Осыдан отыз жыл бұрын АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға алғашқы сапары өтті. 1991 жылғы 15-16 қыркүйекте АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің егемен Қазақстанға, екі ел арасындағы сындарлы және тең құқықты ынтымақтастыққа жол ашқан алғашқы сапары өтті.
Джеймс Бейкер Алматыға Санкт-Петербургтен зайыбы Сьюзанмен бірге өкілетті делегациямен келді. Оның құрамында АҚШ-тың КСРО-дағы Елшісі Р.Страус, АҚШ-тың Саясатты жоспарлау жөніндегі мемлекеттік департаментінің директоры Д.Росс, Мемлекеттік хатшының Қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі М.Татуалер, Штаб бастықтарының біріккен комитеті төрағасының көмекшісі Дж. Шаликашвили, Мемлекеттік хатшының Қорғаныс мәселелері жөніндегі кеңесшісінің бірінші орынбасары Л.Либби, АҚШ Президентінің КСРО істері жөніндегі арнайы көмекшісі Э.Хьювит, АҚШ елшілігінің өкілетті министрі Дж. Коллинз және басқа да лауазымды тұлғалар болды.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының Алматыға келуіне байланысты дайындық жұмыстары сол кезде мен басшылық еткен Қазақ КСР-нің Сыртқы істер министрлігіне жүктелді. Ведомство сапар қарсаңында, 9 қыркүйекте Алматыға келген У.Дауни бастаған АҚШ-тың КСРО-дағы елшілігінің қызметкерлеріне Мемлекеттік хатшының сапарын дайындау жөніндегі бірқатар мәселелерді шешуге көмек көрсетті.
15 қыркүйекте Бейкерлер келгеннен кейін Назарбаевтар отбасы оларды жеке қонаққа шақырды. Қазақстан Президенті мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы арасында жеке әңгіме барысында олар КСРО-дағы саяси және экономикалық жағдайды және халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады.
16 қыркүйекте таңертеңгілік уақытта Мемлекеттік хатшы Дж.Бейкердің республикамыздың жоғары басшылығымен кездесуі өтті. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің тарапымыздан қатысқан ресми тұлғаларды таныстыра отырып, мәртебелі мейманды Қазақстанның экономикалық жағдайы, оның бай табиғи-шикізат ресурстары мен өнеркәсіптік әлеуеті, нарықтық экономиканың негіздерін құру, сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңнама туралы хабардар етті. Сонымен бірге, менің жазбаларымнан көрініп тұрғандай, әңгіме барысында ол: «Біз ешқандай несие мен көмек сұрап отырған жоқпыз, тек америкалық кәсіпкерлер республикамызға келіп, бізбен өзара тиімді негізде жұмыстарын бастай берсін», деп мәлімдеді.
Қазақстанның басшысы Президент Дж. Бушқа жазған хатында, АҚШ-пен тікелей ынтымақтастық орнатуды, Шығыс Еуропа елдерінің үлгісі бойынша республикада АҚШ-тың инвестициялық қорын құруды, АҚШ-тың Алматыда өкілдігін және біздің АҚШ-тағы өкілдігімізді ашуды ұсынды. Ол сондай-ақ Америка тарапынан егемен Қазақстанға халықаралық саяси және қаржы ұйымдарына кіру, нарықтық экономиканы басқару және нарыққа кіру мәселелері бойынша біздің мамандарды оқыту және техникалық көмек көрсету жағынан қолдау көрсетуін сұрады.
Дж. Бейкер өзінің жауап сөзінде, Президентке кешке және бір күн бұрын сөйлескені үшін алғыс білдіріп, бұл олардың арасында жеке байланыс орнатуға, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі әңгімелесуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол Н.Ә.Назарбаевты Кеңес Одағындағы алдыңғы қатарлы басшылардың бірі ретінде бағалайтынын және олардың әңгімесі қазақстандық көшбасшының елдегі саяси және экономикалық трансформацияларға қатысты нақты ұстанымдарын тағы да көрсете білді деп мәлімдеген.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде, АҚШ-тың Хельсинки Қорытынды актісінің бес қағидатын қолдайтын одақтас республикалармен ғана ынтымақтастыққа бейім болатынын атап өтті. Сол кезеңде АҚШ Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде кадрларды оқыту және техникалық көмек көрсету жөніндегі бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып жатқан еді. Мұндай бағдарламаларды алу үшін одақтас республикаларға экономикалық реформалардың нақты жоспарлары мен нарықтық экономикаға арналған экономикалық тетіктердің болуы маңызды еді, бұл оларға Дүниежүзілік банкпен және Халықаралық валюта қорымен ынтымақтасуға көмектесетін.
Дж.Бейкер Қазақстанның Президенті мен басшылығының КСРО-ға қатысты ұстанымын Америка тарапы түсінетінін және АҚШ-тың белгілі бір ұйымдастырушылық шеңберде және оны құрайтын республикалармен сақталатын Кеңес Одағымен ынтымақтастығын дамытуды жақтайтынын атап өтті. Ол өзінің Қазақстанға келген сапарының нәтижелеріне қанағат білдіріп, республика Президентімен жеке байланыстарының болашақта жалғасы жемісті болатынына үмітін білдірді.
Ресми келіссөздерден кейін Н.Ә.Назарбаевтың және Дж. Бейкердің кеңестік және шетелдік журналистерге арналған бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.
Қысқа мерзімді сапар барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Медеуге барып, Алматының көрікті жерлерімен танысты. С.Бейкер ханым жеке бағдарламасы бойынша Орталық мемлекеттік мұражайды және Халық музыкалық аспаптар мұражайын тамашалап қайтты.
Сапардан кейін Дж.Бейкер Н.Ә.Назарбаевтың атына хат жолдап, көрсетілген қонақжайлылық пен өзара қызығушылық тудыратын маңызды мәселелерді талқылау мүмкіндігі үшін шынайы алғысын білдірді. Ол Алматы өте әсем қала екенін, ал таулар оған Вайоминг штатындағы үйінің айналасындағы ландшафтты еске түсіргенін, сондай-ақ Қазақстанға тағы да келе алатынына үміт артатынын атап өтті.
Менің жеке мұрағатымдағы құжаттарға сәйкес, 1991 жылғы 9-16 қыркүйекте КСРО-ға жасалған сапары кезінде Дж.Бейкер КСРО Президенті М.С.Горбачевпен, РСФСР Президенті Б. Н. Ельцинмен, Э.А.Шеварднадземен, КСРО-ның және РСФСР-дің Сыртқы істер министрлері Б.Д.Панкинмен және А.В.Козыревпен, КСРО Қорғаныс министрі Е.И.Шапошниковпен және басқа да басшылармен кездесті. Сапар барысында Санкт-Петербург, Таллин, Рига және Вильнюс қалаларында, сондай-ақ Алматыда болды.
Менің АҚШ Мемлекеттік хатшысымен алғашқы кездесуім Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 1991 жылғы 11 қыркүйекте Мәскеуде өткенін атап өткім келеді. Дж. Бейкер бізді ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін одақтас республикалардың сыртқы істер министрлерінің басты қосуына шақырды. Сол кезде мен Президенттің басты бағытын ұстана отырып, айтарлықтай экономикалық және табиғи әлеуетке және тиісті заңнамалық базаға ие Қазақстан көмекке емес, АҚШ-пен тең құқықты ынтымақтастыққа, республика экономикасына америкалық инвестициялардың құйылуына, нарықтық экономикаға жедел кіру үшін кадрлар даярлауға жәрдемдесуге мұқтаж екенін атап өттім. Артынан Дж. Бейкер Алматыда
Н.Ә.Назарбаевпен өткен әңгімесінде менің айтқан ұсыныс-пікірлерім туралы оң пікір білдіріпті.
Қазақстанда қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы ретінде 1991 жылғы қарашаның басында АҚШ елшілігінің Әкімшілік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Р.Остин бастаған қызметкерлері КСРО-ға сапармен келді. ҚазКСР Үкіметіндегі сұхбат барысында америкалық дипломаттар КСРО-ның еуропалық емес бөлігіндегі АҚШ-тың алғашқы консулдығы болатын Алматыда Бас консул басқаратын АҚШ-тың консулдығын (құрамында 5 америкалық және 8 жергілікті персонал адамы бар) ашу туралы нақты ұсыныстар айтты. Сол кездері АҚШ-тың консулдықтары Санкт-Петербург пен Киев қалаласында ғана болған еді. Р.Остин бұл Бас консулдық немесе Консулдық бола ма деген мәселе Вашингтонда шешіліп жатқанын, кез келген жағдайда ол АҚШ Үкіметі мен Қазақстан арасында байланыс орнатуға жәрдемдесетінін, саяси мәселелермен айналысатынын және республикадағы америкалықтарға көмек көрсететінін, ал болашақта визалық мәселелермен айналысуы мүмкін екендігі туралы хабардар етті. Консулдықты аккредиттеуге қатысты біздің сұрағымызға дипломат оның КСРО СІМ жанында аккредиттелетінін хабарлады. Америка тарапы ҚазКСР СІМ жанында аккредиттеу немесе қос аккредиттеу туралы тілегімізді қолдаған жоқ, дегенмен Орталық пен одақтас республикалар арасындағы қарым-қатынас туралы бұл мәселені олардың өздері шешуі керек деп мәлімдеді.
1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы және 10 желтоқсанда Президент Н. Ә. Назарбаевтың инаугурация рәсімі өтті. 10 желтоқсанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңымен «Қазақстан Республикасы» деген атау қабылданды.
16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылдады.
1991 жылғы 17 желтоқсанда АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің Қазақстанға екінші сапары өтті.
Делегация құрамында онымен бірге АҚШ-тың КСРО-дағы Елшісі Р.Страус, Мемлекеттік хатшының Қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Р.Бартоломео, Мемлекеттік хатшының Еуропа және Канада мәселелері жөніндегі көмекшісі Т.Найлс, Мемлекеттік хатшының Қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі М.Татуалер, Саясатты жоспарлау жөніндегі директоры Д.Росс, Штаб бастықтарының біріккен комитеті төрағасының көмекшісі Дж.Шаликашвили, Қорғаныс министрінің халықаралық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары С. Хадли, Президенттің КСРО істері жөніндегі арнайы көмекшісі Э.Хьювит және тағы басқалары ілесіп келді.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ 18 желтоқсанға қараған түні қонып, әуежайдан кейін мәртебелі мейман Президент Н.Ә.Назарбаевпен кездесу үшін резиденцияға бет алды. Алдымен делегациялар арасында кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті, онда әлемдегі жаңа ахуалға, Қазақстан мен басқа да одақтас республикалардың мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауға байланысты мәселелер кешені, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Президенттің тапсырмасы бойынша келіссөздер барысында мен Америка тарапымен Н.Ә.Назарбаевтың келесі жылдың басында АҚШ-қа сапары туралы уағдаластым.
Содан кейін Н.Ә.Назарбаев пен Дж.Бейкер арасында жеке сұхбат болды, және оның соңында қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Баспасөз мәслихатында жарияланғандай, Қазақстан Президенті Алматыда 21 желтоқсанға жоспарланған бұрынғы одақтас республикалар басшыларының кездесуі бірқатар мәселелерді, соның ішінде төрт республиканың аумағында орналасқан кеңестік ядролық қару туралы мәселелерді шешуге арналатыны туралы хабарлады. АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосының басшысы Президент Н.Ә.Назарбаевпен өткен кездесуде ядролық проблема егжей-тегжейлі талқыланғанын және Қазақстан да, оның басшысы да осы мәселені шешуде негізгі рөл атқаратынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ Америка тарапы тиісті өтініштер негізінде және АҚШ-та қабылданған қағидаларға сәйкес шешілетінін, АҚШ-тың Қазақстан Республикасы мен басқа да мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындау туралы мәселені қарастырып жатқанын айтты.
Сол екі арада, 18 желтоқсанда таңертең Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мен Қазақстан мен БҰҰ арасында ынтымақтастық орнату үшін Мәскеу арқылы Нью-Йоркке ұшып кеттім. Мені БҰҰ жанындағы КСРО-ның Тұрақты өкілдігінің аға кеңесшісі лауазымына қосып, менің өтінішім бойынша – Қазақстан Республикасының өкілі етіп тағайындады. Алматыда өткен келіссөздерде ел Президенті Дж.Бейкерге мені Нью-Йоркке жолдап отырғанын және алғашқы кезеңде мен оның АҚШ әкімшілігінің жанындағы өкілі де болатыным туралы хабардар етті. Мемлекеттік хатшы бұл шешімді құптады және қолдау көрсетіп, көмектесуге уәде берді және сол уәдесін орындады.
Нью-Йоркте кейбіреулер мені көріп таң қалғанын жасырған да жоқ, өйткені мені жақында ғана теледидар арқылы Мемлекеттік хатшы Бейкердің қасында Алматы әуежайында көрген еді.
Үш күн бойы мен БҰҰ жанындағы кеңестік дипломатиялық өкілдікте жұмыс істедім, ол 1991 жылғы 24 желтоқсанда егеменді мемлекеттер басшыларының Алматы кездесуінің шешіміне сәйкес БҰҰ жанындағы Ресей Федерациясының Тұрақты өкілдігіне айналды. Сол күні Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде КСРО-ның орнын алды, ал жаңа егемен мемлекеттер, Алматы кездесуінде шешілгендей, өздерінің БҰҰ мүшелігіне кіруге дайындықтарын бастады.
24 желтоқсанда кешке мен Президентті Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне кіруін ұйымдастыруға қажетті құжаттар туралы хабардар етіп, оларды 31 желтоқсанға дейін жіберуді өтіндім. Межеленген күні таңертең мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған БҰҰ-ға кіру туралы өтінішін факс арқылы алдым және оны дереу Бас хатшының кеңсесіне тапсырдым, ол оны 1992 жылғы 3 қаңтарда БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттерге жіберді.
Рәсімдік ережелерге сәйкес 1992 жылғы 23 қаңтардағы отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Бас Ассамблеяға Қазақстанды БҰҰ мүшелігіне қабылдауды ұсынды. 1992 жылғы 2 наурыздағы тарихи күні Бас Ассамблеяның 46-сессиясының пленарлық отырысында жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке бірауыздан қабылдады.
Сол жылғы қаңтардың басында БҰҰ-ға кіруге дайындық жұмыстары барысында мен алғашқылардың бірі болып АҚШ-тың БҰҰ жанындағы Елшісі Томас Пикерингпен кездестім. Оның айтуынша, Қазақстанның БҰҰ-ға кіруіне белсенді қолдау көрсету және көмек қолын ұсыну туралы тапсырманы Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкер берген екен. Ол АҚШ-тың бұл ұстанымын Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне жеткізгенін және Америка тарапынан БҰҰ-ның осы басты органында мәселені жедел қарау бағытында шаралар қабылданатынын атап өтті. Ол сондай-ақ Дж. Бейкер Алматыға жасаған сапарларының нәтижелерін, Президент Н.Ә.Назарбаевпен өткен келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалап, және Мемлекеттік департаменттің Қазақстан басшылығына Алматыда АҚШ-тың елшілігін ашуға көмек көрсету туралы өтінішін жеткізді.
Мен өз тарапымнан елшіден Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапарын және оның Вашингтонда ресми тұлғалармен кездесулерін дайындауға көмектесуін өтіндім, ол осы сапарды ұйымдастыру барысында және кейіннен біздің өзара әрекеттесуіміздің барысында жүзеге асты.
Айтпақшы, сәл кейінірек мен Дж.Бейкермен бірге Алматыға еріп келген делегацияның тағы бір мүшесі Джон Шаликашвилиді кездестірдім. 1993 жылы ол төрт жұлдызды генерал дәрежесіндегі АҚШ-тың Штаб бастықтарының біріккен комитетінің төрағасы болып тағайындалды және Нью-Йорктегі іс-шаралардың бірінде қасыма келіп, Мемлекеттік хатшымен бірге Қазақстанға жасаған сапарын жылылықпен еске алды.
Америка тарапы мемлекеттік сапардың жоғары мәртебесін берген Президент Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы сапары 1992 жылғы 18-20 мамырда өтті. Оның АҚШ Президенті Джордж Бушпен Ақүйде келіссөздері болып, Қазақстан Республикасы және АҚШ Үкіметтері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, Сауда қатынастары туралы келісімге және басқа да бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Президенті Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкермен, бірқатар министрлермен, Конгресс мүшелерімен және Американың ірі корпорацияларының басшыларымен кездесті. Сапар нәтижесінде біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды стратегиялық әріптестік деңгейге шығарған саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де салалардағы ұзақ мерзімді және серпінді Қазақстан-Америка ынтымақтастығының берік негіздері қаланды.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-пен, сондай-ақ біздің басқа да халықаралық әріптестерімізбен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі саясатын іс жүзінде іске асыруға елеулі үлес қосты.
Бұл ынтымақтастықтың маңыздылығын АҚШ Президенті Дж. Байден өзінің Президент Қ.К.Тоқаевтың атына жақында жазған хатында ерекше атап өтті. Онда америкалық көшбасшы «Америка Құрама Штаттары Сіздің еліңізді дос деп мақтана айтады және мен серіктестігіміздің әлеуетін толық әрі жемісті іске асыру үшін Сізбен жұмыс істеуге дайынмын», деп айрықша атап айтты.
Бүгінде, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында, 1991 жылдың екінші жартысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің Қазақстанға келген алғашқы сапары біздің елдеріміздің тең құқықты және өзара сыйластық стратегиялық әріптестігінің негізін қалағанын ризашылықпен еске аламыз.
Ақмарал АРЫСТАНБЕКОВА,
ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 1989-1991 ж.ж. ҚазКСР және
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі
Дереккөз: Egemen Qazaqstan