Мұратбек Тесебаев: «Абай жолы» романын радиода 80 cағат бойы оқығанмын

Уақыты: 2022-07-15 Көрлімі: 555 Сипаттама

Қытай қазақтарына белгілі диктор Мұратбек Тесебаев 83 жасында дүниеден озды, деп ҚазАқп...

0678ff36ce06a7d2ed10d0171f3685d6.jpg

Қытай қазақтарына белгілі диктор Мұратбек Тесебаев 83 жасында дүниеден озды, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Қазақта диктор жайлы сөз болса, Әнуарбек Байжанбаевтың аты қашанда бірінші болып еске түсетіні белгілі. Өйткені Әнуарбек Нығметжанұлы таңғажайып дауысымен халқының санасында мәңгілікке сақталып қалды. Сол атақты дикторды өзіне кәсіби де, рухани да ұстаз тұтқан, дауысымен талайды тамсандырып, аға жолын қуған Мұратбек Тесебайұлы да біртуар дара талант иесі еді. Салиқалы еңбек жолының 58 жылын радиоға арнаған, эфирден толығымен 50 роман оқыған ардагер журналист, диктор Мұратбек Тесебаев - шетелдегі қазақ журналистикасының дамуына елеулі еңбек сіңірген айтулы тұлға.

Мұратбек Тесебайұлы 1939 жылы 15 желтоқсанда Қытайдың Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген.

 2015 жылы ҚХР-ның Үрімжі қаласына ҚазАқпарат тілшісі арнайы барып белгілі диктордан сұхбат алған болатын. Аталмыш сұхбатты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

- Мұратбек Тесебайұлы, Қытайдағы Қазақ радиосында дәл осы уақытта сіздің оқуыңыздағы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы беріліп жатыр деп естідік. Бұл ұлы ақынның 170 жылдығына орайластырылған шара болуы керек«Абай жолы» романын алғаш рет эфирден қашан оқып едіңіз?

- 1995 жылы данышпан ақынның 150 жылдық мерейтойына орай, «Абай жолы» романын радиода 160 күнге бөліп, 80 cағат оқыған болатынмын. Кейін 2005 жылы Шынжаң халық радиостанциясынан екінші рет қайта берілді. Енді 2015 жылы Абайдың 170 жылдығына орай тағы да берілу үстінде. Бұлардың бәрі ұлы ақынның қаламынан туған аса кесек туындының ұрпақтар санасында қайтадан жаңғыртылуы деп білемін.

- Жалпы радиодан қанша роман оқыдыңыз?

- 50 роман оқыдым. Мен 80 cағат оқыған «Абай жолы» романының толық нұсқасын Қазақстандық ақын, баспагер Есенғали Раушанов деген бауырымыз келіп бізден сатып алып, Бейжіңдегі Ұлттар баспасының өңдеуімен 8 дискіге көшіртіп, 10 мың таралыммен алып кетті. Мен Есенғалидан «Қазақстанда роман оқи алатын адамдар көп, бұны не қыласыңдар», деп сұрадым. Сонда олардың берген жауабынан ұққаным «Әнуарбек Байжанбаевтар бар кезде оқыса оқушы еді, бірақ романды толығымен оқу деген дәстүр Қазақстанда жоқ. Бұны біз мектеп оқушыларының сөзді дұрыс дыбыстап үйренуі үшін қосымша оқулық ету мақсатында алып отырмыз» деген болатын.

- Сіз өзіңіз эфирден оқыған романдарыңыздың ішінен қандай өрелі шығармаларды атап айтар едіңіз?

- Әрине, бұл сұраққа жауабымды Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясынан бастағаным жөн шығар. Сосын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатын», Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романдарын айрықша атауға болады. Осылай жалғастырып айта берсек көп қой. Эфирден оқылып, күллі халыққа тарайтын болған соң, көзге көрінген кітап оқыла бермейтіні анық. Оқылатын романдардың көркемдік, тәрбиелік, танымдық мәндері басты назарда ұсталады. Сондықтан бұдан басқа оқылған шығармалардың бәрі де таңдаулы шығармалар болды.

- Диктордың ең алдымен дауысы басты назарда ұсталатыны белгілі. Дегенмен, дауысы жақсының бәрі әнші бола бермейді деп жатамыз ғой. Эфир жүргізушісіне қойылатын басқа да басты талаптарды атай кетсеңіз...

- Мен дауысты мақтағанды жек көрем, жұрт әншіні немесе дикторды мақтаса «Шіркіннің дауысы-ай!» деп жатады. Егер әнші болса дауысты қосымша, екінші орынға қойып, әнді өз нақышына келтіріп, мазмұнын жеткізіп айтуы керек. Бұл әншіні бағалаудың дұрыс тәсілі. Мен радиода алпыс жылға жуық істедім. Менен де дауысы әдемі талай жігіттер мен қыздарды диктор бола ма деп әкелдік, бірақ бола алмады.

Бұл туралы «Сөз өнерін сөз етсек» деген мақаламда «Дауыс - құрал, сол құралды пайдалана алатын талант керек. Мәселен бір ағаш шебері бар делік. Оған балға, балта, сүргі, пышақ керек. Сол ағаш шебері құралдарды қабілеті жетіп істете алатын болса, оның қолынан ғажайып дүниелер шығары анық. Ал, шеберлігі төмен ағаш ұстасының қолынан, қанша жерден керемет құралдары бар болса да, одан оңды зат жасап шығара алмауы мүмкін», - деп жазған болатынмын. Қысқасы, дауысы жақсының бәрі диктор немесе әнші болып кетуі екіталай. Сол жақсы дауысты кәдеге жарата алатын адамда қабілет, дарын болу керек.

- Қытайдағы танымал дикторлардың бірісіз. Ендеше, сізді жалпақ жұртқа мәшһүр еткен дикторлық өнерге қалай келдіңіз?

- Негізі менің бойымдағы артықшылығымды алғаш таныған, осы салаға бағыттаған бастауыш мектептегі мұғалімім деуге болады. Мектепте үшінші сыныпта оқып жүрген кезім болатын. Ол уақытта оқу тәртібі бойынша мектепте сөз жарысы деген болады. Әр сыныптан бірден бала алдыға шығып декламация оқитын. Бір күні сынып жетекшіміз Ханипа мұғалім мектептегі сөз жарысына менің қатынасатынымды айтты. Мен бала күнімде өте бұйығы, ұялшақ болатынмын. Сондықтан болар сыныптастарым «Мұратбек сөйлей алмайды!» деп шулады. Мен өзім де жарысқа қатысудан жүрексінетінімді айтып бас тарттым. Бірақ, мұғалім «сөйлейсің» деп тұрып алды. Ақыры не керек, мен сол ұстазымның арқасында атақты декламацияшы болып кеттім. Алтайда, Үрімжіде оқыған кездерімде де талай шығармалар оқып жүрдім. Кейін Ханипа апайыма: «Мен сіздің арқаңызда осындай деңгейге жеттім. Егер мені сөйтіп тәрбиелемегеніңізде мен бұл кәсіпте жүрмес те едім. Сіз маған декламация оқытуға неге сонша әуес болдыңыз?» - деп сұрадым. Сонда Ханипа мұғалім «Сен бұйығы, ұялшақ болсаң да дәріс сұрағанда сөздің майын тамызғандай әдемілеп тұрып айтып беретінсің, жақсы бір сөйлеу мәнерің, бойыңда табиғи дарын бар болатын» деді.

Жалпы осы радиоға 18 жасымда келіп, 58 жыл қызмет еттім. Жасым 76-ға келді. Дикторлықпен қоса ұзақ жылдар Шынжаңдағы қазақ радиосын басқардым, кейіннен қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде хабар тарататын Шынжаң халық радиостанциясы бастығының орынбасары болып тоғыз жыл қызмет атқардым.

Ақын Серік Әбілұлы сіз туралы:

«Бесігіміз тербелген жайлаудағы күркеде,

Соны айтамын мен бүгін жүрегімнен жыр төге.

Күллі қазақ ішінде диктор жайлы сөз болса,

Байжанбаев бір төбе, Тесебаев бір төбе» - дейтін өлең жолдарын арнапты. Ал, сіз диктор ретінде кімді ұстаз тұттыңыз?

- Қазақстанның радиосы «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деп «Мәдениет төңкерісіне» дейін Шынжаңда саңқылдап тұратын. Сондағы Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың дауысы пай-пай шіркін керемет-ақ еді! Ол нағыз біртуар талант иесі, қазақтан ондай диктор қайта туған жоқ. 1989 жылы Үрімжіге Қайрат Байбосынов, Роза Рымбаевалар келді. Мен өзімнің рухани ұстазым санайтын ұлы диктор Әнуарбек ағаға хат жазып, қалам беріп жібердім. Соның арасынша ол кісі қайтыс болып кетіпті.

Оны қазақтың Левитаны дейді. Левитанды білесің, Мәскеудің атақты дикторы. Гитлер Мәскеуге 25 шақырым қалғанда, таңғы асын ішіп отырып, бүгін түскі тамақты Мәскеуден ішем, Мәскеуге барғаннан кейін бірінші Сталиннің басын аламын, екіншісі заржақ диктор Левитанның көмейіне қорғасын құямын деген дейді. Мен Левитанның сөзін тыңдап, дауысының кереметтігіне қайран қалдым. Біз енді орысшадан бір ауыз сөзді де түсінбейміз ғой. Соған қарамастан сағаттап тыңдасаң да зерікпейді екенсің. Оның дауысының әдемілігі, құбылуы, жағымдылығы тілін білмесең де өзіне соншалықты баурап алады. Соған қарағанда оның сөзін түсініп отырғандар қайтеді екен деп ойлаймын...

- Cізге әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов жақсы баға беріпті деп естіген едік. Қазақтың Әзағасы қандай қасиетіңізді бағалады екен...

- Мен оқыған елу романның ішінде Әзілхан Нұршайықовтың атақты «Махаббат қызық мол жылдар» атты романы да бар еді. 2004 жылы, Алматыда тұратын айтыскер ақын Қайрат Құлмұхамедұлы екеуміз жазушыға хабарласып, бізге жарты сағат уақытын бөлуді сұрап, отбасына бас сұққан едік. Қайрат інім барған соң мені «диктор, сіздің романыңызды радиодан оқыған» деп таныстырды. Әзағаң басында түсінбей қалып «Сен сонда кириллица жазуымен де оқи береді екенсің ғой» деді. Біз өзімізбен бірге ала барған «Махаббат қызық мол жылдардың» төте жазумен басылып шыққан нұсқасын көрсеттік. Кітапты көрген жазушы балаша қуанып «Менің кітабым Қытайда шығыпты, менің кітабым Қытайда шығыпты» деп кітапты құшақтап қатты тебіренді. Ағамыздың бізге бөлген уақыты жарты сағат емес, 4-5 сағатқа созылды.

Кейін Қытайға барған соң «Шынжаң газетіне» Әзағаңмен әсерлі кездесуімді баян етіп «Аға жазушымен әңгіме» деген атпен көлемді мақала жаздым. Сол мақаланы Қайрат інім Әзілхан ағаның үйіне қайтадан барып, оқып беріпті. Мақаланы тыңдап болған соң ол кісі былай депті: «Мұратбек жай ғана диктор емес, нағыз кәсіби талантты журналист екен. Өйткені 4-5 сағат ішінде көптеген әңгімелер, жер-су атаулары, тарихи уақиғалар, әсіресе қаншама санды мәліметтер айтылды. Соның барлығын қалам, қағазсыз, диктофонсыз жадына жазып алыпты. Бұл деген керек десеңіз өте сирек кездесетін құбылыс, нағыз журналисте болуға тиісті бұндай қасиеттер Мұратбек інімде бар екеніне көзім жетті» депті.

- Әр адамның бала күннен бойында бар бір артықшылығы, бейімі болады. Сіз жас күніңізде кім болғыңыз келіп еді?

- Мен жасымнан әдебиетке қызыққанмын. Бала күнімнен өлең жазуға құмар болдым. Кейін өз замандасым, Шынжаңдағы белгілі ақын Шәкен Оңалбай «Сен жалқаусың, өлең жазуды бәрімізден бұрын бастағансың, жалғастыра бергеніңде ең болмады дегенде ортанқол ақын болар едің» дейді. Шәкеннің ол айтқаны рас, менің ең алғашқы жазған «Астанам» атты өлеңім «Алтай халқы» деген газетте 1954 жылы 1 ақпанда жарық көрді. Қазірге дейін елудей ғана өлең жазыппын. 4 өлеңім ән болып айтылып жүр.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтанұлы


Пікір жазу
  • Шыңырауға қауға салғанда...
    Аманат арқалаған еңбек немесе ахметтануға қосылған соны үлес

    Ұқсас тақырыптар