Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді» деген болатын. Бүгінгі тәуелсіздігіміз жолында қуғын-сүргін көрген мемлекет қайраткерінің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.
Осы жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы UNESCO деңгейінде аталуына орай алыс-жақын елдерде түрлі іс-шаралар өтуде. Республика көлемінде орта және жоғары мектептерден бастап, құзырлы мекемелердің барлығы дерлік ахметтанушылармен кездесу, дөңгелек үстел, республикалық және халықаралық деңгейдегі конференциялар ұйымдастыруда. Осындай іс-шаралардың барысында тыңдарманның баяндамашылардан күтетіні – ахметтануға қосылып жатқан соны жаңалықтар. Жуырда ғана оқырманның қолына тиген ахметтанушы Р.Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» – осы сауалдарға жауап беретін әдеби туынды. Бұл – автордың Шолпан Ахметқызының аманатына адалдығынан туындаған еңбек. 2010 жылы «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты монографиясы жарық көрген болатын. Қолымыздағы еңбекте күні бүгінге дейін ахметтануға қосылған үлкенді-кішілі зерттеулер мен танымдық мақалалар зерделенгендіктен, екінші рет толықтырылып басылып отырғанын баса айтқан жөн. Кітапта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық кітапхана, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі қорларынан алынған құжаттардың көшірмелері, деректі құжаттар мен тарихи сурет түпнұсқаларының көшірмелері берілген.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Шолпан Ахметқызының жанында жүріп батасын алған Райхан Имаханбет батамен бірге апасының аманатын қоса арқалап қалған еді. Алаш арыстары ақталған тұста түрлі мұрағаттарда жатқан А.Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі, әдеби мұрасы туралы деректерді жинау, жүйелеу, оларды бір ізге түсіру керек болды. Сондай қыруар істі Шолпан Ахметқызы бастап, Райхан қостауға кірісті. Шолпан апасының тауқыметке толы тағдыры, әкесінің қасіретке толы өмірі, заманның түлкі бұлаңы сияқты трагедияға толы әңгімелерін тыңдай жүріп, сол дәуірді зерттеуге дендеп ене берді. Мемлекет қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын зерттей жүріп, еңбектерінің алғашқы басылымдары мен кейінгі басылымдарын тізбектеп библиографиясын жасады. Қай жерде Ахмет туралы сөз болды, кім не айтты, кім не жазды дегендерді саусақпен санағандай етіп қайраткер өмірінің негізгі кезеңдерін қамтитын әдеби өмір шежіресін түзді (130-137 б.). Ұзақ жылдардағы ізденістің нәтижесінде Райхан замандасымыз бүгінде алыс-жақын елге танымал ахметтанушыға айналды.
Р.Имаханбеттің бұл еңбегіне «Әдеби туынды» деген авторлық куәлік берілген. Негізі, еңбек көпшілік оқырманға арналып жазылғандықтан, мұрағаттық деректер қарапайым, түсінікті тілмен жазылған. Әдеби туынды – ақын, аудармашы, ұлт жазуының көшбасшысы, қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін салушы, көрнекті ағартушы, ұлағатты ұстаз, Алаш ардақтысы, түркітанушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырына, мемлекеттік және қоғамдық қызметіне арналған. Негізгі төрт тарау және тарауішілік тармақтардан тұратын еңбектің әр тарауынан соң пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
Кітаптың аңдатуында Ахмет Байтұрсынұлының негізгі қырларын атап өтеді. «Біріншіден, ХХ ғасыр басында жетілген жұрт тілінің жетегінде адасқан алаштың әліпбиі мен әліппесін ұлттық болмысқа лайықтап түрледі, түзді» дей келіп, 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші, екінші кітаптарын мысалға келтіреді. Татарша, орысша хат таныған қазақтың табиғи болмысына, акустикасына сай төл жазуы болу керек деп түсінген ғалым қазақтың әліппесін түзіп шықты. ХХ ғасыр басына Ахмет негізін салған осы жазу күні бүгінге дейін Кеңес кезінде шекара бөлгенде Қытай еншісінде кеткен ата-баба жерінде қалған бауырларымыздың төл жазуы қызметін атқарып келеді. Қазақстандықтарды жаппай латынға, одан кирилге көшіру саясатымен қазақ халқы өзінің төл жазуынан мүлдем айырылып қалды. Халықтан өз тарихын жасыру үшін бірнеше рет графиканы ауыстыру саясаты көздеген мақсатына жетті. Жазу-сызудың жиі ауысуы халықты өз тарихынан, дінінен, салт-дәстүрінен, тілінен алшақтатып жатты...
Автор қайраткердің екінші еңбегін «киргиз» аталып келген елдің «қазақ» деп жазылуына себепкер болғандығымен көрсетіп, оны 1913-1318 жылдары жарық көрген «Қазақ» газетімен дәлелдейді. Келесі үлкен еңбегі – қазаққа шекарасы сызылған автономия алып беруі. Пролетариаттың көсемі В.И.Лениннің қабылдауында болып, өз ұсыныстарын дәлелдеген ғұлама ғалымды кезінде өз замандастары да «Қазақ халқының көсемі», «Ұлттың ар-ұжданы», «Алаштың Ахаңы» атап еді. Осыдан бір ғасыр бұрын тарихи тұлғаның 50 жылдық мерейтойында М.Әуезов: «...қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Ахаңның қызметі қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіші – мәңгілік ескерткіш» деген еді! Айтса айтқандай, Кеңес өкіметінен қанша қуғын көрсе де, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ғасыр саңлағының мұрасы жан-жақты насихатталып жатыр. Қазақ халқының жарқын болашағы жолында ерен еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткерінің қызметі жыл өткен сайын саф алтындай жарқырай түсуде. Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін салудағы еңбектері еленіп «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» алқа белгісімен марапатталуы – осының айғағы болса, қолымыздағы кітап – соның бір көрінісі.
«Киелі мекен» деген бірінші тараудың мазмұнын «Атамды менің сұрасаң», «Алып анадан туады», «Оқу, білімге құштарлық», «Әуликөлдегі Мұғалімкөл» деген тараушалардан тұрады. Автордың Торғай туралы сөз еткенде ақын Ғафу Қайырбековтің: «...Торғайдың өзінен-өзі туралы аңызы өсіп кеткен өлке, даңқы озып кеткен дала» деген сөзін тілге тиек етуі орынды. Киелі мекеннің арғы-бергі тарихы Ахметтің шыққан тегін паш етіп тұр. Жеті атасына дейін шежіресін таратудың негізінде болашақ қайраткердің ата тегіне үңілген. Ақын, журналист Хамитбек Мұсабаевтың «Жыңғылды өткелі» өлеңіндегі:
Ұлы Ахаңның тура он үш
жасында,
Болды сұмдық бір оқиға
осында.
Кәрі оязды Ақтас пен
Байтұрсын,
Ұрып жыққан осы өткелдің
басында,
деген жолдар Ахметтің бойындағы ұлтшылдық рух әкесі Байтұрсыннан берілгенін байқатады. Осы оқиға жөнінде «Өмірдерегінен» нақты мысал келтіре отырып деректі сөйлетуі – автордың мұрағат құжаттарына аса жауапкершілікпен қарауының көрсеткіші. Қырықтың қырқасында итжеккенге айдалып кетіп, он жеті жылдан соң, әкесінің елге қартайып оралуы Ахметтің жүрегіне қанжардай қадалып еді. Отаршыл империяның қол астындағы ұсақ ұлттарға жүргізген езгісін көзімен көріп, оның қасіретін тартқан бала Ахмет орыс халқының тілін үйреніп, отаршылдармен күресудің жаңа әдіс-тәсіліне көшті...
Автор «Алып анадан туатынын» жадында ұстап, анасы Күншінің шыққан тегі туралы толыққанды мәлімет берген. Күнші – Сүгір руының ауқатты отбасынан шыққан Құлыбек Шеруұлының қызы. Ел арасында «сарыүйез» деп аталуы ерге бергісіз адуынды мінезін, отағасы айдалып кеткенде балапандарына қорған болған қайсарлығын, шаруаға икемді, мал-жанға жайлылығын танытты. Анасы Күншінің көмегімен Торғайдағы оқуын тәмамдаған Ахмет 1891 жылы Мұғалімдік мектепке қазына қаржысымен оқуға қабылданды. «Әулиекөл» – нағашысы Сүгір елінің ата қонысы болса, Ахметтің осында жиі оралуының да басты себебі сонда. Ахмет пен Александраның «Әуликөлде» бас қосуы, оған Бадрисафа атының берілуі, Бадрисафаның ел ішінде «ақ келін» аталуы қызықты баяндалған.
«Толағай тұлға» деп аталатын екінші тараудың мазмұнын «Қазақ үшін шам...», «Сана серпілткен Семей», «Орынбор – рухани орда», «Ел – бүгіншіл, менікі...» деген тараушалар қамтиды. Бұл тарауда Ахметтің Ақтөбе, Қостанай, Семей, Орынбор, Омбы қалаларындағы жылдары сол кезде атқарған еңбектерімен бірлікте баяндалған. Қарапайым ауыл мұғалімінің 1898-1904 жылдары Омбыға А.Алекторовты іздеп барып танысуын, И.Крыловтың мысалдарын аударып «Қырық мысалды» шығаруын, ұйықтап жатқан елін «Маса» болып ызыңдап оятуын, «Қазақ» газетін шығарудағы мақсат-мүдделерін мұрағат деректерімен сөйлеткен. 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссары және Қазақ Орталық атқару комитетінің мүшесі, Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың төрағасы ретінде білім-ғылым саласының көшбасшысы болды. Осы жөнінде тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейістің «...Ахмет Байтұрсынұлы – Алаш қозғалысы аясындағы қоғам қайраткері ғана емес, Кеңестік Қазақстанның алғашқы жылдарында жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарған адам» деген пікірін негізге алуы құптарлық болса, Ф.Сатыбалдыұлының өлеңдері мен жоқтаулары Ахметтің өмір деректерін толықтыруға қызмет жасайды.
Үшінші тарау «Ұлы ағартушы» деп аталады. Бұл тарау өз ішінен «Әдебиеттегі елшілдік ұран», «Ахаң түрлеген ана тілі...», «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі», «Ахметтану: кеше, бүгін, ертең» деген тараушаларға бөлінген. Бұл тарауда ағартушының түрлі ғылым саласындағы еңбектерінің өзектілігі туралы сөз болған. Түркітанушы А.Самойлович, Е.Поливанов, А.Кононов, Н.Яковлевтің зерттеулері мен Колумбия университетінің профессоры Эдвард Олуорттың жетекшілігімен шыққан «Орталық Азия Ресей билеуінде» еңбектері ғалым мұрасының қоғам өзгерсе де өзектілігі арта түсетіндігімен дәлелденген. Ахмет Байтұрсынұлының үлкен еңбегінің бірі – қазақ көсемсөзінің негізін қалыптастыруы. «Қазақ» газеті – көсемсөздегі алғашқы қарлығаш еді. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл тапқан Ахаң түрлеген әліпбиге замандастары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин, С.Сәдуақас, М.Омарханұлы жоғары баға берді. Қазақ әліпбиі, тіл білімі, әдебиеттану, көсемсөздің жеке ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуындағы ерен еңбегі нақты деректер негізінде таратыла талданған. Көркем аударма саласындағы еңбектері Ю.Жадовская, С.Надсон, Вольтер, А.Пушкин, М.Лермонтовтан тәржімалаған аудармаларымен түйінделсе, 1926 жылы Мәскеу баспаханасынан жарық көрген қазақ елінің 400 жылғы тарихы жинақталған «23 жоқтау» – атадан-балаға мирас болған ауыз әдебиеті мұрасын жинаудағы еңбектерінің көрінісі.
Қорыта айтқанда, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ақын, аудармашы, ұлт жазуының көшбасшысын қазақ халқы ешуақытта ұмытпақ емес. Оны күні бүгінге дейін Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі, әдеби мұрасы мен зерттеу еңбектері туралы отыздан аса докторлық, алпысқа жуық кандидаттық диссертация қорғалғанынан көруге болады. Қолымыздағы кітаптың бірінші жетістігі – тұлғатануға тау тұлғалы Ахмет Байтұрсынұлы туралы сүбелі еңбектің қосылуы. Екіншісі – Ахметтің дүниеге келуінен бастап, өскен ортасы, қайраткер болып қалыптасуы, түрлі ғылым салаларының негізін салуы, қилы тағдырының мұрағат деректерінің негізінде сөйлеуі. Үшіншісі – Ұлт ұстазының өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы кеңестік жүйе мен тәуелсіздік кезеңдегі ой-пікірлерге хронология бойынша шолу жасалуы.
Жоғарыда сөз болғандай, ахметтанушы ғалымның Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегі үшін мемлекетіміздің ең жоғары дәрежелі «Алтын Қыран» орденін немесе «Халық қаһарманы» атағын беруі туралы ұсынысын қолдауға толық негіз бар. Ғалымдар бастаған осы ұсыныс 150 жылдығы қарсаңында жүзеге асса, Ұлы даланы мекен еткен Қазақ халқы өзінің тектілігін әлем алдында тағы бір дәлелдер еді. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дер» болса, біз де бүгінгі тәуелсіздік жолында өмірден баз кешкен арыстарымызды ұлықтауға міндеттіміз.
Гүлжаһан ОРДА,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"