Қабанбай шоқысы

Уақыты: 2020-05-30 Көрлімі: 3530 Сипаттама

Көзі тірі классик Қабдеш Жұмаділов ағамыз “Ерін елі ұмытса да, жері ұмытпайды” деген...


1e953bd7-29de-4a5f-a573-35b76415683e.jpg

 

   Көзі тірі классик Қабдеш Жұмаділов ағамыз “Ерін елі ұмытса да, жері ұмытпайды” деген бір қанатты сөз айтқан еді. Ел мен жердің тарихын еске алып, өткен-кеткенді сараптағанда осы сөздің дұрыстығына тіпті де көзің жете түседі.

   Қарадан шығып хан болған, үш жүздің әскерінің бас қолбасшысы Қабанбай батырдың ерлікке толы өмірі бұл күнде көптеген көркем шығармаларға арқау болды әрі ел арасында әдемі аңыз-дастандар тарап жүр. Теңіз жолы ашылып, от қару ойлап табылған соң, бастарынан бағы тайып қиянды бағындыра алмай өзара қырқысқа көшкен Алтын орда империясының екі жұрнағы Қазақ хандығы мен жоңғарлардың ұзақ жылғы соғысында Қазақ елінен Әбілхайыр мен Абылай ханның айналасында Қабанбай, Бөгенбай бастаған батырлар шоғыры қалыптасты. Кейін Ресей, Цинь отарына айналса да Қазақ елінің осы батырларға деген құрметі, сүйіспеншілігі шексіз болды. Көптеген жер-су аттары осы кісілердің аттарымен аталды. Әсіресе, бас қолбасшы Қабанбай батырдың Арқа мен Жетісу даласында аспаған асуы, кешпеген өзені жоқ шығар? Атының тұяғы тиіп, жебесінің ысқырығы естілген өңірлерде көптеген естеліктер мен ескерткіштер қалғаны сөзсіз. Бірақ, береке кетіп, басқа ноқта түскен жылдар да соның көбі ұмытылды немесе ұмыттырылды.

   Дегенмен бізге жеткен бір шың бар. Ол – қазіргі ҚХР ШУАР-дың Іле қазақ облысы, Тоғызтарау ауданының Ағарсын ауылына қарайтын сол өңірдегі Тәңіртау слемі бойынша ең биік шыңдардың бірі саналатын Қабанбай шоқысы. 

  Аңырақай шайқасында қазақ қолынан күйрей жеңілген жоңғарлардың қалған шипасын сол кезде құдіретті империяға айналған Цинь патшалығы бітіреді. Қабанбай батырдың ең жақын серігіне айналған Есенкелді батыр бас қолбасшымен бүкіл Жетісу даласын азат еткен соң, руын бастап Аякөзден Алакөлге дейін жағалай қоныс тебеді. Жылжи-жылжи жоңғардың ордасына айналған Барлық тауы мен Еміл өзеніне ірге теуіп, біртіндеп Сатылы, Көрсай, Талқы асулары арқылы үш жақтан иең қалған Іле аңғарына келіп қоныстанады. Төрт маусым айқын, түгін тартсаң май шығатын, ежелден ұлыстар мен хандықтардың ордасы болған қасиетті мекенге қайта оралған ру ақсақалдары мен батырлар ұрпақ қамымен, ұлт болашағын ойлап біршама маңызды шешімдер шығарады, соның бірі жер-судың есімі болса керек.

   Сонымен теңіз деңгейінен биіктігі 4257 метр, жазда -10-12°C градус, қыста -38-40°C градус болатын Іле өңіріндегі ең биік шыңға үш жүздің бас қолбасшысы, Есенгелді батырдың досы, қимас жұрағаты Қабанбай батырдың есімі беріліп, алыс-жақынға айбатын асырып, ақылын асырса керек. Өйткені айналада, сай-салада жоңғардың қалдық күштері әлі де бар еді.

  Ел арасына кең тараған бір әңгімеде бір жолы Қабанбай батыр Есенгелді батырдың ауылына түнеп жатқанда батырдың әйелдерінің бірі аман-есен қол-аяғын бауырына алып, қошқардай ұл табады. Мұны жақсылыққа жораған Есекең “Батырекесі, құтты қонақ келсе қой егіз табады деген, нәрестенің атын өзіңіз қойып беріңіз” дейді. Сонда Қарекең “Көтере алса Қабанбай, көтере алмаса Жаманбай болсын” деген екен. Құдайдың құдіретімен батырдың шарапаты тиіп, десі дарыған осы ұл кейін рулы елге айналып, батырлар мен билер құйрық тістесіп шығады. Манчжур империясы құлаған соң, алман-салықты ауырлатып, жергілікті халықты қан қақсатқан Күре үкіметінің бас ауруына айналған Есбосын батыр, 1944 жылы Нылқының Ластайында үш аймақ төңкерісінің алғашқы оғын атқан ағайынды Әкпәр мен Сейттер батырдың атын көтеріп, аманатын арқалап жүрген Қабанбай руынан тарайды.

   Іле өңіріндегі ең биік өңір саналатын Моңғолкүре ауданының кер жайлауында Аттың тауы деген жер бар. Жергілікті халық осы тауды да батырдың тұлпарымен байланыстырып, әдемі әңгімелерді шертеді. Бала кезімізде басынан бұлт арылмайтын, қысы-жазы ақ қар, көк мұз құрсанып жататын, найзадай тік шыңға қарап әдемі ертегілер тыңдап өстік. Кәриялар айтатын “шыңға шықсаңыз, батырдың шай қайнатып ішетін тас ошағы, Қубас аттың тас оқыры әлі сақтаулы” деп. Батыр Қубас атын мініп, бес қаруын асынып шыңға желе жортып шығып, айналасын алақанға салғандай көреді екен, мал өрісіндеме, қай жақтан шаң шығады міне мұның бәрі батырдың назарында болған деседі.

   Қабанбай шоқысынан кейін Бес мойнақтан асып бірнеше кезеңнен өрлесеңіз, Тоғызтараудың Амбы, Жамбы, Сартөр деген кер жайлауына барып тірелесіз. Ар жағы Байынғұл Моңғул облысының шекарасына жалғасып келеді. Шоқының екі жағына Іленің шығыс бес ауданы қапталдай орналасқан. Міне осыдан-ақ батырдың аты берілген шоқының стратегиялық маңызын түсініп, бабаларымыздың ақыл-парасатына, ұзақты ойлайтын көрегендігіне тәнті боламыз.

   Содан бері қаншама жылдар аунап, ғасырлар алмасты, өзендер суалып, хандықтар жаңғырды. Байырғы төрт өркениеттің бірінің төрінде көшпелілер құрып, әлемді тітіреткен алып империя тарихқа айналды. Республика құрса да айналасын бірлікке келтіріп, халқының басын құрай алмаған Миньго үкіметі алақандай аралға барып пана тапты. Бірінен-бірі өткен қанішер үш милитарист кезек-кезек бұл өңірді дара билеп көрді. Билікті қарулы күшпен тартып алып, бүкіл елді бір қазаннан тамақтандырған, дәстүрлі мәдениетті, құндылықты мәнсұқтап, елді мекендердің атын өзгерткен қазіргі биліктің шектен шыққан кезінде де шоқының аты өзгерген жоқ. Батырдың аруағы демеп, елдің берекесі жол бермеген шығар. Найзадай шыңы күнге шағылысып, тәңірге біртабан жақындай түсіп ел-жұртының тілеуін тілеп тұрғандай. Шыңның етегінде Көлденең деген саяхат орталығында батырдың тұлпарына мінген еңселі ескерткіші тұр. Дәл осы жерде 1944 жылы Үш аймақ үкіметінің Тоғызтарау атты бесінші полкі жасақталған еді. Полкті жасақтаған кісі осы өңірдің тумасы, аудан әкімі кейін Іле аймағының орынбасар уәлиі болған, 1952 жылы жазықсыз жаламен атылып кеткен, Алаштың ардa азаматы Жанболат Сөртіұлы еді.                  

 

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ

Сурет тарихшы, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының фейзбук парақшасынан алынды. 2016 жылы Іле қазақ облысына сапары барысында түсірген. 

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Д. Абаев: Қолдан жасалған трагедия қазақ халқына орны толмас қасірет алып келді
    Ашаршылық, қуғын-сүргін және шетелдегі қазақтар