Алтынбек

Уақыты: 2022-10-21 Көрлімі: 631 Сипаттама

1979 жылдың қыркүйек айында Қазақ­станның түкпір-түкпірінен жи­налған, журфакқа оқуға түскен 50 бала Қазақтың С.М.Киров атындағы мем­ле­кеттік универ­ситетінің бас ғима­ра­тында, 101-аудитория­да бірінші курс­тың алғашқы сабағында бас қостық. Алтынбекпен...


Балалықпен қоштасу

1979 жылдың қыркүйек айында Қазақ­станның түкпір-түкпірінен жи­налған, журфакқа оқуға түскен 50 бала Қазақтың С.М.Киров атындағы мем­ле­кеттік универ­ситетінің бас ғима­ра­тында, 101-аудитория­да бірінші курс­тың алғашқы сабағында бас қостық. Алтынбекпен таныстығым сол кезден басталды. Алғаш рет комсомол жиналысында сөз сөйледі. Пікіріміз бір жерден шықты. Журфакта Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестік бар еді, соған мүше болдық. Осылай алғаш­қы семестрде-ақ жақын достасып кеттік.

Курстағы елу баланың, дәлірек айт­сақ, оның 16-сы қыз, қалғаны жігіттер, бәрі шетінен ақын болып шықты. Күнде – жыр кеші. Баян Бекетова, Нұрлан Мәукенұлы (Берғазиев), Үмітхан Алтаева, Бейбіт Құсанбек бастаған ақындар өз өлең­дерін оқиды. Жыр кеші болған соң, бізге де бір ақынның өлеңін оқу жүк­теледі. Алтынбек Мұқағалидың «Аршалы сай» атты өлеңін оқып еді сол кеште... Мұқағалиды керемет жақсы көретін.

Ауады да тұрады, аңсарым-ай!

Әлі сен есімдесің, Аршалы сай.

Сол түні неге мені өлтірмедің?

Сол түні риза едім алса құдай.

Сен куә, Аршалы сай,

Сол түні мен, аққуға тұзақ салып,

өлтіріп ем.

Сол түні неге мені аяп қалдың?

Жаңадан ауызданған бөлтірік ем.

(Бөлтірік ем, арлан боп аяқтандым), – деген жыр жолдарын ерекше ықылас­пен оқыды. Арасында көзәйнегін сауса­ғы­ның ұшымен сәл көтеріп, түзетіп қояды. Өлеңдер оқылып, оның арты қа­зақ туралы әңгімеге ұласқасын (әдетте, Шәм­ші қыздардың шайын ішкен соң, сәл тоғайған сәтте қазақ, тіл, ел мен жер жө­нінде әңгіме бастайтын) Алтынбектің туу сонау ГРЭС-ке қайтуына тура келеді; бір жыл ғана жатақханада жатты, қалған жылдар жатақханадан орын тимеген соң, сол жақтан қатынап оқитын, күнде автобус тосып, сарғайып жүру де оңай емес, кейде екінші қабаттан ақ жамылғыны бір-біріне жалғап, көтеріп алатынбыз; жыр кеші біткесін, сыртқа шыққанда «бері жақындашы» деп ым қақты да: «мынаның бәрі шетінен ақын, екеумізге поэзиядан нан жоқ, журналистиканы кеміре берейік» деді. Сөйтіп, ол «Қазақ университеті» газетіне ара-тұра сатиралық әңгімелер жаза бастады. Ержұман Смайыл ағамыз бізді «Лениншіл жасқа» тартты. Осылайша, журналистика деген жүйріктің жалына жармастық.

Алғашқы семестр ауылдан келген шә­кірттерге оңай болмады. Журналистика тарихы, шетел әдебиеті, ежелгі дәуір әде­биеті, орыс әдебиеті, шетелдік ком­мунистік баспасөз тарихы деген пәндерге қатысты оқулықтың бәрі – орыс тілінде. Емтиханға бәріміз бірігіп дайындаламыз. Біріміз оқымаған кітапты екінші біреу сюжетін қалдырмай ауызша айтып береді. Алтынбек Федор Достоевский­дің «Преступление и наказание» деген рома­нын бастан-аяқ әңгімелеп берді. Дос­тоевскийді түпнұсқада оқу және оқи­ға желісін қазақша ұғындырып беру деген ешқайсымыздың ойымызға да кел­меген нәрсе. Осылайша, бірлескен да­йын­дық емтиханда жемісін берді, құлап қалған, не төмен баға алған студент жоқ, бәріміз бірінші семестрді жақсылап қоры­тындыладық.

Бірде КазГУ-дің жоғары жағында төбешік болатын, жапалақтап алғашқы қар да жауған, қалың қарды қоныштан кешіп, сол төбеге көтерілдік. Сәл әріде ескі қорым бар. Қармен атысып, біраз асыр салдық. Бір кезде Алтынбек қарға шалқасынан жата кетті. Аяқ жағын кеудесіне дейін қармен көмді. Маған «Қармен көміп тасташы» деді. «Жындысың ба, оның не?» дегенімше болған жоқ, ақырын ғана «өтінемін» деді. Балалық аңғалдық, албырт­тық ұстап кетті-ау деймін, оның бет-жүзін қарға бөктіріп тастадым. Үнсіз, қимылсыз қалды. «Ей, Алтынбек, тұр! Болды енді» дей бергенім сол, атып тұрды. Қарқылдап күлді. Сосын қабағын сәл шытып, мұңайып қалды. Төбешіктен қала жаққа қарады.

– Осы төбеде, ана қорымда Мұқа­ға­ли­дың Майгүлі жатыр, – деді.

Қалақтай едің,

Қабіріңде қалақ тұр.

Туғаныңды, өлгеніңді санап құр.

Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып,

Қыр басынан қала жаққа қарап тұр, – деп ақынның қызына арнаған өлеңін оқыды. Дауысында діріл бар. Біртүрлі өне-бойым шымырлап кетті.

– Нүке, – деді сосын. Үні де, өңі де салмақты.

– Мен бүгін балалықпен қоштастым. Балалығым мына қардың астында қалды, қош бол, балалық! – деді баяу үнмен...

Ерте есею

Ол ерте есейді. Шынымен-ақ, балалық шағымен сол төбешікте қоштасқан екен. Одан былайғы кездің бәрінде Алтынбек танымайтын жандарға ішкі сырын алдыртып, ашыла бермейтін; ісінде де, жүрі­сінде де салмақ бар-тын, өңінде бы­лайғы жұрттың мысын басатын ерекше бір сұс пайда болды; Шәкеңнің шайдан кейінгі әңгімелерін мұқият тыңдайтын, Алаш арыстары туралы, ашаршылық кезең, репрессия, тың және тыңайған жерлерді игеру тұсындағы ұлтымыздың шымбайына батқан, тілге тұсау салынған, салт-дәстүрден ажырай бастаған, қазақы қалпымыздан айырылған кептердің бәрін ой елегінен өткізіп, жұрт жүз рет сөйлеп жатқанда, бір-ақ рет кесіп-пішіп сөйлейтін дағдыға көшті.

Журфактың деканы Темірбек Қожа­кеев факультетте бірнеше шығармашы­лық үйірме ұйымдастырған: хор, домбыра оркестрі, драма үйірмесі, әдеби бірлестік.., хорға, домбыраға үйірсектігіміз шамалы, драма үйірмесіне жазылдық. Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», Сәкен Сейфулиннің «Қызыл сұңқарлар», Қалтай Мұқамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» деген пьесаларын өзімізше сахналаған болдық. «Қызыл сұңқарлар» қойылымында Алтынбек түрме бастығының рөлін ойнады. Мұхтар Құл-Мұхаммед, Салтанат Айбергенова, Бейбіт Сапаралы, Сағатбек Медеубекұлы, Асқар Ахметов тәрізді университет студенттерінен құралған труппа даңқы факультеттен ары асып, бүкіл КазГУ-ге танымал болды.

Өндірісте «кен-байыту комбинаты» деген бар. Алтынды алтындай, күмісті күмістей, мысты мыстай аршып алып, әрқайсысын елеп шығарады. Тап сол секілді біздің курс та кілең «ой байыту комбинаты» іспеттес: есіл-дертіміз оқу, кітап ақтару, оқығанымызбен бөлісу, біріміз оқыған кітапты екіншіміз іле-шала оқуға ұмтылу; сол арқылы біліммен иық тіресіп, қатардан қалмай, оқудан талмай, үнемі ізденісте жүру дағдыға айналды. Университет студенттерінің бізге Светқали Нұржан ақынның дуалы аузымен таңылған «Оқымыстылар курсы» деген атақ тектен тек шыққан жоқ...

Жұрттың көбісі, әсіресе кейінгі жастар Алтынбек Сәрсенбайұлын туа бітті «оппозиционер» ретінде қабылдайды. Олай емес, оның саясат сахнасына шыққанға дейінгі жастық өмірі, студенттік шағы, журналистикаға араласуы, сосын елдік, мемлекетшілдік жолға түсуі бір күнде бола қойған жоқ. Адамның танымы, білімі мен білігі жас уақыттан қалыптасады. Оған ортасы әсер етеді. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейханның сөз астарында адамның қалыптасу мектебі тұрғанын аңдамау мүмкін емес, сондықтан бүгінгі Алтынбек туралы әңгімені оның жастық шағынан бастап өрбіткен абзал секілді.

Менің қайда барсам да, қай қалаға көшсем де үнемі тастамай алып жүретін қымбат қазынам бар. Бұл менің студент шақта жазған күнделігім, сосын достармен алысқан хаттар. Оның маған жазған бірнеше хаты сақтаулы. Ойын әдемі әзілмен көркем етіп жеткізе білетін. Алтынбек туралы қырық жыл бұрынғы жазбаларды қайта бір шолып шықтым. Студенттік күндер елесі санамда қайта жаңғырды.

Күнделікті 1982 жылғы 8 ақпаннан 10 маусым аралығына дейін жүргізіппін. «Сөз өнері дертпен тең! Ақыры осы жол­ды, дертке тең сөз өнері жолын таң­дап алдың екен, соған лайық білім мен ыжда­һаттылық, ғажайып ерік күші мен жады­ны жаттықтыру сияқты істерді игер. Көп ойлаған ұтады, кітаби әлемге көз жү­гіртіп байқасақ, кейбір ақылгөй кісі­лердің ойлау қабілеті неліктен керемет екенін және ойды кез келген уақытта, жұмыстан тыс демалыс сәттерінде де серік еткендігін бағамдар едік. Таразылай келе осы жағдаятты өзіме серік етуді мен де жөн көрдім. Ол үшін, әсіресе жадыны жаттықтырып, қаперді мықтау үшін күнбе-күн жазбалар жүргізіп отыру керек. Ол әрі жазу амалдары мен әдістерді, стильді қалыптастыру үшін өте маңызды» деп беташар сөз жазып, Лев Толстойдың «ең бастысы – өзіңнің ақыл-таразың­ның болуы» деген сөзін мысалға келтіріп, Толстойдың таңертең жазу дағдысын үлгі тұтып, Антон Чеховтың «Түнде жұ­мыс істеу, түн мезгілінде темекі тарту сияқ­ты аса зиянды нәрсе» деген сөзімен түйін­деп, Гете, Ромен Роллан, Чарльз Дар­вин, Шыңғыс Айтматовтардың ертеңгі мезгілде еңбек еткендерін, тіпті Декарт пен Паскальдың ерте тұрып жазатындарын түртіп қойыппын.

Курста Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Бейбіт Сапаралы екеуі кітап оқу жағынан оқ бойы озық жүретін. Осы екі азамат­тың елден бұрын оқып, бізге «осындай кітап оқыдым» деген бір ауыз сөзінің өзі тұлпарға қамшы басқандай жедел әсер ететін. Астахованың «Сотворение или эволюция», Әнуар Әлімжановтың «В разные годы», Америкадағы психоло­гия­ның атасы саналатын Уильям Джейс­тің «Психология негіздері», Эдуардас Межелайтистің «Контрапункт», Констан­тин Паустовскийдің «Золотая роза», Орал­хан Бөкейдің «Сайтан көпір», Шың­ғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жү­гір­ген тарғыл төбет», Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері», Эсхил­дің «Бұғауланған Прометей», Алек­сандр Куп­рин мен Иван Буниннің шы­ғар­маларын, Анар­дың «Сөнген оттың жа­рығы», Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы», Мар Байджиевтің «Мы – мужчины», «Праздник в каждом доме», Мұс­тай Кәрім­нің «Долгое – долгое детство», Ион Друцэнің «Ақ көңілміз, жүк ауыр», Серги Чилаяның «Екатерина Чавчавадзе», Юрий Бондаревтің «Берег», Валентин Распутиннің «Уроки французского» деген кітаптарын Алтынбек пен Бейбіт біз­ден бұрын оқып тастаған. Осы екеуінен қалмайық деп біз де аталған кітаптарды кеміріп оқуға ұмтылатын едік.

1982 жылғы 9 ақпан күні «Корпусқа бардым. Одан әрі Абай мен Гагарин көше­сін­дегі Баспа үйінің бесінші қабатына көтерілдік. С.Әбдірайымов жолдасқа жолы­ғып, жолымыз болмай қайттық. Жатақха­наға келсем, Еркін, Дархан­дар жүр екен... Алтынбекпен бірге ба­рып, Сәуле­ні туған күнімен құттықтадық. Кеш­ке қарай шағын бас қосу, отырыс бол­­ды. Кешке Әуез, Алтынбек, және мен (ерлер қауы­мынан), қыздардан Үміт, Гуля, Жанна. Музыка тамаша: Владимир Высоцкийдің әндері жазылған күйтабақ, тыңдаған жанға әсері мол. Бұрынырақ Высоцкий жайлы естелік оқығам, онда актер көзі тірісінде Таганка бойымен келе жатқанда, қаз-қатар орналасқан үйлер­ден оның әндері естіледі, бұл – бір әнші актерға көрсетілген сый-сияпат сияқты керемет нәрсе еді. Алтынбек Владимир Высоцкийдің әндерін жақсы көреді», деп жазып қойыппын.

30 наурыз күні «Алтынбек екеуміз қалай жатсақ, солай тұрдық таңертең. Сағат жетінің шамасы екен, жуы­нып, киініп, дәптерлерді дайындаймыз дегенше күн көтеріліп қалды. Қатқақты пайдаланып, корпусқа қарай төте жолмен тарттық. Бүкіл взводтан разводта 4-ақ адам болдық. Күні бойы сабағымыз подвалда өтті... Әзиз Несиннің «Әңгіме оқи отырыңыз» деген жинағынан біраз әңгіме оқыдық. «Алые маки Иссыккуля» деген қырғыз киносын көрдік. Басты рөлде Сүйменкул Чокморов ойнайды. Ол бейнелеген Кара-Балта бейнесі өте нанымды. Әсіресе Біржан салдың «Теміртасын» айтқанда құлақ құрышын қандырды. Әрине, әнді орындаушы басқа адам, бірақ мұнда қабысқан өнер өрімін көруге болады», деп алған әсерімізді тәптіштеп жаз­ған екенмін.

Сәуірдің 10-ы күні күнделік бетін тол­­­­тырып отырып мынадай оқиғаны жазыппын. «Соңғы нүктені қоя бергенде Алтынбек келді аңқылдап. «Биге жүр де жүр» дейді. «Ертең кросс, дамылдауға мұрша берші» десем де болар емес. «Жа­райды» деп айтқанына көндім де, дәптер бетін жаптым. Киініп, әрі-бері айнаға қарасып, биге шықтық. Екінші қабат лықа толған студенттерден аяқ алып жүргісіз. «Қанымызға сіңген» әдет бойынша қыздар жағына көз тастадық. Көңілге алып жүрген кісілер көріне қой­мады. Дискотеканы жүргізуші Батырбек дәстүрлі түрде туған күн иелерін құт­тықтады. Бір кезде қыздардың төбесі кө­рінді. Дереу Алтынбек екеуміз аяқ астынан іс-шара жобасын жасап жібердік. Бір рет селкілдек биге, екі рет вальске биледік. Көп нәрсе айтуға, қалжыңдасуға болар еді, бірақ үнсіз билеу, жүректердің қағуынан құшақта тыңдасу басым болып шықты. Үлкен іс тындырғандай болдым. Алтынбек те маған барынша болысуға ұмтылып бақты. Бәрі біткен соң, екеуміз де риза кейіпте ұйқыға жаттық».

Сәуірдің 16-сы. «Түнде Алтынбек біздің бөлмеде қонған. Таң сазы бі­лінгеннен кейін көп ұзамай тұрып кет­тік. Күн көтеріліп, шуағын шашам дегенше жылдамдата басып, құжыраға еніп те үлгердік. Истматтың соңын ала бере студенттер емханасына қарай жө­нел­дік. Себебі, март айында кезекті тек­­се­рістен өтуіміз керек болатын, ол кез­­де спектакльге дайындықпен жүріп бара алмаған едік, енді, міне, деканатқа түс­кен рапорттан соң дедектеп жүрген бетіміз. Барып күретамырда, саусақ­тың ұшынан қан тапсырдық. Өзіміз ашпыз, оған енді қан тапсыру қосылға­сын көзіміз қарауытып, басымыз айналып, жатақханаға әзер жеттік. Келе сала бір-бір кітапты құшақтап, шаршағанымыз­ға қарамай оқуға кірістік».

Сәуірдің 19-ы. «Ұйқы әлеміне саяхат басталып-ақ кетті. Бітуі бәрінен жыл­дам болды. Таңертеңгі радио дыбыс қағы­сынан оянып алып, Алтынбек екеуміз сәл жата тұрайық деп өзімізді өзіміз алдап біраз жаттық. Разводқа кешікпей, емін-еркін үлгердік. Әскери кафедрадағылар қатал болып алыпты, әй-шәйға келу жоқ, кешіккендерді бірден сабақтан қуу, деканға рапорт түсіру деген тәуір методты тауып алған. Ұлы Отан соғысының ардагері Харпенко деген кісімен кездесіп, әңгімесін тыңдадық. Одан соң Алтынбек әлденені сылтауратып жатақханаға қарай тарта берді. Фаридалардың есігін қақтық. Оның жазған очеркін оқыдық. Шекспир, Сократтың сөздерін келтіріпті, Репиннің суреттерін сипаттап, талдапты. Ой өресі, деңгейі, дәрежесі өте жоғары. Әдебиет мәсе­лесінде де бізбен тартыса алатын түрі бар».

Мамырдың 5-і. «Араға апта салып қай­та оралдық өзіміздің сырласқа. Май мерекесі өзіндік ерекшелігі бар керемет сапар болып есте қалды. Алматы – На­рынқол сапары сәтті басталып, сәтті бітті. Сапардан алған әсерімді «Нарынқол – нама» деген көлемді жазбадан оқимын дегендерге рұқсат. Алтынбек май мерекесі­не орай өзінің туған жеріне, Нарын­қол­ға шақырған. Мерекеге байланысты жүргінші көп. Автобусқа отыру оңай болмады. Зорға дегенде бір көлікке іліктік. Іші ыстық, күйіп тұр екен. Жыл өткен сайын, жасыңа жас қосылған сайын «осы мен не бітірдім, не істедім, не істеуім керек?» де­ген сауалдарға жауап іздейсің; тапсаң – таптың, таппасаң – тұнжырайсың...Ертеңді ойлап, ұзын-сонар ойдың тереңі­не сүңгіп кетесің. Осыдан келіп баяғы Шекспирдің Гамлетінше «Болу – болмау, «Быть или не быть» деген сұрақ сарсаңы келіп шығады. Дат ханзадасын дал еткен сұрақтың жауабын қайтіп табамыз? Алтынбекке қарасам, қаладан сатып алған кітапты аударыстыра қарап отыр екен. «Окно в ХХ век» деген кітап. Ынтығып өліп барам оқығанша. Менде Қабдештің «Шарайна» деген кітабы. Екеуміз бір-бірімізге қолтаңба жазып, кітап алмастық. Жолай Алтынбек туған жері туралы, тауы мен тасы туралы үздіксіз баяндап келеді. Мұқағалидың туған жерін көрсем деп мен келемін, бір ойым Алтынбектен алған кітапты оқу».

Мамырдың 10-ы. «Кеше түнделетіп Алтынбек келген. Гүләмен бірге қыдыр­мақ ойы болған ба, әйтеуір «кинодан келген бетім» деп келді. «Бізге қазір қыз-пыз дегенді ойлауды қою керек», деді Алтынбек. Даусында мұң бар. «Елді ойлау керек. Елдің ертеңгі тағдырын ойлау керек. Алматыда бір-ақ қазақ мектебі бар. Қазақ тілінің тағдыры не болады? Өкімет бізге оқуға мүмкіндік беріп тұр. Бәрін тастап, оқиық. Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқиық» деп күлді. Норвегия әдебиетінің классигі Генрик Ибсеннің «Кукольный дом» атты үш көріністі пьесасын қолдан қолға тигізбей оқып шықтық. Мықты дүние болғанда сұрамаңыз, тек оқыңыз! Тірліктің мәні – қозғалыста! Қозғалыс, қозғалыс, тек қана қозғалыс! Мәңгілік заңы бар ма? Мәні неде оның? Алтынбек Шыңғыс Айтматовтың «Буранный полустанок» атты романын уже оқып тастапты. Мен не бітіріп жүрмін?».

Осы жазбадан оқырман қауым Алтын­бек Сәрсенбайұлының білімге деген құш­тарлығын, ұлтқа, елге қызмет ету деген асыл мұратты жастайынан бойына сіңір­генін пайымдай алады деп ойлаймын.

Нағыз мемлекетшіл тұлға

Алтынбек туған жерін жан-тәнімен жақсы көретін. Алматыдан Ақпарат ми­нистрлігін Астанаға мемлекеттік меке­мелердің ішінде ең бірінші болып көшір­ген де Алтынбек. Ең бір қиын шақта қазақ­тілді басылымдарды қаржылай қол­даудың тетігін жасаған да Алтынбек.

1985 жылы журналистика маманды­ғы бойынша М.С.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмам­дады. Университетті аяқтағаннан кейін Қазақ телеграф агенттігінде, «Арай-Заря» журналының редакторы, «Өркен-Го­ри­зонт» газетінің бас редакторы болып қыз­мет етті. Президент аппаратында, Қазақ­стан Республикасы Министрлер Каби­нетінде жауапты қызметтер атқар­ды. Он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарды. 1993 жылдан Бас­па және ақпарат министрі, 1995 жылдан Баспа және ақпарат жөніндегі ұлт­тық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан Қоғам­дық келісім және ақпарат ми­нистрі, 1999 жылдан Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі. 2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы-Президенттің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі. 2002 жылдың қаңтарынан дипломатия­лық қызметте, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.

Бәрі көз алдымызда. Алтынбектің айтқан сөздері әлі де күн тәртібінде тұр.

«Әділ де принципті шешімдердің мезгілі келіп жетті деп ойлаймын. Біздің әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауға тиіспіз. Билікте жүру – ешкімнің бас­ты мақсаты болмауға тиіс. Саясаткер­дің басты мақсаты ұлттық мүдде мен халықтың ең зәру талап-тілектерімен сәйкес, үйлес болуы керек. Саясаткер­лер жауапкершілікті әрі азаматтардың сенімін ақтай білуге тиіс. Қазір билік­ке де, оппозицияға да сая­си ойын ойнауды доғаратын кез келді. Ешкімнің тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін ғана халықтың тағды­рын, олар­дың балалары мен немерелері­нің ­кемел келешегін қыл үстіне қоюға қақы­сы жоқ. Ұлтты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мем­лекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Мемлекеттік сая­сат. Егер бодандықтан босаған ұлт мем­ле­кеттік жүйесін дұрыс құра алса, даму­дың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді».

Алтынбек көп білетін еді. Бірде оған «осы нәрсенің бәрін жаза бермейсің бе?» деген едім. Күлді. «Бәрі менің басымда», деді сосын. «Оралхан туралы мөлдіретіп жаз­дың ғой, әзірге сен жаза бер», деді ақырын...

Басы қадірлі, жүрегі намысты Алаш арысы еді!

Қаскөйлер оны дәл басынан және жүрек тұсынан атып өлтірді...

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты


Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын арнайы комиссия зерттеп жатыр
    Егемендік декларациясы – тәуелсіздікке бастаған саяси қадам

    Ұқсас тақырыптар