Мемлекеттің мәртебесін биіктетіп, халықаралық қаржы нарығындағы орнын анықтауда валютаның маңызы зор. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң араға екі жыл салып ұлттық валютасын айналымға қосты. Сөйтіп, ғасырлар бойы аңсап жеткізген азаттық өзіміздің төл теңгемізбен сауда жасап, дербес алтын-валюта қорымызды қалыптастырып, Ұлттық банкімізді құруға ықпал етті.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде экономика тұралап, әлеуметтік сала өз бағдарынан жаңылып, халықтың тұрмысы төмендеп кетті. Тығырықтан шығудың түрлі жолдары қарастырылып жатты. Соның бірі де бірегейі – қаржылық тәуелсіздікке ие болу еді. Қазақстан басшылығы мұны жақсы түсінді және соған сай аса құпия түрде әрекет етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен арнайы топ құрылып, ұлттық валютаны жобалау жұмыстарына кірісіп кеткен еді. Алайда соңғы сәтке дейін мұндай іргелі шаруадан көпшілік хабардар бола қойған жоқ.
– Адамдар біз қайда жылжимыз, не істейміз деген сұрақтың алдында тұрды. Бір идеология болатын: барлығы да бала кезден Кеңес Одағы бар екенін, жарқын болашақ пен коммунизм бар екенін және соған қадам басып келе жатқанын білетін. Осының бәрі күл-талқан болды. Басқаша өмір сүру тәжірибесі жоқ болатын. Балтық жағалауы елдерінде 1938 жылға дейін жеке меншік бар болды. Бұл адамдардың есінде еді. Ал бізде ондай болған жоқ. Бірнеше буын өз санасында жеке меншік пен нарықтық экономика дұрыс емес, барлығын мемлекет басқаруы керек деп есептейтін, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Азаматтардың осындай сана түсінігін бұзып-жарып, батыл қадамдар жасау, сөйтіп тәуелсіз экономикалық кеңістікке жол ашуды ерлікке пара-пар деп бағаласа болғандай. Бастапқыда барлық ел бір-бірін қолдап тұрғандай, шын мәнінде әркім өз қамын күйттеген, халқын қайтып асырасам деп бас қатырған аласапыран кез еді. Тығыз уақыт нығыз шешімді қажет етеді. Қазақстан біраз уақытқа рубль аймағында қалды. Ресей «біз сіздер үшін ақша басып береміз» дегендей емеурін танытты. Оның да алдамшы екені көп өтпей айқындалды.
Алайда алданған жоқпыз. Себебі 1992 жылдан бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлттық валютаны жобалау жұмыстары басталып кеткен еді.
– Ресей премьер-министрінің орынбасары «жігіттер, егер рубль аймағында қалғыларың келсе, онда өздеріңнің алтын-валюта қорыңды түгелімен бізге әкелесіңдер» деді. Ол кезде біздің қорымыз 700-800 млн доллар көлемінде еді. Яғни ақша-несие саясаты да толығымен рубль аймағында бақыланып, басқарылады. РФ Орталық банкі бәрін өз қарамағына алады, – дейді Ұлттық банкті 1992-1993 жылдары басқарған Ғалым Байназаров.
Әлбетте, республика басшыларының мұндай қитұрқы талапқа келіспесі белгілі. Көп өтпей рубль құнсызданып, қап-қап ақша бір-ақ сәтте қажетсіз қағазға айналып шыға келді. Инфляция 2500 пайызға дейін шарықтап, ІЖӨ 40 пайызға, өндіріс 9,2 пайызға құлдырайды. «Осылайша құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрдық. Одан тек Ұлттық банк құтқара алатын еді. Қиындықтан алып шығатындай Қаржы министрлігінде де, басқада да ешқандай резерв жоқ еді», деп еске алады Ғ.Байназаров.
Ахуал 1993 жылы күрт өзгерді. Ұлттық валютаны енгізу рекордты қысқа мерзімде жүзеге асты. Әдепкіде «сом», «танга», «денге» сөздері ұсынылып, кейін экономист Сауық Тәкежановтың «теңге» нұсқасы ұлттық валюта атауына лайық деп танылады. Ел Президенті Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банкпен белсенді келіссөздер жүргізді. Параллельді түрде құқықтық база қалыптастырылып жатты. 1993 жылы 12 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ұлыбританиядағы Harrison & Sons отбасылық типографиясында басылған банкноттар Лондоннан елге бір апта тасымалданды. Елімізде теңге айырбастау 1993 жылы 15 қараша таңғы сағат 8-де басталып, тұп-тура 5 тәулікке созылды. Осынау тарихи қадам біздің дербес экономикалық бастамаларымызға, өзіндік қаржы саясатын жүргізуімізге жол ашты. Ең бастысы, елімізге толыққанды тәуелсіздік сыйлады.
Теңге дизайнын жасау үшін Тимур Сүлейменовтің басшылық етуімен, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов секілді білікті суретшілер жиылып, авторлық ұжым құрылды. Теңге дизайны өте қысқа мерзім – бір жыл ішінде жасалғанына қарамастан, ерекше дизайн мен сапаға ие болды. Авторлардың алдына қойылған талап та тым биік еді. Алғашқы банкноттарға қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалар Әбілқайыр хан, Абылай хан, Әл-Фараби, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқан бейнелері салынды. Осылайша Қазақстан қаншама жыл бодандық құрсауында болғанына қарамастан, өзінің түпкі тарихын ұмытпағанын, оны әр кез қадірлеп, қастер тұтатынын және бай тарихымен мақтана алатынын да әлем алдында дәлелдеді.
– Мәскеудегі графикалық факультетті бітіргендіктен графика технологиясынан хабарым бар еді. Сурет салуға да икемдімін дегендей. 1992 жылдың қаңтар айынан бастап, қазан айына дейін жұмыс істедік. Ол кезде компьютер, принтер жоқ, сондықтан эскиздерді қолмен жасадық. Тіпті шрифтердің өзін қолмен жазуға тура келді. Көбіне карандаш, туш қолдандық. Таудың арасында Министрлер кабинетінің саяжайлары бар еді. Сол жақта болып, эскиз сызумен айналыстық. Ал қазан, қараша, желтоқсан айларында банкноттың түпнұсқасын жасауды Англияда жалғастырдық. Бояу құю процесі Англияда жасалды. Өйткені ол жақта қажетті техникалар жеткілікті болды, – дейді теңге дизайны авторларының бірі, суретші Ағымсалы Дүзелханов.
Автордың осынау естелігі қазіргі дизайнерлер үшін әрине ертегідей естіледі. Тіпті мүмкін еместей көрінер. Бірақ әрбір қазақ баласының теңгенің қайтып өмірге келгенін білгені де ләзім ғой.
– Сурет салуда екі көзі бар медициналық микроскоптарды қолдандым. Ал суретті акварельді қылқаламның бір тал қылымен салып шықтым. Ешқашан бір қылмен сурет салып көрмегенмін. Мен үшін қызық болды. Көбіне ою-өрнек, портреттерді салдым. Жұмыс оңай болған жоқ. Тимур Сүлейменов апта сайын банкноттарды алып кетіп, президентке көрсетіп, қайтып алып келеді. Ол кезде Мәскеу арқылы ұшамыз. Барып-келудің өзі қиын. Жоғары жақтың айтқан ескертпелеріне сай түзетіп, жөндеп отырдық. Біздер түбегейлі сонда болдық. Жұмыс істейтін кеңсе Лондоннан екі сағаттық жерде орналасқан. Алайда маған бұл ұнамады. Екі сағатым босқа кетіп жатыр дедім. Іле-шала бізді жақын маңдағы қонақүйге орналастырды. Құралдарымызды алып келіп, сол қонақүйде жата-жастана жұмыс істедік, – дейді суретші.
«1993 жылы Конституция қабылданған соң, Ұлттық банк туралы, банктер туралы және валюталық реттеу туралы заң қабылданды. Осылайша елдегі банк секторы барлық қырынан заңдық тұрғыда қамтамасыз етілді. Біртіндеп елдегі қаржылық ахуал реттеле бастады» деп еске алады Байназаров. 1995 жылы елдегі инфляция деңгейі 60 пайызға, ал 1998 жылы 1,9 пайызға төмендеп, тарихи көрсеткішке қол жеткізді.
Қазіргі ақшамыз Алматыдағы банкнот фабрикасында шығарылса, монеталар Өскемендегі теңге сарайында соғылады. Теңге талай өткелектен аман өтіп, қаншама халықаралық экономикалық сынақтарға төтеп беріп келеді. Мемлекет саясатының орнықты жүргізілуі арқылы теңгенің тамырына қан жүгіртетін басты қор – отандық алтын-валюта қоры үлкен күшке ие болып, бұл азаматтар мен қаржы секторына зор сенім сыйлап келеді.
Дереккөз: egemen.kz