Қазақстанда пандемиядан кейінгі туризм қалай дамып жатыр?

Уақыты: 2023-01-29 Көрлімі: 325 Сипаттама

Мәдениет және спорт министрлігі Бурабай курортында көшпелі отырыс өткізіп, отандық ту...

Снимок.JPG

Мәдениет және спорт министрлігі Бурабай курортында көшпелі отырыс өткізіп, отандық туризмді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

8 млн қазақстандық ел ішінде саяхаттаған

Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, туризм индустриясы пандемиядан кейін қалпына келе бастады.

«Кейінгі 9 айда қазақстандық ішкі туристер саны 6,5 млн болды. 2022 жылдың қорытындысы 8 млн шамасында болады деп отырмыз. Бұл – біздің 2025 жылға қойған көрсеткіш еді. Еліміздегі турист саны көбейді, соған сәйкес жатын орын саны да артты. Жыл басынан бері 11 мың жатын орын немесе 5 мың қонақ үй нөмірі жаңадан пайдалануға берілді», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Спикердің айтуынша, Қазақстанның барлық аймағында туризм көрсеткіштері өскен. Атырау облысында өткен жылы туристер саны 3 есеге артты, бұл өңірдегі бизнес туризмнің қалпына келгенін, дамып жатқанын білдіреді.

«Елдегі әрбір төртінші туристің ұлттық парктерге барғаны қуантады. Өздеріңіз білесіздер, республикамызда 14 ұлттық парк тіркелген, онда орман, мұздықтар, көл мен құм секілді планетаның барлық экожүйесі бар. Өткен жылы ұлттық парктерге 2 млн турист барған, бұл – абсолюттік рекорд», - деді Е. Еркінбаев.

Сонымен бірге, өткен жылдың тоғыз айында елімізге 610 мың шетелдік турист келген. Мәдениет министрлігі елге келетін шетелдік туристер санын 4 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл экономиканың барлық салаларының дамуына зор серпін береді.

Қазақстан туризмді дамыту бойынша 66-орында тұр

Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты туризм индустриясын бағалау үшін Дүниежүзілік экономикалық форумның саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексіне бағдарланады.

Мысалы, 2021 жылы Қазақстан өз позициясын жақсартып, 117 ел арасында 66-орынға ие болды, 2019 жылы – 140 ел ішінде 80-орында еді. Еліміз «Бағалық бәсекеге қабілет» (1-орын), «Туризмнің маусымдылығы» (26-орын), «Табиғи ресурстар» (33-орын), «ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра объектілерінің саны» (42-орын) көрсеткіштері бойынша жоғары баға алған.

Сонымен қатар, еліміздің туризмін бағалау бойынша басқа да беделді алаңдар бар, онда да Қазақстан жыл сайын жоғары орындардан көрінеді.

«Биыл Қазақстан бірқатар беделді ұйымдарға төрағалық етеді. ШЫҰ, ТМД, ОТГ, ТҮРКСОЙ қамқорлығымен ресми кездесулер мен имидждік іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Tourism Awards» сыйлығын жаңа форматта ұйымдастыру және саланың үздік өкілдерін марапаттау дәстүрін жаңғыртамыз», - деді Е. Еркінбаев.

Туризм жобаларын субсидиялау 10 жылға дейін ұзарады

«Туризмдегі инвестициялық әлеуетті дамытуға баса мән беріледі. Біздің министрлік «Қазақтуризм» компаниясымен бірлесіп, инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 40 млрд теңгеге 138 жоба іске асырылды. Биыл 288 млрд теңгеге 115 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді вице-министр.

Сонымен бірге, спикер министрлікке қонақ үй басшыларынан өтініштер келіп түсетінін айтты. Қазіргі жеңілдетілген несиелеу механизмі белгіленген мерзімде шығынды ақтауға мүмкіндік бермейді. Орта есеппен қонақ үй құны 10 жылда өтеледі.

«Осыған байланысты туризм жобаларын субсидиялау мерзімдерін 5 жылдан 10 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ қаржыландыру лимиттерін 5 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Тиісті ұсынысты Ұлттық экономика министрлігіне жібердік», - деді вице-министр.

Визит орталықтарды салу да өте өзекті мәселе болып отыр. Мұндай орталықтар туристер үшін аялдама және демалыс орны ретінде маңызды орын болады. Олар ұйымдасқан туризм мәдениетін арттыруда үлкен рөл атқарады. Соңғы 3 жылда елімізде жеке инвестициялар есебінен 7 визит-орталық салынды. Жақын арада осындай орталықтар «Алтын емел», «Шарын» ұлттық парктерінде, сондай-ақ «Түрген» және «Бутаковка» шатқалдарында ашылмақ.

Фермерлерге глэмпинг салуға рұқсат беріледі

Миинстрліктің хабарлауынша, агротуризм нысандары Францияда, Германияда, Австрияда, Аргентинада, Беларусьте туристер арасында өте танымал. Ал, Қазақстанда ауылдық жерлерде кэмпингтер мен қонақ үйлер құру бойынша заңнамалық шектеулер бар.

«Статистика бойынша елімізде 219 мың фермерлік шаруа қожалықтары бар. Осы орайда, фермерлерге ауыл шаруашылығы жерлерінің 10%-дан аспайтын көлемін туристерге қызмет көрсету үшін қонақ үйлер мен глэмпингтер салуға рұқсат беруді ұсынамыз», - деді Ержан Еркінбаев.

Министрліктің болжауынша, фермерлік шаруашылықтардың кем дегенде 1%-ы туристерді орналастырумен айналысса, кем дегенде 2 адамды жұмысқа алса, жыл сайын 6,6 мың адам жұмыс орнымен қамтылады.

Өткен жылы еліміздің 8 өңірінде (Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалалары) 28 глэмпинг кешені ашылған.

Жақын арада осындай кешендер «Алтын емел» ұлттық паркінде, Қарқаралы ауданында пайда болады. Сондай-ақ, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай нысандардың құрылысы жоспарланған.

Kids Go Free арқылы 2-3 мың балаға тегін авиабилет беріледі

Өткен жылы Kids Go Free бағдарламасын 700 отбасы пайдаланды, 1,5 мың бала ұшақпен тегін ұшты. 421 шетелдік саяхатшыға туристік пакет құрамында субсидия төленді. Сатып алынған 2 туравтобус бойынша бизнес шығындарының бір бөлігін өтеу мақұлданды. Сондай-ақ, Зеренді ауданындағы «Парус» балалар сауықтыру орталығы бойынша өтемақы алу өтінімі мақұлданған.

Оған қоса, министрлік қолдау шараларының тиімділігін арттыру үшін талаптар мен тетіктерді оңайлату жұмыстарын жалғастырып келеді. Әкімдіктер өтеу туралы өтінімдерді биылғы 1 наурызға дейін жолдауы қажет.

Бұл ретте министр Асхат Оралов Kids Go Free бойынша мың жарым баланың өте аз екенін айтты.

«Кем дегенде 2-3 мың бала бұл жеңілдікті пайдалануы керек. Маркетинг пен жарнаманы көбейту керек, өйткені көптеген адамдар бұл бағдарлама туралы білмейді. Ел ішінде ресми операторлар арқылы тур сатып алған отбасылардың балаларына тегін авиабилет беріледі. Мұнда барлық заң талаптары сақталуы керек. Төлем мерзімін 6 айдан 6 жұмыс күніне қысқарту қажет. Бұл ел ішіндегі отбасылық демалыс мүмкіндіктерін кеңейтеді», - деді Асхат Оралов.

Қазақстанда тау шаңғысы туризмі үшін жаңа нысандар салу керек

Кейінгі жылдары елімізде тау шаңғысы курорттарының жұмысында оң динамика байқалады. «Ой-Қарағай», «Ak Bulak» және «Шымбұлақ» курорттарына барушылар саны жыл сайын 20% өсіп келеді. Жалпы, осы маусымда туристердің жалпы саны 1,5 млн адамға жетеді. Бұл шаңғы туристерінің саны жағажай туристерінің санымен теңестірілгенін растайды.

Мәдениет министрлігінің айтуынша, туризмнің бұл түрі мол экономикалық тиімділік пен табыс әкеледі. Жағажай турисіне қарағанда таушаңғы турисі орта есеппен 5 есе көп қаржы жұмсайды, бұл – күніне 250 АҚШ доллары.

«Алайда, қазір жұмыс істеп тұрған курорттарға үлкен жүктеме түсіп отыр. Мысалы, күніне 6 мың адамды қабылдай алатын «Шымбұлақ» курортына мереке және демалыс күндері 12,5 мың адам барады. Көрші елдерде де осы сегмент белсенді дамып келеді. Мысалы, соңғы 10 жылда Грузияда 5 тау шаңғысы курорты салынды. 2019 жылы Өзбекстанда жаңа тау шаңғысы курорты пайда болды. Осыған байланысты, Қазақстанда тау шаңғысы туризмі үшін жаңа нысандар салу керек», - деді вице-министр Е. Еркінбаев.

Фото: дереккөз

Пікір жазу
  • Сарыағаштық бағбан лимон өсіріп, табыс тауып отыр
    2030 жылға қарай трендте болатын ТОП-7 мамандық аталды

    Ұқсас тақырыптар