Түгенделген тарих – ұрпақ үшін

Уақыты: 2022-09-06 Көрлімі: 405 Сипаттама

Соңғы уақытта елдігімізге тіл тигізіп, тарихымызға күйе жаққандар пайда бола бастады....



Соңғы уақытта елдігімізге тіл тигізіп, тарихымызға күйе жаққандар пайда бола бастады. Сырттағы жауды қойшы, өз ішімізде де іріткі салып жүргендер жетерлік. Қазақ зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысын мүлдем жоққа шығарып, «Алаш» идеясына күмән келтіргендерге жауап дайын! Тарихи маңызды құжаттарды ешкім жоққа шығара алмас!

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия уни­верситеті қабырғасында аталған білім ордасының жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты мен «Ақ жол» демократиялық партиясы бір­ле­сіп ұйымдастырған «Алаш Республи­касы­ның 105 жылдығы және Қазақ Консти­туциясының қайнар көздері: жаңа дерек­көздер, зерттеудің мәселелері мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынға қатысушылар «Алаш» идея­сы жайлы өз ойын ортаға салды. Еуразия ұлттық университетінің прорек­торы, алаштанушы ғалым Дихан Қамза­бекұлы тарихымызды түгендейтін уақыт жеткенін айтты. «Осы уақытқа дейін сөз таластырып келдік. Әділетті Қазақ­станға қадам басқаннан кейін ұрпақ­тар сабақтастығын жалғап, нақты тұжырымдамалар мен зерттеулер арқылы тарихымызды айшықтай түсу керек», деді.

Ұлы даланың тарихын ежелгі дәуірден бастап қазірге дейін зерттеуді одан әрі жалғастыруға ерекше назар аудару қажеттілігі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында айтылған болатын. Аталған мақалада көтерілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қа­зақстан тарихы ежелгі дәуірден бү­гінгі күнге дейін» атты 7 томдық ірге­лі ғылыми еңбекті әзірлеуді бастап кет­ті. Аталған институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Зиябек Қабылдинов құнды еңбекті құрастыруға 400-ге жуық маман тартылғанын айтты. Тіпті бұл іске алыс шетелдегі ғалымдар да атсалыспақ. Бас-аяғы 2,5 жылдың ішінде құнды еңбек жарыққа шығады деп күтілуде. Бұл еңбекте Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты «Алаш» зиялыларына жеке-жеке параграфтар арналмақ.

«Ақ жол» демократиялық партиясы­ның төрағасы Азат Перуашов «Алаш» партиясының мұрасын зерттеу бір бөлек, зиялы қауым ұсынған идеяларды заман ағымына қарай икемделіп, жүзеге асуға тиіс деген ойын ортаға салды. «Бізге өзге идея қажет емес. Одан артық та таба алмайсыз. Бұл – тұтас ұлттың идеясы», деді ол.

Конференцияға Жапониядан онлайн байланысқа шыққан Хоккайдо уни­вер­ситетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Уяма Томохико Алаш зиялылары мен Жапония арасындағы байланыстың тек болжам емес шындық болғанын айғақ­тайтын деректерді жария етті. Нақ­ты­ласақ, 1919 жылы Райымжан Мәр­секов жапон үкіметіне хат жазып, Алашорда үкіметін тануды, мойындауды сұраған, жас қазақ мемлекетіне көмек беруін өтінген. Жапондық тарихшы атап өткеніндей, Мәрсеков өз сөзінде сол кезде Алашорда өкілдерінен бөлек Жапониямен келіссөз жүргізіп жатқан Колчак үкіметін бірде-бір рет атамаған және Алашорданың қызметін дербес орган ретінде сипаттап отырған. Бұл жайында ұзақ жазуға болады. Бүгінде жапондық тарихшы тарихи құжатты қазақ тіліне аударып жатқан көрінеді. Бұл – «Алаш» мұрасының жаңа парағы ашылды деген сөз!

Оралхан АХМАДИЯ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Тар заманның қызғыш құсы
    Тарихын танымағанның болашағы бұлыңғыр

    Ұқсас тақырыптар