Қытай-Қазақ шекарасы және Қазақ ашаршылығы

Уақыты: 2020-05-31 Көрлімі: 1933 Сипаттама

1930 жылдың қазан айында, қыстың алғашқы қары қашыққа сапар шегу мүмкіндігін азайтқан ке...

028a4342-ef76-4418-a64b-11a88991fc39.jpg

1930 жылдың қазан айында, қыстың алғашқы қары қашыққа сапар шегу мүмкіндігін азайтқан кезде, қазақтар мен дүнгендерден (Қытай мұсылмандары), сондай-ақ еуропалық Ресейден келген адамдардан құралған және әртүрлі шекаралас аудандардан жиылған қырық шақты отбасы кеңестік Қазақстаннан көшуге бел буды. Олар шығыста созылып жатқан қу мекен шөл далаға бет алды, одан өткен соң, Қытайдың Шыңжаң аймағында орналасқан Іле аңғарын көздеп жол тартты. Алыс та ауыр сапарға жиналған олар, Кеңес Одағында қалып бара жатқан отандарына енді қайтып оралмайтындарын сезіп, өздерінің ең құнды заттарын, оның ішінде жылқылары мен түйелерін (біріншісін көлік ретінде, екіншісін жүк тасымалы үшін)  алып кетулері керек еді. Ойлы-қырлы жерлерден өте алмайтын ұсақ мал - қой, ешкі және ірі қара мал жолға шығар алдында не сатылып, не сойылып алынуы тиіс еді. Олар шығыс Қазақстанмен жапсарлас жагырапиясы, мәдениеті және туыстық тығыз байланыстары бар қытай жеріне жеткен соң, сапарымыз аяқталады деп үміттенді. Сапардың таңдалған бағыты күрделі болса да, ғасырлар бойы маусымдық көші-қонмен айналысатын көшпенді бақташыларға таныс, пайдаланылып жүрген жол болатын.

Өкінішке орай, бұл көшті жоспарланғаннан мүлдем өзгеше тағдыр күтіп тұрған еді: Қытай шекарасына жақындаған кезде, оларды шекараға жақын орналасқан Текелі қаласынан бері өкшелеп келе жатққан қуғыншылар тобы оқ жаудырды. Тоғыз отбасы ғана құтылып, біршамасы қаза тауып, кейбірі тұтқынға түсті. Мемлекеттік қадағалау агенттігінің, яғни Республикалық   жұмысшы-шаруа тексерісінің Халықтық комиссариятының (НК РКИ) қысқаша мәлімдемесінде жергілікті құпия полиция (ОГПУ) лауазымдыларының орын алған оқиға жайлы қарама-қайшы ақпараттар ұсынғандығы атап өтілді. ОГПУ қызметкерлерінің көпшілігі көшпенділерге оқ атқан қуғыншыларды мемлекеттік шекара сақшылары деп таныстырды. Бір шенеунік он сегіз адамның, оның ішінде үш бала мен бірнеше әйелдің өлтірілгенін атаса, ал екіншісі он тоғыз адамның, яғни, оның ішінде үш бала және төрт әйел адамның қаза тапқанын атап көрсетті. Шнеуніктердің біреуі ол отбасыларынан бірнеше қару, атап айтқанда, үш мылтық пен бір қылыш тәркіленгені жайлы хабарласа, тергелген ОГПУ қызметкерлерінің барлығы бұл отбасылардың шабуылдаушыларға қандай да бір қарсылық көрсетуге қауқарсыз болғандықтарын атап өтті. ОГПУ шенеуніктерінің қашып кеткендерді іздестіру және соған байланысты болған зорлық-зомбылық деректері жайлы егжей-тегжейлі баяндамаларын қортындылай келе, НК РКИ баянатын былай деп жалғастырады: «Қаратал ауданындағы ОГПУ деректері бойынша, біріншіден, қашқындар тарапынан ешқандай қарсылық көрсетілмеген; екіншіден, өлтірілгендердің көбі кедейлер болған; үшіншіден, тірі қалғандар арасында біршама әйелдер мен балалар зорланған; төртіншіден, қаза тапқандар мен тірі қалған адамдарды тонау оқиғалары орын алған; Сондықтан бұл іс мұқият тергеуді қажет етеді» ОГПУ-дың жергілікті лауазымды тұлғаларының іле-шала жүргізген қосымша тергеу жұмыстары қаза болғандардың көбінің кедейлер мен ортанқол дәулеттілер екенін растауға мүмкіндік берді; ал дәрігер әйелдер мен балаларды қарап шығып, олардың көпшілігінің өлім алдында зорланғанын растады.

Қаратал қырғыны деген атпен танымал болған бұл уақиға, 1930 жылдардың басындағы Қытай-Қазақ шекарасында жаппай орын алған зорлық-зомбылық пен озбырлықтың бір ғана мысалы болып табылады. Қазақстанда жуықта ашылған мұрағат топтамаларында сақталған полицияның құпия мәліметтері, режим шенеуніктері арасындаға байланыс құжаттары және Шыңжаңдағы Кеңес консулдығының қызметкерлерінің жіберген мәлімдемелері қалың көпшілікке белгісіз деректердің бетін ашады: 1928-1933 жылдары Қазақстанда күннен-күнге өршіп бара жатқан аса ауыр экономикалық дағдарыстан құтылуға ұмтылған мыңдаған адамдар Қытай асып қашып бара жатқан кездерінде оққа ұшып қаза болған. 1928-33жылдар аралығында жалпы саны әлдеқайда көп, мүмкін, екі жүз мыңдай халық шекара асып, аман-есен Шыңжаңға жетеді.

Бұл отбасыларының бас сауғалай, үдере көшуіне түрткі болған көшпелі қазақтарды бірден әрі қоныстандырып, әрі ұжымдастыруға ұмтылған Сталиннің алғашқы Бес жылдық Жоспарының Қазақстандағы ерекше қайғылы салдары болатын. 1930 жылдың соңына қарай, республикада халық жаппай аштыққа ұшырай бастады, республиканың біраз бөлігі ашық көтеріліске шықты, ал көшпелі қазақтар жан ұшыра қашқындыққа бет бұрды. Өздерінің маусымдық көш тәжрибелеріне сүйеніп, сондай-ақ Қазақ даласы мен батыс Қытай арасындағы тарихи байланыстарды демеу тұта, аштықтан қалжыраған Қазақтар республика шекарасы мен Шыңжаң арасындағы өткелдерге ағыла бастады.

Бұл ақтабан шұбырындыны тоқтату я Шыңжаңдағы қазақтарды қайтуға көндіру әрекеттері сәтсіздікке ұшырағандықтан, режим шекаралас аймақтағы тәртіпті сақтаудың бірден-бір жолы ретінде үрейлендіру әдісіне басып, күш қолдану шараларына көшті. Бұл озбырлық аймақтағы жалпы заңсыздықтардың көрінісі ғана емес, сондай-ақ режим қақпанына түскен республиканы заманауи мемлекетке айналдыру жолындағы жанталасқан шарасыздық белгісі еді. Мәскеу билігі шекара бақылауын күшпен қатаң түрде жүргізу арқылы республиканың экономикалық шығындарын, әсіресе жұмыс қолы мен еңбек құралына жататын жануарлардың Қытайға жаппай ағылуын тоқтатамыз деп үміттенді. Бұл қатыгездік сонымен қатар режимнің ұлттық саясатын жүзеге асыру жолындағы күресінің бейнесі немесе осы күрделі шекаралық аймақтағы кейбір топтарды ұйымдасқан, саяси қалыптасқан ұлттарға ұйыстыру жолындағы күресінен хабар береді. Әуелден келе жатқан қауымдастық белгілерін жою мақсатында, шенеуніктер туыстық немесе діни байланыстар сияқты “дүдәмал” трансшекаралық байланыстарды үзу үшін шекаралық бақылауды қолдана бастады. Бір ұлтты бір территориямен байланыстыруға баса назар аударған ұлттық идеология тілі трансшекаралық көші-қон қауыпті деген идеяны нығайтты.

 Бұл лажсыз босқындыққа Алғашқы Бесжылдық саясаты, атап айтқанда, жаппай ұжымдастыру мен өте жоғары астық салығы себеп болдыдеп мойындаудың орнына, Мәскеу тағы да жау ойлап табумен шүғылдана бастады. Көшпенді бақташы-малшылардың трансшекаралық бейбіт көштерінің арасында бүлікші топтар бірен-саран ғана кездескенімен, енді режимнің шенеуніктері бүкіл трансшекаралық трафиктішетелдік тыңшылар мен арандатушылардың астыртын қастық әрекеттері ретінде қарастырды. Бұл рақымсыз шаралар мыңдаған жазықсыз адамдардың өліміне себеп болып, екі аймақ арасындағы ежелгі байланыстар үзіліп, Қытаймен арадағы саяси шиеленістің ушығуына ұласты.

Сара Камерон: «Аштық жайлаған дала» кітабынан үзінді

 


Пікір жазу
  • Ашаршылық, қуғын-сүргін және шетелдегі қазақтар
    Жақып Мырзаханұлы: Академиядағы қазақ ғалымдары