Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Бұл жылдың мән-мағынасы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында кеңінен тоқталған болатын. Дербес ел ретінде осы күнге дейін жоғымызды іздеп, тарихымызды түгендеп келеміз. Дегенмен, әлі де ұлт тарихының ашылмаған ақтаңдақ беттері мен айтылмаған ақиқаттары аз емес. Осы ретте тарих ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия ұлттық университетіне қарасты «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының меңгерушісі Данагүл Махат қазақ халқы бастан өткерген ашаршылық нәубетіне қатысты пікірімен бөліскен еді.
- Данагүл Ахметкәрімқызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында миллиондаған адамдарды қазаға ұшыратқан, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі - 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өткенін айтып өтті. Осы орайда Президент тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді деген еді. Тарихшы ретінде осыған не дейсіз?
- Иә, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында қазақ тарихының өзекті мәселелеріне, ХХ ғасырдың қасіретті тарихын терең зерттеп, ақтаңдақ мәселелердің ақиқатын ашу қажеттігіне мән берілген. Сіздің сұрап отырған ХХ ғасыр тарихындағы екі мәселе ерекше атап көрсетілген. Оның біріншісі, Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш ету, асыл мұраларын игеруді жалғастыра беру. Екінші мәселе, миллиондаған адамдарды қазаға ұшыратқан, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылық. Соңғысына қатысты, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы құрылған болатын. Осы коммиссия 1992 жылы жасаған қорытындысында «қасірет құрбандарының саны туралы мәселе әзірге ашық қалып» («Егемен Қазақстан», 1992 жыл 22 желтоқсан) отырғанын ескерткен болатын. Аталған мәселелер жөнінде зерттеулер жазылды десек те атқаратын жұмыстар әлі ұшан-теңіз екені анық. Президенттің жоғарыда аталған мақаласы тың зерттеулерге серпін береді деп ойлаймын.
- Президент ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ екенін айтты. Дәл бүгінгі таңда шындыққа жақын келетін қандай дерекке сүйенген дұрыс деп есептейсіз, әлде бір байламға келетін нақты дерек әлі жоқ па?
- 1917 жылы билік басына келіп халықты қанға бөктірген большевиктер өзімен бірге жұт пен аштықты ала келді. 1917-1918 жылдары Түркістан Республикасына қараған қазақтар ашығып, бір миллионнан астам адам өлім құшты. «Қазақ» газетінің 1918 жылғы қаңтардағы «Өткен жыл қазаққа қалай болды» деген мақалада: «Өткен жыл шаруашылық жағынан қазаққа жайлы болмады. Егін һәм шөп шыққан жерлер аз болды. Бүтін Түркістан облыстарында һәм басқа облыстардың олармен шектескен уездерінде астық жоқ болып, ашаршылық күшейіп, астығы бар жаққа босқан адамдар көп» деп жазды. Сол жылдары шығып тұрған «Қазақ», «Ақ жол» және басқа да ұлттық басылымдарда 1917 жылғы жұт, егіннің шықпауы, 1918 жылғы аштық жөнінде деректер бар. Алаш арысы Міржақып Дулатов өзінің «Ақ жол» газетінің 1921 жылғы 9 наурыздағы санындағы «Жаз келді» деген мақаласында: «1917-1918 жылдарда Түркістан қазақ-қырғыз ашаршылыққа ұшырап, алды босып, арты қайда барарын білмей сасып еді. Сол тонды енді арқа қазағы кигелі отыр. Осы күні Түркістан жағына арқадан ауып келген қазақтардың жайын да оқушылар біліп отыр» деп мәселе көтерген. Профессор С.П. Швецовтың дерегі бойынша 1921-1922 жылдардағы екінші аштықта халықтың саны 30% азайған, санақ материалдарының толық болмауы осы жылдары қанша адамның қырылғанын нақты айтуға мүкіндік бермей отыр. Қазақстандағы күштеп ұжымдастырудың және зорлап отырықшыландырудың ауыр зардаптары, ашаршылықтан адамдардың қырылып қалуын зерттеген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49%-нан айрылғанын» дәлелдегенін атап көрсеткен. Және жоғарыда айтқанымыздай қасірет «құрбандарының саны туралы мәселе әзірге ашық қалып» отырғанын ескерткен. Сондықтан, алдағы уақытта назар аударылатын және зерттелетін тұстар жеткілікті. Сіздің «қандай дерекке сүйенген дұрыс деп есептейсіз, әлде бір байламға келетін нақты дерек әлі жоқ па?» деген нақты сауалыңызға келер болсақ, кеңестік кезеңде тарихшыларға аштықтың ақиқатын ашуға емес, «азық-түлік қиындықтары» туралы айтуға рұқсат етілгені белгілі. Зерттеулер сол бағытта жазылды. 1921-1922 жылдардағы аштық мәселесінің ақиқаты ұзақ жылдар бойы айтылмай келуінің тағы бір себебі ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің бізді ақиқатқа жетелейтін деректерінің ұзақ жылдар жабық болуы, кеңестік таптық-партиялық методологияға сай мәселенің бір жақты қарастарылуы. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі кезедегі зерттеулерді қарасаңыз, ХХ ғасырдың қарама-қайшылыққа толы қасіретті тарихын шынайы деректер негізінде зерттеп, объективті баға беру, мол тарихи деректі (жазба деректер, фото деректер және т.б) айналымға қосу бағытында келеді.
- Бір сөзбен айтқанда, қазір тарихи құнды деректерге қол жеткізу жеңілдеді, тек зерттеп, объективті тарих жазу ғана қалды деуге бола ма?
- Тарих ғылымы еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңде саяси-идеологиялық өктемдік пен қасаңдықтан арылды, таптық-партиялық методология, ресми билік зерттеуге шектеу қойған тұтас дәуірлер мен ақтаңдақтар ашылуда. Шетел мұрағаттарынан табылған деректер, зерттеулер, бұрын жабық болып келген архив қорлары ғылыми айналымға түсті. Қазіргі ұлттық тарихнамаға дағдарыс пен іркілістен гөрі ізденіс, теориялық-методологиялық жаңару тән деп айтар едім. Оған тарихшы ғалымдардың Отан тарихынан, тарихнамасы мен деректанудан, археологиясы мен этнологиясынан жарияланып жатқан зерттеулері дәлел. Сонымен қатар, тарихшы мамандардан басқа да ұлттық тарихымызға қалам тартушылар саны артып отырғаны байқалады. Олардың деңгейі әр түрлі. Тым әсірелеп жазушылар да, бір-екі деректі негізге алып, асығыс пікір білдірушілер де бар. Бұл еліміздегі шығармашылық еркіндіктің көрінісі деп ойлаймын. Алайда, тарих ғылымының методологиясын қалыптастырып, объективті тарих жазатын кәсіби тарихшылар екенін естен шығармауымыз керек.
- Осы ашаршылық тақырыбы мектеп оқулығында өте жұтаң берілген. Осы мәселеге пікіріңіз қандай?
- Еліміздің болашағы жас ұрпаққа арналған мектеп оқулығын жазу – аса жауапты жұмыс. Оқулыққа қойылатын талаптар, арнайы бағдарлама бар, оқулық авторлары бағдарламаны негізге алып, баланың жас ерекшелігіне (сыныптарына қарай) дәлелденген, талас тудырмайтын білімді жүйеге түсіріп оқулық жазады. Сіз айтып отырған, ашаршылық тақырыбы мектеп бағдарламасында қамтылған. Ал, оқулықтың жазылу сапасы, материалды ұтымды етіп беру авторлардың біліктілігіне байланысты.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Автор Әлімхан Қанатұлы
Дереккөз: "ҚазАқпарат"