Тарихын танымағанның болашағы бұлыңғыр

Уақыты: 2022-09-07 Көрлімі: 399 Сипаттама

Рас, бұл – аксиома. Ал оны таныту, ұлтқа ұран, ұрпаққа мұра етіп қалдыру – парасатты ерді...


Рас, бұл – аксиома. Ал оны таныту, ұлтқа ұран, ұрпаққа мұра етіп қалдыру – парасатты ердің пайымы. Бұл тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алға қарай қарышты қадам басты. Биылдың өзінде өткенімізді өрнектеу жолында ­жоспарлы жұмыстар қолға алынды. Айталық, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы аясында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылды.

Алаш арыстары есімімен астасып жатқан Семей қаласы мәртебесінің өсуі, облыстың Абай аталуы, қазақ хандары мен билері табанының табы қалған өлкені Ұлытау деп ұлықтауы – ойымның айғағы. Тіпті Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілуі – алмағайып тұста 43 қала салдырған тау тұлғаны ұлық­таудың көркем көрінісі. Мұндай қадам – Алаш жұртын рухани серпілтті. Әрі бос сөз, құрғақ уәде емес, жоспарлы жұмыстың же­місін көрсетті.

Бұған қосымша Барыс жылында Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы, Кенесары хан­ның 220 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығы еліміздің түпкір-түпкірінде кең көлемде аталып өтілуде. Соны­мен қатар ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Алаш арысының туған күні 3-5 қыркүйек аралығында майлы қиян, кең түбекті Торғайда дүбірлеп өтуі тиіс еді. Әйткенмен, Ахметтің киелі топырағын өрт шарпып, ұлт ұстазының 150 жыл­ды­ғына арналған ауқымды іс-шараны өткізу кейінге ысырылды. Дегенмен өрт шыққан өңір­дің тұрғындарымен кездес­кен­де Президентіміз баба рухына тағ­зым жасалатынын ашық айт­ты: «Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз».

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл қадамы өзегін ғана емес, ша­ңырағын да өрт шалып, қызыл алау­ға «оранған» ағайынның жаны­на жылулық, санасына серпіліс сыйлады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында: «Қа­зақ қоғамында жаңа қағидат­тар және жаңа бағдарлар салта­нат құруға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керек­тердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды», деп атап өткен еді.

Әлбетте, жаһандану деген жа­­нал­­ғышқа жұтылып кетпей, өр ба­баларымыздың сара жолын на­си­хаттау, оны сақтап қа­лу – азат­тығымыз үшін де, қазақ­тығымыз үшін де маңызды. Осы ретте Бай­тұрсынұлы әйгілі Қарқаралы пе­ти­циясы автор­ла­рының бірі бол­ғанын жұртшылық жақсы біледі.

Аталған арыз-тілекте жергі­лікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне Қазақ елінің мүдде­сіне сай өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстау еркін­дігі, Дала ережесін қазақ мүд­десіне сай заңмен ауыстыру және басқа да мәселелер көтерілді. Демек жаңа Қазақстанда реформатор Ахмет Байтұрсынұлы­ның есімі, оның ұлтты ағартушы­лық жолындағы ерен еңбегі, сая­си көзқарасы ұмытылмақ емес. Керісінше, жылдар жылжыған сайын ұрпақ санасында қайта жаңғырып, жас буынның жол бас­тар шамшырағына айналары хақ.

ХХ ғасырдың басында-ақ ілім-ғылымның өрісін кеңейтіп, ұлтын білімге, ізденіске бағыттаған Алаш арысы өміршең мұрасын ұр­­па­ғына қалдырды. «Оқу құра­лы», «Қырық мысал», «Маса» се­кіл­ді еңбектері бүгінгі буынның да, бо­­ла­шақтың да жастанып жатып оқи­тын кітабына айналуға тиіс.

Көреген қазақ: «Ғалымның хаты өлмейді» дейді. Рас, Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі, қайраткерлік күресі өт­кен ғасырда Қазақ елін жаңа белеске көтерді. Жылдар жылжы­ған сайын Торғайдың төл баласы Алаштың Ахметіне айналды. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин: «...Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір ба­сын бәйгеге тіккен. Ахмет Бай­тұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл», деген еді.

Демек халқымыздың рухани көсемін қалай әспеттесек те артық емес. Осы тұрғыдан қарағанда, Торғайда өтетін торқалы жиын­ның маңызы айрықша. Ең бас­тысы, қазақ руханиятының кемел­денуіне кең жол ашып, ұлт кө­сем­дерін биігіне көтерген Пре­зи­дентіміздің бұл қадамы көре­генділік әрі жаңа дәуірге жасалған жарқын бетбұрыс деп есептеймін.

 

Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ,

Қазақстан Халық партиясының төрағасы

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Түгенделген тарих – ұрпақ үшін
    Тоғыз жолдың торабында оянған

    Ұқсас тақырыптар