Елімізде блокчейн мамандарын даярлайтын ауқымды бағдарлама іске қосылмақ

Уақыты: 2022-12-19 Көрлімі: 353 Сипаттама

Қазақстанда блокчейн саласы бойынша әлемдегі ең ауқымды пилоттық білім беру бағдарлам...

Снимок.JPG

Қазақстанда блокчейн саласы бойынша әлемдегі ең ауқымды пилоттық білім беру бағдарламасы іске қосылады, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Бұл арқылы Қазақстан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында блокчейн технологиялары саласы бойынша 40 мыңнан астам маман дайындамақ. Осы мақсатта бүгін елордада екі министрлік, Ұлттық Банк және «Binance Kazakhstan» ұйымдары өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге келісіп, меморандумға қол қойды.

«Binance Academy-мен меморандумға қол қою рәсімі – «Binance» бас директоры Чанпен Чжаоның мамырдағы сапары аясында басталған серіктестіктің жемісті жалғасы. Осы келісім шеңберінде кадрларды дайындау әлемдік криптоиндустрияда қазақстандық технологиялар үлесін ұлғайтуға және Қазақстанда аймақтық хабты дамыту мақсатына жетуге мүмкіндік береді», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Бағдарламаны енгізу төрт кезең бойынша жүреді. Алғашында ЖОО-ның оқытушылары үшін арнайы бағдарлама әзірленеді. Кейін университеттердің оқытушылық құрамы арнайы курстардан өтеді. Содан соң, ұстаздар мен ЖОО-ның басшылығы бірлесіп, академиялық бағдарлама әзірлейді. Бағдарлама 4-5 пәннен тұрады. Соңғы кезеңде студенттерге осы сала бойынша білім беру басталады. ЖОО оқытушыларын оқыту және тренинг өткізу 2023 жылы ақпан айында басталып, мамырға дейін жалғасады. Ал, басты контингент – студенттерді оқыту 2023 жылдың қыркүйегінен басталады.

«Біздің экономикамыз үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүдделі бола отырып, IT саласының өкілдерімен бірлесіп, бұл бағыт бойынша білім беру жобаларын одан әрі дамытудың берік іргетасын қаламақпыз. Біздің жемісті ынтымақтастығымыздың арқасында қазақстандық жоғары білім беру жүйесі ел экономикасының мұқтаждығы үшін ғана емес, жаһандық еңбек нарығы үшін де блокчейн индустриясы саласындағы мамандарды жеткізуші болатынына сенімдімін», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Блокчейн технологиялары саласындағы алғашқы қазақстандық мамандар 2024 жылы шығарылады.

Еске сала кетейік, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Binance» негізін қалаушы және бас директоры Чанпен Чжаомен кездескен болатын. Онда Мемлекет басшысы блокчейн технологиялары саласындағы білім беру бағдарламаларының перспективаларын талқылап, оны елімізіде енгізуді қарастыруды тапсырған болатын.


Пікір жазу
  • Тәуелсіздік күні Астананың ең көрікті саябақтарында демалуға болады
    Табыстың жаңа мүмкіндіктері

    Ұқсас тақырыптар