Елімізде жас мамандардың жұмысқа орналасу деңгейі қандай және олардың уақытылы жұмысқа орналаспауының себебі неде? Аталған сұрақтарға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев жауап берді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Колледж түлектеріне келсек, 2020 жылы бітірген 145 мың маманның 65,1 пайызы 1 жылдың ішінде жұмысқа орналасты. Жоғары оқу орнын бітіргендердің көрсеткіші жоғарылау. Олардың 77,7 пайызы жыл көлемінде жұмысқа орналасады. Түлектерін уақытылы еңбекпен қамтамасыз ететін белсенді ЖОО-да бар. Яғни кейбір университеттерді бітірген мамандардың 70 пайызы оқуды тәмамдаған соң бар-жоғы 3 айдың ішінде жұмысқа тұрады», - деді Олжас Ордабаев «Хабар-24» телеарнасының «Интервью» бағдарламасының эфирінде.
Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП жұмыс берушілер арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізіп тұрады.
«Сауалнама нәтижесіне сәйкес, жұмыс іздеушілердің 40 пайызы қарапайым дағдыларды меңгермеген болып шығады. Ол дегеніміз ұжыммен жұмыс істей білу, өз ойын жеткізу, сын тұрғысынан ойлау және командамен жұмыс істеу. Жұмыс берушілердің пікірінше, маман кәсіби біліктен бөлек, заман талабына сай дағдыларды меңгеруі маңызды. Басқаша айтқанда, сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, қазіргі жас мамандарға ширақтық жетіспейді», - дейді ол.
Автор Әли Ибраев