IT саласын дамыту жаңа мүмкіндіктер ашады

Уақыты: 2023-01-17 Көрлімі: 487 Сипаттама

Қазіргі кезде үкімет ІТ нары­ғы­ның дамуына қолдау көрсетіп отыр. ІТ-компаниялар бизнес­те­рін дамытуға «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдар­ла­масы арқы­лы үстемеақысы 6 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие ала алады. Сондай-ақ кон­курс­тар өткізіп, и...

60d3631e61851.jpeg

Егемендікке алғаш қол жеткізген жылдары еліміздің рухани-мәдени мұрасын, ұлттық болмысы мен ділін қайтару және ел экономикасын көтеру, ғасырлар бойы күткен бабалар аманатын орындап, тәуелсіздікті баянды ету басты мақсатымыз болды. Осы үдеден шығу жолында ел үкіметі индустриалды өнеркәсіпті дамытуды басты негізге алды. Индустрияландыру жылдары мыңдаған жаңа заманауи жоғары технологиялық өндірістерді, жаңа жұмыс орындарын құрды. Сол жұмыс орындары қазір шетінен цифрлануға көшіп, индустрия 4.0 тұжырымдамасын енгізу жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұл – физикалық нысандарды, үрдістерді және цифрлық технологияларды біріктіру арқылы өндірісті тиімді ұйымдастыру тұжырымдамасы. Бұл цифрлық технологиялардың көмегімен физикалық процестерге бақылау жүргізу, дербес шешімдер қабылдауға, машиналар мен адамдар арасындағы өзара іс-қимылын бақылауға, жұмыс өнімділігіне болжау жасауға мүмкіндік береді. Осы үдеден шығу жолында елде ақпараттық технологиялардың қолдану аясын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Үкімет ақпараттық технологияларды қолдану бойынша «Электронды үкімет», «Ақпараттық Қазақстан – 2020», «Цифрлық Қазақстан» сияқты бірнеше жоба мен бағдарламаларды жүзеге асырды.

«Электронды үкімет» жобасының басталғанына 15 жыл болды. Жобаны құруды алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан – 2030» мемлекеттік бағдарламасында көтерген. Қазіргі кезде «Электронды үкіметті» Қазақстан халқының 62 пайызы пайдаланып, мемлекеттік қызметтің 91 пайызы қолдана алады. Ақпараттық технологиялардың қолдану аясын кеңейту мақсатында 2013 жылы 8 қаңтарда «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Аталмыш құжатта: «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында ақпараттық технологияларды қарқынды дамыту және бейімдеу экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, адамдардың өмір сүру салтына да әсерін тигізіп, қоғамды жаңғыртудың маңызды факторына айнала бастады», – деп атап өткен. Бұл қазіргі заманғы Қазақ­стан­ның экономикасы мен аза­мат­та­ры­ның өмірі үшін АКТ-ны дамытудың маңызды екенін сипаттаған. Үкіметтің 2017 жылдың 12 желтоқсанындағы №827 қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» жобасы бекітіліп, 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында жобаны таныстыра отырып, ел дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жасады.

Қазіргі кезде үкімет ІТ нары­ғы­ның дамуына қолдау көрсетіп отыр. ІТ-компаниялар бизнес­те­рін дамытуға «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдар­ла­масы арқы­лы үстемеақысы 6 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие ала алады. Сондай-ақ кон­курс­тар өткізіп, инновациялық гранттар тағайындап келеді. Аталмыш министрлік ІТ бағы­тындағы білім берудің кәсіби стандарттарын қалыптастырып, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын талдап, жоғары оқу орындарына өз ұсыныстарын ұсынатынын айтты. Сонымен бірге IT саласында білім беруде нарықтағы мамандарды тартуды ұсынды.

ІТ саласында мамандарды даярлайтын 80 университеттің ішінде нарық қажетін қанағаттандырып отырған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Сүлеймен Демирел университеті, Халықаралық IT университеті, Қазақ-британ техникалық университеті және Алматы энергетика және байланыс университетін атап айтуға болады. Бұл университеттердің түлектері банк, электронды үкімет жүйесінде, нарықта танымал жобаларға қатысуда. Басқа оқу орындарында ақпараттық технологиялар факультеті мен институттары бұрыннан жұмыс істесе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2018 жылдың 15 қаңтарында ақпараттық технологиялар факультеті ашылды. Факультетте Ақпараттық жүйелер, Информатика, Жасанды интеллект және Big data қа­тарлы үш кафедрада ақпараттық жүйелер, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері, есептеу техникасы және бағдарлық жабдықпен қамтамасыз ету, автоматтандыру және басқару, жасанды интеллект және үлкен деректер (Big data) қатарлы бірнеше мамандық бойынша мамандар даярлайды. Факультеттің негізгі миссиясы мен мақсатын атап өткен факультет деканы Байдәулет Урмашев: «Ақпараттық технологиялар факультетінің негізгі мақсаты – ұлттық экономиканың IT-секторын динамикалық тұрғыда дамытып, әлемдік деңгейге жеткізетін жоғары білікті мамандар даярлау», – деді.

Осы мақсатқа сай жұмыс істейтін факультетте білікті профессор-оқытушы құрамы қалыптасқан. Елге аты әйгілі ардагер ұстаздар мен жас ғалымдар, нарықта жүрген мамандар қызмет атқарады. Тарихы 1973 жылдан басталатын Ақпараттық жүйелер кафедрасын атап айтар болсақ, кафедрада ұзақ жыл меңгеруші, АТ (ақпараттық тех­но­логиялар) факультетінің алғашқы деканы болған Уәлішер Түкеев, Қазила Құбаев сынды аттары әйгілі профессорлар, Қазақстандағы IТ саласы бойынша алғашқы қазақ тіліндегі кітаптардың авторы Бақыт Бөрібаев, Ағын Беделбаев сынды бағдарламалау тілдерінен өз мектептерін қалыптастырған доценттер, кафедра меңгерушісі Шынар Мүсірәлиева, PhD доктор Батырхан Омаров қатарлы қазақ ғылымына еңбек етіп жүрген жас ғалымдар, білім берумен бірге, студенттерге патриоттық тәрбие жұмысын жүргізіп жүрген Болат Әбенов сынды аға оқытушылар мен ұстаздар қызмет етеді.

Осындай ұстаздармен бірге қызмет атқаруыма бірден-бір түрткі болған да еліміздің тәуелсіздігі. Егемен ел болғанда шетелдерге тарыдай шашылып кеткен қандастарын Отанына шақырды, жастарға білім грантын бөліп, оқытты. Мен де сол өзім сияқты мыңдаған қандастармен бірге 2005 жылы елге оралып, 2007 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2011 жылы бакалавр, 2014 жылы магистратураны тәмамдап, сол университеттің Ақпараттық технологиялар кафедрасында еңбек жолымды бастадым. 2019 жылы қарашаңырақ – ҚазҰУ-ға оқыту­шы болып келдім. Осы жылдардағы менің ең үлкен жетістігім жоғарыдағы аттары аталған ұстаздарға шәкірт болғаным, сол кісілермен бірге шәкірттер тәрбиелеп, нарыққа қажетті мамандар қалыптастыруға үлес қосқаным.

Осы жылдары 1-4 курс студенттеріне сабақ берумен бірге, екі жылда тоғыз түлектің дипломдық жұмысына ғылыми жетекші болдым. Дипломдық жұмыстарға нарықтағы түрлі ұйымдардың сұраныстары бойынша тақырыптар беріп, бітіруші студенттерге тұтынушы талабына сай жобалар бердім. Атап айтар болсам, өткен жылы Tutqa.kz ғылыми-ақпараттық порталын, биыл Jebeu.kz ақпараттық порталының мобильді қосымшасы, «Арзан баға», «AuylFood» сияқты интернет магазиндерді жасауды тапсырыс ретінде алып, дипломдық жұмыс ретінде жасатып, тұтынушының да, мемлекеттік комиссия мүшелерінің де талаптарына лайықты жоба жасауға жетекшілік еттім. Биылғы түлектерімнің бірі, «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 4-курс студенті Гүлзада Әлік қазақ, ағылшын, орыс, корей тілдерін үйренуге арналған, ба­лаларға өте қызықты мобильді қосымша дайындады. Бұларды атап өту себебім – білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің білім беруде өн­ді­рісті тарту ұсынысының орындалып жатқанын көрсету. Алдағы уақытта өзімнің жеке ІТ саласында қызмет көрсететін орта­лы­ғымды ашып, студенттер мен тәжірибелі мамандардың басын қосып, ІТ нарығының дамуына өз үлесімді қоспақпын. Бұл да ми­нистрдің білім беруде өндірісті тарту, тәжірибеге негізделген білім беру бастамаларына сай болмақ. Студенттеріміз тәжірибелі ІТ мамандарымен бірге жұмыс істеп, өз біліктіліктерін арттырып, нарық талабына сай қызмет жасап үйренуде.

2020 жылы басталған коронавирус пандемиясы білім саласына біршама өзгеріс жасады. Екі жылдан бері қашықтан білім беру жалғасуда. Осы ретте университетіміздің биология факультетінің аға оқытушысы, PhD докторы Әлібек Ыдырысұлы, химия факультетінің аға оқытушысы, Phd докторы Жексен Тоқтарбайұлы қатарлы әріптестерімізбен бірге шетелдік ғылыми журналға «Қазақстандағы қашықтан білім беру үрдістері» атты мақаламызды жазып жолдадық. Сонымен бірге пандемия қашықтан оқыту курстарының артуына түрткі болды. Университетімізде «Ашық университет» жобасы бойынша жаппай ашық онлайн курстарды дайындауда. Осы жоба бойынша өткен оқу жылында Ақпараттық жүйелер кафедрасының доценті Бақыт Бөрібайұлы қатарлы ұстаздар «Программалауға кіріспе» атты ашық курсты дайындаса, биыл сол құрамға кафедра меңгерушісі Шынар Жеңісбекқызы екеуміз қосылып, «C# тілінде бағдарламалау» атты ашық курсты дайындау үстіндеміз. Бұл ашық курстар болашақта өз студенттерімізге ғана емес, IT саласында біліктілігін арттыруға ниетті кез келген талапкерге қолжетімді болмақ.

Қазіргі кезде Ақпараттық жүйе­лер кафедрасында CISCO же­лілік жабдықтар зертханасы, HP, Техникалық қауіпсіздік жүйе­лері, Alcatel желілік жабдықтар зертханасы сияқты оқытушылар мен студенттерге арналған зертханалық сыныптар бар.

Факультетіміздің жетістіктерін айтар болсам, 2000-нан астам студент, магистранттарға 300-ге жуық оқытушы-профессорлық құрам сабақ береді. Факультет студенттеріне материалдық база толық жабдықталған. Сондай-ақ факультет қызметкерлерінің ғылым саласындағы еңбектері де ауыз толтырып айтарлықтай. Қазіргі кезде ақпараттық технологиялар факультетінде бірнеше ғылыми жоба іске асуда. Атап айтсақ, Уәлішер Әнуарбекұлының «Қазақ тілінің нейронды машиналық аударма жүйесін зерттеу мен әзірлеу», Байдәулет Амантайұлының «Фармакокинетика және фармакодинамика үлгілері үшін бұлтты ақпараттық есептеуіш жүйесін құру және теориялық негіздерін өңдеу», Мәдина Есімханқызының «Шешім қабылдау сапасын жақсарту үшін деректердің гетерогенді көздерінен білімді алу жүйесін құру», Алуа Cарбасованың «Нейрондық желілердің стандартты ақпаратпен тану проблемаларын шешу үшін интеллектуалды жүйелерді құруға арналған қосымшаларын құру, зерттеу және негіздеу», Дархан Жұмақанұлының «Қазақстан Республикасының цифрлық экономикасын қалыптастыру шеңберінде «логистикалық-агломерациялық» жүйесінің талдау және шешім қабылдау жоғары өнімді зияткерлік технологияларын құру» тақырыбындағы 20-ға жуық ғылыми жоба 2018-20 жылдары орындалды. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар факультетінде бакалавр, магистратура бойынша Қытай, Ауғанстан, Қырғызстан сияқты елдердің студенттері ШЫҰУ, Erasmus + бағдарламасы сияқты түрлі академиялық ұтқырлық жобалары бойынша білім алуда.

Факультет тәлімгерлері де әлемдегі жетекші ЖОО-ларда түрлі академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша білім алып, қос диплом алып шығуда. Maribor, Kocaeli, Avtonoma, RWTH Aachen, Saitama, Keele қатарлы оқу орындарының профессорлары факультет докторанттарына жетекшілік етіп, академиялық ұтқырлық бойынша дәрістер оқиды.

Бұл – IT саласында білім беретін бір факультет және кафедра айналасындағы шағын жетістіктер. Еліміз бойынша жоғарыдағы аты аталған жоғары оқу орындарында да түрлі жобалар жүзеге асуда. Оқу орындары материалдық-техникалық базаларын жылданжылға жетілдіруде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстанда ІТ саласын дамыту бойынша қажетті бағдарламалар жасалды. Сол мемлекеттік бағдарламалар аясында болсын, нарықтың экономика секторында болсын, ІТ саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан қолдау бар. Білім және ғылым министрлігі бұл салаға жыл сайын грант санын арттырып, білім беру бағдарламаларын жетілдіруді қолға алуда. Бұл мүмкіндіктерді осы жоғары оқу орындары жақсы пайдаланып, нарық талабына сай, бәсекеге қабілетті маман даярлап шығуларына шүбә жоқ.

Демек, еліміздің ІТ саласының болашағы зор. Алдағы уақытта бұл салаға қызығушылық танытатын жастардың да қатары көбейе түспек. IT саласында 30 жыл бойы жеткен жетістігімізден жетпегеніміз әлі алда. Үлкен деректерді өңдейтін және талдайтын, ақпараттық қауіпсіздік пен желілік әкімші мамандарына сұраныстар артып, өзі шешім жасайтын жасанды зерделік жүйелер күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бір бөлігі болмақ. Қазіргі ІТ саласын бітіруші түлектер қоғамнан өз орнын тауып, мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің де осы саланы таңдайтындарының саны арта бермек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Өмір сүру үшін өзгере білу керек», – деп тұжырымдағанындай, еліміз жасанды интеллект дәуірінің көшінен де өз орнын алып жатыр.

Құрметқан Тұрдыбек,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы

Дереккөз: Қазақ университеті газеті

Пікір жазу
  • Ғалымжан Пірматов әлемдік экономикаға шолу жасады
    Болашақта математика ғылымын қазақ тілінде сөйлеткім келеді – 136 балл жинаған түлек

    Ұқсас тақырыптар