Ұлыбританияда қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жаңа жинағының онлайн тұсаукесері өтті, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Кітаптың басты ерекшелігі ұлы ойшыл еңбектерінің қазақ тілінен тікелей, түпнұсқаға барынша жақын аударылуында. Бұған дейін Абайдың өлеңдері мен қара сөздері орысшадан тәржімаланған болатын.
Жобаны Ұлттық аударма бюросы және әлемге әйгілі Кембридж университетінің баспасы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырып отыр. Тұсаукесер Британиялық ұлттық кітапханада өтеді деп жоспарланған болатын. Бірақ Англияда екінші жалпыұлттық локдаунның жариялануына байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Абай еңбектері бұған дейін Кеңес идеологиясына сәйкес, ішінара ғана және орыс тілінен тәржімаланып келген болатын. Енді ол барынша толық және өз мәнін жоғалтпаған ерекше жинақ ретінде тарихта қалмақ.
Шарада сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, ағылшын тілі миллиардтан астам адамның ортақ тілі. Абайдың толық шығармалар жинағының ағылшын тіліне аударылуын ақын шығармалары миллиард оқырманға ұсынылды деген сөз.
Ұлттық аударма бюросы тәржіма ісіне британиялық тәжірибелі аудармашыларды тартқан. Соңғылары қазақшадан тура аударылған мәтінді ағылшынның әдеби тілінде сөйлеткен. Аудармашылар алдымен ұлы ақынның шығармашылығын терең зерттеп, оның тұңғиығына бойлағандарын айтады.
Британиялық танымал аудармашы әрі ақын Шон О’Брайеннің пайымдауынша Абай өлеңдеріне ағылшын тілінде жан бітіру оңайға түспеген. «Аударманың сәтті шығуы үшін кәсіби күш-жігерімді аямадым. Әуезділігін, мәнін толық жеткізе білу, сөйлем құрылымын сақтау, драматизмді ұстану, бәрі-бәрі мен үшін өте маңызды болды», -дейді О’Брайен.
Кембридж университеті баспасының басшысы Питер Филлипс: «Бұл жобаны жүзеге асыра отырып, қазақстандық серіктестерімізбен бірге жаһандық аудиторияға қазақтың бай мұрасын жеткіземіз деген үміттеміз. Жинаққа ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы және Қара сөздері енгізілген», деді.
Бұл коммерциялық жоба емес және пайда табуды көздемейді. Әзірге шектеулі тиражбен шығарылатын кітаптар Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ықпал етуімен жергілікті университеттер мен кітапханаларға таратылатын болады. Бұдан бөлек оны онлайн да оқу мүмкін болмақ.
Автор Ғалымжан Қараманұлы
дереккөз: "ҚазАқпарат"