Егемендік декларациясы – тәуелсіздікке бастаған саяси қадам

Уақыты: 2022-10-25 Көрлімі: 476 Сипаттама

"Тәуелсіздік парады". 1990 жыл тарихта осындай атаумен қалғаны белгілі. Өйткені Кеңес үкі...

Скриншот 2022-10-25 101310.jpg

"Тәуелсіздік парады". 1990 жыл тарихта осындай атаумен қалғаны белгілі. Өйткені Кеңес үкіметінің қарамағындағы елдер бірінен соң бірі егемендігін жариялай бастады.  Фото: Орталық Мемлекеттік архивтен

Қазақстанның Жоғарғы кеңесі бұл құжатты 1990 жылдың 25 қазанында мына ғимаратта қабылдаған еді. Осыдан тура 32 жыл бұрын дәл осы залда Қазақстанның егемендігінің тағдыры шешілген күн еді. Осы жерде отырып, 6 сағат талқылап, декларацияны қарады.

"Сол кездегі өзгерістердің барлығы көз алдымызда өтті. Ол кездегі менің ресми қызмет орным – Қазақстан Жоғарғы кеңесінің органы "Халық кеңесі" газетінде журналист, жауапты хатшының орынбасары болып істейтін кезім еді. Сол қазан айында, қазан емес тіпті қыркүйек айында совет одағының жоғарғы кеңесі СССР-дің ары қарай өмір сүруі-сүрмеуі жөнінде "Одақ сақтала ма, сақталмай ма?", "Егер сақталатын болса ол федерация бола ма, әлде конфедерация бола ма?" осы жөнінде үлкен айтыс-тартыстардың болып жатқан кезі еді",  деді жазушы-публицист, профессор Марат Тоқашбаев.

Ал кезінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты (1990-1994 ж.ж.) болған мемлекет қайраткері Қайролла Ережепов өткенді былай еске алады.

"Сол кездегі Кеңес Одағының шаңырағы шайқалып, теңселіп тұрғаннан кейін жұрттың бәрі өзінің тәуелсіздігін жариялап жатқаннан кейін біздің де өз күнімізді көруіміз керек екендігі белгілі болды. Сол себепті жоғары кеңес төрағасының басшылығымен осы декларацияның жобасын әзірлеуге кірісілді", – деп өткенге шолу жасап.

Қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты (1990-1994 ж.ж.) Рымбек Жүнісовтың айтуынша, "Көбісі: "Соғыссыз, революциясыз қолымызға келген бұл бір жақсылық қой" деп. Жоқ, олай емес! 360 депутаттың пікірталастарын телевидение 100 процент бермейді. Кішкене үзінділерді ғана берді. Халық көбісін білмейді. Сол уақытта талқылаған мәселелерді көнбей шығып кеткен азаматтар болды. "Біз дауыс бермейміз деп".

Мемлекет қайраткері Қайролла Ережепов сол кездегі саяси күштердің тегеурінін еске алды.  

"Ол тек бір ғана жоба болған жоқ. Сонымен қатар сол кездегі көп емес, аз ғана топ – Марат Оспанов бастаған топ "Қазақстан демократиясы" дейтін, олар да өздерінің жобасын ұсынды",  дейді.

Тағдыр шешті құжаттар музейде сақтаулы.

"Заңның, декларацияның барлығының нұсқасы ғаламторда электронды нұсқасы бар. Сосын адамдар ойлауы мүмкін "оны архивке барып көрудің қажеті не?" деп. Ал бірақ та жеме-жемге келген кезде келіп қараса, оның жоғарғы кеңеспен қабылданғанын, ол кезде қандай пікірталастардың болғандығын, ол кезде бірден декларация ретінде емес, жоба ретінде талқылауға ұсынған кезде әртүрлі пікірлер айтылған: "Мүмкін біз оны заң деп қабылдасақ қалай болады?",  дейді ҚР Президенті архивінің қызметкері, саяси ғылымдарының докторы Гүлшат Нұрымбетова.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, 7-қор, 111-і іс. Қазақ КСР егемендігі туралы заңның жобасы. 1990 жылдың 6 тамызында басталған. Бұл жерде кейін декларация деген атаумен қабылданған заңның жобасы және талқылаулар сақтаулы. Соның біреуіне тоқтала кетсек, Философия және құқық институты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы тілтану институтының ғалымдары сол кезде "Қазақ Республикасы" деген атауды ұсынған екен.

Республиканың атын қою да біраз талқыланды. "Неге "Қазақ Республикасы" болады?". Қазақтар айтады: "Совет үкіметінің өзінде "Қазақ ССР-і" деп айтылған. Қазір біз неге солай айтпаймыз?" деген пікірлер болды. Сонда таласта осы "Қазақстан" деген сөздің авторы – Мұрат Әуезов. Сол кісі "Таласты қояйық! Сізге де, бізге де, халықтың бәріне ортақ "Қазақстан" десек"  деп. Содан қол көтеріп. Содан кейін "Қазақстан" атанды. Талас болды. "Қазақ республикасы", "Қазақ елі" деген. Шындығында ол уақытта басқа ұлттың проценті жоғары болды.

"Ұмытпасам 25 қазан күні кешкі сағат алтыдан 55 минут өткенде қабылданғаны есімде қалыпты. Бірақ ол кезде депутаттардың дауыс беруі қазіргідей компьютер арқылы жүзеге асырылмайтын. Ол үшін арнайы депутаттардан құрылған санақ комиссиясы болатын. Санақ комиссиясының төрағасы – қазіргі академик, математик Асқар Жұмаділдаев болатын. Ол – Ұлттық ғылым академиясынан депутат болып сайланған. Сонда сол санақ комиссиясының құрамына енген 5-6 депутат мәжіліс залында қатар-қатарымен жүріп "Кім қолдайды? Қолдарыңды көтеріңдер"  дегенде солардың бәрінің қолдарын төбесінен қарап тұрып, санап шыққан болатын. Сөйтіп қабылданған",  дейді жазушы-публицист Марат Тоқашбаев.

Жеке-жеке дауыс беру барысында декларацияны көбі қолдады. Алайда, құжаттың қабылдануына қарсы қол көтергендер де бар еді.

"Отырыс ұзақ болды. Бірінші күні біз сол декларацияны қабылдай алмадық. Ол 2-3 күн талқыланды ғой. Есімде, үшінші күні талқыланды. Түн ортасына дейін отырған уақыттар болды комитеттердің. Комитеттерде талқыланады ғой. Сол жағы өте қиын болды. Әйтеуір Аллаға шүкір жеңіп шықтық деп ойлаймыз. Декларацияны қабылдағаннан кейін 25 қазан күні Алматыдағы сарайда жиналыс болып, сол жерде ду қол шапалақтап, қабылдағанбыз біз. Парламенттегі бір басқа, ана жерде тура күнді атап өтіп, сондай жұмыс жасалынды", – деп сағаттап талқыланған тарихи сәттерді қоғам қайраткері Рымбек Жүнісов еске алып.

Мемлекет қайраткері Қайролла Ережеповтің айтуынша, декларацияның қабылдануы – мемлекетіміздің ілгері қарай дамуына жол ашты. Соның ішінде барлық басты принциптер көрсетілді.

"Мұның қазақ халқы үшін ең қымбатты жері – Қазақстан қазақ халқының өзін-өзі билеуінің формасы және Қазақстан мемлекеті қазақ халқының дамуына жауапты деген қағидалар өте-мөте қымбат болатын. Сол қағидалар 1991 жылғы "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заңға, одан кейін Қазақстанның тұңғыш конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған конституциямызға кірді",  дейді Марат Тоқашбаев.

Жаңа Конституция қабылдау да үлкен талқылаулар арқылы жүзеге асқан.

"Енді жаңа конституция қабылдау керек болатын. Себебі сол кездегі басшылыққа алып отырған конституциямыз 1978 жылғы конституция еді Қазақ ССР-інің. Содан көп ұзамай, қателеспесем желтоқсан айында болу керек, жоғары кеңес төрағасының басшылығыменен конституциялық жұмыс тобын құрдық. Ол болашақ конституцияның жобасын әзірлеу керек болатын. Ал конституция жаңағы айтылған декларацияны негізге алды",  дейді сол кездегі депутат Қайролла Ережепов.

"17 баптан тұратын шағын декларацияда маңызды-маңызды мәселелер күн тәртібіне қойылды. Соның ішіндегі маңыздыларының бірі – осы республикада қабылданған заңдарға басымдық беретіні көрсетілді. Соның бірі – 1991 жылы Семей полигонын жабу туралы заң актісінің қабылдануы", – дейді ҚР Президенті архивінің қызметкері Гүлшат Нұрымбетова басты құжатқа тоқталып.

"Семей полигонын жабу туралы Парламентте қаралмай тұрып көтерілген мәселе. Бұл жөнінен Олжас Сүлейменовтің еңбегі бар. Бозтаев Кәрім – Семей обкомының бірінші хатшысы. Ол кісінің еңбегі бар. Оны ұмытуға болмайды. Бірінші көтеріп, хат жазып, шаруашылықтың қайда бара жатқанын, халыққа қандай әсері тиіп жатқанын олар бірінші көтерді. Содан кейін барып біз парламентте көтеріп, Семей полигонын Неваданы пайдаланып, парламентте қаралған сол заманда. Егемендікті алғаннан кейін үлкен жетістікке жеттік деп ойлаймын сол уақытта",  дейді қоғам қайраткері Рымбек Жүнісов.

Жазушы-публицист Марат Тоқашбаев: "Ол кездегі ең жедел ақпарат – радио мен телевидение. Осы күнге дейін қызметін атқарып отыр. Сол егемендік туралы декларация қабылданған бойда Қазақ радиосы, қазақ теледидары осы жаңалықты бүкіл әлемге паш етіп, хабарлап айтып жатты. Ал басылымдар, газеттер келесі күнгі нөмерінде, мысалы 26 қазанда шыққан нөмірінде кешегі жаңалықтарды газеттердің бірінші бетіне айқайлатып беріп, осы хабардың кеңінен таралуына ықпал етті. Жақсы хабар жерде жатпайды. Сондықтан Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғаны туралы қуанышты хабар бүкіл қазақ жұртына тура сол күні – 25 қазан күні жетті" деп қуанышты хабардың әлемге қалай таралғанын еске алды.

Сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты Рымбек Жүнісов: "Сұмдық болды! Кез келген адам қуанғанда, Қазақстанның адамдары, егемендік алдық қой. Бұрын Москваға қарайтұғынбыз. Мен сізге бір мысал айтуыма болады. Мынау Сарыағашта бір санаторий бар. Соның бастығын тағайындауды Москва шешеді. Санаторийдің бастығын. Не сұмдық енді?! Ал егемендік алғаннан кейін біздің өз қолымыз өзімізге жетті.

"Өзіміз мемлекеттік басқарамыз, өркендетеміз", – деп тура өзінің меншігіндей елде пікір болды".

Тарихи шешімді естіген сырттағы қандастар атажұртқа тілеулес болды.

"Бүкіл шетелде тұратын қандастарымыз, шет мемлекетте тұратын қазақ жұртының өкілдері құлақтары түрік болып, "Қашан Қазақстан өзінің бағынышсыздығын, тәуелсіздігін жариялайды?"  деп ынты-шынтысымен құмар болып тұрды. Егемендік туралы декларация – Қазақстанның іс жүзінде Қазақ хандығынан кейінгі кезеңдегі ең керемет басты құжатының бірі болды. Біз сол үшін қуандық",  дейді Марат Тоқашбаев.

"Біз енді егемендіктен айрылып қалмауды ойлауымыз керек. Ол неге керек? Біздің мемлекет болуымыз үшін ең бірінші – адам керек, халық керек. Одан кейін жер керек. Одан кейін тіл керек. Осы үшеуін қатар ұстамай, тізгінді шылбырымен қосып, біріне көңіл аударып, екіншісіне көңіл аудармай кетсек, біз қателік жіберіп аламыз",  деген ұстанымда қоғам қайраткері Рымбек Жүнісов.

Алматы. 1995 жыл. Мерекелер туралы заң қабылданды. Сол құжатта 25 қазан "Ұлттық мереке" деп бекітілді. Астана. 2001 жылдың 13 желтоқсаны. 25 қазан – мемлекеттік мереке деген мәртебе алды. Ал 2009 жылғы тиісті заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, республика күні мереке ретінде аталып өтпейтін болды. 13 жыл өткенде тарихтағы елеулі күн әуел бастағы мәртебесін қайтарды. Егемендік туралы декларация қабылданған күн – жалғыз ұлттық мереке.

"25 қазан күнінің ұлттық мереке ретінде қалпына келтірілуі – тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілуі және де "Әділетті Қазақстан" құру жолындағы маңызды шешім, маңызды қадам деп білемін",  деп санайды ҚР Президенті архивінің қызметкері Гүлшат Нұрымбетова.

Қоғам қайраткері Рымбек Жүнісов мерекенің маңызын кейінгі ұрпаққа жадына құйып түсіндіру керек деген ұстанымда.

"Мемлекеттікті ұйықтап жатып есіңізге алу керек. Бұл мемлекетті, егемендікті балаңның, немере-шөберең бәріне айтып түсіндіре беру керек. Тілің байланғанша. Егемендіктен айрылып қалмауымыз керек. Жеке басым үшін жаңа жыл емес, егемендік алған күнім – менің күнімнің жарқыраған күнім болып қалмақ",  дейді Рымбек Жүнісов.

Бақытнұр ӘЛІБАЙ

Дереккөз: inbusiness.kz

Пікір жазу
  • Алтынбек
    Қазақ баспасөзінің тарихы: бүгінгі мен ертеңі

    Ұқсас тақырыптар