Алаш күресін жалғастырған

Уақыты: 2023-01-09 Көрлімі: 1615 Сипаттама

Кеңестік «жылымықтан» кейін кеңес одағы халқы еркіндікті ептеп сезіне бастады. Сол тұс...


Кеңестік «жылымықтан» кейін кеңес одағы халқы еркіндікті ептеп сезіне бастады. Сол тұста Мәскеуде оқитын ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жастар Мұрат Әуезовтің төңірегіне топтасты.

Бәріне себепші ұлы Мұқаң болса керек... Әкесімен хат жазысып, пікір алыс барысында Мұрат Мұхтарұлы көп толғанды. Ол қазақтың дамымай, тарих толқынынан жағаға шығып қалу себептерін іздеді. Ұлтының тарихын білуге ұмтылды. Қоғамның саяси жүйедегі өзгерістерден тыс қалып отырғанын зерттеді.

Әрине, Мұхтар Әуезов ұлының сая­сатпен жастай әуестенгенінен секем алды. Себебі түсінікті: қыршын кеткен замандастарының бейнесі көз алдына келіп, жан дүниесі алай-дүлей болды. Сөйте тұра, сана түкпірінде бір қуаныштың ізі байқалды... Мұны бір сөзінде: «Ұлтыңды сүю керек. Тағды­рыңның халқыңмен сабақтас болғаны – парасаттылық, адами міндетің. Бірақ іс-әрекетіңнен тиянақты нәтиже шығармай тұрып, беталды отқа түсу – көзсіздік. Заманның саяси тәлкегіне түссең, оның иірімінен шығуың қиын», деп айтты да қойды.

Мұхтар Әуезов Мәскеуге барғанда ұлы Мұратпен ұшырасуы заңды ғой. Сонда қазақ халқының қилы тағдырын баяндай келе: «Жаппай қырып-жоюды әшкерелейтін заң болса ғой, шіркін!» деп айтып та қалды. Мұрат әкесінің аузынан алғаш рет «отаршылдық құйтырқысы ашылмай, қоғам дұрыс дамымайды» деген ойды естиді.

Әлем және шығыс тарихын тереңірек оқыған жылдары анасынан көп естіген «кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылығы» туралы әңгімелер жадында жаңғырып, «Неге олай болды?» деген сұрақ жанын жегідей жейді.

Мұхтар Әуезов пен студент Мұрат арасындағы ел өмірі, ұлт болашағы, мәдениет, тіл тағдыры жөніндегі пікірлер «Жас тұлпар» қозғалысының идеялық алғышарттары болды. Классик-жазушы Алаш идеясы нәрін перзенті Мұратқа өзі дүниеден өткенге дейін (1961 жылдың шілдесі) беріп үлгерді.

Мұхтар Әуезов баласынан көп үміт күтетінін елдегі дос-қаламгері Кәмен Оразалинге жазған хатында да айтады. Семейдегі достарына Мұратты елмен таныстыруды өтінуінде үлкен астар бар.

1959-1962 жылдар – Мұрат Әуезовтің әке арманын жүзеге асыру бағытындағы іздену кезеңі. Бұған Мәскеудегі әлеумет­тік орта, жалпы елдегі саяси өзгерістер оң ықпал етті.

60-жылдардың басында ол одақ орталығындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің кеңесін құрды. Кеңес басқармасына Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Сәбет­қазы Ақатаев, Болат Хисаров, Аймұ­қан Таужанов сайланды. «Жас тұл­пар» ұйымының Мәскеудегі ең ал­ғашқы жеңісі – қазақ студенттерін Қазақстан өкілдігінің келісімінсіз оқудан шығаруға болмайтыны жөніндегі заңды шешімге қол жеткізуі еді. Ол кезде оқу орындарының басшылары сабақ үлгерімін сылтауратып, ештеңенің анық-қанығына бармай, қазақ жастарын оп-оңай институттан шығара салатын.

Мұрат Әуезов бастаған жастар әлдінің тілін таба отырып, аяқ-қолы тұсаулы ұлтының мүддесін қорғауды қалады. Қазақстанның Мәскеудегі өкілі Ғалым Сүлейменовтің көмегімен «Жас тұлпар» атты қабырға газетін шығарды. Мұнда Қазақстаннан тыс жерлерде оқитын студенттердің өмірін таныстырды. Бұл басылым бірте-бірте жан-жақта оқитын қазақ студенттерінің байланыс құралына, алаңына айналды.

Сол жылдары Бүкілодақтық студент­тік құрылыс отрядтары жанынан жас­тардың мəдени топтары құрылды. Бұл мəдениет, үгіт-насихат бригадалары конкурсқа қатысуға, елді мекендерге барып жұмыс істеуге жолдама алатын болған. 1963 жылдың көктемінде Мұрат Әуезов ұйымдастырған «Жас тұлпар» ансамблі жолдама алу үшін байқауға қатысты. Мəскеу қаласының халық шығармашылығы үйінің комиссиясы бағдарламаларында түрлі этностың əндері бар өнерлі жастарды қолдап, ансамбльге I орын береді. Бұл да – «Жас тұлпар» азаматтарының елеулі жеңісі болды. Өкімет тарапынан қолдау табуы материалдық қаржыландыру мəселелерін шешуге мүмкіндік берді.

«Хрущевтік жылымық» халық арасына барып концерттік бағдарламамен бірге дәріс оқуға, үгіт-насихат жүргізуге жағдай туғызды. «Жас тұлпар» Қазақ­стандағы мәдени жобасын Мұрат Әуе­зовтің туған жері Жамбыл облысынан бастады.

Мәскеуден келген қазақ жастарға елден Шәмші Қалдаяқов, Мүлкаман Қалауов, жас талант Амангелді Сем­бин қосылды. Ұлт әнінің жарық жұл­дызы, халықтың сүйіктісі Шәмші Қал­даяқовтың «Жас тұлпар» азаматтарын қолдап, бірге жүруі беделін өсіріп, мәр­тебесін биіктетті. Ал қайталанбас жас опера әншісі Амангелді Сембиннің ерекше дауысы аға буынның көз алдына Әміре Қашаубаевты елестетті. Кейін Амангелді Сембин Мұрат Әуезовтің көмегімен Мәскеу консерваториясына түсіп, Ла-Скалада өлең айтқан бірінші қазақ вокалисі болды. Мүлкаман Қалауов домбырада тартқан Брамстың «Венгер биі» көпшіліктің сүйіспеншілігіне бө­ленді.

«Жас тұлпар» ансамбліндегі мәдени-ағартушылық бағыт бірте-бірте саяси екпін алды. Іштегі қызыл империяның бодандық запыраны сыртқа лықсыды. Жастар Жамбыл облысынан кейін Тың өлкесін аралап, Омбы, Орынбор, Се­мей облыстарында болды. «Жас тұл­парлықтар» жұртшылықпен кездесу барысында Алаш зиялылары, ашар­шылық туралы көптеген мәлімет жинады.

Халық алдына барғанда Мұрат Әуе­зов мінберге көтеріліп, баяндама жасайтын. Ол: «Кешегі кер заман алдыңғы қатардағы озық ойлы, ұлтына жанашыр Алаш зиялыларын қырып-жойды, қуғындады. Біз енді ел боламыз десек, сол азаматтарымызды толық ақтап, жаз­ған еңбектерін жарыққа шығаруымыз керек. Қайда бара жатқанын анық білмейтін адам қайда келгенін түсінбей дал болатынның кебін кимеуіміз керек», дейтін. Сонымен бірге жиынға қатысушылардың есіне арыстардың атылып, ел-жұрттың ашыққан кезеңін де салып жүрді. Ол уақытта мұны айту – ерлікке пара-пар батылдық еді. Ал Целиноград облысы Қорғалжын ауданында халықпен кездесуде Мұрат Әуезов: «Біз өткендегі қайғы-қасіретімізді, аш­тықты, жоғалтқанымызды айтудан да қорқамыз. Ол жөнінде айтсақ, жаман­шылық қайта тіріліп келетін сияқ­та­нады. Ал өткеннің шындығын айтпай, әділеттілікке қол жеткізу мүмкін емес...» деген сөзі тыңдаушы жұрттың үріккен жүрегін жібітті. Елді ездіктен безіп, ерлік жасауға шақырды.

1963 жылы 6 қарашада Мәскеу энер­гетика институтының үлкен асхана­сында Қазақстан студенттерінің жалпықалалық кеші өтті. Осы кеште «Жас тұлпар» ұйымы ресми құрылды. Оған бірауыздан Мұрат Әуезов төраға болып сайланды.

Ұлт мәдениеті мен теңдігін ұран қылып көтерген «Жас тұлпар» кешегі Алаш идеясының жаңғырығы еді.

Одақтың орталық қалаларында оқитын қазақ жастары ұлтының мәдение­тін, әдебиетін, әдет-ғұрпын, тарихын, ана тілін кемсітіп отырған кеңестік солақай саясатпен келіспейтінін ашық айтты. «Қазақ елі», «қазақ жері» деген ұғымдарды жоюға жол бермейтінін де жеткізді. Қырық ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтын кеңес өкіметінің жоққа шығаруын әділетсіздік, барып тұрған сауатсыздық деп тапты.

Ұйым мүшелері өздерін «Ұлт зиялылары ісін жалғастырушылармыз» деп мәлімдеді. Алаш қайраткерлері мұрасын іздеп жүріп оқыды. 20-жылдардағы газет-журналдарды оқу үшін А.Байтұрсынұлы әліпбиін – төте жазуды үйренді. Олар Мұстафа Шоқай пен Мағжан Жұмабаев өмірін, еңбегін онколог-дәрігер Сайым Балмұханов Германиядан әкеліп берген «Яш Түркістан» және «Милли мәдениет» журналы арқылы танысты. Сайым ағамыз осы мұраны шекарадан жасырын алып өтіп, Мұрат Әуезовке жасырып тапсырған екен...

1966 жылы Алматыдағы республи­калық жиыннан кейін елдегі ұлт жас­тары да жастұлпарлықтардың ықпа­лымен қоғамдық өмірге белсене араласып, болашақ үшін күреске шықты. Ой-өрісі кеңіген студент-жастар Қара­ғандыда «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Семейде «Тайшұбар», Гурьев­те «Ұшқын», Павлодарда «Жас ұлан», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян, қазақ!», Шымкентте «Адыр қасқыр­лары», Алматыда «Сарыарқа» ұйымын құрды. Тәуелсіздік елесі сағымдана көлбеңдеді.

Жүрегі алып-ұшып, туған жерім, Отаным деп, оқуын бітіріп, елге қайтқан жастұлпарлықтарды Қазақстанда талай қиыншылық тосып тұрды. Жұмысқа ал­мады, сенімсіздік көрсетті. Қайда бар­са да, МҚК олардың алдын орай берді. Әсіресе Мұрат Әуезовке тор құ­рып, аяғын ілгері бастырмады. Кеңес одағы Ғылым академиясының Әдебиет инс­титуты аспирантурасын тәмамдап, әдебиет теориясынан диссертация қор­ғаған алғашқы маманның бірі болса да, ешқайда жұмысқа орналаса алмады. Басына сот пен оттың қара бұлты үйірілді. Ол кезде социалистік жүйеге қарсы адамдарды «жұмыссыз жүргені үшін» соттау – МҚК-ның үйреншікті ісі еді. Мәселені Михаил Есеналиев Мұратты Мәскеуден шығатын «Литературная газетаның» Қазақстандағы тілшісі қыз­метіне орналастыру арқылы оңтайлы шешті. Жергілікті биліктің бұл жұмысқа алғызбауға құзыры жетпеді...

Жастұлпарлықтар ұлт рухын ас­қақтатып, жігерін жану үшін елдегі ниеттес, санасы тұнық, зердесі ашық талантты жастарды өз қатарына молынан тартты. Соның арқасында қазақтың қасіретті күндері туралы құнды дүниелер өмірге келді.

1962 жылы басталған сырттағы қазақтың Отанына жаппай көшуi тарихта үлкен мәнге ие. Сол тұста бiр ай iшiнде Қытайдағы 200 мың қандас Тар­бағатайдағы, Шәуешектегi шекарадан өтiп, елге оралды. Мұрат Әуезов бастаған ұйым осы іске де жанашырлық көрсеттi. «Жас тұлпар» басшысының қытай тiлiн, психологиясын жақсы бiлуi оралған ағайынның құжатын түзетуге себепші болды. Ол Қытайда қазақ ұлты үшiн күрескен азаматтарға да қамқорлық көрсетті. Солардың iшiнде сол елде екi рет өлiм жазасына кесілген «Жас күш» жастар ұйымының басшысы Айтан Нүсіпханұлы бар еді.

Мұрат Әуезовтің «Жас тұлпар» қоз­ғалысы сан мыңдаған жастың басын қосып, санасын оятты. Осының әсерінен ұлт зиялы қауымының жаңа буыны өсіп шықты. Қазақтың ар-намысы, тiрегi, ақылы бола алған талантты азаматтар шыңдалды. Олардың қатарында Қазақстан Ғылым академиясының президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұрат Айтхожин, лазерлік қару саласының маманы, КСРО мемле­кет­тік сыйлығы лауреаты, ҚР вице-премьері, тұңғыш ғылым министрі Ғалым Әбілсейітов, Бiлiм министрі Шай­­сұлтан Шаяхметов, Қазақстан ұлт­тық ядролық орталығының бас директоры Қайрат Қадыржанов, «Алматы энергия жүйесі» бас директоры Алтай Қадыржанов, Биотехнология ұлттық орта­лығының бас директоры, академик Мұрат Ғылманов, Ғылым академиясы Биоинженерлік институтының директоры, академик Ізбасар Рахымбаев, дефектология саласы ізашар ғалымы Жәмила Намазбаева, Байланыс министрінің орынбасары Алдар Тұңғышбаев, т.б. бар. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімов елімізде осы салына қалыптастырып, ұлттың саны мен сапасын зерттеді. Сәбетқазы Ақатай ғылым мен қоғамдық жұмысты тең ұстап, халқына қызмет етуден жалықпады. Марат Сембин көне тарих көмбелерін ашса, Тимур Сүлейменов сәулет өнерінің майталманы атанды. М.Балтабаев, С.Елеусізов, Б.Қарақұлов т.б. музыка саласында зор жетістікке жетті.

 «Жас тұлпар» қозғалысы мүшелері қызметте де, өмірде де жұптары жа­зылма­ды. Бір-біріне қорған, тірек бола білді. Саяси қауіп-қатер туғанда, жаңа­ша жұмыс істеу әдісіне көшті. МҚК құрығына түспеу үшін көне грек ойшылдары мектебі үлгісімен «Қыдырып сырласу» әдісін пайдаланды. Үш-төрт адамнан бірігіп Алматы көшелерін бойлап, таза ауада серуендеген болып, ғылыми тақырыптарға пікір алысып, өмір өрнегін тоқыды. «Қыдырып сырласу» мектебіне өзге этнос өкілдері де қатысты. Соның бірі – қазақ жеріне айдалып келген осетиннің ойшыл ғалымы, таңбатанушы Алан Медоев. Сондай-ақ жастұлпарлықтар суретші Салихиддин Айтбаевтың көркем-сурет шеберханасына жиналып, әңгіме-дүкен құрып, іс-әрекеттерін жалғастырды. Бұл жерде қара домбырасын күмбірлетіп шұрайлы тілімен, дәстүрлі таным-түсінігімен Асқар Сүлейменов асабалық жасады. Жастұлпарлықтар Марат Балтабаев, Серік Елеусізов, Мүлкәман Қалауовтар «Айгүл», «Гүлдер», «Сыр сұлуы» ансамбль­дерін құруға ұйытқы болды.

Өмірде қызық жағдайлар да болады. Мысалы, жұрт Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сын оқып үлгерсе, Мұрат Әуезовтің басшылығымен шыққан «Көш­пелілер эстетикасы» барлық данасы жойылғандықтан оқырманға жетпеді. Бұл ғылыми жинақ «көшпелі халықта мәдениет те, тарих та жоқ» деген компартия идеологиясына қайшы келді. Алаш қайраткерлерінің кітаптары секілді «Көшпелілер эстетикасы» да қара тізімге ілікті.

«Аңдыған жау алмай қоймайды», МҚК дегеніне жетті. «Көшпелілер эстетикасы» кітабы үшін Мұрат Әуезов тағы да жұмыссыз қалды. Философия институты басшылары «жоғарғы жақтан партияның нұсқауы бар, екі-үш ай үйде отыра тұр, шудың аяғы басылсын» деп шығарып салды. Жан күйзелді. Ар-намысы бар елде кітапты білімділер, жазушылар жазып, халық жаппай оқиды. Берекесі кеткен елде шенеуніктердің бәрі кітап жазады, бірақ оны ешкім оқымайды. Ал біздің елдің трагедиясы да осында...

Қайтадан сергелдең басталды. Саяси күрес тәжірибесін жинаған қырыққа жетпеген қамал бұзар шағында тағы да жұмыс­сыз жүруге тура келді. Бұл жолы Алматыда бірге жүрген жас­тұлпар­лық достары Мұрат Әуезовті жалғызсыратпады. Тығырықтан шығар жолды бірге іздеді. «Мұрат Әуезовті жал­ғызсыратпаймыз» деген Марат Сем­бин бастаған жастұлпарлықтар қыз­метін тастап, «екі қолға – бір күрек» деп, Көкшетау облысы Қызыл­ту ауданы Чапаев кеңшарына барып, жаз бойы мәдениет үйін салысты. «Жас тұлпардың» аса дарынды сәулет­шісі Бекеш Шәкірбаев безендіру жұмыс­тарымен айналысты. Қалғандары оған көмектесті. Сөйтіп Мұрат Әуезов жұ­мыс­сыздықтан құтылды, әйтпегенде ол жауапқа тартылар еді.

Қиырдағы Қызылту ауданын таңдау­лары тегін емес еді. Бұл Ақмола, Пав­лодар, Көкшетау облыстарының тоғыс­қан, бір-бірімен аралас-құралас отырған «Абылай аспас Арқаның сары белі» болатын.

«Жас тұлпарлықтар» жұмыс арасында ел аралап, қазақ тарихы мен мәдениетінен дәріс оқып, әңгіме айтып, төңіректегі ән-күйге жақын жастардың басын біріктірді. Бестөбе, Бөгенбай, Изобильный, Қайрат, Чапаев, Ертіс, Крас­нокут, Степняк елді мекендерінде өнерлі жастардың үйірмелері пайда болды.

Мұрат Әуезовтің «Жас тұлпар» қоз­ғалысының ықпалымен санасы сер­піліп, ұлттық намысы оянған қазақ жастары 1979 жылы маусым айында Целиноград қаласында кеңестік идеологтер ойлап тапқан «Неміс автономиясының» ашылуына қарсы көтеріліске шықты. Бұқара халықтың ашу-ызасынан қаймыққан коммунистік билік әлгі автономияны құру әрекетінен бас тартуға мәжбүр болды.

1979 жылғы Ақмола-Ереймен көте­рілісі 1986 жылғы Желтоқсан көтері­лісіне тарихи негіз салды. «Жас тұлпар» ұйымы ықпалымен тәрбиеленген қазақ жастары кеңес империясының күйреуіне, социалистік идеяның ойсырай жеңілуіне үлес қосты. Мұрат Әуезов пен Сәбетқазы Ақатаев «Неміс толқыны» радиосына ақпарат беріп отырды. Жастұлпарлықтар өздерімен бірге оқыған кеңес одағының алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерін арағайындыққа шақырды. Балтық теңізі жағалауы республикалары белсенділік танытты. Мұрат Әуезовтің досы, болашақ Тәуелсіз Эстонияның Президенті Мери Леннарт-Георг желтоқсандықтарды ақтап, кеңес өкіметін қаралап, әлемге шындықты айтып, дұрыс саяси пікір қалыптастырды.

Сол күндерді Мұрат Әуезов былай еске алады: «1986 жылы желтоқсанның 20-21 күндері Рымғали Нұрғалиев, Тұрсын Жұртбаев бар, 5 жазушы, әдебиетші, Мәскеуге КСРО Жазушылар одағының пленумына бардық. Мәскеуде «қазақ ұлтшылдығы» кернеп, ахуал өршіп тұр. Пленумның екінші күнінде Қазақстан қаламгерлері сөйлеуіміз керек еді. Жанымдағы жігіттер «Мұрат, сенің орысшаң жүйрік қой, сен сөйлеші» деді. Олардың маған неге «жол бергенін» сезіп отырмын. Басқа жағдайда олар өздерінің бар орысшасымен ел алдына шыға беретін азаматтар. Мен сол арада жерлестеріме «Желтоқсан оқиғасына қатысты өз көзқарасымды ашық айтамын» дедім. Мінберге шықтым. Сөй­ледім. Қазақтың санасының, тарихи санасының өскендігін, оған әдебиеттің үлесі көп болғандығын, кешегі алаңға шыққан жастардың әділдікке ғана сүйенгенін... тағы да сол сияқты сипаттарды баян еттім. Сол жолы қаншама жыл көкірегімізде шемен болып, қақ болып, беріш болып қатқан шерді толғайтын кез туып тұрғанын түйсіндім. Оған дейін де, одан кейін де талай жерде, ел алдында, үлкенді-кішілі жиын-жиналыстарда сөз сөйледім. Бірақ жүрек-жүйкеммен, жан-дүниеммен ақтарыла, айрықша тебірене сөйлегенім сол жолы еді. Зал өте жылы қабылдады. Қол шапалақтап, демеді. Сөзімді тәмамдап, залды қақ жарып, өз орныма бара жатқанымда, біздің республика өкілдері отырған жерден Тұрсын орындықты қалқалап бас бармағын көрсетті. ...Жақында Прагадағы «Азаттық» радиосының жігіттері хабарласты. Оларға бүгінде Швецияда тұратын түрікмен жазушысы келіп, 1986 жылы менің Мәскеуде сөйлеген сөзімді тыңдағанын, сол жолғы сөзім олардың да рухын көтергенін әңгімелепті. Маған сәлемдеме ретінде бүгінде көпке әйгілі «Кобра» деген романын беріп жіберіпті. Солайша, 1986 жылғы жастар тек өз елінің емес, одақтағы бірқатар халықтың рухын оятып, жігерін жаныған еді...».

Мұрат Әуезов бастаған жастұлпар­лықтар Қазақ елі Тәуелсіздігін жария­лағаннан кейін де өздерінің саяси белсенділігін бәсеңдетпеді. Алдарына жаңа мақсат қойып, саяси күресте шындалған тәжірибелерін мемлекеттің іргетасын қатайтып, шаңырағын биік­тетуге сарқа жұмсады.

«Жас тұлпар» тарихи сабақтастықты сақтай отырып, қазақ елінің жаңаруына негіз болды. Елшілдік еркіндік мемлекет­тілікті нығайтуы керек деп есептеді.

Жастұлпарлықтар мемлекеттік қыз­метке де белсене араласты. Тәуел­сіздік жылдары Мұрат Әуезов Парла­мент депутаты болса, Болатхан Тайжан Сыртқы істер министрлігінде басшылық қызмет атқарды. Мұрат Әуезов Тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш елшісі ретінде қазақ-қытай қатынастарының қа­лып­тасып нығаюына, шекара мәселесін шешуге көп көмегін тигізді.

1996 жылы ол дипломатиялық жұмыстан елге оралып, бір жылдай Мә­дениетті зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істе­генде, жастұлпарлықтар мұраты қайта жанданды. Бірден «Тамыр» саяси-мәдени клубы құрылып, Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жөніндегі қызу пікірсайыстар басталды. Біртіндеп «Тамыр» клубының арнасы кеңейіп, ол «Азамат» партиясына айналды.

Мұрат Әуезов бүгінде саяси мінбер­ден де, қоғамдағы өзгерістерден де тыс емес. Оның парасаты мен ұлттық намысы әлi де өз күшінде. Ғалым қаламгер «Ұлы жібек жолы үстіндегі сұхбат» атты мәдени-рухани жобаны іске асырып келеді. Орталық Азия мемлекеттері зиялы қауымының басын қосып, аймақтағы көне мәдени-рухани байланыстарды қалпына келтiрудiң жолын аянбай іздеп жүр.

Жазушы Дулат Исабеков Мұрат Әуезовтің азаматтық тұлғасын былайша сипаттапты: «Ол туралы жазу - қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, өмір салты мен әлеуметтік жағдайын, әдебиеті мен философиясын, саясаты мен мемлекеттік құрылымдарын, оның халықаралық дипломатиясы мен пар­ламенттік демократиясының қалып­тасуы жайлы жазу деген сөз. Ал бұл айтылғандардың әр қайсысы – бір-бір эпопея. Демек оның өмірі өз елінің тағдырымен ортақ деген ұғымды білдіреді. Ол – депутат, ол – дипломат, ол – философ, ол – мәдениеттанушы, ол – эрудит, ол – туабітті ақсүйек, ол – биік талғам мен таным иесі».

Мұрат Әуезов – жасынан Алаш идея­сымен сусындап, әке аманатын орын­да­ған, ел Тәуелсіздігі үшін жан аямай кү­ресіп келе жатқан пассионар дара тұлға.

 

Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Даңқы дәуірге жүк болған Дарабоз
    Болмысы – ғылым даналығы

    Ұқсас тақырыптар