Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Креативті индустрияны дамытудың келешегі» тақырыбында жастармен кездесу өткізді, деп Egemen.kz-ке сілтеме жасап хабарлаймыз.
Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамыту мақсатында берген тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағытта алғашқы жұмыстар басталды. Үкімет креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсе құрды. Қараша айында «2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасы» қабылданды.
Соған сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бизнес-инкубаторлар, орталықтар мен хабтар құру қарастырылған. Алматы қаласында құрылатын бизнес-инкубаторға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негіз болуы керек деп есептеймін. Оған толық мүмкіндіктер бар. Жалпы кез келген қоғамда креативті идеяларды тудыратын орта ол - жоғары оқу орындары мен ондағы энтузиаст жас ғалымдар. Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қазақтың интелектуалды тарихында бұрыннан көшбасшы», деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, өз сөзінде Қырымбек Көшербаев креативті индустрияны дамыту үшін бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау қажеттігін жеткізді.
«Креативті индустрияны дамыту үшін кадр дайындау маңызды. Мәселен, Батыс елдерінде ақын-жазушылардың кітаптарын жарнамалап, сату ісімен әдеби агенттер айналысады. Сол секілді біздің де қаламгерлердің туындыларын шет тілдеріне аударып, нарыққа шығарумен айналысатын білікті мамандарды даярлау қажет. Бұдан бөлек, цифрлы жаңа технологияның қарқынды дамуы да жаңа мамандықтардың, курстардың ашылуын міндеттеп отыр», деді Қырымбек Көшербаев.
Шара барысында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бүгінгі кездесу университеттің талантты жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мемлекеттің келешегін қалыптастыратын - бәсекеге қабілетті, білімді жастар. Бүгінгі таңда біздің жас ғалымдарымыз, талантты өнерпаздарымыз елімізді халықаралық деңгейде танытуда. Шығармашылық индустрия-жаһандық экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Соңғы онжылдықта шығармашылық салалар қоғамның әлеуметтік және мәдени дамуына ерекше әсер етті. Осы орайда, Қазақстандағы креативті индустрияны дамыту мәселелеріне арналған бүгінгі кездесудің, әсіресе біздің талантты жастарымыз үшін маңызы өте зор», деді университет басшысы.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, креативті индустрияны дамыту бойынша жаңа идеяларын ортаға салды.
Заң факультетінің 1 курс докторанты Ақерке Жақыш креативті индустрияны дамытуға үлес қосатын жастар үшін жаңа білім беру бағдарламасын іске қосу қажет екенін атап өтті.
«Осы мақсатта креативті салалар үшін даму қорын құру және инвестициялық және қаржылық саясатта, салық салуда, импорт пен экспортта белгілі бір ынталандыруларды қолдану қажет деп санаймыз. Сондай-ақ, креативті индустрияның дамуына өз үлесін қосатын жас таланттарды оқыту үшін жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді ұсынамыз», деді Ақерке Жақыш.
Кездесу аясында мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы бастаған делегация Әл-Фараби кітапханасындағы университет ғалымдарының еңбектері қойылған ғылыми жетістіктер көрмесімен танысты.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"