Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ. АБАЙДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ИДЕЯСЫ ТУРАЛЫ

Уақыты: 2019-10-11 Көрлімі: 7438 Сипаттама

Абай Құнанбайұлы ХІХ - ғасырдың соңындағы әйгілі Орта Азиялық ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, демо­крат, ағартушы, ойшыл....

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл

s1200.jpg

Абай Құнанбайұлы ХІХ - ғасырдың соңындағы әйгілі Орта Азиялық ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, демо­крат, ағартушы, ойшыл.

Абай (1845 – 1904 ж.) Семейдің Шыңғыс тауындағы дәулетті Құнанбай отбасында дүниеге келген. Ол алғаш сол жердегі діни медреседе оқиды. Кейін әкесі оның сабаққа зеректігін байқап, оны Семейге оқуға береді. Абай Семейде тарих, философия, математика және орыс тілі қатарлы сабақтарды оқиды. Сондай-ақ Орталық Азия әдебиет классиктерінен үлгі алып, өлең жаза бастайды.

Кейін әкесі Абайды өзінің мансап орнына отырғызу үшін, оны оқудан шығарып ауылына қайтарып әкеледі. Содан кейін Абай қоғамға араласу барысында халық өнерпаздарымен тығыз араласып, әдебиет білімін арттырып, көз аясын кеңейтеді. Ол шынайы өмірден қоғамның қараңғы түнек, іріп-шіріген, әділетсіз екендігін сезеді, әділет ашуы Абайдың көкірегін кернейді, күреске шығарады. Ол қолына қалам алып өткір өлеңмен қоғамның сұрқиялығын әшкерелеп, үстем таптардың рахымсыздығын жеріне жеткізе шенеп, қарапайым халыққа жанашырлық танытады. Сондай-ақ ол өзінің саяси ұстанымы мен содан кейінгі күрес бағдарын анықтайды.

Абай: «Мен енді момындықтан ырыс баққан, дау бақпас мақалымен боламын деп, бергенімен жағалмай, жарымын беріп жарымын тыныштықпен бағалмай, ұры залым, қуларға жеміт болып жүрген, шын момын байларды аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды. Содан басқаны таба алмадым», - дейді [1]. Абай содан кейін қалың еңбекші халықты жапакеш шаруалар­ды кедейліктен, мешеуліктен арылту үшін белсене әлеуметтік әрекетке шығады.

Абай ХІХ ғасырдың 70-жылдарында Орталық Азияға жераударылып келген орыс революцияшыл демократтарымен танысып, олардың әдеби шығармаларын құмарта оқиды, олардың озық демократиялық идеясының ықпалына ұшырайды да, олардың өлеңдерін бүкіл ынта-пейілімен қазақшаға аударып таратып, қазақ халқындағы демократиялық идеяның атойшысына айналады.

Абай күрделі қоғамдық мәселелерге терең үңіледі, заманды өзгерту жолын іздейді, сөйтіп ол орыс философтарының, демократ ойшылдарының шығармаларын (әсіресе Чернышевскийдің шығармаларын) оқып, олардың демократиялық идеясын қабылдап, өз ұлтының қоғамдық ой - идеяларының жауһарларын бойына сіңіру арқылы өзіндік даралығы айқын әлеуметтік идея қалыптастырады. Бұл шақта Абайдың жасы қырыққа жақындаған еді. Ол ағартушылық тәрбие мен шығармашылықты кәсіп етіп, бұрынғыдан да ауқымды, тіпті де белсенді түрде қоғамдық қимылдармен айналысады. Ол өзінің поэзиямен айналысу мақсатына тоқталғанда:

«Мақсатым – тіл ұстартып өнер шашпақ,

Наданнң көзін қойып, көңілін ашпақ», - деп атап көрсеткен [2].

Бұдан біз Абайдың шығармашылығында байыпты ұстаным мен ұзақты көздеген саяси мақсаттың бар екендігін байқаймыз. Сондықтан Абайдың өлеңдерінің көбі адамға нәр беретін тәрбиелік өлеңдер мен ақылиялық өлеңдер болып келеді. Әрине, оның жауынгерлік қуаты күшті, қоғамның кеселін, рулық қырсықтың зияндылығын әшкерелеп сындаған, қанауды шенеген, барлық сұрхия күштерге соққы беретін өлеңдері көп, сонымен қатар адамның жүрек қылын шертетін лирика, махаббат өлеңдері де аз емес. Абайдың реалстік шығармашылық әдісі мен бейнелеу өнері қазақ жазба әдебиетінің үлгісін қалыптастырды.

Абайдың шығармашылығының идеялық көркемдігі мен бейнелеу әдісі, тек қазақ әдебиетіне ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы түркі тілі жүйесіндегі ұлттар әдебиетіне де ықпалы зор болған.

Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдың соңы, патшалық Ресей өкіметінің Орталық Азияда (кейінгі Кеңес Одағының Орта Азия өңірі) отарлық үстемдігін жүргізіп тұрған дәуірі болатын. Абай патшалық Ресейдің Қазақстанды, Орталық Азияны бағындыруы қоғамның керіне кетуінің, ұлттардың бөлшектенуінің, халық бұқарасының тіпті де кедейленуінің, құқықсыз күйге түсуінің басты факторы екендігін байқайды. Ол Қазақстанның Ресейдің қол астына қарағаннан кейінгі халіне тоқталғанда: «Орысқа айтар сөз жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз», - деп тұжырымдаған болатын [1,319 б.].

Сондықтан да Абай:

«Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным,

Қаңғыртты, қысты басымды.

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды», [2, 95-96 б.] - деп, халық азабының қабырғасына қатты батып бара жатқанын бейнелеген болатын.

Бірақ Абай шерленіп аһ ұрып, болашақтан түңілген дәрменсіздер емес еді. Ол барған сайын қараңғы түнек болып бара жатқан заманды бетке алып, сол қоғамды өзгерту үшін, қазақ халқын дүниежүзіндегі ілгері ұлттардың қатарына жеткізу үшін: «Пайдалы сөз тапса, жазып алсын, оқысын», - деп ғақылия сөз (ақылия - қара сөздер) жазып, қараңғы заманға қарғыс жаудырып, қоғамды өзгерту жолын нұсқаған қайсар тұлға. Ғақылия сөздер Абайдың философиялық шығармасы – оның ақыл-парасатының жауһары. Әрі сол заманның ұлы туындысы болып табылады.

Абай шығармасы алғаш 1909 жылы Петербургте баспадан шыққан. Оның шығармасы өзінің түрлі өлеңдері, қара сөздері мен орысшадан аударған өлеңдері сынды үш саладан тұрады.

Абай шығармашылығының тақырыбы кең. Мазмұны төтенше бай. Оның шығармасын оқыған адам ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ қоғамының жалпы бейнесін, сипатын біледі. Сондықтан Абай шығармасы «ХІХ-ғасырдың соңғы шерігіндегі қазақ халқы тұрмысының нағыз энциколопедиясы»,- деп саналды.

Абай жаратқан рухани байлық, мейлі оның көз тартқан көркем поэзиясы болсын, әлде оның өміршең философиялық қара сөздері болсын, бәрі де ХІХ ғасырдағы Орта Азияның мәдениет тарихынан төтенше маңызды орын алатын құнды шығарма. Сондықтан Абай шығармасы Орталық Азия зерттеушілерінің, әсіресе, Орталық Азия мәдениет тарихын зерттейтін мамандардың міндетті түрде оқуға тиісті маңызды еңбек болып табылады. Ал Абайдың қара сөзі ерекше зерттеуді қажет ететін тарихи мәдени мұра.

Қазан төңкерісінен кейін, Кеңес Одағы Абай шығармасын көп рет көп тілде баспадан шығарды. Сондай-ақ 30-ға жуық Абайды және оның шығармаларын зерттеген арнаулы ғылыми кітаптар да баспадан жарық көрген екен.

ҚХР құрылғаннан кейін Үрімжі және Бейжиңде қазақ және ханьзу (қытай) тілдерінде «Абай өлеңдер таңдамалары» бірнеше рет баспадан басылып шықты. Мерізімді газет-журналдарда Абай таныстырылып келеді. Алайда оның бәрі абайтануға жеткіліксіз. Қытайда Абайды немесе оның шығармасын зерттеген ғылыми мақалалар, арнаулы монографиялар жоқтың қасы. Сондықтан көптеген оқырмандар Абай тек әйгілі ақын деген ұғымда жүр, олар Абайдың ұлы философ, ойшыл екендігін біле бермейді. Сондықтан автор осы мақаласында Абайдың әлеуметтік идеясын қысқаша пайымдап көрмек.

1. Абайдың ағарту көзқарасы

Абай қазақ халқын кедейліктен, мешеуліктен құтылдыру үшін, оқу-ағарту, ғылым-білімді дамыту керек деп қараған. Сондықтан ол бұл үшін алдымен мал табу немесе шаруашылықты дамыту керек деген идеяны алға қойған. Абай былай дейді:

«Балаларды оқытқан жақсы, мұнда алдымен мал табу керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында әр ғылымға құмарлық қайдан тұрсын. Мал тапса қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек. Соны үйренейік де балама үйретейін деп ойына жақсы түседі» [1, 360 б.].

Бұл жерде Абай адамдардың экономикалық жағдайы адамдардың идеясын белгілейтін фактор екендігін ескере отырып, шаруашылқты дамытып белгілі экономикалық негізде оқу-ағартуды, ғылымды дамыту идеясын алға қойып отыр.

Абай оқу-ағартуды, ғылымды дамытуды дәріптеумен қатар, тәрбиеленушілердің үйрену ұстанымы, мақсаты сияқты мәселелер жөнінде өзінің дәріптемесін алға қойған.

«Білім-ғылымды талап қылушылар, әуелі білім-ғылым табылса, ондай- мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір керекті нәрсесіне керек болар еді деп іздемеске керек», [1, 360 б,] - дейді. Бұдан Абайдың оқу-ағарту, ғылыми істердің бағдары айқын болуын дәріптеп отырғанын көреміз. Абай ғылымды  үйрету үшін ғана үйренетін, әрі білімді жеке меншік капиталына айналдыруды ойлайтындарды сынап, ақиқатты ашу мақсатында ғылым игеруді жақтайды:

«Білім-ғылымның өзіне ғана құмар болып бір ғана білмектің өзін даулет көрсең, егер дін көңілің басқа нәрсе болса, білім-ғылымды бірақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, онда білімге көңіліңнің мейрімі асырап алған шешенің мейрімі секілді болады. Бастапқыдай болғанда тапқан шешеңнің мейріміндей болады, ақиқат мақсатпен білмек үшін мейірленбек керек», [1, 360 б.] - деп атап көрсеткен. Ақиқатты табу мақсатымен үйрену Абайдың ағарту идеясының өзегі болып табылады.

Абай да ХІХ ғасырдың өзінде-ақ «бәсеке» идеясын алға қойған. Ол былай дейді:

«Үйренуде азырақ бахас (Бахас – бәсекелес) көңілді пысықтандыру үшін залалды емес. Көбірек бахас адамды түзету түгіл бұзады. Мұның себебі: әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахасы қылмайды. Жеңбек үшін бахасы қылады. Ондай бахас хуыстылікті (хуыстылікті – арабша бұл жерде өзімшілдік мағнада) зор айтады. Адамшылықты зор айтпайды, бәлкім азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды. Адамды шатастырып жалған сөзге жеңілдірмекші болады» [1, 360 б.].

Демек, Абай дәріптеп отырған бәсеке – ғылымды дамыту мақсатындағы бәсеке. Басқаша айтқанда, ақиқатты анықтау, табиғат сырын ашу мақсатымен бәсекені қанат жайдыру бо­лып табылады. Мүлде жеке мүддені көздейтін бәсеке емес. Сондықтан да ол бұл мәселені таратып пайымдап, кейбіреулердің өз бас пайдалары үшін жүргізетін бәсекелерінің келтіріп шығаратын зардаптарын жеріне жеткізе әшкерелейді:

«Бахас өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған қырсылану (хырсылану – арабша, бұл жерде өзімшілдік мағынада) жарамайды, хырсылансаң өз - өзімшіл ғорулық (ғорулық – мен-мендік), мақтаншақтық, хуыстышілдік (хуыстілігі – күндеу) бойын жеңсе, ондай кісіні қорлық келтіретұғын ұрыс - төбелестен қашық болмайды» [1, 360 б.]. Міне, бұдан Абай дәріптеп отырған бәсекенің принципті, гуманизмдік бәсеке екендігін аңғарамыз.

Абай өзі өмір сүрген дауірде Қазақстанның Ресейдің отарына айналып, қазақ халқы орыстардың қорлауына ұшырап отырған жағдайға байланысты, ол орыстардың залалынан қашық болу үшін, олардың ғылым-техникасын үйреніп, олардың теңдік алу идеясын алға қойған.

Абай: «Орысша оқу керек. Хиқмет те, мал да, өнерде, ғылым да бәрі де орыста тұр. Залалынан қашық болу пайдасына ортақ болуға, тілін оқу, ғылымын білмек керек. Оның себебі: Олар дүниенің тілін біледі. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әр біреуінің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейік, дағукасына (дағу – арабша талас – тартыс, айтыс) кіреді. Аса арсыздана жалынбайды. Орыстың ғылымы - өнері, дүниенің кіліті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Бірақ осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар, соның қаруымен тағы да қазақты алдасам екен дейді. Жоқ олай емес, малды қалай адал еңбек қылғанда табылады екен. Соны үйренейін, мені көріп жаңа үйренушілер көбейсін. Ұлықсыған орыстың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, ел болып жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек», [1, 360 б.] - дейді. Міне, бұл Абайдың ағарту идеясының ең соңғы мақсаты. Сондай-ақ бұл қазақ халқының түбірлі мүддесіне, қоғамның дамуына үйлесетін бағдарлама іспеттес, Абай ағарту идеясының ең жауһары болып табылады. Оның бұл идеясы, Қытайдың таяу заманғы белгілі тарихшы ойшылы Вэй Юаньның: «Шетелдің озық ғылыми-техныкасын үйреніп, шетелдің шапқыншылығына қарсы тұру керек» - деген ойымен тоғысып жатады. Өйткені ұқсас қоғамдық жағдайда ұлылардың ойлары бір жерден шығып жатуы заңдылық.

Абай өзінің ағарту идеяасын тәжірибеге айналдыру үшін қазақ жастарына:

«Ғылым таппай мақтанба

Орын таппай баптанба

құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге», [2, 36 б.] - деп кеңес берген.

Сондықтан Абай оқу-ағарту, ғылыми-техниканы дамытудың әдісі, ұстанымы мен мақсаты қатарлы мәселелерді атап көрсетумен бірге, ең маңызды болған ғылым-техниканы дамыту жолы сынды аса келелі мәселені де алға қойған.

«Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар: адамның ішінде бірі молахаза (молахаза – пікірлесу), екіншісі берік мұхафаза қылу  (мұхафаза – арабша сақтау, қорғау), бұл екі қуатты зорайту жағында болу керек. Бұлар зораймай ғылым зораймайды», [1, 341] - дейді Абай. Басқаша айқанда, 1. демократиялық ғылыми талқы арқылы ғылымды дамыту; 2. Бұқараның ғылымды қорғауды және қастерлеуі арқылы ғылыми-техниканы дамыту. Абайдың бұл сынды ғылымды дамыту көзқарасының дұрыстығын содан бергі әлемдік ғылыми-техникасының даму тәжірибесі дәлелдеді. Бұл жерде, Абай ғылыми-техниканы дамытуда жалпы халықтың ақыл-парасаты мен жасампаздығын, рөлін тұрақтандыруы назар аударуға тұрады. Бұдан Абай ағарту идеясының белгілі дәрежеде жалпылық сипат алатындығын анық көруге болады.

2. Абайдың ахлақ көзқарасы

Абай сол дәуірдегі керенау қоғамдық салт-сананы сындап, қоғамның барлық мүшелері өз еңбегіне сүйеніп өмір сүру, еңбекті даңықты санау, ғылым үйренуге құмарту; таза ретті киінетін, адамдар өзара қызығын сыпайы мәміле жасайтын қоғамдық ахлақ (этика), салтты қалыптастыруды дәріптеген. Сондықтан ол ең әуелі асыл істі салыстырмалы түрде анықтап көрсетеді:

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз,

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат рахым ойлап қой, -

Бес асыл іс көнсеңіз», [2, 36 б.] - дейді.

Абай және адамды қор қылады деп санаған 3 нәрседен сақтануды ерекше ескертеді: «Әуелі надандық, екінші еріншектік, үшінші залымдық» деп білсең, надандық білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуанаттық болады. Еріншектік күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, талапсыздық, жігерсіздік ұятсыздық, кедейлік бәрі де содан келіп шығады. Залымдық, адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан адамнан бөлінеді. Бір жыртқыш хайуан есебінде қосылады» [1,385 б.].

Абай надандықты, еріншектікті, коғамның паразиттері мен адамзат өміріне қауіп төндіретін залымдық - содырлық әрекетті қатты жек көрген және оған батыл карсы тұрған. Сондықтан ол  күллі дүниенің дұшпаны - надандықты калай жою жөнінде: «Адамның ғылыми білімі хахихатта, растықта құмар болып әр нәрсенің түбін, хикметін білгенге ынтықпен табылады. Мал таппақ, мақтан таппақ, ғизат-құрмет секілді нәрселердің махаббатымен ғылым - білімнің хахиқаты табылмайды», [1, 371 б.] - деп атап көрсеткен. Атап айтқанда, Абай надандықты жою үшін қоғамдық тәжірибеге араласып, заттарға үңіле қарап білім қорыту арқылы білімге ие болу арқылы надандықты жоюға болады деп қараған.

Абай адамдардың қоғамда халықтың құрметіне ие болып сыйға кенелуіне мүлде қарсы болған емес. Ол былай дейді: «Мал, мақтан, ғизат-құрмет адамды өзі іздеп тапса адамдықты бұзбайды және берік қылады. Егер адам өзі оларға табынып, іздеп тапса да, таппаса да адамдығы жойылады», [1, 371 б.] - деп санайды. Сондай-ақ ол адамдар өздерінің қоғамға қосқан ерен еңбегімен табиғи түрде жүртың құрметіне, сыйына және халықтың мадағына ие болуды дәріптеген. Мұны ол ардақты әрекет санаған. Абайдың бұл идеясы сол кездегі қоғамды алға бастыруға белсенді рөл атқарғаны белгілі, қазір де солай. Өйткені ол бүгін де қоғамның еңбегіне қарай ақы алу, адамдардың еңбек жемісін құрметтеу қағидасына үйлеседі. Бұл көзқарастың қазір де тәжірибелік маңызы айырықша болып табылады.

Абай қазақтың кейбір керенау мақалдарын өткір сын тезіне алып, адал еңбекпен мал табуды даңық деп санаған. Ол: «Жарлы болсаң, арлы болма» -дейді. Ардан кеткен соң тірі болып жүргені құрсын, егер онысы мал тап деген сөз болса, ол әрекеттенетұғын іс емес. Адал еңбекпен мал іздемек ол арлының ісі» [1, 357 б.]. Абай бұл жерде адамдар бақытсыз іске тап болғанда, дәстүрлі ахлақ өлшемдерінен аттап өтіп, арсыз іске баруды немесе залалды әрекет істеуді жеріне жете сынап отыр.

Абай мал табуды, баюды дәіптегенімен оны бәрінен жоғары қойған емес. Ол ата-анадан мал артық дейтін байлық көзқарасын қатаң сынайды. Абай: «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті»,- дейді. «Ата-ананы малға сатпақ ең арсыздық іс емес пе?» [1, 357 б.] - деген. Демек, Абай халықты байлық жаратуға үндейді, бірақ ол пайдагөстікті, байлықты жандай көретін көзқарасқа қарсы.

Абай адамдардың жаңа, ретті таза киінуін, жұмысты сыпай түрде істеуді жақтаған. Сондай-ақ ол шама-шарқына қарамай әсемқойлыққа берілетін, кісілермен кескін салыстыратын әрекетті сындап, адамдар бір-бірімен қандай салыстыру керек мәселесіне тура жауап берген. Ол былай дейді: «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, әм сол киімін бұлғап, былжыратып кимей, таза кимек - бәрі дұрыс іс. Ликін өз дәулетінен артық киінбегі, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып тым айналдырмақ, кербездік іс. Тегінде адам баласы, адам баласынан ғылым, ар мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен озам ғой демектік бәрі де ақымақтық» [1, 342 б.]. Бұл арада Абай назарында нәр жоқ, айналысқан шаруасы жоқ, киген киімін рухани сүйеніш сезінетін тұрпайы әрекеттерге қарсы тұрып, адамдардың өзара білімімен салыстыру, ахлақты істерімен салыстыру арқылы өсіп отыруды дәріптейді. Сондықтан ол адамдар өзінен жаман адамдармен салыстырып, өзінің сол халін қанағаттанатын нашар әдетті сындап, адамдардың өзінен жақсы адамдармен өзін салыстыру арқылы жақсы адам болып шығуды қуаттаған. Ол былай дейді: «Әйтеуір өзінен надандығы асқан, иә жаманшылығы артқан кісі болса, сен жаманға қосылмайсың деп, жаманмен салысып жақсы бола ма? Жақсымен салысып жақсы болаттағы! Елдің бәрі сөйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болса болды да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтыппа екен – көптен қалсаң болмайды деп, ғылым көпке келіппе? Бірден тарап па? Хихымет (Хикмет – өнер-білім) көптен тарай ма? Біреуден тарай ма? Жер білмейтін көптеген адам адасып жүрсе, бір жер білетін адамның керегі жоқ па?» [1, 347 б.]. Абайдың бұл сынды адамдар өзін жақсы адамдармен салыстыру арқылы өзін үздікіз жетілдіріп отыру идеясы ерекше құнды.

Абай және адамдар субъект дүниесін үздіксіз өзгертіп отыру үшін «өз- өзінен есеп алып отыру» деген идеяны алға қойған. Осы заман тілімен айтқанда, өз өзіне сынды қанат жайдыру. Абай: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте болмаса, жұмасына бір, ең болмаса айына бір өзіңнен-өзің есеп ал, сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің, не білімге не дүниеге жарамды күніңді, өзің өкінбестей өткізіпсің бе?» - дейді [1, 357 б.]. Бұл жерде Абай меңзеп отырған есті кісілер ғылымға, адамзат қоғамының дамуына үлес қосқан тұлғалар екендігі шүбәсіз. Абай адамдарды осындай кісілермен өзін салыстырып, ғылымға қосқан үлесің өкінбестей болды мал жоқ, оны өзіңнің тексеруді талап етеді. Демек, Абайдың ахлақ-этика идеясы адамзат үшін қызмет етуді мақсат еткен.

Абай қоғамда өзара жауапты болу идеясын да алға қойған. Ол: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның өзінің замандастарының бәрі күнәлі», [1, 357 б.] - деп атап көрсеткен. Абай заманның ұқсамауы, қоғамдық жүйенің ұқсамауына байланысты халықтың әлеуметтік мораль, рухани бет-бейнесі де ұқсамайды деп санайды. Ол өзінің дәріптеген қоғамдық ахлақты-моральды қалыптастыру үшін замандастар өзара жауапты болу деген идеясы, бүгінгі күнде де төтенше терең тәжірибелік маңызға ие идея болып табылады.

3. Абайдың ұрпақты болу көзқарасы

Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің отарлық саясатының салдарынан қазақ қоғамы мешеу күйде еді, әлеуметтік мәдениеті, оқу-ағартуы мен денсаулық сақтау істері нашар дамығанболатын. Сондықтан елдің жаратылыстық апатқа қарсы тұру қуаты өте әлсіз еді. Соған байланысты қазақ халқының өлу салыстырмасы, әсіресе, балалардың шығыны тым жоғары болғандықтан, халқының жүрегі тілім-тілім жарақат үйде болатын. Сондада олар тек қана ұлды, қызды болуды тілейді де, ұрпақтардың сапасын жоғарылатуға көп назар аудармайтын (назар аударуы да мүмкін емес еді). Абай осы жағдайға байланысты, ұрпақты болудағы патриархарлық дәстүрлі көзқарасты сынап, адамдардың сапасын (мәдениет сапасын) жоғарлату идеясын алға қойған. Ол былай дейді: «біреулер құдайдан бала тілейді, ол баланы не қылады, өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді; қартайған күнімде асырасын дейді. Содан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын деген не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалады дейсің бе? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзіңе қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік. Өзің көрген қорлығың аз болды ма? Енді балаңа қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың. Артымнан балам құран оқысын десең: тіршілікте өзің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылсаң балаңның оқыған құраны неге жеткізеді.

Қартайғанда асырасын десең, ода бір сөз, малың болса асырамайды ма? Малың жоқ болса қай асырау төзімді болады? Хош, құдай тағала бала береді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің бе? Білмейсін. Әуелі балаңды өзің алдайсың: Әне оны беремін, міне мұны беремін деп басында балаңды алдағанда бір мәз боласың, соңында балаң алдағыш болса кімнен көресін?» [1, 331б.]. Бұл жерде Абайдың қазақтың ұрпақты болудағы және оны тәрбиелеудегі арманның тім төмен екендігін аяусыз шенеп отыр, бұл сынның бүгінгі таңда да тәжірибелік маңызы зор.

Абай және сол дәуірдегі отағаларын ұрпақтарына жаңа заман білімін үйретуге үндеп: «Турасын ойлағанда: балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да орыстын ғылымын үйрет», [1, 350-360 б.] - деп кеңес береді. Де­мек, Абайдың ұрпақты болудағы патриархарлық танымды сынап, адамдардың біліми сапасын жоғарлату жөніндегі бұл идеясының тарихи маңызымен қатар, оның жалпылық сипат алатын реальдық маңызы да ерекше.

4. Абайдың еңбек көзқарасы

Абай еңбек адамды байытады, бақытқа бөлейді, қылмыс жасаудан сақтандырады деп қараған. Сондықтан ол сол қоғамдағы байлық, кедейлік сынды теңсіздік мәселеге тоқталғанда: «жақсылықты, жамандықты жаратқан құдай, байлықтан кедей қылған құдай емес. Байлықты, кедейлікті жазған құдай, байлықтан кедей қылған құдай емес деп танып ұқсаң болады, болмаса жоқ», [1, 383 б.] - деп жауап берген. Абай жақсылық пен жамандық, кедейлік пен байлық өзара тәуелдес өмір сүреді. Бірақ шынайы өмірдегі жақсылық пен жамандық, кедейлік пен байлық жаратушыдан болып отырған жоқ, қайта адамдардың еркімен болып отыр деп таныған. Оның бұл көзқарасы төтенше дұрыс. Абай обьективті түрде күрделі қоғамдық мәселеге талдау жасау арқылы адамды адам қанап отырған құбылысты танып білген. Ол: «Адамға халінше ықтысади (экономика) болмақ қарыз іс. Бірақ өзгелердің ықсатына сүйенбек дұрыс емес», [1, 383 б.] - деп атап көрсетеді. Абай адамды адам езуге қарсы болған, ол әрбір адам халінше ықтысат ұстауды қуаттаған. Сонда да ол адамды адам қанау құбылысын қоғамдық тап, таптық қатынастар тұрғысынан қарастырмайды. Ол қанаушы таптар өмір сүріп отырған, әділетсіз, құқықсыз қоғамдық жағдайда жүзеге асуы қиын идеяны ұсынады. Ол: «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей ізденсе, ретін тауып істесе, кім бай болмайды», [1, 332 б.] -деп санайды.

Абай көптеген қоғамның дамуына үйлесетін өте құнды дәріптемелерін алға қойған. Ол былай дейді: «Хош, сүйтіп ақыл, амал таптың, сол малды сарып қылып ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң балаң тапсын. Ғылымсыз ахрет те жоқ, дүние де жоқ» [1, 332 б.]. Басқа сөзбен айтқанда, Абайдың ғылым табу дегені - өндіргіш күшті дамыту дегені. Сондықтан ол «Ғылымсыз ахретте жоқ, дүние де жоқ», - деп кесіп айтып отыр. Өйткені ғылыми-техника қоғамдық өндіргіш күш. Егер қоғамдық өндіргіш күш дамымаса, әрқандай істердің дамуы мүлде мүмкін емес. Сондықтан Абайдың қоғамдық байлықты қоғамдық өндіргіш күшті дамытуға жұмсау идеясы – мәнгілік маңызы бар аса құнды идея болып табылады.

Абай байлықпен ғылыми-техниканың қатынасын дұрыс шешкен. Ол: «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз. Мал мен ғылымды кәсіп қылмақпыз. Өнер өзі де мал. Өнер үйренбек өзі де ықтысат», - дейді [1, 383 б.]. Бұдан Абайдың байлық - экономикалық идеясын тануға болады. Абай ғылыми-техника дамымай отырған қоғамда байлықпен ғылыми-техниканың қатынасын жоғарғыдай дұрыс шешуі, ғажайып саналады. Оның бұл идеясының қоғамның алға басуына белсенді рөл ойнайтындығы ақиқат.

Абай қоғамның дамуына кері рөл атқаратын теңгермешілік идеяны қатаң сынаған. Теңгермешіліктің қоғамға тигізетін зардабын да терең ашып көрсетіп берген. Ол былай дейді: «Қазақтың бір мақалында өнер алды бірлік, ырыс алды тірлік» дейді. Ол бірлік қандай елде болады? Қайтсе тату болады? Білмейді. Қазақ ойлайды: Бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім - дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян? Ағайын құрмай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік ғылымда, бірлік малға бірлік емес, малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқа да жалындап бірлік қылады. Бірақ малға сатылған антұрғанның басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек. Сонда әркім несібесін құдайдан тілейді. әйтпесе құдайдан іздемейді, шаруа іздемейді. Әуелі бір-біріне пәле іздейді. Әйтеуір бірін бірі алдаудың амалын іздейді», [1, 326 б.] - деп атап көрсеткен. Абай басқаларға мал - дүние беру арқылы онымен бірлік жасауды жақтамаған. Қайта, ғылыми негізде бірлік жасауды немесе принципті бірлік жасауды қуаттаған. Абайдың бұл идеясының бүгінгі таңда да тәжірибелік, тәрбиелік маңызы зор.

Абай қазақ халқын кедейліктен құтылдыру үшін жалаң мал шаруашылық өндіріс түрін өзгертуді атап көрсеткен. Ол: «Егер де мал керек болса, қолөнер үйрену керек. Мал жұтайды, қолөнер жұтамайды», [1, 362 б.] - дейді. Абай өзінің осы көзқарасын жастарға сіңіруді көздеп:

«Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сенде бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тапта бар қалан», [2, 207- 208 б. ] - дейді.

Сондай-ақ ол:

«Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей бәйге алма», [2, 207- 208 б.] - деп ескертеді. Демек, Абай жастардың қоғамға пайда жарататын өнер үйренулерін дәріптеумен қатар, олардың пайдакүнемдікке, мақтаншақтыққа салынбауын талап еткен.

Абай еңбекші халықты қатты ұнатқан. Ол адамдардың айналысқан еңбек сипаты мен қоғамға қосқан үлесіне қарай отырып, адамдарға парықты мәміле жасаған. Ол: «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан, қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол», [1, 362 б.] – дейді. Абай бұл жерде қарапайым мал шаруашылықпен шұғылданған еңбекшілермен біршама күрделі қолөнер жұмыстарымен айналысатындарды айырып қараған. Оның «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық», [1, 369 б.] – деуі сондықтан. Біз бұл жерде Абайдың ақыл-ой еңбегімен елеулі нәтиже жаратып, елден асқан қарапайым қараны ең жоғары бағалап отырғанын көреміз. Өйткені ол «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық», [1, 369 б.] - деп санайды. Абай бұл арада жасын бұлдап қамқорлықты ғана талап ететін кәрілер, еңбек істеп қоғамға байлық жаратып отырған балаларға жетпейді деп қараған. Жоғарыдағы мысалдардан, Абайдың еңбек күшін сатқан қаналушыларды жақтап отырғанын байқаймыз. Сондай-ақ, Абайдың қоғамдық әрекетте барған сайын еңбекші халыққа жақындаса түскендігін және еңбекші халықтың мүддесін қуаттағанын көреміз. Абай: «Сенің де ісіңнен көпке пайда боларлық бір үмітті іс болсын, бұларсыз іс - іс емес», [1, 386 б.] - деген. Осы идея негізінде ол пайдакүнемдік, өзімшілдікті өткір сынайды: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі оттаған хайуанның бірі боласың», - [1, 386 б.] - деп атап көрсетеді.

Қорытып айтқанда, Абайдың еңбек идеясының түйіні – халық үшін, жалпы адамзат үшін қызмет ету болып табылады. Сондықтан ол адамзат тіршілік қимылының мақсатына тоқталғанда:

«Малда да бар жан мен тән,

Ақыл- сезім болмаса,

Тіршіліктің несі сән

Тереңге бет қоймасаң?», [2, 288 б.] - деп тұжырымдаған. Абайдың мал мен адам тірлігін тең қоя сөйлуінде терең мән бар. Абай адам ақылмен хайуанаттан ерекшеленеді екен, тек заттық тұрмысты ғана ойлап қалмастан, рухани тұрмысты да байыта түсу керек деп қарайды. Ол адамзаттың тұрмыстық қимылы (өндірістік қимылы) адамдар тұрмысын үздіксіз жақсартуды өзек ету керек, болмаса тіршіліктің (өндірістік қимылдың) сәні болмайды деп қараған. Абайдың бұл ойының да ерекше идеялық маңызы бар.

5.Абайдың қоғамдық көзқарасы

Абайдың қоғамдық көзқарасы – шынайы қоғамдық құбылысты сынау және оны өзгертуден құрылған. Абай қазақ үстем таптарының ұлттық намыскорлық дәстүрінен айырылып, патшалық Ресейге ұлт мүддесін саудалаған арсыздық әрекетін қатаң шенеумен қатар, патшалық үкіметтің отарлық үстемдігінің қазақ халқына тигізген зардабын жеріне жете әшкерелеп мінейді. Абай: «Біздің ата - бабамыздың бізден артығы намысқор келді екен. Бұларда арлық, намысқорлық, табандылықтан келді екен. Бұлардан айырылдық», [1, 270 б.] - дейді. Сондықтан ол қазақ үстем таптарының арсыз әрекетін:

«Қара қарға сықылды шуласар жұрт:

Кім көп берсе, мен соған серт беремін деп», [1, 16- 17] деген сөзбен түйіндейді.

Абай патша өкіметінің қазақ хандық жүйесін жойып, жоғары жіктерден аға сұлтандар сайлау арқылы жүргізген

отарлық саясатының қазақ қоғамына тудырған зардаптарын әшкерелейді. Ол:

«Орыс айтты өзіңе ерік беремін деп,

кімді сүйіп сайласаң бек көрем деп.

Бұзылмаса оған ел түзелген жоқ,

Ұлық жүр бұл ісіңді жек көрем деп» [ 1, 16-17].

Абай патша өкіметінің отарлық басқару жүйесінің қазақ қоғамында атқарып отырған кері рөлін тереңдей әшкерелеп: «Үш жыл болыс сайланды. Әуелгі жыл сені біз сайламадық па? деп елдің бұлданғанымен күні кетті. Екінші жыл кандидаттармен аңдысып күні өтті. Үшінші жылы тағы да болыс болып қалуға мүмкін болар ма екен деп қапалақтап күн өтті. Енді несі қалды. Осы қазақ халқы осындай жылдан- жылға төмендеп, бұзықшылыққа тартып бара жатыр. Ол мал көбейсе малшыларға бақтырмақ. Өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ.

Осылар бір- біріне достық ойлай ма? Кедей көп болса ақысы кем болар еді. Малдан айырылғандар көп болса қыстау көп болар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелі ішімізден қастық сағындық, әрі берден соң сыртымызға шықты. Жауластық, дауластық, болысқа таластық.

Ал болыс болғандар өздері қулық, арамдықпен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді. Өздері арам қуларды қадірлейді» [1, 327 б. ]. Абайдың бұл сынынан оның сол дәуірдегі қоғамды сынау идеясын, сондай-ақ қалың халық бұқарасының түбірлі мүддесіне дәріптеген саяси сипаты ашық ой-пікірін аңғарамыз.

Абай қоғамды әшкерелеп сынаумен қатар, сол қоғамды өзгерту жөнінде бір қатар дәріптемелерін де алға қойған. Ол патшалық Ресейдің отаршылдары мақсатты түрде қазақ жоғары жіктері арасынан бақ, мәнсап таласын қоздыру арқылы, өздерінің отарлық үстемдігін бекімдеуді көздеген мақсатын жете түсінген. Сондытан ол: «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің «жеті жарғысын» білмек керек, егер бұлар үйлеспесе, оның орнына татымды толық билік шығарып, болыстардың жаманшылығы, асқаны түссе, әйтпесе түспес», [1, 322 б.] - деген ұсынысын алға қойды. Әрине, Абай ұсынып отырған қазақ феодал заң-жарлықтары арқылы сол қоғамның күрделі мәселелерін түбегейлі шешу қиын еді. Бірақ бұл идеяның сол кездегі бақ, мансап талас күресін бәсеңдетіп, халықты береке-бірлікке келтіріп, орыстың отарлық саясатының қазақтар арасындағы қырқысын тежеп, өндіргіш күшті дамытуға белсенді рөл ойнағаны сөзсіз.

Абайда да «Оқу-ағарту бәріне жеткізеді» деген көзқарас болған. Ол білім, тәрбие, ақыл арқылы қара түнек заманды өзгертпек болады. Бірақ ол өзінің ағарту тәжірибесінен бұл идеясының жүзеге аспайтындығына көз жеткізген. Абай сол қоғамның дағдылы күштері мен әртүрлі адамдардың психологиясына терең талдау жасағаннан кейін мынадай қортындыға келген:

«Біреуі болыс, біреуі би, олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Ұлтымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақылылығымызды білдіріп аламыз ба немесе халқымызды бүліндіріп аламыз ба немесе өзімізді шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба деген ниеттің бәрі басында. Байлар өздеріне жоқты малмен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда. Адамдық, ақыл, ғылым ешнәрсе малдан қымбат демейді. Енді ұры - залым, сұм, сұрқия өздері де тыңдамайды. Онша-мұнша қой жүнді, қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналардан алып тұрғанда, білім-ғылымды не қылады. Және де білім- ғылымның керегі жоқтай, бізді не қылсаң, ана сөзді ұғарларға айт дейді. Оның өзгемен ісі жоқ» [1, 322 б.]. Шындығында, дәл осылай болғандықтан Абайдың ағарту, ақыл-тәрбие арқылы заманды өзгертпек болған әрекетінен өзі ойлағандай нәтиже шықпайды. Сондықтан ол:

«Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тілімді алмас,

Көп наданнан түңілдім.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым - тап шыным», [2, 149 б.] - деген болатын. 

Сонымен ол өзінің қоғамды өзгерту әрекетіне тоқталғанда:

«Менсінбеуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор түтіп.

Түзетпек ем заманды,

өзімді тым-ақ зор санап,

көнбеді ешкім сөзіме

Әдетінде қасарысып», [2, 99- 101 б.] - деген қортынға келеді. Бұлар Абайдың сол замандағы адамдарды өзгерту әрекетінің нақтылы қортындысы болып табылады. Бірақ Абай оқу-ағартудың рөлін жоққа шығармайды. Ол сынап отырған «надандар», «тіл алмастар» жалпы халық бұқарасын қамтымайды, олар тек қоғамдағы кейбір тоғышарлар мен жалқаулардың құбылысы ғана.

Абайда қоғамдық жағдайды негіз еткен білім беру теориясы бар. Бұл да оның идеясының жауһары болып табылады.

Абай барлық адамдардың дүниетануға уағыздайды. Ол: «Дүниенің көрінген, әм көрмеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды», [1, 327 б.] - деп санайды. Бұл Абайдың тәжірибе барысында білім алу, дүниетану көзқарасы. Абай естілік (талант) мәселесіне төмендегідей дұрыс анықтама берген: «Адам ата-анадан туғанда есті тумайды. Естіп, көріп, ұстап, танып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танудағы сондайдан білгені, көргені көп болған кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» [49]. Нақтылап айтқанда, Абай естілердің, таланттылардың білімдері тәжірибеден келеді деп қарайды. Сондай- ақ Абай меңзеп отырған есті, талантты адамдар - ақиқат пен жалғанды парықтай алатын, дән мен қауызды айыратын талғампаз кісілер.

Абай: «Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол көп жинағаны бар адам. Сынап, орынсыз, орындысын қарап табады. Бұндай естіп білу харақетке түскен адамды ақылды дейміз», [1, 534 б.] - деп атап көрсетеді. Бұдан Абайдың білім көзқарасының тәжірибені негіз еткенін байқаймыз. Абай сезімдік танымды ақлиялық танымға көтеруді, сондай-ақ әр қандай іске кез келгенде ақылмен талдау жасауды, түйсікпен іс көруді, үлкендердің, байлардың сөзіне сене салмауді баса дәріптейді.

«Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз

ақсақал айтты, бай айтты,

кім болса мейлі, сол айтты,

ақылменен жеңсеңіз», - [1, 342 б.] дейді Абай. Бұдан Абайдың мәселені дербес ойлауды жақтайтындығын, көзсіздік пен сенгіштікке қарсы екенін аңғарамыз.

Абай диалектикалық көзқараспен дүниеге қараған. Ол дүние үздіксіз дамып өзгеріп отырады деп санайды. Ол: «Дүние бір қалыпта тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдай тағала бір қалыпта тұрмақты берген жоқ, енді көңіл қайдан бір қалыпты тұра алсын», [1, 344 б.] - дей келіп, «мен егер закұн қуаты қолымда бар кісі болсам: адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», [1, 368 б.] - дейді. Демек, Абай қоғамның үздіксіз дамып отыратынын, адамдардың танымы соған ілесе тереңдей түседі деп санайды. Сол негізде ол халық бұқарасы күндердің бірінде сол қара түнек теңсіз қоғамды өзгертеді деп сенген. Сондықтан Абай халық бұқарасын өмірдегі мехнатқа мойымауын, болашаққа сенім байлауын талап еткен. Ол: «Жамандықты кім көрмейді. Үміт үзбек қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандықта қайдан баяндап қалады дейсің, қары қалың қыстың соңынан көгі қалың төлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», [1, 368 б.] - деп болашаққа зор үмітпен қарайды. В.Ленин: «Белгілі бір мемлекет ішінде еркіндік қаншалықты аз болған сайын әшкере таптық күрестің бейнесі де соншалық әлсіз болады», - деген [3]. Абай өмір сүрген дәуірде таптық күрес немесе ұлт-азаттық күрес бейнесінің әлсіз болғаны – отарланған Қазақстанда еркіндіктің жоқтығының табиғи көрінісі еді. Алайда Абай қоғамның дамуы тұрғысынан халқының болашағына шексіз сенген және зор үміт артқан.

Қорытынды

Біз жоғарыдағы пайымдаудан Абайың әлеуметтік идеясында, қара түнек қоғамды жеріне жеткізе әшкерелеу, сындау, өзгерту және бүкіл адамзат үшін қызмет істеу сынды үлкен идеялық жүйенің жатқандығын анық байқаймыз.

Абай алға қойған бірқатар қоғамдық дәріптемелер негізінен қоғамның дамуына үйлеседі. Абайдың ағарту көзқарасындағы шетелдің залалынан қашық болу, ұлттық дербестікті сақтау, өз ұлтын дүниежүзіндегі дамыған ұлттардың қатарына қосу үшін шетелдің ғылым-техникасын үйрену идеясы; ақиқатты ашу, мәселені шешу сынды үйрену идеясын қалыптастыру көзқарасы; бұқаралық ғылыми талқы арқылы ғылым-техниканы дамыту идеясы; ахылақ көзқарасындағы байлықты ата-анадан артық көруді сынау идеясы; жақсы адамдармен салыстырып алға басу идеясы мен өзара жауапты болу идеясы; ұрпақты болу көзқарасы, патриархалдық дәстүрлі ұрпақты болу көқарасын сынау және адамдар сапасын жоғарылату идеясы; еңбек көзқарасындағы: халық бұқарасы - адамзат үшін еңбек ету идеясы мен халық тұрмысын үздіксіз жақсарту идеясының бәрі де тәжірибелік маңызы зор, мәңгілік құнын жоймайтын ой-пікірлер.

Абай феодал ақсүйек отбасынан шыққанымен, ол қалың халық бұқарасының мүддесін көздеді, еңбекші халыққа жан ашыр болды, қарапайым шаруалардың түбірлі мүддесіне өкілдік етіп, патшалық Ресейдің отаршылдарымен, өз ұлтының қанаушыларымен және барлық дағдылы сұрқия күштермен қарама-қарсы күрес жүргізді. Абайдың жүргізген қоғамдық қызметі мен оның идеялық жүйесі негізделгенде, оны еңбекші халықтың, жалпы адамзаттың ойшылы деуге әбден болады.

Әрине, Абайдың идеясында да әлем ойшылдарында болатын кейбір біржақтылықтар байқалады. Англияның қияли комунизмшілі Роберт Овен сияқты, Абайда да білім тәрбие мен ағарту бәрін шешеді деген көзқарас болған. Білім беру, тәрбие, үгіт-насихат арқылы қоғамды өзгертпек болды. Ол қоғамдық қанауды немесе кісі ақысын қымқыруды жек көрді және оған қарсы болды. Бірақ оны таптық қатынастармен байланыстырмады, таптық күресті көтермеді, зорлықты қимыл - төнкерістік тәсілмен сол қоғамдық жүйені өзгертуді дәріптемеді.

Абай бір кемелді қоғамдық идеяны алға қойды, бірақ ол сол қоғамды өзгерткен соң қандай жүйедегі қоғам құру мәселесін жүйелі қарастырған жоқ. Бұны оның сол дәуірдің тарихи шектемеге ұшырауының көрінісі деп түсінген жөн. Алайда Абай өмірсүрген ХІХ ғасырдың соңғы жартысы мен ХХ ғасырдың басы Қазақстанда патшалық Ресейдің дамыған, отарлық билігінің шарықтаған кезі еді. Бірақ қазақтың әлеуметтік өндіргіш күші дамымады, елдің сана-сезім деңгейі көтерілмеді. Сондықтан озық идея өкілдерінің ой-пікірлерін жалпы халық түсініп қабылдай алмайтұғын. Сондықтан Абай сол дәуірде қоғамды өзгертудің бірден-бір әдісі болып саналған қарулы төңкеріс тәсілін қолдануды дәріптемеді. Бұның өзі Абай ұл гуманист екендігін, сондай-ақ оның идеясының орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой ойымен тоғысып жатқандығын көрсетеді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Совет ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесі. «Абай Құнанбаев шығармаларының толық жинағы». -Алматы: Қазақ бірлескен мемлекет баспасы. -1945 (Қазақша басылуы). - 346 б.

2. «Абай Құнанбай ұлы». – Бейжиң: Ұлттар баспасы. -1980. - 71 б.

3.«Ленин мақалалар жинағы» Ханьзуша басылымы. - Бейжииң. -1975. - 812- 813 б.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ

Тарих ғылымдарының докторы, прфессор

Бұл мақала алғаш қытай тіленде жазылып «Орталық Азия зерттеу материалдары /中亚研究资料Үрімжі (ҚХР)1983 . № 4, 32-42 б. жарияланған.

Ағымдағы дереккөз: Автордың "ІЗДЕНІС: ТАРИХ ЖӘНЕ ЗАМАНА" атты жинағы

             Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Кемеңгер Кекілбаев кеңістігі
    Алтын Орда Италияға астық сатып тұрған – татар тарихшысы