Отандық вакцина туралы ғылыми мақала халықаралық журналда жарияланды

Уақыты: 2021-08-16 Көрлімі: 522 Сипаттама

Қазір қолданысқа енгізіліп үлгерген COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина туралы көптен...




Қазір қолданысқа енгізіліп үлгерген COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина туралы көптен күткен ғылыми мақала халықаралық EClinicalMedicine журналына шықты. Бірнеше әзірлеуші ғалым бірігіп жазған еңбекте нарықта QazVac, ғылым әлемінде QazCovid-in атауына ие болған отандық өнімін клиникалық зерттеудің 1-2-фазасының нәтижелері баяндалған.

Иә, біз бұл ғылыми мақаланың жарияланғанын асыға күттік. Себебі кез келген ғылыми өнертабыстың өлшемі – халықаралық журналда жарияланған зерттеудің қорытындысы жөніндегі мақала. Онсыз өнертабысты өндіріске айналдыру қиын. Рейтингі жоғары журналға шыққан мақалаға сол саланың әлемдегі ең мықты мамандары рецензия береді. Бұған дейін аталған мақаланың бірінші авторы, осы вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проб­лемалары институтының басшысы Күнсұлу Закарья бізге берген сұхбатында: «Біз әлемдік деңгейдегі рецензенттерден алғашқы пікірді алып, олармен тығыз байланыс орнатып отырмыз. Мақаламыз Америкадағы клиникалық зерттеулерді жариялайтын арнайы журналға тапсырылды. Оны халықаралық дәрежесі жоғары медицина ғалымдары қарап жатыр», деген еді.

Мінекей, енді оқырманнан сүйін­ші сұрайтын сәт те келді. Себебі ғылы­ми мақала Scopus халықаралық база­сындағы 1-квартильге кіретін, ғылыми медицина саласындағы беделді басылым – EClinicalMedicine журналында жа­рияланды.

Бұл – рецензенттермен кәсіби қарым-қатынас жүргізу мен көп күш-жігер жұмсалған жұмыстың жемісі, сондай-ақ отандық ғалымдар еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуы. Себебі мұндай журналдарға мақала жариялау кейде бір жыл уақытты талап етеді. Ал ғалымдарымыздың биылғы сәуірдің 5-інде жіберілген еңбегін аталған халықаралық журнал 4 айдан соң жарыққа шығарды. Мақаланың тақырыбынан кейінгі маңызды ақпаратта: «2021 жылы 5 сәуірде келіп түсті, 2021 жылы 28 шілдеде қайта қаралды, 2021 жылы 28 шілдеде қабылданды, 2021 жылы 14 тамызда онлайн режімінде қолжетімді болды», делінген.

Мақаланың «Findings», яғни «Нәтижелер» атты бөлімінде:

«QazCovid-in® вакцинасы қауіпсіз және айтарлықтай төзімді болды, негізінен болмашы жағымсыз әсерлер тудырды; екі сынақта да елеулі немесе ауыр жағымсыз оқиғалар тіркелмеді. 1 фазалық сынақта, МНА-да (MNA, яғни микронейтрализация – вирусты анықтауға арналған өте сезімтал және арнайы талдау – А.Ш.) антидене титрінің (серо конверсиясы) төрт есе жоғарылауы бар субъектілердің пайызы вакцинаның бірінші дозасынан кейін 59%-ды құрады және екінші дозадан кейін 100%-ды құрады. 180-ші күні плацебо (дәрілік қуаты жоқ сұйықтық) қабылдаған адамдардың 40%-ында ELISA (MNA секілді талдау) және MNA-мен өлшенетін SARS-CoV-2 инфекциясын болжайтын вирусқа қарсы антиденелер деңгейінің статистикалық түрде жоғарылағанын көрсетті», деп жа­зылған.

Ғылыми еңбек авторлары ма­қаланың Discussion, яғни «Тал­қы­лау» деп аталатын бөлігінде атап көрсеткендей, 1 және 2-фазалық кли­никалық зерттеулер QazCovid-in® вакцинасының бір немесе екі дозаны алатын 18 жастан 70 жасқа дейінгі ере­сектерге қауіпсіз және жақсы төзім­ді екенін дәлелдеді.

Келесі кезекте ғалымдардың 3-фа­за­дағы зерттеу нәтижесі туралы ғылыми мақаласын күтеміз. Өйт­кені клиникалық сынақтың соң­ғы кезеңінде вакцинаның дені сау адамдарға ғана емес, денсаулық жағ­дайы бойынша түрлі топтарға жатқы­зылатын жандарға да қаншалықты тиімді екені анықталады.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Өңдеу өнеркәсібінің қандай салалары белсенді дамуда
    Стратегиялық әріптестіктің бастауы

    Ұқсас тақырыптар