Таяуда Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы Асқар Маминге Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге және оған дайындалуға қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Осыған орай, яғни депутаттық сауалға Үкімет басшысы жауап берді.
Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге және оған дайындалуға қатысты сіздің депутаттық сауалыңызды қарастырып, келесіні хабарлаймын.
Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі. Онда археологиялық, реставрациялық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, «Алтын Орда» экспедициясын өткізуді қарастыратын бірқатар іс-шаралар жоспарланған.
Сіздің ұсыныстарыңыз аталған жоспар жобасында өз көрінісін тауып, бүгіннен бастап олар бойынша жұмыс басталды.
Бірінші. Жақын арада өтетін Нұр-Сұлтан қалалық ономастикалық комиссиясының отырысында елорда көшелерінің біріне Жошы ханның атын беру және ескерткіш орнату мәселелері қарастырылады.
Екінші. Қарағанды облысының әкімдігі 2020 жылы Қарағанды қаласында Жошы ханға ескерткіш орнатуды ұсынып отыр. Сонымен қатар Ұлытау ауданында Жошы ханға ескерткіш орнату мәселесін қарастыратын болады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №360 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстанның өңірлік деңгейдегі туристік картасының (ТОП-50) объектілерінің тізімі көзделген. Аталған тізімде «Ұлытау» тарихи-мәдени кешені белгіленген, онда жылына шамамен 10 000 адамды қабылдай алатын көрнекі орындар, туристік бағыттар мен музей бойынша экскурсиялар туралы ақпаратты қамтитын туристік қызметтер ұсынылатын болады. Кешенге Алтын Орда кезеңіне жататын Жошы хан, Алаша хан және Домбауыл кесенелері кіреді.
Үшінші. Мәдениет және спорт министрлігі ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу және Жошы хан мен Алаша хан кесенесінің аумағын абаттандыру мәселесін пысықтауда.
Мәдениет және спорт министрлігі Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп 2020-2022 жылдары қосымша бірқатар археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, ғылыми-зерттеу және басқа да жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Төртінші. Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін дамыту үшін алдағы жылы «Алтын Орда» экспедициясын өткізу, Ұлытау өңірінде республикалық маңызы бар Алаша хан, Жошы хан, тарихи және мәдени ескерткіштерінің аумағында визит-орталығы мен этноауыл құру жоспарлануда. Туристік маршруттар мен соқпақтар әзірленіп, кемпингтік тұрақтар, туристерге баратын жерлерде санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылады.
Қарағанды облысының әкімдігі Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Арқалық қалалары мен Ұлытау ауданы орталығы арасындағы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Алматы – Жезқазған, Шымкент – Жезқазған бағыттары бойынша әуерейстерді іске қосу мәселесі пысықталуда.
Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Ұлытау өңірінің тарихы мен мәдениеті кесенелерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізу мәселесін пысықтауда.
Баяндалғанның негізінде Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында, делінген Премьер-Министрдің жауап хатында.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
Дереккөз: «Egemen Qazaqstan»