Қыстың күні де бұл әулетте ешкім қарап жатпайды, ағаштардың бұталарын кесіп, көктемге дайындауда. Жылыжайдағы ауа температурасын +5 градустан төмендетпеу де шығынды айтпағанда бірталай еңбекті қажет етеді. Бірақ Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Бағыс ауылында он жылдан аса уақыттан бері жылыжайда лимон өсіріп, ел тұрғындарын тропикалық жеміспен қамтамасыз етіп отырған ағайынды Манатәлі және Оспанәлі Таңсықбаевты биылғы қыс әжептәуір әбігерге салды. Қалың жауған қар бір жылыжайын қиратса, аязды күндері бірнеше ағашын суық ұрған.
«Көмір тапшы болғандықтан жылыжайды жылытудың бар амалын жасадық. Ауданға әкелінген көмірдің өзін қымбатқа, тоннасын 25-35 мың теңгеден алып жатырмыз. Әрине, бұл қиындықтан да шығармыз, қираған жерлерін өзіміз қалпына келтіреміз. Бірақ көмір тапшылығы, бар көмірдің бағасын көтеріп жіберу ертеңгі күні жылыжай өнімдерінің қымбаттауына әкелері әбден мүмкін», дейді Манатәлі Таңсықбаев.
Бағбан лимон өсіруде қиындықтардың аз кездеспегенін айтады. Бірақ еселі еңбектің, тынымсыз ізденістің нәтижесінде айтарлықтай табысқа да жетіп отыр. Отандық өнімнің артуына ерекше үлес қосып келе жатқан ағайындыларды ауылдастары да үлгі тұтады. Бүгінде бұл кәсіп Таңсықбаевтардың отбасылық бизнесі, яғни ұл-қыздарымен қосқанда он шақты адам маңдай терін төгіп келеді. Ал терім кезінде ауылдастарын жұмысқа тартады. Бір жарым айға созылатын жиын-терінде жиырмадан аса адам осы лимон бағынан нәпақа табады. Жылыжайдағы әр түп лимон ағашы кемі 100-150 кило өнім береді. Алдағы уақытта 300-400 килоға дейін өнім алу көзделіп отыр. Сондай-ақ жыл сайын бұл отбасы 50-60 тонна өнімді еліміздің өзге өңірлері мен Ресейге жөнелтіп келеді. Шаруаның айтуынша, лимон өсіру – ұзақ мерзімді бизнес, яғни одан 3 жылға дейін еш пайда көрмейсіз. Тек шығынға жұмыс істейсің. Осы аралықта қыста жағатын көмірге, жыртылған сайын ауыстыратын жабынды-пленкаға, дәрі-дәрмегі, жұмысшыларға беретін еңбекақыға жұмсалатын шығын аз болмайды. Манатәлі мен Оспанәлі де алғашында қомақты шығыннан кейін бәріне қолды бір сілтеп, бұл кәсіпті тастағысы келген.
«Інім екеуміз көлігімізді, бар малды саттық. Жағатын көмір жетпей қалған кезде көшеден бала-шағамызбен бірге тезек, отын тердік. Әйтеуір қиындықтардан жол табуға тырыстық. Дана Абайдың өлеңіндегі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзін ұстаным еттік. Үшінші жылы алған өнім жұмысшылардың еңбекақысын ақтады. Осылай жыл сайын өнім өсіп тұрады. Сол үшін лимон егіп, бизнес бастағысы келетіндер кемі 3 жыл қиындыққа шыдау керек», дейді Манатәлі сол бір күндерді еске алып. Бүгінде алғашқы кездердегі шығындары мен қиындықтар артта қалған табысты кәсіп қалай басталған еді?
Сонау 2002 жылы көрші елдегі Шыршық қаласынан атамекенге өз бетінше қоныс аударуды ұйғарған Таңсықбаев отбасы Сарыағаш ауданындағы туыстарын сағалап келіпті. Елге келген соң отбасы 3 гектар жер телімін өз қаражатына сатып алады. Үйді де өз күштерімен салған. Сөйтіп, жылыжай құрып, оған қияр мен қызанақ еккен. Алғашында жақсы өнім алады. Бірақ көп өтпей ол жерге «нематода» деген құрт түсіп, қияр мен қызанақ тамырының қанат жаюына мүмкіндік бермейді. «Ол құртты жоятын дәрі де тым қымбат, онымен күресу де қиын екен. Оның үстіне бұрын бір «ГАЗель» көкөністі базарға апарып, 15-20 минутта сатып қайтатын болсақ, қияр, қызанақ егетін жылыжайлар көбейген соң, сату жағы да қиындай бастады. Бізге кәсіп бағытын өзгерту керек болды. Інім екеуміз нарықты зерттеп, 60 соттық жерге жылыжай соғып, лимон көшетін отырғызуды жөн деп таптық. Лимон ағашы әлгі нематода құртынан қорықпайды екен», дейді бағбан. Әрине, жаңа істі бастамас бұрын, барлық әрекет жан-жақты есептеліп, тәжірибенің жоқтығы да ескерілген. Ағайындылар лимон көшетін отырғызбастан бұрын Ташкентке барып біраз жылдан бері цитрусты жеміс өсіруде тәжірибелі, осы істің қыр-сырына қанық мамандармен кеңесіп, дәріс алады. Алдымен лимонның «мейер» деген сортынан 640 көшет әкеліп, көшетжайда 2-3 жыл баптайды. Сосын бірнеше жылыжайға бөліп отырғызады.
Бүгінде бұл ағаштардың жапырақ жайып, өсіп тұрғанына он жылдай болған. Лимон ағашы алғашқы үш жыл өнім бермейді. Яғни ағайындылар алғашқы жылдары шығынға жұмыс істеген. «Ал күтімі оңай. Лимон теріліп, артық бұтағы кесіліп болғаннан кейін ағаштар ұйқы фазасына кіреді. Олар оянып кетпеуі және суық ұрмау үшін жылыжай ішін +5 градуста ұстап отырамыз. Мысалы, қияр мен қызанаққа +18-20 градус керек болса, лимонның өсуіне +5 градус жылылық жетеді. Лимон ағашы жылына 4 рет гүлдейді. Бірақ бір рет өнім аламыз. Мысалы, наурыздың аяғында гүлдегендері қараша айында салады. Мамырда гүлдегендері желтоқсанда піседі. Пісіп сарғайса, бірден үзіп алып, сатса болады. Біз бәрінің бірдей уақытта піскенін күтіп, бір-ақ тереміз. Негізі лимонға да зиянкестер келеді. Бірақ уақытында барлық күтім шараларын істеп, жазда «шомылдырып», «тамағын» уақтылы беріп, қарап тұрсаңыз ол аурулар жоламайды. Келсе де, емдеп алу қиын емес. Содан кейін алма, алмұрт ағаштарының артық бұтақтарын қырыққандай, лимонды да жылына екі рет қырқып тұрамыз. Бірақ басқаша кесіледі. Желтоқсанда теріліп болғаннан кейін бәрін қырқып шықтым. Енді мамыр айының соңы мен маусым айының басында қырқылады. Жаздың күні аптасына екі рет, ал күз бен көктемде он күнде бір рет суарамыз. Ал қыста мүлдем суармаймыз. Лимон ағаштары сегіз ай су ішпесе де тұра береді», дейді Манатәлі.
Тәуекелмен басталған жұмысты табыс көзіне айналдыру да оңай соқпаған. Лимон өсірудің жай-күйін жақсы білетін мамандар жақын маңда жоқ. Бұл арада жылыжай жұмысымен қатар ізденуді де тоқтатпаған ағайынды Таңсықбаевтар Ташкенттегі мамандардан ағаш бұтақтарын кесу, дәрілеу тәсілдері бойынша кеңес алады, үйренеді. Түркиядан мамандар шақыртады. «Іздендік, жан-жақтан ақпарат жинадық, тәжірибе жасадық. Үйренуге осылайша біраз жыл уақыт арнадық. Ал қазір менде бар жинаған тәжірибем бойынша құрылған арнайы бағдарлама бар. Егер үйренемін, лимон өсіремін дейтіндер болса, бар білгеніммен бөлісемін. Ертең ол бәсекелес болады деген қызғаныш жоқ. Қайта отандық өнім көбейіп, басқа елдерге экспортқа шығарып жатсақ қанеки?! Онымен тұрмай, қаржының өз елімізде қалғаны жақсы ғой. Нарықты зерттеп қарасақ, елімізге лимондар Аргентина, Түркия, Қытай, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келеді. Біздің ақшамыз сол елдерге кетіп жатыр. Қазір елімізде 20-30 гектар лимон бағы өсіп қалды. Көбейтсек, импорт көлемі де азайып, ақша өз елімізде қалады», дейді Манатәлі. Өнімді өткізу жағынан да ешқандай мәселе жоқ. Сапасымен де танылып үлгерген отандық өнімді арнайы келіп алып кететін алыпсатарлар аз емес. Кейде Алматы қаласына апарып өзі сатып келеді. «Қайбір жылы Алматыға қаңтарда жүк көлігімен лимон апардым. Таңнан кешке дейін 20 тонна саттым. Одан кейінгі жылы 30 тонна апарып, бір апта саттым. Көрші Өзбекстаннан келгендерден арзанға беремін. Мен – диқанмын. Маған базар бағасынан 50 теңге төмен бергенім қалтама әсер етпейді. Ал жұрт қашанда 5-10 теңге болсын арзан алғысы келеді. Бірақ көбі бізде, өз елімізде лимон өсіп жатқанына сеніңкіремейді. Әрі-бері ұстап көріп, таңғалып қарайды. Көзін тапсаң, қызығушылығың болса, бізде кез келген нәрсені өсіруге болады. Бізде лимон еккісі келетіндер көп. Бірақ сол бастапқы жылдары шығынды өтей алмай, қолын бір сілтеп тастап кетеді. Егер Үкіметтен арнайы бір субсидия беріліп тұрса, лимон егетіндер көбейер еді. Қазір Алматы, Өскемен, Ақтау, Атырау, Тараз, Қызылорда, яғни еліміздің біраз қаласында лимон өсірілуде. Біз көшетін де дайындап, сатып жатырмыз», дейді Манатәлі Таңсықбаев.
Лимонның адам денсаулығына пайдасы орасан. Егер қан-қысымы жоғары адамдар болса, гүлдеген кезде екі сағат жылыжай ішінде отырса, бір жылға дейін қан қысымы мазаламайды екен. Мұның пайдасын білетін жергілікті жұрт немесе сырттан естігендер келіп, күш-қуат алып кетеді.
Тұтынушыларға отандық өнім мен импорттық өнімді ажырату қиын емес. Дәмін көрген жұрт мұны бірден байқайды екен. Оның себебін бағбан мүлде химикат қосылмайтынымен байланыстырады. Сарыағаштық бағбан жамбылдық жас ғалым Дәулет Егембердиев ойлап тапқан биологиялық тыңайтқышты қолданып, оң нәтиже көріп жатқанын айтады. Осылайша, ауылда табысты отбасына айналып, жинаған білім-тәжірибесін басқалармен бөлісіп жүрген Манатәлі Таңсықбаев лимоннан бөлек, 25 сотық жылыжайына пияз, бұрыш егеді. Яғни лимон піскенше қарап отырмайды. Сондай-ақ ол былтыр баға тиімсіз болғандықтан, лимоннан тосап жасап, еліміздің әр өңіріне жеткізуді қолға алыпты. Отандық өнімнен жасалған тосапқа сұраныс көп. Мемлекет тарапынан субсидия ретінде қолдау көрсетілсе, алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келетін бағбан лимоннан бөлек, апельсин, мандарин, лайм сияқты цитрусты жемістер егуді жоспарлап отыр.
Түркістан облысы
Дереккөз: Egemen Qazaqstan
Фото: дереккөз