Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында «Орбұлақ шайқасының» 376 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдығына орай тағылымды шара өтті. Бұл шараға 5000-нан астам адам жиналып, өткеннен тағылым алып, келешекке кемел ой түйді. Осы ұлан-асыр думанға біз де қатысып қайттық. Басында тарихи қойылымды тамашалаймыз деген ой болып еді. Талдықорған атшабарында өткен мерекелік шараның ұрпаққа өнеге болар сан қырлы тұсына куә болып, көңіл сарайымыз кеңіп қайтты. Әсіресе, еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған қолөнер шеберлерінің өнеріне тәнті болдық. «Ел іші – өнер кеніші» дегенді аталарымыздың тегін айтпағанын осыдан білдік.
Сол қатарда Талдықорғанда бір әулеттің жеті атасының мұрасын мәпелеп сақтаған Әуесхан Мажайқызы деген ұқыпты да көргенді, ата дәстір мен салт-санаға, әдет- ғұрыпқа аса бір ыждағатпен құрмет ететін ұлағатты апаны кездестірдік. Қытайдан көшіп келгеніне көп болмаса да ол кісінің сақтаған мұралары көптігімен де, көріктілігімен де, бізге беймәлім өткен күндердің тарихын түгендеп берген құндылығымен де бағалы.
Ол мұралардың ішінде осыдан үш жүз жылдың алдындағы аталарымыз тұтынған тұрмыстық бұйымдар мен шеберлер мұрасынан тартып, бүгінгі күннің болашақта жәдігерге айналар асыл қазыналары толып тұр. Айта берсек, қазан-ошақ, самаурын, келі-келсап, қазан, мосы, астау, тегене, қасық, шөміш, пышақ, қысқаш, тоқылған ши, аттың қылынан өрілген арқан, тағы басқа да тұрмыстық бұйымдардың түр-түрі көз сүріндіреді. Олардың қатарында Солтангелді бидің күмістелген ер тоқымы, Ұлтарақ батырдың кісесі, Жансарбай емшінің емдеу құралдары, Омарақын зәңгінің белбеуі, бір ғасырдан астам тарихы бар мұйық, түскиіз, ақ киізден сырып жасаған қалпақ, көрпенің тысы, кимешек-шылауыш, қыздар тағатын әсемдік бұйымдар, үкінің қауырсыны, жібек жіп, ағаштан оюлап жасалған түйме, іс тігуге арналған сонау ХІХ ғасырда Ресейде жасалған зеңгір мәшинасы өте бір ұқыптылықпен сақталған. Ал ертоқым, жүген, ноқта, құйысқан, өмілдірік, қамшы, кісен секілді ат әбзелдірінің өзі бір төбе. Төрт, алты, сегіз, он екі өріммен өріліп, күміс жалатылып, түрлі асыл тастардан көз салынып, безендірілген ат әбзелдері мен айыл-тұрманның шебердің қолынан шыққан сирек кездесетін өнер туындысы екендігі бесенеден белгілі. Бүркіт ұстайтын тор, жемсау, қолғап, тұғыр, сияқты аңшылыққа пайдаланатын құрал-саймандар да бүгінгі ұрпаққа таңсық дүниелер. Емшілікке қолданылатын қорғасын, кепіреш, дәрілік шөптерді үгітетін кішкентай келі, денедегі арам қанды тазалауға арналатын лоңқа, сиырдың мүйізінен оюлап жасалған бүлдіргі ата-бабаларымыздың халықтық медицинаны хал-қадірінше өркендеткенін аңдатып тұр.
Қысқасы, Әуесқан Мажайқызы аса бір ұқыптылықпен аялап, сақтап, бүгінге жеткізген 500-ге жуық жәдігердің әрбірі халқымыздың өткен өміріне терең бойлап, тұғыры биік көшпенділер өркениетінен сыр шертіп тұр. Тағы бір айта кетерлігі, ол мұралардың әрбірінің өз тарихы, өткеннен сыр шертер құпиясы бар екен.
Қ. Омарақын
Суреттерді түсірген: Т. Құрметұлы
Jebeu.kz