Тіршілігіміздің негізін қалап, өмір сүруіміздің заңдылықтарын қалыптастырған ежелгі ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына өз тәжірибелерінен түйіндеп: «Барын бағалай білгенге бақ қонады, құндылығын құнтай білгенге құт қонады» деген өсиет сөз қалдырыпты. Осы сөздің тамырын басып, айтпағын бүгінгі күннің тұрғысынан зерде сүзгісінен өткізіп, ой таразысына тартсақ, адамның басына бақ қонып, бақытты өмір кешуінің де, тірлік қарекетіне құт дарып, ырыздық несібесінің молайуының да тетігі – әркімнің өз ғұмырында пенделік ашкөздік бәсекенің құлы болмай, қанағат құшағында барыңның байыбына жетіп, бағасын білуінде, құндылығыңның құтын қашырмай, қадір-қасиетін сақтай алуында жатқанын аңғару онша қиындық тудырмайды. Алайда солай болғанымен, осы бір қарапайым қағиданы орындауға келгенде әлі күнге дейін ата-баба өсиетіне адалдық танытып, барымыздың бағын ашып, әрқайсысына өздеріне лайық әділ баға бере алмай жүргеніміз де шындық. Өткеннің жақсысынан үлгі-өнеге алып, оны уақыт талабына сай жетілдіріп, дамыта алмай жүргеніміз де содан болса керек.
Былай қарасаң, бәрін білеміз. Өйткені жекелеген біреулер болмаса, «әттеген-ай, білмегендіктен осылай істедім-ау» деп, қылығына қысылып, өкініп жүрген көпшілікті көрмейсің. Соған қарамастан, білгендерін жүзеге асырып, соның игілігін көріп жатқан жұрт тағы байқалмайды. Сөз көп, тындырылған іс жоқ. Мұндай бәтуасыздықтың орын алып, етек жаюы – ғасырларға созылған кешегі патшалық, большевиктік тоталитарлық жүйенің халқымызды ұлттық ортақ мүддеге орайластырар қалыптасқан танымдық бірлігінен, саналық тұтастығынан ажыратып, тек берілген тапсырманы ойсыз орындай берер тобырға айналдырған аса қатыгездікпен жүргізген зұлым саясатының сойқанды салдары екенін баршамыз бірдей ұғынып, соның зардабын жоюға мақсаткерлікпен бірлесе күресе алмай отырғанымыздан екені де жасырын емес. Осы себепті бодандық бұғауынан құтылып, өз тағдырымызды өзіміз шешуге мүмкіндік алғанымызға табаны күректей 30 жыл өтсе де, әлі күнге жағдайды жете танып, елдің ертеңін, халықтың игілігін ойлаған естілеріміздің төңірегіне топтаса алмай, әрқайсысымыз өз таным-түсінігіміздің жетегінде өз тірлігімізді жөн көріп, бас пайдамыздың қамымен бір-бірімізбен таласып, бәтуасыз айқай-шумен уақыт өткізіп келеміз. Мұның нәтижесі – күні кеше болған «Қанды қаңтар» қырғыны; ел басына қауіп төнген сын сағатта қалың қазақ халқының арасынан басшыға да, басқаға да айтқанын тыңдата алатын, ұйыған ынтымақ-бірлігіміздің бұзылуына жол бермей, береке-бірлігімізді сақтап қалуға сеп болып, халық алдына шығып, тоқтамға келтірер сөзі уәлі, аузы дуалы танымалы бір тұлғаның болмауы; елдігімізді, ерлігімізді жер етіп, сырттан көмек күтіп, жәрдем тілеуіміз.
Мұның бәрі, түптеп келгенде, жоғарыда айтылған: бағымызды баянды етер барымызды дұрыс бағалай алмағанымызға, құт қондырар құндылықтарымызды құнттай білмегенімізге келіп тіреледі. Оның солай екенін дәлелдеу үшін өзімізде бардың бәрінің байыбына жетіп, соларға өзімізше баға береміз деп шашылмай, тек нақты бір тұлғаға қатысты ой өрбіткенді жөн көрдік. Сол арқылы есімі елге танылған бұрынғы, кейінгі тұлғаларымыздың еңбегін өзіміздің қалай бағалап, соған сай қалай құрметтеп жүргеніміздің деңгейін әркімнің өз таным-түсінігіне қарай бағамдауына болады ғой деп ойлаймыз. Осыған орай басқаны қоя тұрып, әңгімені қазіргі таңда еліміз 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өткелі жатқан Ахмет Байтұрсынұлы атамыздан бастайық. Өйткені бұл кісінің атын қазақтың мектеп табалдырығын аттаған жас баласынан бастап, еңкейген кәрісіне дейін түгел біледі. Біреулері оны «мемлекет және қоғам қайраткері», біреулері «ақын, әдебиет зерттеуші ғалым», енді біреулері «тіл білімінің негізін қалаушы, түріктанушы» деп таниды. Сондай-ақ оны «публицист», «педагог», «аудармашы» деп білетіндер де баршылық. Дегенмен жалпы көпшілік арасында оны «ағартушы» деп қабылдау басымырақ. Осыған байланысты олардың Ахметті танып-білу деңгейлері де әр қилы екені аян. Жалпыға тән ортақ танымдық бірлік болмағаннан кейін, оның азаматтық болмысын, атқарған қызметін, тындырған ісін бағалау да, соған орай көрсетілер құрмет те әркімде әртүрлі. Бұған басты кінәлі – қазақтың «халқым» деп қарекет еткен қайраткерлерінің бәрін «халық жауы» атандырып, қынадай қырған кешегі советтік тоталитарлық жүйенің зұлымдығы екені де қазір баршаға мәлім. Соның салдарынан еліміз тәуелсіздікке жетіп, арманда кеткен асыл азаматтарымыздың аяулы есімдерін кезінде жазықсыз жабылған жаладан, жағылған күйеден тазартып алғанымызға отыз жыл болса да, әлі күнге солардың шынайы тұлғалық тағылымын танып, адами ерекшелігінің табиғи болмысын ашып, елге сіңірген еңбегіне сай әрқайсысына өзіне тән лайықты құрмет көрсете алмай келеміз. Теңгермешілік басым. Сол себепті, жасыратыны жоқ, қазіргі көпшілік жұрттың бәрі бірдей олардың есімдерін білгендерімен, затын толық білмейді. Соған орай заманында туған халқының жарқын болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп, арыстандай алысқан есіл ерлердің жанкешті ғажайып тірліктерінен үлгі-өнеге алып, соларға еліктеп, солардай болуға ұмтылып жүрген жастар шоғыры да көрінбейді. Өйткені біз әлі күнге арыстарымыздың халық үшін қандай іс тындырғанын және оны қандай жағдайда, қалай тындырғанын жастарымыздың жетесіне жеткізе танытып, тұщына сезінуіне мүмкіндік туғызып, елітіп еліктіре алмадық. Оның орнына «біздерде мыналар бар, мыналар бар» деп мақтанып, олардың белгілі бір жасқа келген мерейтойына арнап жиын өткізіп, мадақ мақалалар жазумен ғана шектелдік. Қазіргі жағдайға қарағанда Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың 150 жылдығы да осы қалыптасқан тірліктің шеңберінде өтетін секілді.
Біздің бұлай деуіміздің мәнін нақтырақ түсіндіру үшін біраз жайларға салыстырмалы түрде жаңаша талдау жасап, жаңаша зерделеу қажет-ақ. Бірақ оны бір мақала көлемі көтермейді. Ол жеке әңгіме арқауы. Сондықтан бұл арада Ахмет Байтұрсынұлының атқарған қызметінің кейбірін тек санамалап көрсетіп, осыған қатысты атамыздың көзін көргендер мен кейінгі ахметтанушылардың берген танымдық бағаларын негізге ала отырып қорытқан өз пайымдауымызды ғана ұсынуға мәжбүрміз.
А.Байтұрсынұлы – оқытушы-мұғалім. Ахмет атамыз алғашқы қызметін мектеп оқытушысы болудан бастаған. Бұл кезде ол өзі үлгі тұтқан ұлы ұстазы әрі жерлесі Ыбырай Алтынсарыұлының қараңғылық түнегінде қалған еліне білім шырағының сәулесін түсіріп, келешегі жастарының алда халқына сауатты қызмет етуіне мүмкіндік тудыру үшін патша өкіметінің қазақ халқын шоқындыруға арнайы тапсырмамен жіберген миссионері М.И.Ильминскийдің көңілін аулап, қорлығына көніп, зорлығына төзіп, басыбайлы құлындай қызмет ете жүріп, қазақ балаларын оқытатын мектеп ашуға рұқсатты қандай қиындықпен алғанынан толық хабардар болатын. Осы ұстазының жанкешті еңбегінің өтеуі болған қазақ даласында ашылған сол мектептерден сауат ашқан қазақ балаларын Ресей отарлаушыларының өзі оқытушылық еткен кезде түрлі айла-шарғы қолданып, өздерінің сойылын соғар қолбаласына айналдырып бара жатқанын көріп, соған қарсы күресуді өз міндетім деп іске кіріскен еді. Соған орай оқытушылығының алғашқы күнінен бастап, ағартушылықты тек сауат ашумен шектемей, өз оқушыларына білім алудың негізгі мақсаты шен-шекпенге қол жеткізу емес, азапта жүрген халқыңды азаттыққа жеткізіп, өзге озық елдердің қатарына қосылуына біліктілікпен қызмет ету – перзенттік парыз екенін жан-жақты ұғындырып бақты. «Басқадан кем болмау үшін біз білімді һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп үйретті. Ұлт тізгіні ұлттың өзіне тимей тұрып, ұлттық даму жүзеге аспайтынына біржолата көз жеткізгендіктен, «елді түзеудің баланы оқытудан, ұлт болудың қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынына» ерекше мән берген тұңғыш қазақ оқытушысына айналды. Ақтөбе, Қостанай уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарған 1895-1909 жылдар жас оқытушыны өз замандастарынан ерекше шоқтығы биік, таным-түсінігі терең, білігі мол, кемеңгер тұлға ретінде танытты.
Ахмет Байтұрсынұлының саяси қайраткер ретінде қалыптасып, жалпы қазақ жұртына танылуы да осы Қарқаралыда жүрген кезеңінен, «тұтас ұлт тағдыры мен келешегінің мәселелері саяси сауатты, мақсатты бағдарлама ретінде аты аталып, түсі түстелген құжат ретінде: біріншісі – Ресей патшасына, екіншісі – Ресейдің атқарушы үкіметіне, үшіншісі – Ішкі істер министрлігіне, саяси, экономикалық, әлеуметтік проблемаларды жеке-жеке атап көрсетіп, солардың шешілуін талап еткен» (З.Тайшыбай) қазақ даласынан тұңғыш рет Петербургке жөнелтілген петициялардан басталады. Бұл құжат кезінде Ресей тағын шайқалтып, 17 қазан Манифесін тудырған зор толқынға себеп болған дүмпулердің бірі ретінде бағаланды. Осы «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырушылардың және мәтінін жазысып, соған бастамашылардың қатарында алдымен қол қоюшылардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы болды. Осыған орай петицияны жазғандар да, жазуды ұйымдастырғандар да «мемлекеттік қылмыстылар» деп танылады. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды, кейін Орынборға жер аударылды.
А.Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ерекше ықпал жасаған білікті көсемсөзші (публицист). Оның мақалалары ғылыми байыптылығымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шынайы болмысын барынша нақты ашып, қазақ қауымының жаңылыссыз әрекет етуіне бағыт-бағдар беріп отырды. Үнемі жандармдық бақылауда болып, кезегімен бірінен кейін біріне ауыстырылған түрмелер де, лагерлер де, жер аударулар да Ахмет Байтұрсынұлын алған бағытынан қайтара алмады.
Саяси қызметі жолындағы көрген қорлық, тартқан азапқа мұқалмай, елінің жарқын болашағы үшін соңғы демі біткенше таңқаларлық жанкештілікпен, бар қабілетін сарқа еңбек етті. Бір ғажабы, ол тындырған істердің қай-қайсысын да зерттеушілердің қазақ тарихында «тұңғыш рет» деп бағалайтындары да ерекше таңғалдырар жай. Солардың бірі – алғашқы саны 1913 жылы жарық көрген ұйымдастырушысы да, бас редакторы өзі болған тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті. Бұл газет қоныс аударған орыс шаруаларына қазақтың құнарлы жерлерін молырақ алып беру жолына түскен отаршыл биліктің түрлі құйтырқы әдіс-айласын халыққа кең әрі терең ашып көрсету арқылы қазақ ауылдарын жаппай отырықшылық тұрмысқа жедел көшуден сақтандырды, өктемшіл биліктің түрлі зорлық-зомбылығына ұлттық бірлік пен біліктілікті қарсы қоюға үндеді. Туған жердің байлығын өз игілігіне жарату үшін халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Сол кездің куәгері, кейін жазушылығымен халқымыздың мақтанышына айналған ұлы жазушысы М.Әуезовтің: «Қазақ» газетінің дүниеге келуі – шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты оятты... «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деп бағалауы айтылғанның ақиқаттығына айғақ.А.Байтұрсынұлы – ұлт тәуелсіздігі жолында таймай, талмай күрескен тұлға. Ресейде сонау декабристерден соң ұмыт бола бастаған ұлттар теңдігі қайта сөз бола бастаған тұста Алаш азаматтары бодан халықтар арасында бірінші болып, мүдделік бірлік танытып, қалайда ұлттық автономияға қол жеткізіп қалуға жұмыла кірісті. Бұған дейін ұлт тәуелсіздігі жолындағы «Алаш» қозғалысының орталық тұлғасына айналған Ахмет Байтұрсынұлы рухани інісі Міржақып Дулатовпен бірігіп, 1917 жылдың шілдесінде Орынборда өткен жалпықазақтық құрылтайда тұңғыш «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды» ұсынды. Бірақ құрылтай Әлихан Бөкейхановтың: «демократиялық, федеративтік және парламенттік Ресей құрамындағы қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуы» керек деген ұсынысын құптады. Алайда осы қабылданған ұсынысты жүзеге асыруға келгенде елдегі саяси жағдай өте күрделі еді. «Қоңсылас әр губернияларға телініп, аумақтық бытырауға ұшыраған қазақ даласының әр аймағында өз элитасы билікке тырмысып, ортақ өгіз бұйырмаса, оңаша бұзауларынан айырылғысы келмейтін сыңай танытты. Сібірдегі Колчак үкіметі либералдықтан гөрі таза монархиялық сипатта болды. Семейдегі Алаш үкіметін жаптырды. Түрікстан автономиясында аз ұлттардың өзара қырқысы қоздады. Ондағы Уақытша үкімет басшылары М.Тынышпаев пен М.Шоқай елден аластатылды. Батыс Алашорда мен дутовшылдар мәмілесі де ұзаққа бармады. Большевиктер үстемдігі тарихи шындыққа айналды. Ұлттық автономиядан не атымен қол үзу, не большевиктермен келіссөз жүргізу қажеттілігі туындады. Осындай аласапыран кезеңде бұған дейін автономия төңірегіндегі кереғар пікірлерді үйлестіруге үнемі ұйытқы болып жүрген Ахмет Байтұрсынұлына бұл міндетті өз мойнына алуға тура келді. Ағарту ісіндегі, әдебиет пен ғылымдағы, әлеуметтік қызметтегі табандылығы, білімдарлығы, бірлікшілдігі арқасында түрікшілдердің де, орысшылдардың да, қазақшылдардың да, либералшылдардың да, тапшылдардың да алдында үлкен беделге ие айтулы қайраткермен келіссөзге большевиктер де пейілді болды» (Ә.Кекілбаев). Кейінгі Алаш зерттеушілерінің: «А. Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов және М.Дулатов бастаған үштіктің шешуші жанкешті ұйымдастырушылық қызметінсіз 1917 жылы Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің өмірге келуі мүмкін емес-тін» деген тұжырымға тоқтаулары да содан болса керек.
А.Байтұрсынұлы – туған жердің тұтастығына сызат түсірмеуді мұрат тұтты. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 жылдың 27 тамызындағы Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне А.Байтұрсынұлының Казревком мүшесі ретінде қарсы шығып, жазған саяси наразылығы негізінде Қостанай уезі Қазақстан құрамына қайтарылды. Осыдан кейін ұлт тағдырын шешетін іргелі мәселелердің оң шешімін табу үшін бұл кезде толық үстемдікке ие болған большевиктердің жеңісін мойындап, РК(б) құрамына кірудің қажеттілігін жете сезінген Ахмет атамыз өз еркімен партия мүшелігіне өтеді. Алайда арада жыл өтпей жатып, сөзіне ісі сай келмейтін мұндай ұраншыл ұрдажық партияның қатарында болуды өз арының алдында жасалған қылмыстай көріп, өзі арыз беріп, партия қатарынан шығады. Бұл сол кездің жағдайында өз еркіңмен жаңғырыққа басыңды қоюмен бірдей еді. Ұлтының азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен ұлтшыл азамат жан жалдап жасандылыққа барудан адал ақ өлімді артық көрген болса керек. Оның абақтыдағы кезекті бір тергеуде тергеуші сауалына: «Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарты болғандықтан, мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын», – деп жауап беруі де біраз жайды аңғартса керек.
А.Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған зерттеуші ғалым. Ол әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасаған. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерге терминдік жаңа мән беріп, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығарды. Ол әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі – «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласында қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиетімен байланысы туралы ғылыми тұрғыда талдау жасап, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттерін жан-жақты ашып көрсетті. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеуге де қомақты үлес қосты. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Әдеби мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы шығыстанушылардың қатарына қосылды.
А.Байтұрсынұлы – Қазақ тілі білімінің негізін қалаушы ретінде ғылымның осы саласына бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін шаруаны бір өзі тындырып үлгерген ерекше талант. Зерттеушілердің оның еңбегін бағалағанда «Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың үлесі бір пара да, Байтұрсыновтың сіңірген еңбегі бір пара» деп тұжырым жасаулары да содан. «Сол арқылы ол түріктануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе, Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашар. Тіл танытқыштар. Мұның бәрі ұлттық тіл біліміне түпкілікті темірқазық болар мәңгілік үлестер» (Ә.Кекілбаев) еді. Осы тұңғыштардың бәрін бір адамның, оның ішінде бары-жоғы 4 жылдық мұғалімдер мектебін ғана бітірген ауыл мұғалімінің бір өзінің өмірге әкелуі – ерекше қабілеттілікті танытар өмірде теңдесі жоқ сирек құбылыс екенін көрсетсе керек.
А.Байтұрсынұлы – ақын. Жалпы, ол шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, адал еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынайды. Ақынның алғашқы өлеңдері – «Қырық мысал» атты жинағы Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы ол қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес ойларын қосып отырған. «Маса» атты екінші кітабына енген өлеңдерінде де ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
А.Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И.Хемницердің «Ат пен есек», А.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.
А.Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады. Оның жыраулар мұрасын жетік білетіндігі оның осы бағытта жазған әр еңбегінен айқын көрінеді. Бұған сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері мен XV– XVII ғасырлардағы жыраулар поэзиясының біразының, атап айтқанда: Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т.б. ақын-жазушылар шығар-
маларының А. Байтұрсынұлы еңбектерінде кеңінен қамтылуы толық айғақ. Өз тұстастарынан оның тағы бір ерекшелігі ол Еуропа жұрты әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеру арқылы содан тапқандарын қазақ көркем сөз өнерін жетілдіре дамыту жолындағы ізденістерінде өзара сәйкестік, үйлесімділік табуына арқау етеді.А.Байтұрсынұлы түріктанушы ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. 1926 жылы Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасады. Түріктілдес халықтардың көптеген ғалымдары Байтұрсынұлын өздеріне ұстаз тұтты, оның еңбектерін өз халықтарының тіл білімін қалыптастыруда бағыт-бағдар беретін құрал ретінде пайдаланды.
А. Байтұрсынұлы – мемлекет және қоғам қайраткері. Алаш Орда құрамын бекіткен Екінші жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрғанда ол осы комиссияның тұңғыш төрағасы болып бекітілген. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Сол жылы Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге қатысты. Осы жылғы шілдеде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.
Міне, қазақ халқының «елім» дер ерлерінің жаппай көзін жоюға бағытталған кешегі Қызылдардың қырғынында «халық жауы» деген жаламен жазықсыз атылып кеткеніне дейінгі А.Байтұрсынұлы тындырған істердің санамалап көрсеткенде еске оралған бірқатары осындай. Осы аталғандардың қай-қайсысының да өте сапалы, мінсіз орындалғаны сондай, бүгінгі дамыған ғылымның, жетілген сананың озық ойлы өкілдерінің өзі арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның не мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атқарған ісінен, не ашқан ғылыми жаңалықтарынан, не шығармашылық жетістіктерінен бір де бір «әттеген-ай» дегізер ақау тапқан емес. Олар әлі күнге әр түрлі жағдайларға байланысты айтылар өз ойларын А. Байтұрсынұлының қағидалы сөздерімен тұздықтап, оның халқына шексіз берілген адалдығын, осы жолдағы жанкешті тірлігін үлгі-өнеге тұтады, ерекше бағалайды. Мұның солай екеніне бұл арада А. Байтұрсынұлына қатысты айтылған ой-пікірлердің бәрін үйіп-төгіп тізбелемей-ақ (ондайлар жетіп, артылады), оның өз замандастары мен кейінгі ұрпақтары арасынан оза шығып, еліне ерекше танылған екі-ақ адамның берген бағасын пайымдау арқылы нақты көз жеткізуге болады.
Оның алғашқысы – аласапыран заманда атамызбен қызметтес болып, патша өкіметі мен большевиктердің бұратана халықтарға жасаған зұлмат зорлықтарының тауқыметін бірдей көрген, кезінде қазақ үкіметінің басшысы болған, «Қызыл сұңқар» атанған жаңашыл ақын Сәкен Сейфуллин: «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті... Ахмет бір халықты біз құсап бай, кедей деп екіге бөлген жоқ, тұтас жақсы көрді» (А. Байтұрсынұлының 50-жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінен) десе, екіншісі – кейінгі ұрпақ өкілі, Ахмет армандаған бүгінгі Тәуелсіздік заманының орнығуына ерекше үлес қосқан халқымыздың ғұлама жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Ахмет Байтұрсынов – ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып, қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегерішін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес» (А. Байтұрсынұлының 125 жылдығында жасаған баяндамасынан), – деп бағалайды. Көріп отырсыздар, екі заманның озық ойлы екі өкілі араларында 75 жыл өткеніне қарамастан, айтқан пікірлерінің ортақ түйіні бір: Ахмет Байтұрсынұлы патша заманында да, кейінгі Советтік кезеңде де қандай азап шексе де, қандай қорлық көрсе де халқына адал қызмет етуден айнымаған, елінің азаттығы, ұрпағының бақытты өмір кешуі жолында басын бәйгеге тігіп, жанкештілікпен еңбек еткен, болмайтынды болдырған, мүмкін еместі мүмкін еткен қазақ тарихындағы Жалғыз Қазақ, Дара Тұлға! Мұны кейінгі ахметтанушылардың өздері зерттеген салалары бойынша А. Байтұрсынұлын «Ұлттың ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі», «Адамгершіліктің диханы» деп танып, оны жалпы көптің жабыла қолдап, қолданысқа енгізулері де осы бағалаудың дұрыстығының айғағы болса керек.
Бұған талас жоқ. Енді осы айтылғандарды негізге ала отырып, халқымыздың бағына біткен осы Дара Тұлғаны бүгінгі өзіміздің қай деңгейде танып, соған лайық қандай құрмет көрсетіп, сол арқылы жас ұрпақтың жанын баурап, оларға халыққа қалтқысыз қызмет етудің ахметтік үлгі-өнегесін қаншалықты дарытып жүргенімізді пайымдауға бағытталған бастапқы айтпақ ойымызға оралайық. Сонда жоғарыда айтылған «әлі күнге елім деп ерекше еңбек еткен ерлеріміздің табиғи болмысын ашып, олардың әрқайсысына өзіне тән лайықты құрмет көрсете алмай келеміз, теңгермешілік басым» деуіміздің мәні де айқындала түседі ғой деп ойлаймыз.
Біз жоғарыда А. Байтұрсынұлына қатысты бүгінгі таным-түсінігі әртүрлі оқырмандардың өзінше салыстыра сараптауына мүмкіндік беру үшін оның атқарған қыруар жұмысынан әдейі он екісінің атын атап, түрін түстедік, нәтижесінен хабардар еттік. Қазіргі кезде Ахмет атамыз атқарған осы шаруалардың тек біреуін ғана еліміздің бір азаматы өзге әріптестерінен гөрі сапалы да тиімді атқарып, айтарлықтай жетістіктерге жетіп, тірісінде елдің назарына ерекше іліксе, оны осы еңбегіне қарай орден-медальдармен марапаттап, түрлі атақтар беріп құрметтейміз, кейін солардың марқұм болғанының есімдерін ел есінде қалдыру мақсатында кейбіріне өздерінің туған ауылдарының, ұзақ жыл қызмет істеген мекемесінің атын, сондай-ақ қалалар мен ірі елді мекендердегі көше атауларын солардың атымен атаймыз, тіпті кейбір атақ-даңқы аймақтан асып, алысқа кеткендері мен кезінде ірі лауазымды қызмет атқарғандарына қала, аудан аттарын сыйлаймыз, түрлі ескерткіштер орнатамыз. Мұның бәрін еңбек адамының мерейін көтеру, олардың игілікті істерін ұрпаққа үлгі ету, сол арқылы қоғамның жетілуіне, өзгелерден кейін қалмай ілгерілеп дамуына ықпал етуге септігі тиер ізгі шаралар деп есептейміз. Бұған ара-тұра билікте жүрген кейбір ықпалды жандардың баспатөрелік жасап, мата даңқымен бөзді өткізіп жіберетін кейбір жағдайлары болмаса, негізінен ешқандай дау жоқ. Барымызды бағалаудың, тұлғамызды өскелең жас ұрпаққа танытудың ата-бабаларымыз қалыптастырған дәстүрлі жолының заманауи жалғасы тәрізді дүние деп қабылдадық. Бәрі дұрыс, құптарлық тірлік.
Тек өкініштісі – осының бәрі әр тұлғаның елге сіңірген еңбегіне қарай екшелінбей, бір өлшеммен өлшенген таным-түсінік деңгейінде кесіп-пішіліп, соған орай көрсетілер құрметіміз тек солардың белгілі бір жасқа келуіне байланысты өткізілер науқанды шаралармен шектелетіндігі. Тұлғалар дараланбады, соған орай олардың елдік санаға әсер етер тағылымдық ықпалы өз мәнінде пайдаланылмады. Мұның солай екеніне бүкіл мағыналы ғұмырын арпалысы мол астаң-кестен заманда халқының жойылып кетпей, сақталып қалуына, өзге азат елдермен терезе теңестіріп, бақытты өмір сүруіне арнап, патша үкіметінің зорлығына көніп, қорлығына төзіп, кешегі коммунистердің қуғын-сүргінінің бар қияметін бастан өткеріп, түрмелер мен лагерьлерде көрсетілген азаптау мен қинаудың бәріне шыдап, қашан жазықсыз атылып кеткенге дейін сан салалы қыруар жұмысты бір өзі тындырған Ахмет пен кейінгі бейбіт заманда жайлы кабинетте сондай жұмыстың бірін ғана атқарып, жақсы жетістікке жеткен атақтыларымызды бір деңгейде бағалап, бір деңгейде құрметтеп жүргеніміз толық айғақ. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына отыз жылдан аса уақыт өтсе де, әлі күнге дамыған өзге озық елдердің қатарына іліге алмай, күйбең тірліктің көлеңкесінде өзара таласып, улап-шулап жүргеніміз де соның салдары. Бұл – біздің бұған дейінгі бірнеше ғасырларға созылған бодандықтың бұғауында өзімізше ойлап, өзімізше іс тындырудан біржола қалып, тек отарлаушылардың айтқанымен жүріп, берілген тапсырмасын орындауға ғана машықтанған тобырға айналғанымыздың айқын белгісі еді. Үш ғасырда қалыптасып, құдіретін жүргізген осы құлдық сана қазіргі таңда да ерекше ұлықтап, үлгі тұтар Дараларымызды қапысыз тануға мүмкіндік бермей келеді. Тәуелсіздіктің өткен отыз жылында, басқаны былай қойғанда, өзімізбен тегі бір түріктердің Ататүрігі секілді бүкіл қазақ азаматтарының арасынан қазіргі заманға сай ұран тастап, халықты бірлікке ұйытып, көшбастар өз Атақазағымыздың атойлап алға шыға алмай отырғаны да содан. Алайда біздің бұл пікірімізге кейбіреулердің келіспей: «ау, ана заманда өзінің атақты замандастары, бұ заманда бүгінгі тобынан ат оздырған дарынды ұрпақтары Ахметті өзгелерден ерекшелеп, «теңдесі жоқ дара тұлға» деп даралап, соған орай қазіргі таңда оны «Ұлттың ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі», «Адамгершілдіктің диқаны» деп атап, ел болып құрметтеп жүрген жоқпыз ба!?. Бұдан артық қандай бағалау керек?!.», – деп, уәж айтып, өре-түрегелетіне де күдік келтірмейміз. Өйткені бұл да көз көріп, құлақ естіп жүрген шындық. Бірақ бұл бағалаулар – жалпы халықтық мойындау емес. Бұл – Ахметті зерттеп, жете таныған жекелердің ғана пікірі. Қалғандарыныкі – осылардың айтқанын өз танымынсыз жайдақ қайталау, аттанға айқай қосқан көп дүрмектің дүбірлі жаңғырығы. Егер бұлай болмай, қазіргі айтып жүргеніміздей: бүкіл қазақ Ахмет Байтұрсынұлын «ҰЛТ ҰСТАЗЫ» деп танып, өздерінің шәкірттігін мойындаған болса, онда кең байтақ даламыздың қай түкпіріне барсаңыз да оған деген шәкірттік құрметтің белгісі айқын сезіліп тұрар еді ғой. Өйткені ол жекелеген біреулердің, болмаса, белгілі бір өңірдің адамдарының емес, тұтас ұлттың ұстазы ғой...
Өзге жұрттың Ахмет секілді бірдің бірегейі емес, қатардағы көп танымал тұлғаларының өзіне жасаған ұрпақтық ізет-құрметін көргенде еріксіз ойға қаласың. Олар тұлғаларының кіндік қаны тамған жерін кие тұтып, тәу етеді. Ал біздің, басқаны былай қойып, қатардағы танымалы тұлғалардың бірі емес, өзіміз ерекшелеп: «ұлт ұстазы», «ұлттың рухани көсемі» деп ардақтаған Ахметіміздің туған жеріне деген ізет-құрметіміз қандай?!. Бұған қатысты біз айтсақ ұзаңқырап кетерміз, оның орнына фото-деректер сөйлесін, зерде көзімен үңіле қараңыз:
Мынау:
Бұл күнде аудан орталығынан 110 шақырым шалғайда жатқан, не төселген тас жолы жоқ, не өзгелердей пайдаланып жатқан газы жоқ, не бүкіл елді әлем тірлігінен хабардар етер интернеті жоқ, қысқасы, санда бар да санатта жоқ туған ауылының қазіргі көрінісі.
Мынау:
Әкесі мен бауырларының зираты.
(Суреттердің бәрі 2022 жылдың ақпан айында атамыздың 150 жылдық мерейтойына дайындыққа орай Ақкөлге барған облыс әкімінің Ахмет ауылының тұрғындарымен кездесуі кезінде түсірілген тілші материалынан алынды).
Міне, бұл күнде өзіміздің жабыла «ұлттың ұстазы» деп ұлықтап, «ұлттың рухани көсемі» деп басшы еткен, «адамгершіліктің диқаны» деп дәріптеп жүрген, бірдің бірегейі Ахмет атамыздың туған ауылының, кіндік қаны тамған киелі жерінің қазіргі көрінісі, боямасыз фото-көшірмесі осындай. Мұны көрген ұлт перзенттерінің көкірегінде қандай сезім туындайды: мақтаныш па, қорлану ма, оны әркімнің өзінің елдік танымына, азаматтық пайым-парасатына қалдырайын. Мені мазалайтын ой мынандай: Қазіргі әлемдік саяси-әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығына қарай «бірлігі беріктің – іргесі берік» деген қағидаға сай әр халық өздерінің географиялық орналасуына, этникалық бауырластығына орай өзара бірігіп, ортақ одақ құрғаны, құрып жатқаны мәлім. Мысалға айталық, алдағы қыркүйек айында өтетін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына түркі дүниесінің ірі тұлғалары келіп, салтанатты жиыннан соң, біздің елдің басшысына: «Президент мырза, құрметтеріңізге рахмет, «түркологияның атасы» аталған Ахмет атамыз бәрімізге ортақ қой. Енді осы сәтті пайдаланып, атамыздың туған ауылына барып, кіндік қаны тамған киелі жерді көріп, топырағына тәу етіп қайтсақ», – деп өтініш білдіруі бек мүмкін ғой. Мұндай өтінішке қарсылық болмасы тағы анық. Сонда барғандарға қаласақ та, қаламасақ та, амалсыз жоғарыдағы фотода бейнеленген ауылды, атамыз дүниеге келген үйді, әулеттің зиратын көрсетуге тура келері сөзсіз. Сонда деймін-ау, мерейтойдың салтанатты жиынында атамыздың сонау аласапыран заманда адам төзбес азаптың, жан шыдамас қорлықтың небір сұмдығының зардабын бастан кешкеніне қарамастан, халқының азаттығы жолында «бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін шаруаны бір өзі тындырып», болмайтынды болдырған жанкешті ерлігін естіп, соған таңдана тамсанып, көруге құмартып келген мәртебелі меймандар біздің ел туралы не ойлайды?!. Олардың: «япырай-ай қазақ бауырларымыз сөзде аспандайтын, істе ұяттан жасқанбайтын елге айналған ба» деп қайран қалмасына кім кепіл. Сонда өзі бастап алып келген қонақтарының көңіл күйіндегі осындай өзгерісті көріп, мәнісін бүкіл болмысымен сезінген біздің Президентіміздің амалсыз жерге қараудан басқа шарасы бар ма?! «Ұяттан адам өлмес, сағы сынар» дейді дана халық.
Себепсіз салдар жоқ. Осының бәрі әңгіменің әлқиссасында айтылған: «Барын бағалай білгенге бақ қонады» деген ежелгі бабалар сөзінің түптөркінін өз мәнінде танып, біліктілікпен бағалай алмағанымыздан ба деген ой келеді. Бодандық бұғауынан құтылып, азаттық алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де Ахмет атамыздың жолын қуып, ел мерейін арттырар бүгінгі күннің ахметтерінің төбе көрсете алмай жүргені де соның салдары емес пе екен?!. Қалайда ел болып ойласу қажет секілді.
Ойлан Қазақ! Ойланбасқа болмайтын кез келді!..
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ
Дереккөз: Egemen Qazaqstan