Транскаспий халықаралық көлік бағытында Қазақстаннан жүктердің өту мерзімі 2 есе қысқарды

Уақыты: 2023-03-03 Көрлімі: 565 Сипаттама

Транскаспий халықаралық көлік бағытында Қазақстаннан жүктердің өту мерзімі екі есе қы...

IMG_7260.JPEG.jpg

Транскаспий халықаралық көлік бағытында Қазақстаннан жүктердің өту мерзімі екі есе қысқарды. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлаймыз.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту жөніндегі шаралар қаралды.

Кеңесте аталған бағыттың қазақстандық бөлігіндегі белсенді жұмыстың арқасында республика аумағы бойынша транзиттік жүктердің өту мерзімі 12 күннен 6 күнге дейін, яғни өткен жылмен салыстырғанда екі есе қысқарғаны аталып өтті. Сонымен қатар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 5 күнге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы, ТХКБ шеңберінде Қытайдан Қара теңіздегі порттарға жүктерді жеткізу мерзімі 38-53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды, ал осы жылдың соңына қарай 14-18 күнге жетуі тиіс. Мұндай ілгерілеу қатысушы елдердің бағыттағы кедергілерді жою, өтпелі тарифтерді енгізу және басқа да шараларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.

Кеңеске қатысушылар Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, жылжымалы құрам паркін жаңарту, сауда флотын және Ақтау мен Құрық порттарының қуатын арттыру жөніндегі шараларды талқылады. Атап айтқанда, Ақтау портында контейнерлік хаб құру, қайта тиеу техникасының паркін жаңарту және мұнай құю айлақтарын қалпына келтіру, ал Құрық портында жаңа айлақ салу, көпфункционалды және астық терминалдарын іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ, 2030 жылға дейін Каспийде 10 мұнай құю баржасы, 8 паром, 6 танкер және контейнерлік кеме жұмыс істей бастайды деген жоспар бар.

Сонымен қатар, кеңесте кедендік рәсімдерді оңайлатуды және маршрутта тасымалдаудың берілген кепілдік көлемін бекітуді көздейтін Қазақстан мен Қытай арасындағы ТХКБ дамыту жөніндегі келісімді дайындау мәселесі қаралды. Премьер-Министр бұл құжатты мемлекетаралық деңгейде одан әрі пысықтау үшін мемлекеттік жауапты органдармен келісу рәсімдерін жеделдету қажеттігін атап өтті.


Пікір жазу
  • Қазақстаннан 50-ге жуық оқушы АҚШ-та өтетін дүниежүзілік робототехника чемпионатына барады
    Ғалым әйелдер

    Ұқсас тақырыптар