З. ҚИНАЯТҰЛЫНЫҢ КӨШПЕНДІЛЕР МЕМЛЕКЕТІ ЖӨНІНДЕГІ ТЕОРИЯСЫ

Уақыты: 2021-01-19 Көрлімі: 2059 Сипаттама

Зардыхан Қинаятұлы – қазақтың әлемдік деңгейге көтерілген көрнекті тарихшы ғалым...

mqdefault.jpg

         Зардыхан Қинаятұлы – қазақтың әлемдік деңгейге көтерілген көрнекті тарихшы ғалымдарының бірі және бірегейі. Бұл ол кісіні әншейін мақтау үшін айтылған жел сөз емес, оның артына жазып қалдырған ғылыми мұраларынан шығарылған қортынды тұжырым. Кәсіби зерттеушілер жақсы біледі, белгілі бір қалыптасқан қасаң қағида мен көзқарасты қатеге шығару оңай шаруа емес, оның үстіне ол көптен көп мансұқталған тақырып болса. Әлем тарихында осындай тақырыптың бірі – көшпенділер мемлекетінің құрылуы жөніндегі батыстық көзқарастар. Бұл көзқарастың қате екендігін тарихи теория тұрғыдан пайымдаған қазақ ғалымы – Зардыхан Қинаятұлы деп санаймыз.

         Зардыхан Қинаятұлы өзінің ғылыми шығармашылық ғұмырында ден қоя зерттеген тақырыбының бірі көшпенділер мемлекеті, оның ішінде терең зерттегені қазақтың мемлекеттік тарихы болғанын ғалымның артына қадырған зерттеулері көрсетіп отыр. Нақтылап айтар болсақ, оның жетекшілігімен жазылған «Қазақ мемлекеттілігің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең)», «История Казахской государственности (древность и средневековье)» деп аталған қазақ және орыс тілінде баспадан шыққан монография («Адамар» баспасы, 2007 жыл, қазшасы 432 б., орысшасы 416 б.); жеке өзі жазған «Қазақ мемлекеттілігі және Жошы хан» («Елорда» баспасы, 2004 жыл, 344 б.; «Елтаным» баспасы 2014 жыл, 360 б.); «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты монографияларыы («Тарих тағылымы» баспасы, 2010 жыл, 728 б.) және «Тарихқа көзқарас» («Мерей» баспасы, І т., 2017 ж. 456 б., ІІ т., 2020 ж. 400 б.) деп аталатын ғылыми-танымдық мақалалар жинағы. Ғалымның екі томдық жинағына көшпенділердің және қазақтың мемлекеттілігін арнайы зерттеген 21 мақаласы енген. Аталған еңбектерді саралап қарайтын болсақ, З.Қинаятұлының көшпенділер мемлекетін, оның ішінде қазақ мемлекеттілігін жалпы адамзат тарихының даму процессіне қоя отырып талдау жасағанын анық аңғарамыз.

         Ғалым, аталмыш тақырыпты зерттеуде адамзат тарихында мемлекеттің қалыптасуын және мемлекет жөніндегі ілмдерді зерттей отырып, «мемлекеттілік туралы қағиданың М.П. Цицероннан басталатын 2000 жылдан асатын тарихы бар. Ал мемлекеттілік жайлы еуропалық классикалық ілім ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қалыптасты. Бірақ осы ғасырларға дейін еуропалықтар іс жүзінде азиялық, әсіресе, көшпенділердің өмірінен бейхабар болғанын кезінде академик Н.И.Конрад өкіне отырып жазған» дейді.

         Мұнда З. Қинаятұлы айтып отырған мемлекет жөніндегі ілім - Мемлекет доктринасы (Гoсударсвенная доктрина – Staten doctrina). Ал Мемлекет доктринасы дегеніміз - мемлекет теориясы мен идеясының жүйеленуі. Ол мемлекеттің генезін, сипатын, функциясын; мемлекеттің типтерін, формасын, құрылымын; халық пен үкіметара қатынасты, ел басқару саясатын, мемлекеттің даму заңдылығын зерттейтін ғылымның теориясы.

Адамзат қоғамында мемлекет пайда болғаннан кейін мемлекет жөніндегі теориялар мен ілімдер (доктрина) пайда болды және ол адамдардың мемлекет жөнінде танымының тереңдеуіне байланысты біртіндеп дамып келеді. Сондықтан ғалымдар Мемлекет доктринасының даму үдерісін тарихи кезеңдерге жіктеп, антикалық, ортағасырлық кезеңдер, ренессанс дәуірі, жаңа және қазіргі заман деп қарастырады.

Осынау ерте заманнан қазірге дейінгі мемлекет доктринасында айтылған мемлекет генезі жөніндегі көзқарастар әртүрлі. Ерте замандағы ғұлама ғалым Аристотель: адамдардың топтасу қасиетіне байланысты, отбасылар жиналып қыстақтарға аналды, одан мемлекет тәбиғи түрде өсіп жетілді, мемлекет құрудағы мақсаты – өзін қамтамасыз ету және жақсы өмір сүру - деп түсіндірген.

ХVIII ғасырда Батыс Еуропада капиталистік өндіріс шарықтап дамыған кезде өмір сүрген атақты ғалымдар Т.Хоббос, Дж.Локк, Шарль де Монтескье, Ж.Дж. Руссо, И. Кант, В.Ф. Гегель, Т. Пенс бастаған ағартушы ғалымдар, мемлекеттің генезі, анықтамасы, сипаты, мемлекеттік биліктің басталуы, мемлекет пен халықтың қарым-қатынастары, мемлекет пен діннің байланысы сияқты келелі мәселелерді зерттеді. Осы кезден бастап мемлекет ғылыми зерттеудің дербес нысанына айналған. Сондықтан З. Қинаятұлы «мемлекет жайлы еуропалық классикалық ілім ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қалыптасты» деп дұрыс айтады.

Ағартушы ғалымдар мемлекет генезін зерттеуге баса назар аударған, олардың басты ұстанымы «Қоғамдық келісімшарт» негізінде мемлекет құрылған дейтін принцип. Яғыни «Теория общественного договора» болып табылады. Т. Хоббос: адамзат тәбиғи жағдайда жеке мүддесі үшін қақтығысты, соғысты, сондықтан адамдар келісімшарт жасап, абсалюты авторитарлық мемлекет құрып барлығын басқарды, - деп санайды. Ж.Дж. Руссо: жеке меншіліктің шығуы адамзаттың теңсіздігін келтіріп шығарды, бұл келісімшарт жасап мемлекет құрудың тарихи шарты, байлар мемлект құрды, - деп түсіндереді.

 З. Қинаятұлының назар аударғаны  еуропалықтардың көшпенділер мемлекеті жөніндегі көзқарасы болды. Сонымен ол терең зерттей келе еуроцентристік көзқарастың қайнар көзін анықтап, «Көшпенділердің мемлекеттілігі туралы еуроцентристік ілімнің қайнары немістің таңдаулы философтары Ф.Гегель, И.Канттың философиялық көзқарасында жатыр» (З.Қинаятұлы «Тарихқа көзқарас». -Алматы: Мерей, 1т., 2017, 7 б.),- деп атап көрсетеді.

Оның себебіне талдау жасаған ғалым: «олар көшпенді мал шаруашылығының табиғатын, динамикасын түсіне алмады. Көшпенділерді «малымен бірге өріп, бірге жусап күнелтіп, ат жалында жүрген жаугершілер» деп таныған олар, көшпенділерді адамзат өркениетінің тарихқа дейінгі ІІ кезеңіне жатқызады да «Көшпенділер мемлекет деңгейіне көтеріле қоймаған жұрт, олар тек өркениетке жетілген еуропалықтардың ықпалында немесе отырықты мәдениетпен ұштасқанда ғана мемлекет деңгейіне көтеріле алады» деп түйді. Бұл іс жүзінде еуропалықтардың Азияны отарлау саясатының идеологиясы» (аталған еңбекте), деп сипаттайды.

 Дж. Тойнби «Империялық деңгейге көтерілген елдерді ғана «әмбебап мемлекеттер» деп танып, оларды «еуропалық демократиялық және азиялық деспоттық мемлекеттер» деп екіге бөлді. Оның пікірінше, «Көшпенді империялар күштің арқасында құрылған өткінші құбылыс, сондықтан олар Ибн Халдун айтқандай, үш ұрпақтан әрі өмір сүрмек емес» деп сәуегейлік танытты. Бірақ тарихтың тәжірибесі Дж.Тойнбидің айтқанынан басқаша нәтиже көрсетті. Ол «Ежелгі әмбебап мемлекеттің үлгісі» деп таныған Александр Македонский құрған империя ол өзі дүниеден өткен (б.з.д.323) жылы-ақ құлады. Юлий Цезарь державасы оның өзі өлгесін он жылдан ары өмір сүре алмады. Орта азиялық отырықшы жұрттың негізінде құрылған Әмір Темірдің Мауеренахр державасы да билеушінің өзі өлгесін төрт-ақ жылдан соң ыдырады. Ал Шыңғыс хан құрған нағыз көшпенді империя еуроазия кеңістігінде шыңдалып, сыннан өткен мемлекеттік бірнеше құрылымдар қалдырып, 240 жыл салтанат құрғанын ескерсек, мемлекеттік жайлы еуроцентристік қағиданың өміршең еместігіне көз жеткіземіз» (бұл да аталған еңбекте) - деп, тарихи фактілер арқылы ұлықсыған еуропалықтардың мемлекет теориясының қателігін ашып тастайды.

З.Қинаятұлы мемлекет жөніндегі ілімінің дамуын мұқият саралай келе былай дейді: мемлекет іліміне «кейін антропологиялық, социалдық, культуралдық және басқадай түрлі ағымдар келіп қосылды. Бұлардың ішінен бір табан алға басқаны мемлекет туралы социологиялық ілім болды. Бұл бағытты ұстанатындар қоғам өмірін біртұтас «әлеуметтік организм» деп танып, мемлекеттілікті қоғамды ыдырауға әкелуі мүмкін түрлі тараптар және оларды реттейтін институттардың пайда болуымен байланыстырады. Мысалы, Рональд Коэн «Мемлекет дегеніміз - қоғамдық организмдерді бөлініп-жарылудан сақтандырып, оның ішкі бірлігінің тұрақтылығын сақтай алатын төтенше институттарды қалыптастыруға орасан зор ықпал ететін күш» деп есептейді.    

Ал маркстік мемлекет ілім жөнінде ол: «мемлекеттілікті меншік иелену, тап тартысы мәселесіне әкеліп тірейді де, көшпенділерде мемлекет болғанын жоққа шығарады», – деген тұжырым жасайды.

З.Қинаятұлы еруопалық ғалымдардың ішінде көшпенділерде мемлекет болған дейтіндердің көзқарастарын екіге бөліп қарастырады. Ол «Е.Прицак, Л.Коэн, Н.А.Аристов, Р.В.Радловтар көшпенділер мемлекетінің құрылуын тайпа көсемдері, бақсы, батырлардың рөлімен байланыстырады» - деп санайды.

Зақаңның пайымдауынша «Дала мемлекеттерін тудырған басты шарттар - әуелі ру-тайпалық қақтығыстар, ата қоныс, жайылым жерін қорғау үшін жүргізген жанталасқан күрестер болатын. Хұн, Түрік, Моңғол державаларын тудырған негізгі фактор – осылар». Бұл ғалының көшпенділер мемлекеті генезіне жасаған тұжырымы.

Ал көшпенділердің меншік иелену жағдайына тоқталғанда, ол:  әзірге дейін көшпенділердің «Қауымдық, Хандық, Ру-тайпалық, Соерхол, Дархандық» меншік жүйесін тарихи тұрғыдан Б.Я. Владимирцовтан асып талдай алған ешкім жоқ» деп түйіндейді. 

            Б.Я. Владимирцов, В.В. Бартольд, Л. Гумилев, А.Н. Толстов, А.Н. Бернштамдар Хұн, Түрік қағанаты, Моңғол мемлекетінің тәжірибесін жан-жақты талдау арқылы жоғарыдағы еуропалық зерттеушілердің сауалдарына жауап берген. Б.Я. Владимирцов моңғол қоғамында жерге феодалдық жеке меншік болғанын дәлелдеп, моңғол қоғамын «көшпенді феодализм» деп атағанын ескертіп, олардың көзқарасымен келісетінін білдіреді.

        «Қазақ қоғамын осы тұрғыдан талдаған С. Зиманов, Г.Е. Марков, А.М. Хазанов, Н.Э. Масанов қатарлы ғалымдар «Қазақ қоғамындағы қатынастар малға жеке меншік, жерге қауымдық меншік арқылы реттеліп келді» деген пікірге тоқтады. Өйткені, қазақ қоғамындағы «малдану» ұғымы отырықшылардың «феодалдану» ұғымымен тепе-тең категория. Осы негізде көшпенділерде мемлекеттіліктің барлық нышандары қалыптасты» деп тұжырымдайды ғалым.

З.Қинаятұлы бұл көзқарасын дәйектей түсіп: «Ата қоныс жері көшпенділер мемлекетінің арқауы болды. Ел шекарасы қатаң қадағаланып отырды. Әлем тарихында мемлекет аралық шекара шебін белгілеу хұндардан басталды. Қытайдың Ұлы қорғаны Хұн мемлекеті мен Қытайдың Хань әулеті аралық шекаралық делимитациялық шебі болған деуге негіз бар» (бұл да аталған еңбек 27 б.) дейді.

Ғалым Түрік қағанаты «Тәңірдің қалауымен құрғанын», оларда түмен шақырым иелік жерінің болғанын,  тәртібі күшті, заңы қатаң, тектілікті мұқият ұстанғанын, қоғамының ақсүйектер және қара бұдұн - қараша қауымнан құралғанын жазба деректер арқылы дәлелдейді. Сонымен қатар Түрік қағанатының билік иерахиясының Шад, Тегін сияқты 28 дәрежеден тұратынын және олардың мұрагерлік жолмен жалғасатынын пайымдап, Еуропада бұған сай келетін балама жоқ - деп кесіп айтады.

Түрік-моңғолдың «құрылтай» жүйесі - еуропалық сеим, парламентпен парапар құбылыс. Хан сайлау, жорыққа аттану, жер бөлісі сияқты аса күрделі мәселелер құрылтайда шешіліп отырған. Құрылтай шешімі заң деп танылған. Бұл тұрғыдан қарағанда көшпенділердің құрылтай жүйесі ертедегі гректердің «фратрия», Римнің «курия» (сенат) жүйесімен сәйкес келеді. Әскери мыңдық, жүздік, ондық жүйесі, орда гвардиясын құру, әскери жорықтың салтанат ережелерін әлемнің әскери соғыс тарихына көшпенділер әкелді, - деп санайды.

Түрік қағанаты хан жарлығын заң деп таныды. Соттар (би) лауазымы пайда болды. Сот азаматтық және қылмыстық істерді қарады. Қылмыстық заңы бойынша «бүлік шығарушылар, елін, отанын сатқандар, шідерлі ат-көлік ұрлаушылар, басқаның некелі әйелдеріне қиянат жасағандардың басы шабылсын» дейтін заң негізінде көшпенділерде мемлекеттік заңның құдыретті болғанын дәйектейді.

 З. Қинаятұлы «Көшпенділер тек отырықтанғанда ғана мемлекет деңгейіне көтеріле алады» деген тұжырымды жоққа шығарады. Бұған отандық ғалымдардың еңбектерін дәлелге келтіреді. Ол «Қазақ даласында жасалған ежелгі өркениет, қала мәдениеті жайлы Қазақстан ғалымдары Ә. Марғұлан, К. Ақышев, К. Байпақов, У. Шәлекенов, С. Жолдасбаев, Р. Медеуов, Б. Көмеков, К. Пищулина, С. Әжіғали, З. Самашев, А. Досымбаевалардың еңбектерінде жан-жақты талданды. Көшпенділерге ежелгі қала мәдениетін еуропалықтар, отырықшылар салып берген жоқ, «түнде ұйықтамай, күндіз дамыл таппай, қара терін төгіп жүріп» дала халқы өз қолымен тұрғызды,- деп атап көрсетеді.

 Бүгінгі жағдайда «Көшпенділер тек отырықтанғанда ғана мемлекет деңгейіне көтеріле алады» делініп келген байламның тозығы жетті. Ендігі жерде «Көшпенділерде мемлекет болды ма, әлде жоқ па?» деген бос әңгімеден (словесный диспут) гөрі, адамзат өркениетіне қатысты көшпенділер өмірінің  басқадай қыр-сырына үңілу әлдеқайда тиімді болмақ» , -дейді ғалым.

         З. Қинаятұлы салыстырмалы зерттеу әдісін қолданып, көшпенділерде сындарлы мемлекет жүйесі болғанын дәлелдейді.  «Ежелгі түріктердің «Ел», түрік-моңғолдардың «Ulus» атаудың түп-төркініне талдау жасайды.

Орталық Азия халықтары өміріне еурославяндық «State», «Respablica», «Гоударство», арабтардың «Мамлакати», парсылардың «Давлати» терминдері қолданысқа енгізілгенге дейін түрік-тунгус көшпенділерінің саяси өмірінде «El», «Ulus» атауы ағылшынның «State», қытайдың «Guo» славяндардың «Государство»-сы сияқты мемлекет деген ұғымды білдірген. Түріктердің Күлтегін (үлкен) жазуындағы «Елім бар халық едім, елім қайда? Қағаны бар халық едім қағаным қайда?» дегендегі «Ел» сөзінің мағынасы мемлекет дегені білдіреді.

Қазақ арасында «Қазақ елі», «Ұлыстың ұлы күні», «Ел боламын десең бесігіңді түзе», «Елдестіру елшіден» деген сөздер қазірге дейін қолданыста жүруі тегіннен-тегін емес.

Н. Карамзин, Г. Миллер нормандарды (Варяги) Ресей мемлекетінің бастауы деп есептейді. Сонда біз қазіргі ұрпақтары б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырлардан бері үзілмей сол байырғы ат-атауымен бүгінгі қазақ халқының көлемді тобын құрап отырған үйсіндерді, олардың мемлекетін неге қазақ мемлекеттігінің бастауы деп танымасқа? (бұл да аталған еңбек 16 б.), дейді ғалым.

Біз осы сияқты көптеген дерек көздеріне сүйене отырып, негізгі топтары қазіргі қазақ жерінде салтанат құрған Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлыдан Қарахан мемлекетіне дейінгі дәуірді «Қазақ даласында құрылған ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі» деп тануды жөн көрдік. Бұл қазақ даласындағы мемлекеттіліктің алғашқы кезеңі болып табылады деп, қазақ мемлекеттілігін тарихи даму кезеңдерін алты кезеңғе бөліп көрсетеді:

1. Қазақ даласында құрылған ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі: Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекетіне дейін.

2. Протоқазақтық Қимақ, Қыпшақ мемлекеті кезеңі. Олай дейтініміз қазақ мемлекетінің басты сипаттары (жер аумағы, халықтың этнобірлігі, қазаққа тән тіл, мәдениет) осы кезеңде жинақталып толысқан.

3. Моңғол ұлыстары билігі дәуіріндегі Қазақ мемлекеті: Жошы-Қыпшақ ұлысы. Ақ Орда мемлекеті.

4. Қазақ хандығы кезеңі.

5. Ресей патшалығы және Кеңес одағы кезеңіндегі Қазақ мемлекеті.

6. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жаңа кезеңі.

З. Қинаятұлы өзінің жоғарыдағы қазақ мемлекеттілігін тарихи кезеңдерге жіктуін, бұл кесіп-пішілген дүние емес, барлығы да шартты түрде айтылғанын екептеді.

Түйін: Жоғарыдағы қысқаша келтірген үзінділерден Зардыхан Қиняатұлының көшпенділердің мемлекет құрғанын, тіпті көшпенді империялар құрғанын пайымдаған теориялық желісін көре аламыз. Ол көшпенділердің мемлекет генезі «ру-тайпалық қақтығыстар, ата қоныс, жайылым жерін қорғау үшін жүргізген күрестерден» пайда болған дейтін тұжырымын ортаға қояды. Бұл көзқарасты мемлекет генезі жөніндегі доктринаға қосыған тың тұжырым деп санауға болады. Сондай-ақ ол көшпенділер мемлекеттерінде иелік аумақ, шекара келісімі, мемлекет басышы, билік иерархиялық құрылымы, мұрагерлік жүйесі, парламеттік сипаттағы құрылтай мен билер кеңесі, заң ережелері мен сот механизмі сияқты мемлекеттік артрибуттарының толық болғанын тарихи деректермен және қоғамдық тәжірибелер арқылы салыстырып пайымдаған.

Демек, З. Қинаятұлының жоғарыдағы теориялық пайымдарынан, еуроцинтризмшілдерінің көшпенділерде мемлекет болмаған немес «көшпенділер еуропалықтардың ықпалында немесе отырықты мәдениетпен ұштасқанда ғана мемлекет деңгейіне көтеріле алады» дейтін көзқарастың қате екенін танимыз, сондай-ақ шөпенділерде дала мәдениеті мен қала мәдениетінің болғанын және өзіндік ерекшелікке ие мемлекет құрып, адамзат өркениетке айырықша үлес қосқанына көз жеткіземіз. Міне, бұл - Зардықан Қинаятұлының отандық тарих ғылымына қосқан құнды үлесінің бір парасы болып табылады.

Мұқаметханұлы Н., тарих ғылым. докторы, проф.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан

 

 13171_large.jpg

Алматы, 20.12.2020 ж.

Ескерту: бұл 23 желтоқсан 2020 жыл  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Рухани жаңғыру» институты, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі үйымдастырған, Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинятұлының (1940-2016) 80 жылдығына орай «Ұлы дала тарихы және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайын-конференциясында жасалған баяндаманың толық мәтіні.

 

 


Пікір жазу
  • МЕМЛЕКЕТШІЛ ҒАЛЫМ
    Данагүл Махат: Президенттің тәуелсіздік туралы мақаласы ашаршылықты зерттеуге тың серпін беруі тиіс

    Ұқсас тақырыптар