Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде Google for Startups-пен бірлескен Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легі қорытындыланды. 15 стартаптың 12-сі үш айда қарқынды дамып, бағдарламадан сәтті өтті. Тіпті қазақстандық стартап-қатысушылардың бірі unicorn (табысы 1 млрд доллардан асатын компания) болуға дайындалып жатыр, деп egemen.kz порталына сілтеме жасап хабарлаймыз.
– Silkway Accelerator жобасының екінші кезеңі сәтті аяқталды. Стартаптар үлкен жұмыс атқарды: бизнес-жоспарлары мен экспорт нарығын қайта қарастырып, жаңа клиенттермен келісімшарттар жасады, аудиторияcын кеңейтіп, кірістері өсті. Бағдарламаның оң нәтижесі оның тиімділігін көрсетіп отыр, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Мәселен, бағдарлама нәтижесінде Biometric биометриялық деректерді тексеретін дижитал онбординг және KYC сервисінің айлық табысы 2 млн теңгеден 23 млн теңгеге дейін өсті.
Деменцияның бастапқы белгілері мен қаупін анықтайтын нейрокогнитивті сынаққа негізделген myMind виртуалды клиникасы Қазақстанның ең ірі клиникалық-диагностикалық зертханасымен келісімшарт жасасты. Сондай-ақ Қырғызстанның нарығына шықты. Талдауларға түсініктеме беретін жаңа өнім, сондай-ақ офлайн-өнім жасап, екі дәріхана желісі арқылы тарату келісіміне қол жеткізді.
Дүкендер мен мейрамханаларға «сағаттық қызметкерлер» ұсынатын EasyTap онлайн сервисінің құны 4 млн теңгеден 15 млн теңгеге артты, ал стартаптың айлық табысы 20 мың доллардан 40 мың долларға өсті. Сонымен қатар компания штатының 19 адамнан 9 адамға қысқарғанына қарамастан, тиімділігі артып, 14 жаңа серіктес қосылды. Ал қызмет көрсету маржасы 5 пайыздан 15 пайызға дейін өсті. Қолданбаларды пайдаланушылар саны нөлдік маркетингтік бюджетпен 5 500-ден 10 мыңға дейін ұлғайған.
– Мен бірінші рет екі батчты бірінен соң бірін дайындадым. Расын айтсам, оңай тиген жоқ. Жобаны бастап, сәтті жүзеге асырған бүкіл акселератор командасына және министрлікке алғыс айтамын. Барлық стартап пен құрылтайшыларға сәттілік тілеймін. Көп еңбек етіп, үлкен жолға түстіңіздер. Жақсы нәтижелер мен жетістіктер тілеймін, – дейді Silkway Accelerator жүргізушісі, өнімдерді, қызметтерді және компанияларды әзірлеу, дамыту әрі нарыққа шығару бойынша халықаралық кеңесші Әлішер Хасанов.
Акселератор аясында Neuron Oil бағдарламалық кешенінің негізін қалаушылар сату циклін 18 айдан 3 айға дейін қысқартты, 50 мың долларға алдын ала келісім жасасты. Сәтті жүзеге асса, 450 мың долларға негізгі шарт жасалады.
Гүл өнімдерін сатып алушылар мен сатушыларды байланыстыратын Floboom онлайн платформасы акселератор кезінде АҚШ-та заңды тұлға құрып, Нью-Йорктегі алғашқы флористерді қосты, өнімді жергілікті нарыққа шығарды.
Тұтынушыны тұрақтандыру қызметі Flowsell.me клиенттердің кетуін 8 пайыздан 4 пайызға дейін төмендетті және сатылымдарды 30 пайызға арттырды.
InStroy құрылыс-жөндеу сауда алаңы 3 млн теңгеге алғашқы сатылым жасап, тауар айналымын 30 млн теңгеге өсірді.
Акселератор кезінде «Давай сходим» компаниясы табысын едәуір еселеп, акселератордың 3 айында 141 млн теңге пайда тапты, ал алдыңғы 8 айдағы табысы небәрі 170 млн теңге болатын. Компанияның билет сату қызметі ай сайынғы тұрақты табысын 15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін арттырып, медиакеңістіктен түскен табыс 30 млн-нан 40 млн теңгеге дейін өскен.
– Бұған дейін біз акселерация бағдарламаларына қатысқан жоқпыз, сондықтан біздің компания нені жақсарту керек және қалай кеңейту қажет деген талқылаулар болады деп ойладық. Бірақ ең бастысы, сананы өзгерту керек екен. Жүргізуші Әлішер ойымызды өзгерту арқылы бізге жақсы әсер етті. Жаңаша көзқарасымыз өнімдерімізге оң әсерін тигізді. Дүниеге және біздің өнімге деген ойымыз бен көзқарасымыздың өзгеруі бүкіл өмірімізді жақсы арнаға бұрады деп ойлаймыз. Акселератордан алған тәжірибеміз осындай. Жалпы, біз unicorn-ға айналмақпыз, – деді «Давай сходим» компаниясының директоры Әлішер Тойгулиев.
Silkway Accelerator бағдарламасына қазақстандық стартаптар ғана қатысқан жоқ. Өзбекстандық Avlo.shop шағын және орта бизнеске арналған интернет-дүкендерді құруға көмектесетін SaaS платформасы бизнес үлгісін өзгертті. Ай сайынғы кірісті 570 доллардан 3 мың долларға дейін арттырды, сонымен қатар ірі шарттар бойынша келіссөздер жүргізе бастады.
Тәжікстандық необанк Planet9 стартапының сатылымы 0-ден 70 мың долларға дейін өсті. Компания жаңа нарыққа шығу жұмыстарын бастады және жаңа келісімшарттарға қол қойды.
Моңғолиялық Metaver микрооқыту платформасы Silkway Accelerator кезінде Үндістан нарығына шықты. 400 доллар жұмсап, жалпы сомасы 3 200 долларға 800 сатылымға қол жеткізді. Акселераторға дейін стартап Филиппин нарығында бақ сынап көрген еді, алайда 8 мың доллар жұмсағанымен, бір сатылым да болмаған.
Әзербайжандық Metatesk білім беру платформасының айлық табысы 4 мың доллардан 18 мың долларға, студенттер саны 200-ден 260-қа өсті, сондай-ақ Қытай нарығына шықты.
– Бұл бағдарламаға қатысу біз үшін керемет тәжірибе болды. Мен барлығына осы акселераторға қатысуға кеңес беремін. Бұл – өнімді әзірлеуден бастап басқару кезеңіне дейін түрлі тақырыпты қамтып, жұмыс тәжірибесін жинаудың бірегей мүмкіндігі. Қытайдағы сату көлемін ұлғайтумен қатар, біз АҚШ пен Африкаға шығуды көздеп отырмыз, – деп жоспарымен бөлісті Metatesk директоры Гюнай Иманзада.
Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легі биыл 2 қыркүйекте басталып, оқытудың бірінші легіндегідей Астанада офлайн тәртіпте өтті және үш айға созылды. Акселератор қатысушылары тәлімгерлікпен қатар, Astana Hub маңында тегін баспана мен жұмыс орнына ие болып, Seed Money бағдарламасы бойынша 55 мың долларға дейін қаржыландыруға мүмкіндік алды.
Еске салайық, биыл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Astana Hub технопаркі Google for Startups бағдарламасының Орталық Азиядағы бірінші серіктесі атанды. Биылдың өзінде бағдарламаның екі легі сәтті аяқталды. Оған Орталық Азия елдерінен, сондай-ақ Әзербайжан мен Моңғолиядан стартаптар қатысты.
Google for Startups – 2011 жылы Google корпорациясы іске қосқан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұрады және бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін практикалық сабақтар ұсынады.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"