмұндалайды. Ашық ас­пан астындағы бір қостың маң­дайшасында «шайбанилер», бірінде «костюмдер», тағы бірінде «асхана» деп жазылып, рет-ретімен сап түзеген әр шатырда өзіне бел­­гіленген шаруа атқарылады. Әрі­рек­тегі атқораларда үйездеген жылқылар тұр. Алжапқыш шалған әйел­дердің кешкі ас-судың қа­мына кірісіп кеткені байқалады. «Қа­зақфильм» деген машина, әр-әр жерге қойылған техникалық құрал-саймандар бұл жердің кино түсіретін алаң екенін айтқызбай-ақ аңдатып тұр. Ала­бұртып келген көңілімізбен де, көзіміз­бен де актерлерді, режиссерді іздейміз кө­рінбейді.

«Фильм он-он бес ми­нуттық жерде түсіріліп жатыр, қазір сол жаққа бара­мыз», деді ковбой қалпақ киіп, мо­пед мініп алған фильм директоры. Жол­сыз жермен шоқырақтап тағы жүріп келеміз. Міне алдымыздан қою шаң, қап­таған қалың әскер, самсаған қол көрінді. Батальды көріністерді түсіріп жатқанның үстінен түстік. Түсірілім ала­ңында журналистер шығармашылық топтың күрделі сахналардың бірі – Ұлытаудағы шайқасты түсіріп жатқанын тамашалады. Қолына қылыш, шоқпар ұстаған жауынгерлер екіге бөлініп алып кескілесіп жатыр. Грим жасайтындар сарбаздарды шетінен шақырып алады да, шелек-шелек болып тұрған қызыл бояудан кішкентай құтыларға құйып алып, бетіне, киіміне аяусыз шашады. Бетінен, үстінен қызыл ала қаны сорғалаған сарбаз атына міне салып, шайқасты бетке алып қайта шабады. Қолынан даланы даңғырлатқан дауыс кү­шейт­кіш аппараты түспейтін фильм­нің екінші режиссері ойқастаған аттардың аяғына оратылардай ақ шуда шаңның ішінен көрінбей, айғайды салып жүргені ғана естіледі. «Берік, сен мұнда, ортаға қарай келесің. Қа­зір сенің жекпе-жегің. Дайындаламыз! Камера! Бір, екі, үш, мо-то-о-оррр!» Қасым хан­ның рөліндегі танымал актер Берік Айтжанов үстіндегі сауыт-сайманының ауырлығына қа­ра­мастан, шапшаң қимылмен қылышын суырып алып, төрт-бес тәсіл қолданып, қарсыласын сұлатып түсірді.

Бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері арнайы ұйым­дастырылған баспасөз турының нәтижесінде тарихи фильмнің түсіру барысын қызықтап тұрғанда, қапталдағы жұрттың қарасы қа­лыңдап, қарбаласып кетті. «Ми­нис­тр келе жатыр!» Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Ра­йым­­­құлова бастаған бір топ де­лега­ция мүшелерінің де Қасым хан ту­ралы фильмнің түсірілу жа­йы­мен арнайы танысуға келген беті екен.

– Түсірілім алаңында бар кү­шін салып жұмыс істеп жатқан шығармашылық топқа ерекше алғысымды білдіріп, сіздерге артып отырған үмітіміздің зор екенін жеткізгім келеді. Бұл жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғына арналған маңызды әрі күрделі жобаларымыздың бірі. Фильмге Nomad Stunts секілді әлем таныған каскадерлар тобы да қатысып, шайқас сахналарын бірге түсіріп жатыр. Берекет Кәрібаев секілді білікті тарихшыларымыз, басқа да ең мықты мамандарымыз кеңесшілік жасап отырған жоба сәтті шығады деп сенемін. Бүгін бізбен бірге Оңтүстік Кореядан келген әріп­тес­теріміз де фильм жұ­мысымен арнайы танысуға келді. Киносы дамыған елдің өкілдері біздің өркениетімізді, мамандарымызды көріп, бағасын берер, – деді А.Райымқұлова.

Қасым хан қазақ тарихында жай тұлға емес, ірі тұлғалардың бірінен саналады. Оның хандық құрып, билік жүргізген дәуірі қазақ мемлекеттілігі тарихының қай­нар көздерінің бірінен саналады. Бүгінгі егемендіктің бағасы да сол қаһарман қолбасшылардың мі­незімен өл­шенеді. Осы идеяны не­гізге алған «Ұлы Дала Таңы» тарихи фильмі Қасым ханның өмірі, хан­дық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі туралы баяндайды. Ер Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі Қасым туралы тарихи дерек тым жұтаң емес. Қазақ хандарының тарихын зерттеп, оның ішінде Қасым хан туралы толымды тарихи еңбектер жазып, сонау 1990-жылдардың басынан бері үздіксіз ізденісте келе жатқан тарихшы ғалым, ҰҒА корреспондент-мүшесі Берекет Кә­рібаев фильмге кеңесшілікке тағайындалғаннан бастап сценарий авторы мен режиссерді барлық мәліметтермен жан-жақты таныстырып, қамтамасыз етіп келеді. Тарихшы ғалыммен бірге тарихи жобаның ғылыми кеңесшілігіне тартылған философия және сәулет өнері докторы Алмас Ордабаев, суретші-кескіндемеші, тарих ғы­лымдарының кандидаты, этно­граф-қару жасаушы Қалиолла Ах­метжан және басқа да сала мамандары ортақ мақсатты орайлы іске айналдыруда тізе қосып қатар жұмыс істеп жатыр.

«Тарихты жүз пайыз қамту мүм­кін емес. Ондай жағдайда, фильм деректі фильмге айналып кетеді. Фильмнің негізгі оқиғасы XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі жарты ғасырлық мез­гілді қамтиды. Қазақ хандығы құ­рылғаннан кейін Керей қайтыс болады. Жәнібек те о дүниелік бол­ған кез. Билеушілердің екін­ші буындағы ұрпағына Қазақ хан­ды­ғын күшейту, жер аумағын қалпына келтіру міндеті тұрды. Оның ішінде Сыр өзенінің орта-төменгі ағысы бойындағы дәстүрлі қысқы жайылымдық жерлерді қайтару керек. ХVІ ғасырдан бас­тап Әбілқайырдың немересі Мұхаммед шайбани бұрынғы хан атасының билігін орнатып, осы жер­лерді қайтару үшін күрес жүргізеді. Міне, осы кезде 35-40 жыл бойы Қасым сұлтан Бұрындық ханмен бірігіп күресіп, нағыз ын­тымақтың үлгісін көрсетеді. 1510 жылғы әйгілі Ұлытау шай­қасынан кейін Қасым хан жеңіс­ке жетті. Қасым ханның ұлы­лығы, атақ-абыройы бүкіл Дешті Қыпшақ даласына тарайды. Хан сайланып, оңтүстікке ғана емес, Қазақ хандығының аумағын тұтас­тықта сақтап, кеңейту үшін батыс бағытта да күрес жүргізді. Тарихтағы «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі заңдар жиынтығының элементтері де, эпизодтары да, жекелеген баптары да фильмнен көрініс табатын болады. Фильмде Қасым хан­ның рөлі, билік жүргізудегі ерек­ше қасиеттері, дәстүрді жалғас­ты­рудағы ұлылығы көркем тәсіл­мен тарқатылады. Бұл фильм ұл­тымызға, бүкіл Қазақстан хал­қына, тіпті әлем жұртына Қасым хан бейнесін таныстырып, сіңіруде өлшеусіз рөл ойнамақ» дейді күн­діз-түні түсірілімнің басы-қасында жүрген Б.Кәрібаев.

Фильмде Қасым ханның жас­тық ша­ғы мен елге тұтқа болған егде кезін екі актер ойнайды. Жас Қасым ханды Данияр Оразаев ойнаса, ел бойынша жарияланған кастингтен, жүздеген үміткердің ішінен таңдалып алынған талантты актер Берік Айтжанов ханның ке­мелденген кезін кейіптейді. Бе­ріктің актерлік дайындықтан бө­лек, салмақ-қуатын арттыратын аса күшті физикалық әзірліктен өт­кені байқалады. Өйткені фильм­нің әскери-жауынгерлік сахнасы өте көп. Сондай-ақ фильмде Айдос Әбді­қадыров (жас Бұрындық хан), Ерік Жол­жақсынов (ересек Бұрындық хан), Нұр­лан Әлім­жанов (Мұхаммед Шайбани), Ал­тынай Нөгербек (жас Жахан Бегім), Шамшагүл Меңдиярова (қарт Жахан Бегім), Тұңғышбай Жаманқұлов (ересек Әли Рашид), Қуаныш Құдайберген (жас Әли Рашид) сияқты белгілі әр­тістер бой көрсетеді. Сценарий авторлары – Бекболат Шекеров пен Ақан Са­таев. Жобаның бас продюсері – Әлия Назарбаева.

Фильмді түсіру жұмысы би­ылғы ақ­пан айының соңында Алма­ты облысы Жаркент өңірін­дегі Көк­тал кен­тінің маңында басталды. Режиссер Ақан Сатаевтың ай­туынша, көркем туындының қыс­қы көріністері толық түсіріліп біткен. Әр режиссердің қолына 20 метр пленка ұстатып, әр актер­ге үш дубль жасауға ғана рұқ­сат етіп, өшіріп, қиып, қайта же­лім­деп қиналатын баяғы заман келмеске кеткен. Бүгінгі кино тех­нологиясының жетілген құді­рет­тілігі сонда, түсірілген кадр­лардың бәрі тап сол жерде, көлік ішіне орнатылған қондырғыда шетінен монтаждалып жатыр.

– Түсірілімдер ойдағыдай жү­ріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды. Бүгін түсірілімнің 41-ші күні, біз шешуші әрі қиын сахналардың бірін түсіріп жатырмыз. Түсірілімге 300-ден астам адам жұ­мылдырылды – 56 кас­кадер, 200-ден астам шабандоз бар. Жұмыс жоспар бо­йын­ша жүріп келеді, – деді Ақан Сатаев.

Сондай-ақ режиссер шілде айының басында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін түсіретінін, ал кейінгі түсіру жұмыстары Іле өзе­нінің бойында «Түркістан» де­ко­рациясында жалғасатынын айтты.

Фильмнің тұсаукесері Қазақ­­стан Рес­публикасының Тәуел­сіз­дігі күніне, 16 жел­­тоқ­санға жос­пар­ланып отыр.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

АЛМАТЫ


Дереккөз:  egemen.kz


Пікір жазу
  • Олимпиада өткізудің мақсаты не?
    Нұр-Сұлтан – прогресс пен даму орталығы

    Ұқсас тақырыптар