Ұлттық қор активі азая түсті

Уақыты: 2022-05-05 Көрлімі: 413 Сипаттама

Жақында Қазақ­стан Қар­жыгерлер қауым­дас­­­­­ты­ғы­ның 2022 жылдың I тоқ­санындағы шо...


Жақында Қазақ­стан Қар­жыгерлер қауым­дас­­­­­ты­ғы­ның 2022 жылдың I тоқ­санындағы шо­ғыр­лан­ды­рылған бюд­ж­ет­ке (рес­публикалық бюд­жет­­ті, облыстардың, рес­пуб­ли­калық маңызы бар қала, астана бюд­жет­­терін және Ұлттық қорға ба­ғыт­талатын түсім­дерді бі­рік­тіретін мемлекет­тің ақ­­ша­лай қаражаттары­ның ор­та­лықтандырылған қоры – ред.) жасаған шолуы жарияланды, деп "Егемен Қазақсатнға" сілтеме жасап хабарлаймыз.

«Шикізат экспорты көлемінің ұлғаюы (қаңтар-ақпанда + 11 пайыз), энергетикалық ресурс­тар нарығындағы бағаның әрі қарайғы өсуі (+ 38 пайыз), ұлт­тық валюта курсының әлсіреуі (8,2 пайызға) және елдегі жо­ғары экономикалық белсенді­лік фонында (ІЖӨ 4,4 пайыз­ға өсті) – шоғырландырылған бюджетті толықтырған салық түсімі айтарлықтай артты. 2022 жылдың қаңтар-наурызында 4,7 трлн теңге салық жиналды. Бұл 2021 жылдың қаңтар-нау­ры­зындағы көрсеткіштен 2 есеге көп. Абсолютті пара­метр­­де са­лық өсімі респуб­ли­ка­лық бюд­­жетте байқалады (+1,3 трлн тең­ге). Өсімнің 90 па­йыз­ға жуы­ғын мұ­найдың экс­порт­­тық баж са­лы­ғы (+212 млрд тең­ге) мен ішкі тұ­­­ты­ну тауар­лары­ның қосымша құн салығы (+409 млрд теңге) және ұжым­­дық табыс салығы (+502 млрд теңге) құрайды», делі­не­ді қауым­дас­тық хабарламасында.

Бірінші тоқсанда салық жинау бойынша жылдық жоспарды орындау 30,9 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 20,4 пайыз болған. Ал шоғырландырылған бюджет шығыны 28 пайызға немесе 1,1 трлн теңгеге өсіп, 5,2 трлн теңгеге жеткен. Осылайша, шығын шоғырландырылған бюджеттің кіріс бөлігінен 8 пайызға немесе 0,4 трлн теңгеге асып түскен.

Бюджет шығындары дегені­міз не? Бұл – түрлі әлеуметтік жәрдемақылар, қарыздарды өтеу шығындары, басқа да түр­лі қажеттіліктер. Атап айтсақ, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету үшін – 67 млрд теңге, білім беру саласы үшін – 192 млрд теңге, займдарды өтеу мен оған қызмет көрсету бойынша 559 млрд теңге жұмсалған. Осы үш сала шығынының өзі-ақ бүкіл жиынтық шығынның 74 пайызын құрайды.

«Бюджет тапшылығын қар­­­жы­ландыру үшін 4,7 трлн теңге тарту­дың жылдық жос­пары не­гізінде 0,7 трлн теңге несие тар­тылды (+803 млрд теңге). Осылайша, жылдық жос­пар тек 14 пайызға орындалды. Осы жылға Ұлттық қор­дан республикалық бюджетке түсетін трансферттердің көлемі 4,6 трлн теңге болады деп жос­парланып отыр. Соның 1,2 трлн теңгесі аударылды. Ұлттық қордан жасалатын трансферттер осымен үшінші жыл қатарынан 4,5 трлн теңгеден жоғары сақ­талып отыр. ІЖӨ-ге шақ­қандағы Ұлттық қор актив­тері бір жыл бұрынғы 40 пайыздан 30 пайызға дейін төмендеді. Осы қалпымен азаймауы тиіс қалдыққа таяп келеді (ІЖӨ-нің 30 пайызынан кем болмауы керек)», деп хабарлайды сарапшылар.

Ұлттық банк төрағасы Ға­лым­жан Пірматовтың айтуын­ша, биыл республикалық бюджет шығыны 23,6 пайызға көбейеді. Шығын соңғы үш жылда орташа алғанда жылына 16,7 пайызға өсіп отырған.

«Ұлттық қор активін бел­сенді пайдалану есебінен шығын ұлғайып жатыр. Биыл 4,6 трлн теңге алынады. Аталған трансферт көлемі пандемия өршіген 2020 жылғы дағдарысқа шаралар пакеті көлемімен бір­дей. Сол кезде ІЖӨ 2,5 пайызға дейін қысқарып кеткен еді», деді Ғ.Пірматов.

Бюджеттің жетіспеген тұсын Ұлттық қор қаржысымен жаба беру айырбастау курсына қолдау білдіргенімен, фискалды позицияны әлсіретеді және импортқа деген сұранысты ұлғайтады деген қауіп бар.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Қазақ-Қытай байланысы. Кешегісі мен келешегі...
    Мақсат Халық: Ең бастысы мақсатымыз қазақ тілді жастарды оқыту

    Ұқсас тақырыптар